16 Қараша, 2011

Жасампаздық жолымен

410 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Олимпиада – ел мерейі Бүкіл дүние жүзі спорттық шаралар жөнінен Олим­пиа­­далық ойындар дегенде бейтарап қалмасы анық. Соң­ғы өткізілген Бейжіңдегі ХХІХ жазғы олимпиадалық ой­ындар әлі күнге көзі қарақты спортсүйер қауымның көңі­лінен өше қойған жоқ. Барлығымыз да оның қуанышы мен күйініші жөнінде әркез ойға аламыз. Өйткені алда Лондонда өтетін Жазғы ойындардың ХХХ олимпиадасы төбе көрсетіп тұр. Әрине, өткеннен сабақ алмай, алдыға қарай қадам баса ал­масымыз анық. Сондықтан, әлемнің төрт тарапынан, яғни 200-ден астам елден 11 мыңға жуық спортшы қатысқан Бей­жің олимпиадасының дүбірін қайта ақтарып көрсек. Бей­жің­ге біздің елден спорттың 22 түрінен 132 спортшы ат қосты. Жыл басынан олимпиадаға кімдер барады, кімнің күші, кім­нің мысы мықты деп салмақтап жүріп апарған 132 спорт­шы­ның 13-і ғана үмітті ақтады. Барға қанағат етіп қалған хал­қы­мыз «бұған да шүкір» десек, БАҚ өкілдері «еліміздің еңсесін кө­терген ерлеріміз жарады!» деп жарыса жазды. Әрине, қа­на­ғат­шылдыққа не жетсін. Бірақ, «әттеген-айларды» жасыра бер­сек, бұдан әрі жағдайымыз жақсарып кетпейтіні де шындық. Басқасын былай қойғанда Бейжің төрінде біздің спорт­­шыларымыздың ішінен боксшыларымыз бен ба­лу­андары­мыз­­­­ға және ауыр атлеттерге зор сенім жүктелген. Өйткені осы спорт түрлерінен олар бұдан бұрынғы олимпиадаларда қан­жы­ғамызды майлап, абыройымызды асқақтатып еді. Солар­дың арқасында жалпы командалық есепте Атлантада 24-ші, Сиднейде 22-ші орынға табан тіреген болатынбыз. Ал бұл жолы жалпы командалық есеп бойынша 29-шы орынды қа­на­ғат еттік. Бұдан бұрынғы өткен олимпиада қорытын­ды­ла­ры­мен салыстырар болсақ, мынадай нәтижені көрген болар едік: Атлантада (1996 жыл): 3 алтын, 4 күміс, 4 қола (бар­лығы 11 медаль); Сиднейде (2000 жыл): 3 алтын, 4 күміс (барлығы 7 медаль); Афиныда (2004 жыл): 1 алтын, 4 күміс, 3 қола (бар­лығы 8 медаль); Бейжіңде (2008 жыл): 2 алтын, 4 күміс, 7 қола (барлығы 13 медаль). Былай қарағанда нәтиже жаман емес. Әр олимпиада сай­ын жетіліп, өсіп келе жатқанымыз байқалады, бірақ дамуы­мыз қарқынды емес. Әсіресе, «Біз былғары қолғап спортынан Кубадан кейін екінші орындамыз», деп бөріктерін аспанға лақтырған боксшыларымыз үмітті ақтамады. Оларды Куба мен Ресейді былай қойғанда, украин боксшылары да шаң қаптырып кеткен жоқ па? Егер, өзбек ағайындар ала қойды бөле қырқып, Бақыт Сәрсекбаевты «сен қазақсың» дегендей, кеудеден итеріп, лицензиядан қағып, өз ұлтының өкілін апармағанда, біздің қоржынымыз бокстан бос қайтар ма еді, қайтер еді. Рингке шыққан алғашқы күннен-ақ сабырлы да салқын­қан­ды кейпінен танбаған Бақыт барлық қарсыласын ай­қын басымдылықпен жеңіп, қазақы намысының арқа­сын­да өзбек боксын «нокаутқа» түсіргендей болды. Егер, ол рингке Өзбекстан құрамасы қатарынан шыққанда дәл осындай жетістікке жетер ме еді, жетпес пе еді? Қоржынымызға екі алтын салған екі спортшымыз – Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаевтың жанарларынан от ұшқын­дап, жастық жігерлері мен намысы қатар өріліп тұрғанын теледи­дар­ға телмірген қалың қазақ байқамай қалған жоқ. Олар өздеріне сенімді еді. 20 жасқа енді ғана аяқ басқан Илья «мен бірінші орын аламын» деп, экранға қайта-қайта нығар­лай айтқаны, осы сертінде тұрып, зілтемірді серпе көтер­генде, қазақстан­дық­тардың бәрі орын­да­ры­нан бір көтеріліп тұрғаны анық еді. «Бірде-бір алтын­сыз қалар ма екенбіз» деп көңілі күпті болып күткен халықтың үмітін ақтаған Илья Ильинді ерекше атау керек. Ал Бақыттың жайы белгілі. Өзбектердің қиянатына шыда­маған намысқой қазақ қанында ойнаған намысының арқа­сын­да алтынды ата-бабасының атамекенінде қал­дыр­ды. Байрақты бәсекеде бақ пен бап, намыс жетелейтінін дәлелдеді олар. Ал біздің жігіттерді бұдан бұрын алған жүлделерінің буы қысты ма, әлде, өз елімізде жүріп өзгеге жалтақтаудан жігері жасып қалған ба, әйтеуір, жанарлары солғын, еңселері еңкіш қалпы елімізге орал­ды. Осыған қарап, біздің боксшыларымызда тоқмейілсу басым болды-ау деген ойға қаласың. Жоғарыда жазғандай, біз үміт күткен боксшылардың же­ңіске жетпеуіне қазылардың тобықтан қаққаны себеп болды деп ақталып-ақ жатырмыз. Бірақ, әуелгіде қытай бокс­шы­сынан ұтылып, ширек финалға шыға алмаған Мерей Ақша­лов­тың кебін кимеу үшін қалған бокс­шы­ла­ры­мыз белді бекем буу керек еді. Сыныққа сылтау табыл­ған­дай бар мүмкін­дікте­рін пайдаланудың орнына, «төреші­лер­дің бүйрегі қытайға бұрып кетті» деп дәрменсіздік таныту қазақ жігіттеріне жа­распайтын-ақ қылық. Елімізден аттанарда терілеріне сыймай, жеңіссіз қайтпаймыз деген жігіттер, жеребе тартылған күні «жеребе бізге сәтсіз шықты» деп қарсыластарының қарымын көрмей жатып, атын естігенінен-ақ шошығаны көңілге күдік ұялатып еді. Сонда олардың «бізді бір жеңсе, кубалықтар ғана жеңеді» деп желпініп жүргендері бекер болғаны да?! Өйткені, қытай боксшылары осы уақытқа дейін бірде-бір Олипиадада топ жарып алға шықпапты. Сондықтан, былғары қолғап шеберлерінің бұл ақталулары жөнсіз, әрине. Бір қуанарлығы, Олимпиада ойындарында алғаш рет дзюдодан жүлдегер атандық. 100 келіге дейінгі салмақта Асхат Жіткеев күмістен алқа тақты. Еркін күрес пен грек-рим күресі шеберлерінің өнерімен жеткен жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Өйткені олар біздің қоржынымызға түскен 13 медальдың санын толықтырғандар. Мысалы, еркін күресші­ле­рі­міз 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болса, грек-рим күресшіле­рі­міз 2 қола жүлдені еншіледі. Таэк­вон­дода да тұңғыш рет олим­пиада ойындарында жүлдеге ие болдық. 80 килодан жоғары салмақ дәрежесінде на­мыс­ты қолдан бермеген, бір жағынан бабынан гөрі бағы басым болған Арман Шылманов қола медальға ие болды. Олипиадаға тұңғыш рет қатысқан қол добы мен волейбол сияқты спорттық ойындарда ойсырай жеңілген қыздар коман­дасы Қытайға барып қайтқандарын ғана мақтаныш етті. Өйт­кені, осы саладағы спортшыларымыз әлемдік деңгейде өнер көр­сетуге жете қойған жоқ еді. Сондай-ақ, бұл олимпиада қа­зақ баласына үшін күрес пен бокстан да басқа спорт түрлері бар екендігін, мәселен, стендтік ату, қазіргі бессайыс, синхрон­ды жүзу, садақпен ату, велоспорт, академиялық есу, үстел теннисі, байдарка және каноэ есу деген сияқты спорт түрлеріне кө­ңіл бөлу керек екенін еске салғандай болды.   Азиада армандарға жол ашты «Жасампаздықтың жиырма жылы» деп аталған ағымдағы жылдың беташары да әлем назарын Қазақ еліне аудартқан сая­си маңызды шаралармен қатар әлемдік спорттық іс-шара­лар­мен басталған болатын. Әлемдік спортта Қысқы олимпиада ойындарының өтуі маңызды оқиғалардың бірі болып саналады. 1956 жылы Италияның Кортина д Ампеццо қаласында өткен VII Қыс­қы олимпиада ойындарына Қазақстан алғаш рет қатысты. Жал­пы Қысқы олимпиада ойындарына 206 қазақстандық спорт­шы қатысқан. Оның ішінде 5 спортшы Олимпиада жеңімпазы атанды. 2010 жылы қазақстандық спортшылар Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының 9 түріне қа­тысу үшін 40 лицензия жеңіп алды. Қазақстандық спорт­шы­лардың Ванкувер-2010 қысқы Олимпиадасына қаты­суы еліміздегі қысқы спорт түрлерінің дамуына септігін тигізді. Спорт әлеміндегі үздіксіз алға жылжу мен биік спорт­тық бағындырулар нәтижесі қысқы Азия ойындарының тек қана спорттық мағынадағы ғана емес, жоғары дә­ре­жедегі­ қоғам­дық-саяси әрі мәдени оқиға ретінде қабыл­данатын деңгейге көтеріп отыр. Оған бәріміз де биылғы жылы Алматы мен Астана қалаларында өткізілген шаралар барысында тәнті бол­дық. Биылғы жылы әлемнің 27 елден келген кілең «сен тұр мен атайын» дейтін саңлақ спортшылардың алдында абы­рой­дан айрылмау ең бас­тысы десек те, осы ойындарды ұйым­дас­тыруға бар күші мен қайратын жұмсаған Қазақ елінің мәртебесін өсіру де басты мақсат болды. Бұл екі жағдайдан да қазақтың мұрты қисаймай өткені баршаңызға мәлім. Бұл додаға өз елімізден 164 спортшы қатысты. Спорт­тың 11 түрінен: шаңғымен тұғырдан секіру, шорт-трек, тау шаң­ғысы, шаңғымен бағдарлау, коньки тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, допты және шайбалы хоккей сияқты бірін білсек, бірін білмейтін спорт түрлерінен он күн бойы сайыс өтті. Хоккейден, әсіресе, қыздар ойыны тартысты өтті. Қа­зақ­стан командасы әп дегеннен-ақ, өздерінің шебер қи­мыл­дары­мен, қарсыластарынан қарымта қайтара алар­лық­тай қауқары бар екендіктерін танытты. Қоржыны­мызға алғашқы алтынды салған да солар болды. Қазақ спорты тарихында бұрын-соңды болмаған ала­ман­­ға түсу кім-кімге де сын. Алматы қаласының «Та­ба­ған» спорт кешенінде өткен фристайл спорт сайысында қазақтың қара көз қыз-жігіті намысты қолдан бермеуге тырысты. Спорттың бұл тү­­рінен тәжірибеміз аз десек те, Оңтүстік Қазақстан облысы­ның қос бірдей фрис­тайл­шысы Жібек Арапбаева мен Руслан Әбі­ля­типовтің бірі қола, енді бірі күміс жүлдені қоржынға салды. Шаңғымен бағдарлау, биатлон, тау шаңғысы жарыс­та­рын­да демалыссыз қатысқан спортшылар қанша шаршаса да ша­шасына шаң жұқтырмай, қарсыластарын қар қап­тырып кетті. Рас, өз елінде кім де болса «арық сөйлеп, семіз шыға­тыны» ақиқат. Десек те, тікелей эфир арқылы беріліп жат­қан сайыстарға жанкүйерлік еткен күллі көрерменнің жіті көзін алдау мүмкін емес. Біздің спортшылар шынын­да да ерледі. Сөйтіп, Оңтүстік Корея құ­ра­масы 13 алтын, 12 кү­міс, 13 қола медальмен үшінші орынды, Жапония 13 ал­­­­­­тын, 24 күміс, 17 қола медальмен екінші орын­нан кө­рін­ді. Ал Қа­зақстан құрамасы өз қоржынына 32 алтын, 21 күміс, 17 қола салып, жеңістің биік шыңынан орын тепті. Осы­лай­ша, VІІ Қысқы Азия ойындарында Қазақ елінің әнұра­ны 32 рет шырқалып, 32 мәрте көк байрағымыз көкте желбіреді.   Тәуелсіздік мерекесіне жаңа спорттық қадаммен Биылғы жылғы 20 тамызда Астана қаласының «Дәу­лет» спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Қазақ­стан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күре­сі­нен «Қазақстан барысы» атты республикалық жарыс өткізіл­ді. Биыл тұңғыш рет өткізілген айтулы жарыста 14 облыс, Астана, Алматы қалаларынан үздік деп танылған 64 балуан белдесті. Абсолюттік салмақ дәрежесінде күрескен балуандар арасында «Қазақстан барысы» атағы мен 150 мың АҚШ дол­лары сарапқа салынды. Жарыс қорытындысы бойынша І орын­ды, «Қа­зақстан барысы» атағын және 150 мың АҚШ долларын Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы) жеңіп алса, «күміс белбеу» мен 30 мың АҚШ доллары ІІ орынды иеленген Бейбіт Ыстыбаевқа (Жамбыл облысы) табыс етілді, ІІІ орынды – «қола белбеу» мен 10 мың АҚШ долларын Шалқар Жоламанов (Шығыс Қазақстан облысы) жеңіп алды. Сонымен қатар, жүлдегер спортшыларды дайын­да­ған жаттықтырушыларға тиісінше 50 мың, 10 мың және 5 мың АҚШ доллары тапсырылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айының 19-20 күн­дері Астана қаласының Бейбітшілік пен келісім са­рай­ында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Спорт күні – кәсіби мерекесіне орайластырып, қоғамның, мемлекеттің және бизнестің қатысуымен І Спорттық форум өткізілді. Сонымен бірге, ауыл спортын дамытуға бағытталған «Ел Қайраты» республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесер жина­лысы өтті. Мемлекет тарапынан биылғы мерекелік жылда өткі­зі­ле­­тін шаралар легі бір бұл емес. Олардың ішінен ауыз толты­рып айтар жаңалығы «Тәуелсіздік жылдары Қа­зақ­стан спор­ты­на үлес қосқан елдің атақты спортшыла­рымен Мемлекет Басшысының кездесуін ұйымдастыру» және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Ұлттық спорт түрлері фестивалін өткізу болып отыр. Фестивальды өткізудегі мақсат – Қазақстан Прези­дентінің халыққа Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау, ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде ауыл спор­тын таныту және дамыту, жастарды спортпен шұғыл­да­ну­ға тарту, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау. Фестивальды сапалы өткізу үшін шұғыл штаб мүшеле­рі­нің, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, спорт түрлері­нен федерация басшыларының, мемлекеттік жаттықтырушы­лар­дың қатысуымен аталған кешенді іс-шараны дайындау мен өткізу жөнінде отырыс 14 маусым күні Өскемен қала­сын­да өткізілді. Фестивальдың регламентіне сәйкес оған 14 облыстың, Астана мен Алматы қалаларының ең мықты спортшы­лары қатысады. Ақтық жарысқа 1700 спортшы қатысады. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы және республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтеді. Ал қорытынды шаралар ретінде Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғына орайластырылған спорт кешендері мен орталықтары ашылуының салтанатты рәсімдерін өткізу жыл соңына жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарының тар­ма­ғын орындау шеңберінде министрлік салынған және салы­нып жатқан спорт кешендері мен спорт нысандары бойынша белгілі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар биылғы 4 желтоқсанда «Сергектік» ұра­ны­­­мен республика аймақтарында хоккей корттарын, шаң­ғы­мен жаппай сырғанау үшін шаңғы трассалары мен мұз ай­дын­­дарын ашу жоспарланып отыр. Туризм және спорт министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдікте­рі­мен бірге «Денсаулық – зор байлық» ұраны бойынша саламат­ты өмір салтын насихаттау жөніндегі спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізбек. Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА. (Мақала Туризм және спорт министрлігінің тапсы­ры­сы бойынша жазылды).