16 Қараша, 2011

Бұл Оралда болған еді

377 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл. Осы тәуелсіздікке ұлтымыз оңай жеткен жоқ. Арғыны айт­­­пай-ақ, берідегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын алайық. Бұл тарих еншісінен өз орнын тапты. Халқымыздың қан­­ша қи­ындық көрсе де рухының биік екенін, оны ешкімнің өл­ті­ре алмағанын танытқан сондай тағы бір оқиға өткен-тұғын. Бұл күнде ол онша ескеріле бермейді. 1991 жылы қыркүйек айында Оралда казактардың қазақ жеріне енге­ні­­нің 400 жылдығын тойламақ ниетпен ақылға қонымсыз іс-әрекет жасалған бо­ла­тын. Бұл қазақ халқы үшін елдігі мен ерлігі сынға түскен тағы бір сәт еді. Мұнда да жас­тарымыз ешнәрседен қаймықпайтын халықтың ұрпағы екенін дәлелдеді. Бұл оқи­ғаға да биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысының сол кез­­дегі имамы, облыстық мәслихаттың депутаты, бұл күнде Шымкент қаласындағы Әкбар қажы Шәкірбай мешітінің имамы Зейнолла АХМЕДОВПЕН әңгімелескен едік. – Бәйдібек ауданына бара қалсаңыз, алыстан менмұн­­­да­лап Аппақ Ишан мешіті кө­рі­неді. Сіз осы Ишанның ұрпа­ғы­сыз. Әңгімеге кіріспес бұ­рын өз ата-тегіңіз туралы қыс­қаша айтып кетсеңіз... – Әкем Мәулен, оның әкесі Сүннетулла, оның әкесі Аппақ Ишан. Сонда Аппақ Ишан менің бабам болып келеді. Ол бар өмі­рін бала оқытуға арнаған. Сол мақсатта медресе салып, шәкірт­тер­ оқытқан. Олардың ара­сын­да Жезқазған, Ақтөбе, Қы­зылорда, Әулиеата, Ташкенттен де келіп оқыған жастар болған. Қазір мед­ресенің бір жағы мешіт, бір жағы Мәдениет министрлігіне қарасты мұражай. Ел басына төнген зобалаң біздің әулетті де шарпыды. Бай, молда деп Қазан төңкерісі кезінде тоз-тозын шы­ғарғандардың ішінде бабамды да, үлкен ұлы Әлеудин қариды да түрмеге жабады. Бабам Аппақ Ишан 1931 жылы Павлодардың түрмесінде, ұлы Краснояр өлке­сінде қайтыс бо­лады. Осыған қарамастан біздің әулетте баладан балаға иманды­лық, Аллаға сенушілік деген қағидаттар мирас болып келеді. – Өзіңіз де діни білім ал­дыңыз... – Иә, «Дін – апиын» деп қылышынан қаны тамып тұрған уақыттың өзінде әке-шешем мені Бұқарадағы «Мир-Араб» діни медресесіне 1979 жылы жіберді. Қазақстаннан 4-5 жылда 1 бала ғана оқитын. 3 қазақ баласы 1986 жылы бітіріп шықтық. Діни білім алғанымның арқасында өлімнен аман қалғаным бар. Мені сонда оқып жүргенімде әскери борышымды өтеуге 1981 жылы шақырып, бірден Ауғанстандағы соғысқа жіберді. 16 жауынгер Пәкстан жағына тұтқынға түсіп қалдық. Екі жігіт Құранды білетіндіктен аман қалдық, қалғанда­рының тағдыры белгісіз. – Сонымен, казактар оқи­ғасына ойысайык. – Әскери борышымды өтеп, елге аман-есен оралған соң, 1986 жылы медресені бітірдім. Сонан кейін Батыс Қазақстан облысы­ның орталығы Орал қаласына имам етіп тағайындалдым. 1991 жылы қыркүйек айы болатын. Кешкі 5-тер шамасында мешітке Амантай қажы айқайлап кіріп келді. Үстінде аппақ киімі, қо­лында ақ таяғы бар. «Микро­фонды бер, Оралдың ұйықтап жатқан қазақтарын айқайлап ояту керек. Кубань казактары өзде­рінің қазақ жеріне басып кіргеніне 400 жылдығын атап өтпек. Ал, біздің қазақ халқы ұйықтап жатыр» – деп өзін қоярға жер таппай айқайлап жүр. Көшеде лезде 600-700-дей қазақ жина­лып қалды. Милиционерлер сырт­тай бақылап жүр. Алғашқы күні казактар 250-300-дейге жетті. Бастарында папаха, үстерінде жасыл мундир, кеуделеріне түрлі орден-медаль тағынған, белдеріне қылыш асынған. Бәрі сап болып тізіліп жүр. Гармошкамен әйелдері ән салуда. Кешкісін тарады. Бізде жиналыс өтуде. Ертеңіне таңғы сағат 10-да жергілікті тұрғындар жинала баста­ды. Казактар да кешегіге қара­ғанда көбейген. Сағат түс қайта 4.30-да Оралға Алматы – Мәскеу пойызы тоқтады. Шымкент, Қы­зылорда, Жамбыл, Алматыдан мінген қазақ жастары көптеп түсті. «Аруақ», «Алаш», «Азат» деген жазуларды ақ шүберекке жазып, маңдайларына байлап алған. Бір-бірлерін танымаса да, шұрқырай амандасуда. Дәл осы сәтте Мәскеу – Алматы пойы­зынан да Кубань казактары түсіп жатты. Осындай жан-жақтан жи­налғандар 2-3 күн бойы лег-ле­гімен келіп жатты. Ортаны милиция, солдаттар бөліп тұрды. Казактардың басшылық ететін атамандары бар. Орал көшеле­рін­де 5-6 қатардан сап түзеп, қы­лыштарын аяқтарына тигізе сарт-сұрт жүреді. Әйелдерінің гармонмен қазақ халқын қорлап айтқан өлеңдерін естігенде, қа­ның басыңа шығады. Қала күңі­реніп кетті. Ортада алаң, оның бір жағында – облыстық партия комитетінің ғимараты, екінші жағында – шіркеу. «Орал, Семей, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Павлодар қалаларын біз, Кубань казактары, басып алғанбыз. Со­ның 400 жылдығын тойлаймыз. Келесі жылы дәл осы уақытта 401 жылдығын атап өтеміз. Сен­бесеңдер, Солженицынның айт­қандарын оқыңдар» деп шіркеуден шығып алаңда орыс попы сөз сөйледі. Осы кезде жастар арасынан суырылып шыққан оралдық ақын қыз Айсұлу Қа­дырбаева ызалы кекпен олардың попына қарап: «Сендер үшін бұл той болса, біз үшін қаралы күн. Бұл жерлердің бәрі ата-баба­мыз­дың қанын төгіп қорғап қалған атамекені. Билетпейміз де той­лат­паймыз» деп қорғасындай сал­мақты ойлар айтып, сөйлеген кезде жиналған жастар толқып кетті. Әлгіндей рухқа толы сөздер өлген адамды да тірілткендей еді. Оның үні де, тайға таңба басқандай сөйлеген сөзі де патриоттық сезімді онан сайын оятты. Мұнан соң Жасарал Қуа­нышәлин де тамаша сөйледі: «70 жыл бойы сендердің бодан­дарың болдық, енді кетіңдер» деді ол. Мұнан соң мен шығып, екі жақты да бейбіт түрде келісіп тарауға шақырдым. Мұнан кейін де көптеген ақсақалдар, соғыс ардагерлері, партия қызметкер­лері «өрт тұтанбасын, қойың­дар» деп басу айтып, бірінен соң бірі сөйлеп жатты. Үшінші күні сағат 11-12 ша­масы. 6 мыңға жуық қазақ жас­та­ры темір жолдың бір бетінде, 2,5 мыңға жуық Ресейден келген және жергілікті казактар екінші бетінде тұрды. Екі жақ та «Омега» және «Зенит» әскери зауыт­тарына қарай жылжыдық. Осы сәтте Айсұлу маған келіп: «Әру­ақтарға арнап құран оқыңыз» деді. Құран оқуға «Уазиктің» үс­тіне шығып бара жатқанымда Орал қалалық атқару комите­тінің төрағасы Қабиболла Ха­бен­ұлы Жақыпов: «Ұзақтау оқы­ңыз» деп құлағыма сыбырлады. Менің сонда таңқалғаным Құ­ран оқылғанда 6 мыңдай қазақ жас­тары сілтідей тынды. Қанша «Дін – апиын», «Құдай жоқ» деп үйреткенімен, жастарымыздың Құранды сыйлайтынын, әруақты қадір тұтатынын байқадым. 20 минуттай оқыдым. Әйтеуір екі жақ та аман-есен тарқаса екен деп амандықты тілегендер көп еді. Олардың бірі облыстық партия комитетінің бірінші хатшы­сы Нәжімедин Есқалиев пен Қабиболла Жақыпов. Екі азамат та күндіз-түні ұйқы көрмей жүгіріп жүрді. Мақсаттары – қантөгіс болмаса екен дегендік. Жастардың қайсысына қараса­ңыз да қандары қайнап, көзде­рінде нұр ойнақтайды. Басымда­ғы сәлдемді алып, теміржолдың үстіне тастадым. Балалы әйел де орамалын қойды. Міне, жастар тағы осы жерде ағарғанды, бас киімді сыйлайтынын, ата-дәс­түр­­­ді бойларына сіңіргенін көр­сетті. Теміржолдың арғы бетіне лап қоймай, ернеуінен асайын деп тұрған судай тұрып қалды. Бәріміз екі жақты да ынтымаққа шақырудамыз. Бірақ, олардың айтқан әндерін естіген жастар қаны қайнап, ақыры тұра алма­ды, лап қойды. Бас киімдерімізді дереу алдық. Екі жақта сарт-сұрт ұрыс басталып кетті. Оларда қылыш, біздің жігіттер қолда­р­ы­на не түссе сонымен ұруда. Машиналар өртелуде. Жарақаттан­ғандар екі жақтан да көп болды. Менің сол жақ иығыма тас тиіп, шапанымды жыртып жіберді. Қанша дегенмен, біздің жігіттер көп қой, олар жеңілетінін біліп, қаша бастады. Атырау, Маң­ғыс­тау облыстарынан қосылмақ бол­ған жастарды Жайық өзені­нен өткізбепті. «Қойыңдар, жігіттер» деп микрофонмен айқай­лап жүрмін. Сондағы қойыңдар деп жүргеніміз екі халықтың ара­сына сызат түспесе, ушығып кетпесе екен дейміз. Ертесіне қа­ладан 60-70 шақырымдағы раз­ъез­­ден пойызбен казактарды шы­­ғарып салды. Міне, сонда қазақ жастары елін, жерін сү­йетінін, салт-дәстүрге адалды­ғын, әруақ­ты, Құранды сыйлай­тынын, на­мысты екенін, рухы­ның биіктігін танытты. Олардың ешқайсысы өлімнен тайсалып тұр­ған жоқ еді. Орал қаласының басшылары да екі жақтан қан төгілмесе деп жанын салып жү­гірді. Әсіресе, Қабиболла Хабен­ұлы Жақыпов азаматтық танытты. Түсіне білген адамға Тәу­ел­сіздік біздің елімізге оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан ол бізге қымбат әрі шексіз қуаныш. Сол кездегі жалындаған өршіл жастар қазір 40-45 жасқа жетті. Шын мәнінде солар нағыз ерлер еді. Олардың арасындағы Айсұ­лу, Жасарал және тағы басқа қыз-жігіттердің ерлігі Тәуелсіз­діктің 20 жылдығында ескерілуі керек деп ойлаймын. Бұл әңгімені оқырмандар Тәу­елсіздіктің бағасын біле түс­сін деп айтып жатырмын. Оралда осындай оқиғаның орын ал­ғанының өзі ол кезде біздің еркіндікке қол жеткізе қоймаған­дығымыздан еді. Тәуелсіздік жыл­дарында Елбасымыздың ел татулығын сақтаған көреген сая­сатының арқасында сондағы тірескен казак ағайындарымызбен де тіл табысып кеттік. Оның үстіне ол оқиғаға жол бергендер негізінен сырттан келгендер еді. – Қазіргі жастар туралы не айтасыз? – Ел үстіне қайғы бұлты төн­бесін, ондай күн туа қалса жас­та­рымыз қазір де бас көтере ала­ды. Өйткені, біздің ата-баба­ла­ры­мыз ешуақытта қорқақтық, жас­қан­шақтық танытпаған. Бұл бізде қаннан келе жатқан қасиет. Жай­шылықта ол бұғып жатады да, кезі келгенде бұрқылдап оянады. – «Қазір бір отбасының әр мүшесі әр түрлі дінге кіріп ба­рады. Бұл ұлт тұтастығына сы­­на қағудың ең оңай жолы» деп жаны ашитын зиялы қауым шырылдап жүр. Сіз не дейсіз? – Оныңыз рас. Қазір елімізде 43 конфессия бар. Бұл Қазақстан халқы үшін өте көп. Елімізде бас­қа діндерді айтпағанда, Ислам ді­нінің бірнеше ағымдары бар. Біз Қазақстан Діни басқар­ма­сы­ның бас мүфтиі, Шейх Әб­саттар қажы Дербісәліұлынан бастап, Имам Ағ­зам Әбу Ханифа мазға­бын­да­мыз. Қазақ халқы әу бастан осы жолда. Дін қазақ хал­қының дәс­тү­ріне ешуақытта қар­сылық жа­са­ған емес. Қайта екеуі бірін-бірі толықтырып, адамдар­ды иман­дылыққа, адамгершілікке тәрбие­леп келді. Қазір кейбір ағым­да­ғылар ұлттық салт-дәс­тү­рі­мізге қарсы шығуда. Міне, осы­­лардың бәрі өз орнына келу үшін дін ту­ралы заң қабыл­дан­ды жақында. Өйтпейінше өзге ағым, секта ұрпақты мәңгүрттік­ке апарады. – Жастарымыз түрлі дінге өтіп, санасы өзге ағымға ағып кетпеу үшін дін туралы заң қабылдағаннан басқа не істеу керек деп ойлайсыз? – Әрбір ата-ана өз дініне, салт-дәстүріне берік болып, ба­ла­ларын қадағалауы тиіс. Тама­ғын тоқ, көйлегін көк етіп, тәр­биесімен айналыспаса, өз ұр­па­ғы өзіне жат, тіпті дұшпанға ай­на­луы мүмкін. Дінінен, ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен айрыл­ған адамды қазақ деп есептеуге болмайды. – Өз ұрпағыңыз туралы айта кетсеңіз. – Ұл-қыздарымның бәрі жо­ға­ры білімді, намаз оқиды, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Той-томалақты, қуанышты оқиғалар­ды арақсыз өткіземіз. Әрбір от­ба­сы ұлттық салт-дәстүрін сақ­та­са, ұрпағы да сол жолды таң­да­ры анық. Отбасы бақытты бол­са, мемлекетіміздің де қана­ты қарыштап, әлем алдында рухы биік болмақ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Базаргүл АҚЫНҚЫЗЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы.