Сириялық Дераа провинциясында бір күнде 70 адам қаза тапқан. Хербель-Газаль және Хирак қалалары аралығында орын алған қақтығыста 27 бейбіт тұрғын, 34 үкіметтік әскери жасақ жауынгерлері мен 12 босқын көз жұмған.
Қантөгістің қайта жалғасуына орай Иордания королі Абдолла ІІ Сирия басшысы Башар Асадтан «елдің болашағы үшін» президент лауазымынан бас тартуды ұсынды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша қаза тапқандардың жалпы саны 3,5 мыңнан асқан.
Қытайда күшті жарылыс болды
Қытайдың Сиань қаласындағы офистердің бірінде орын алған жарылыстан жеті адам, соның ішінде үш жасар қыз қаза тапты. Тағы 25 адам әр түрлі ауыр жарақаттармен жергілікті ауруханаларға жеткізілген.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ғимарат айналасындағы көліктерге айтарлықтай зақым келіп, тіпті екі шақырым жердегі әйнектер қираған. Жарылыс себебі әзірге анықталмай отыр. Сарапшылар оқиғаны ғимараттың бірінші қабатындағы мейрамханада газ жарылуы мүмкіндігімен байланыстыруда.
Газа секторы тағы атқыланды
Израильдің әскери әуе күштері жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Газа секторына әуеден соққы жасады. Соның салдарынан ХАМАС қозғалысының күзет бекеті бүлініп, палестиналық қауіпсіздік күштерінің бір қызметкері қаза тапты.
Бұдан басқа төрт сақшы опат болып, тағы екі бейбіт тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Израиль әскерилері мұндай әрекеттерін Газа секторынан жіберілген зымырандарға жауап екендігін мәлімдепті. Бұған дейін осындай қақтығыстан бір израильдік және 12 палестиналық қаза тапқан-ды.
Қарсылық білдірушілер таратылуда
Кешеден бастап АҚШ полициясы «Уолл-стритті басып ал» және «Оклендті басып ал» қозғалысы қатысушыларының лагерін бұза бастады. Бұған дейін жергілікті билік қарсылық білдірушілерге лагерь аумағын босатуды талап етіп, ескерту жасаған еді.
Қарсылық танытушылардың біразы ескертуге құлақ асқанмен, кейбірі биліктің талабын орындаудан бас тартқан. Соның салдарынан полиция Портленд пен Оклендте 80 белсендіні тұтқынға алды. Әсіресе, Окленд қаласында полиция мен белсенділер арасында ерекше қақтығыс орын алғаны белгілі болып отыр.
Үш француз бостандыққа шықты
Осыдан жарты жыл бұрын Йеменде кепілдікке алынған үш француз Оман сұлтанатының көмегімен бостандыққа шығарылды. Франция азаматтары «Әл-Каиданың» йемендік бөлігінің содырлары тарапынан тұтқынға алынған болатын.
Ал оларды босату үшін 12 миллион доллар сұралыпты. Алайда Франция билігі ақша төлеген жоқпыз деп отыр. Құтқару операциясы туралы да нақты дерек жоқ. Соңғы 15 жыл ішінде Йеменде кепілдікке 200-ге тарта шетелдік азамат алынған екен. Солардың барлығы да артынан босатылған.
Қарсылықтарға қатысты заңды қатаңдатты
Беларусь президенті Александр Лукашенко қарсылық акциясын өткізудің ережелерін қатаңдататын заңға қол қойды. Өзгеріске сәйкес енді саяси астары бар кез келген қоғамдық орындағы жиын алдымен билікпен келісілуі тиіс. Бұл интернет арқылы ұйымдастырылатын флэш-мобқа да қатысты.
Ұйымдастырушыларға билікпен келісіп алмай, акцияның уақыты мен өтетін орнын жариялауға, соның ішінде интернет арқылы таратуға тыйым салынып отыр. Сонымен қатар, Лукашенко қоғамдық ұйымдарға қатысты заңға да өзгерістерді қол қойып бекітті. Ол бойынша шет елдерден қаржы алған қоғамдық ұйымдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Италияда жаңа премьер тағайындалды
Италия президенті Джорджо Наполитано Еуроодақтың бұрынғы комиссары Марио Монтиді елдің премьер-министрі лауазымына тағайындады. Президент сарайында жаңа үкімет құрамын жасақтау үшін Монтиге мандат берілді.
Мұндай шешім барлық парламенттік партиялармен өткізілген консультациялардан кейін қабылданды. Отставкаға кеткен премьер-министр Сильвио Берлускони басқаратын оңшылцентристік партия Марио Монти жасақтайтын үкіметті қолдайтындықтарын білдірді. Жаңа үкімет Италияны экономикалық дағдарыстан алып шығуы тиіс. Ал Берлусконидің өзі әлі саясаттан кетпейтіндігін мәлімдеп үлгерді.
Ғарыш стансасы жерге құлайды
Роскосмос басшысы Владимир Поповкин «Фобос-Грунт» жерге 2012 жылы қаңтардың басында құлайды деген жорамал жасады. Ғарыш стансасы Марс бағытына жол тартуы тиіс еді. Егер инженерлер аппараттың бағдарламасын өзгерте алса, станса Қызыл планетаға бет алатын болады.
Аталған «Фобос-Грунт» стансасы «Зенит» зымыран ұшырғышымен ғарыш кеңістігіне шығарылғанымен, оның қозғалтқыштары іске қосылмай қалған-ды. «Фобос-Грунт» Марс планетасынан топырақ алып, жерге жеткізуі тиіс болатын. Алайда стансаның не себепті істен шыққаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Белгілісі – «Фобос-Грунтты» құтқарудың енді мүмкін еместігі.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Грузия президенті Михаил Саакашвили Лондонда өткен Халықаралық демократиялық одақ конференциясындағы сөйлеген сөзінде Еуропа елдері басшыларын Ресеймен қарым-қатынаста абай болуға шақырды.
*Теһран түбінде орын алған жарылыстан әскери зымырандар өндірісі мен бағдарламасын әзірлеу тобының басшысы қаза тапқаны белгілі болып отыр. Иран билігі революциялық гвардия командирі бағдарлама басшыларының бірі болғанын растады.
*«Талибан» қозғалысы Лойя джирга ақсақалдарының бүкілауғандық кездесуі орны мен уақыты, тіпті қауіпсіздікті қамтамасыз ету тізбесі сызылған жоспарды қолға түсіргендерін жариялады. Лойя джирга 16 қарашада Кабул қаласында өткізілетін болса, онда Ауғанстан мен АҚШ қатынастары талқылынады деп күтілуде.
*Малайзия ресейлік 18 Су-30МКМ әскери жойғыш ұшақтарының арқайсысын 50 миллион долларға сатып алатын болды. Сатып алушы тарап бұл ұшақтарды дыбыстан жылдам «Брамос» зымыранымен жабдықтауды көздеп отыр.
Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков ІІМ тергеу департаментінің шақыртуы бойынша еліне қайта оралды. Ол Мәскеу банкінен 12,5 миллиард рубльдің қолды болуы ісі бойынша куәгер ретінде жауап береді екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.