05 Ақпан, 2010

ЖОЛДА ҚҰҚЫҚ САҚТАЛМАЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ

1413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің экономикалық әл-қуатын арттыру мен саяси жүйесін жетілдіруде құқықтық реформа маңызды рөл атқаратынын қадап айтты. Өйткені, еліміз үшін бүгінгі таңда құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттілік­тен туындап отыр. Қазір күн сайын дүние жүзінде орын алып жатқан жол-көлік оқиғала­ры­­нан және оның салдарынан адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу әлем үшін жаһандық мәселеге айналды. Бұл орайда өрке­ниетті елдер ЖКО бола қалған жағдайда адам­ның опат болмауын немесе жарақат ал­мауын о баста ойластырып қойғаны белгілі. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Қ.Сұлтанов­тың айтуынша, әлем тойлаған Жаңа жыл мей­рамында қазақстандықтар бірнеше күн демал­ған еді. Осы мерзім ішінде Қазақстанда 356 жол апаты тіркеліп, онда 78 адам көз жұмған. Ал бізден адам саны да, көлігі де әлдеқайда көп Бейжің қаласында осы кезеңде небәрі 71 жеңіл-желпі ЖКО орын алған көрінеді. Жеңіл-желпі дейтін себебіміз, онда бірде-бір адам опат болмаған. Демек, олардағы ЖКО көліктердің бас-көзге қарамай ағып келіп бір-бірімен соқтығысуы емес. Сонда біздің елдегі жол жүру тәртібі қашан түзелмек? Бұл көкейкесті сұраққа кеше елордада өткен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысына қатысушылар көңілден шығар жауаптар іздестірді. Отырысқа жол тәртібі жөнінде мәлімет беруге келген Ішкі істер вице-министрі Аман­тай Күреңбеков сөзін сонау 1996 жылы “Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы” заң қабыл­данғанынан бастап, содан бері талай іс жүзеге асқанын тілге тиек етті. Бірақ жарты сағатқа жуық уақыт баяндама жасаған оның дәйектері комиссия мүшелерін қанағаттандырмаған секілді. Сондықтан да вице-министр бірсы­­дырғы баяндамасын аяқтай бере көкейде жүр­ген көп сұрақтар көбесі сөгіліп қоя берді. Кезін­де жолда жүру ережесіне түзетулер мен өзгерістер енгізілгеннен кейін заң біршама қатайып, жағдай оңалып қалып еді. Көліктің терезелерін тұмшалаған “перделер” сыпыры­лып, жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін белдік тағылатын болды. Қатаң бақылау күшейген соң қарсы жолға шығу, мас күйінде көлік жүргізу, бағдаршамның қызыл көзіне өту, жылдам­дық­­ты шектен асыру секілді заң бұзушылықтарға тосқауыл қойылды. Әсіресе, жол полициясы қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқор­лық көріністері бәсеңдеп қалған болатын. Бірақ бұдан жүргізушілер мәдениеті түзелмей-ақ қойды. Отырысқа төрағалық етуші Парламент Мәжілісінің депутаты С. Тұрсынов қала көше­лерінде жол қозғалысы тәртіпсіздігін күнделікті кездестіретінін айта келе, мен шетелде де біраз уақыт көлік жүргіздім, бірақ шынымды айта­йын, дәл біздің еліміздегі секілді жол жүру ере­же­сін бұзуды ешбір мемлекеттен кездес­тірген емеспін, тек осы Қазақстанда ғана жол жүру ережесі сақталмайды, деді. Ал Әділет вице-министрі Д. Құсдәулетов жол полициясы қызметкерлерінің адам құқық­тары жөніндегі заңдарды жетік білу қажеттігіне назар аударды. Олар көбіне министрдің бұйрықтарын жатқа айта алады, ал нақты адам құқықтары туралы мәселеге тірелгенде ақсап жатады. Сонымен қатар, бұрын МАИ қызмет­керлері заңдарды бес саусақтай білуімен қатар, техникадан да бір кісідей хабары бола­тын. Бір сөзбен айтқанда, олар көліктің қауіпсіздік жағын толықтай тексере алатындай білікті еді. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. МАИ тек­серістен өткіземіз дейтін мемлекеттік бақы­лаудың аты ғана бар. Отырысқа қатысушылар шетелде көшеде ала таяқ ұстаған бірде бір МАИ қызметкерін кездестірмей­тіндігін айтып, таң қалады. Ал бізде қажет пе, қажет емес пе, белгісіз, кез келген уақытта қыйылысқа ысқы­ры­ғын аузына қыстырып, ала тяғын шошаң­датып шығып алған реттеуші қалыпты қозға­лыстың ретін бұзып, қолдан кептеліс туғызады. Сөйтіп, жол қозғалысына қатысушылардың құқын аяққа таптайды. Реттеуші керісінше, шет елдегідей, қозғалыс тығыздығы артқан кезде көлік көп өтіп жатқан жолдың бағытына қарсы жолдың бір жолағын қосымша ретінде қосып, өту мүмкіндігін кеңейтуге әрекет жасауы тиіс. Міне, сонда реттеушінің қимылы ақылға қонымды болмақ. Ал жалпы жерінің кеңдігімен мақтана алатын еліміздің жаңа елордасында орын алатын кептелістердің көптігі жанға бататын жәйт. Демек, сенатор Қуаныш Сұлтанов айтқан­дай, елдегі барлық жүргізуші біткенді жауапқа тарту мүмкін емес. Тәртіпті сақтаудың ең оңай жолы – жағдайдың алдын алу. Бірақ бұған тиісті мемлекеттік органдар аса көңіл бөліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы жаңа Жол­дауында бәрінен бұрын құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек дей келе, құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі­ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауысты­рылуы тиіс деп атап өтті. Ал осы ІІМ-де адам құқы не екендігі туралы оқытылып, дәріс беріле ме екен?! Өйткені, жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де құқы үнемі бұзы­ла­ды. Ендеше, жол полициясы қызметкер­лері­не міндеттеріне сәйкес қойылатын ең басты талап­ты атқаруда, яғни заң аясында жұмыс істеуде азаматтардың құқын сақтау өзектілігі ескерілмейтін секілді. Мұның бәрі айналып келгенде, қарапайым адамдардың “мылтықсыз майданда” қырылып жатқанын көрсетеді. Жылы­на орта есеппен 4 мыңға жуық адам ЖКО опаты болып, 15 мыңнан астам адам жара­қат алады. Мұндай сұмдықтың алдын алуға неліктен нақты да пәрменді әрекет жасалмайды? Алайда, бұл сұраққа толымды жауап табылмады. Отырысқа қатысушылар жол көлік қозға­лысындағы орын алып отырған жағдайдың күрделі екендігін нақты мысалдармен дәлел­дей келе, бүгінде Қазақстан әлемдегі ең бедел­ді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқан кезде бұл төзгісіз жағдай екендігін, сондықтан еліміз өнегелі ісімен өзгелерге үлгі көрсете білуі қажеттігін алға тартты. Бұл орайда “Еуропаға жол” бағдарламасы да жасалын­ды. Бұрынғы кеңестік кеңістікте сыбай­лас жемқорлыққа қарсы заң біздің елі­міз­де бірінші болып қабылданды. Осындай орасан зор жетістіктерге жетіп, зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет екендігі­мізді дәлелдеуге барынша қам жасап жатқанда, етектен тартқандай жол жүру тәртібінің төмендеуі, қабылданған халықаралық міндеттемелердің орындалмауы көңілге күдік ұялатады. Себебі, біздің елдегі дипломатиялық корпустар мен елшіліктердің өкілдері бұл жөнінде аталған комиссия атына жиі шағым­дануы көп нәрсені аңғартса керек. Бұған ішкі істер органдарын­дағы күнделікті орын алатын сыбайлас жем­қорлық деректерін қосар болсақ, қылмыс­тық ахуалдың деңгейі тіптен айқындала түседі. Жолда құқық сақталмай мін түзелмейді. Александр ТАСБОЛАТОВ.