16 Қараша, 2011

Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар

3621 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Біз Италияны жасадық, енді италиялықтарды қалыптастырайық.

(Камилло Кавур, Италияның тұңғыш премьер-министрі,

мемлекет қайраткері, дипломат).

Сәуле. Жаратушының жазуымен миллион­даған шақырымдарды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Еркіндікті сүйеді, адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Маған тәуелсіздік те сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын: «Шы­ра­ғым» дейтіні, сондай-ақ: «Шырағың сөнбесін!» деп тілек тілейтіні бекер болмаса керек-ті. Сырттай қа­ра­ғанға бір-ақ түс. Ал біле білсек, оның бой­ында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Азаттық та сол сәуледей бір өзіне қан­ша­ма бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құн­дақтаған. Өмір қара мен ақтың, жарық пен қараңғының күресінен құралады. Әманнан еркіндікті сүйетін қазақ азаттыққа қаншалықты ұмтылса, оны бодан қылуға тырысқандар соншалықты күш сал­ға­ны белгілі. Кермек татқан тәтті ұғым тәуел­сіздік бабаларымызға білек пен жүректің күресін қажетсінді. Өткен ғасырдың басында батыр­ла­ры­мыз қолына найза алып егемендік жолында ауыз­дықпен су ішіп, белуардан қан кешіп, болашақ ұрпақтың бостандығы үшін жан алып, жан берісті. Азаттық алсақ деп армандаған, армандап қана қоймай, қолына қалам алып, кірпік қақпай, күн-түн демей бар күш-жігерін қаймана халқын еркіндікке бастаған алаштықтар да қасық қаны қалғанша қазақ деп шырылдап, ақтық сөзін азаттыққа арнады. Сол есіл ерлердің көре алмай кеткен бостан күнін бастан өткеріп, алтын күннің астында тәуелсіздік тойын тойлап жатқан біз бақытты ұрпақпыз. Бірақ Елбасымыз айтқандай, бүгінде тойдан бұрын ойлау, ой салу керек. Кезінде «Қазақ» газетінің төл белгісі есігі батысқа қараған киіз үй еді. Батыстың дамыған мемлекеттеріндей болсақ деген тәтті тілек бү­гін­нің ақиқатына айналды. Сол шақта бір ғасыр өт­кен соң Қазақстан арыстарымыз арман еткен бі­лім-ғылым бар жұрттарға көсем болып, Абылай үш жүздің басын қосқан Сарыарқада көреген көшбасшы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Еуропа төрелерін қабылдап, тізгін ұстайтынын кім ойлаған?! Дана халықтың ұрпағы екі аттап Еуропаға би болды. ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен саммиті кезінде осы ой менің жүрегіме ерекше қуаныш сыйлады. Қазақтың төбесінің көкке, аузының аққа жеткені емес пе бұл! Елбасымыз өзінің «Қазақстан жолы» деген кітабында: «1985 жылғы Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің сәуір плену­мы­нан басталған «қайта құру» қашан құрдымға кеткенге дейін ел өз тарихының шым-шытырық оқи­ғаларын ой елегінен өткізді. Мил­лиондаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейнесін тірілтіп, тоталитарлық режімнің зауа­лы­на ұшыра­ған зиялы қауым тұлғасына жан бітірді, үлкенді-кішілі халықтардың жадына төл тарихының естеліктері орала бастады» деп жазған еді. 1986 жылы жастарымыз Орталық алаңға желтоқ­сан­ның ызғарында мұзға жанған алау болып ла­пыл­дап, «Менің Қазақстаным» деп рухтанды. Алаш­тық­тар­дың аманаты оятты, Ақтабан шұбырын­дыда «Елім-айлап» көшкен қазақтың зары тұрды құлағында. «Қазақты қазақ басқарсын!» деп құр­бан болып еді олар. Шүкір, бүгінде Жаратқан сол тілекті қабыл етіп, көш басына құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлындай көреген азаматты қойды. Азаттық сұраған «Менің Қазақстаным» әні азаттықты жырлаған әнұранға айналды. Елдің еңсесін тіктеп, қазақты жаһанның 50 бәсекеге қабілетті еліне айналдыруды көксеп, көйлегін көк, көңілін тоқ қылған, көкейіндегісін айтқызбай топшы­лай­тын Елбасының мерзімін 10 жылға ұзартуды референдумда қолдап аз ғана уақытта 5 миллион адамның қол қоюы талай сын сәтте жерге қарат­паған ерге деген ел сенімі. Алайда Елбасы бұл ұсыныстан бас тартып, сайлауға қатысатынын жариялап, Конституцияның кепілі екендігін тағы бір мәрте делелдеді. Конфуций: «Жол адамды жөнге салмайды, адам өзіне жол салады», деген еді. Біз де бүгінде жасампаздық пен бейбітшілікке бастар даңғыл жолмен барамыз. Ол – Қазақстан жолы. Айқын мақсатымыз, асқақ арманымыз бар. «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді стратегиясында айтылған ойлардың қиял еместігіне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді. Экономикамыз қарыштап дамып, әл-ауқатымыз көтерілуде, ел патриоттары тәрбиеленіп, мықты кадрлар қалыптасты. Елбасы «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Қазақтың халық мақалы «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» дейді. Сондықтан да бізге — уақыт төреші. Мұратына жүрген жетеді», деген еді. Шүкір, тәуелсіздіктің тойына құралақан келгеніміз жоқ. Жиырма жылдың ішінде экономикамыз еселеп дамыды, Ұлттық қор қалыптасты, ел игілігіне бағытталған қаншама заң қабылданды. Өзгелер ғасырлар бойы бағындырған белестерді мемлекетімізге ширек ғасырға толмайтын уақыт аралы­ғында жетуге тура келді. Алаш жылдап, айлап емес, Алпамыстай күн санап өсті. Өйткені, әлем сәт сайын жаңарып, жаңғырып жатқан заманда: «Жоғары өрле немесе жолды босат, сатыда тоқтауға болмайды», дегенді жете түсіндік. «Майдалардың арасында жүрсең ұсақталасың, ірілермен өзің де өсесің», деген екен Гете. Сондықтан үлкен мақсаттарды алға қойған қазақтың бүгінде қалай мақтанса да жөні бар. *  *  * «Қазақстанның бірінші байлығы – халық». Еліміздің басты құжатында ойып тұрып орын алған құндылық. Артқа қайырыла қарағанда Қазақстан атты ортақ үйіміздің керегесін кеңітіп, уығын бекіткен, шаңырағын тіктеген тау тұлғалар биіктей береді екен. Теңіздей тулаған тәуелсіз елдің табыстары сол жандардың сан сала болып құйылған еңбегінен құралған. Елбасы бастап, елі қостап жаңардық, жасампаз, бейбіт Қазақстанды құрдық. Американың қоғам қайраткері, ғалым, АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы авторла­ры­ның бірі Бенджамин Франклин: «Мен адамдарға қызмет еткенде ұпай жинадым деп емес, борышымды өтеп жатырмын деп санай­мын», деген екен. Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста ұпай үшін емес, ұлт үшін тер төккен тарландарды шаң басқан архивтерден емес, отандастардың жүрегінен тапсақ екен деймін. Жиырма жылдық мерейтой қарсаңында сол азаматтардың атын атап, түсін түстеп қойған да артық болмас. Олардың біразымен қызметтес, әріптес болғаныма қазір қуанамын. Бүгінде мемлекеттік органдар өздігінен қалыптаса салғандай көрінеді. Ақиқатында егемен елдің құрылымдарын жасақтау қаншама еңбекті қажетсінді. Тыңға түрен салған тарландар білікті кадрлар тәрбиелеп кетті. Елбасы «Қазақстан – 2030» бағдарламасында көрсетілген ба­сымдықтардың бірі кәсіби мемлекет қалып­тас­тыруға да үлес қосты. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясын құруда Қара­тай Тұрысов пен Юрий Ким­нің еңбегі ұшан-теңіз. Алдымда үлгі көр­се­тетін осындай асқар таудай аға­ларым болғаны үшін тағ­дырыма ризамын. Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің хатшысы, Бү­кіл­одақтық Кәсіподақтары Ор­талық Комитетінің хат­шы­сы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орын­басары, Туризм, дене шы­нық­тыру және спорт министрі, Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы қызмет­терін абыроймен атқарған, өмірінің соңғы жылдарында Парламент Мәжілісінің Қар­жы және бюджет коми­те­тінің төрағасы болған Қа­ра­тай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Аз ғана жылдар ішінде еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, оның болашағы жарқын іргелі ел болуына үлес қосқан, төл тарихымыз­дың төрінен орын алар, халқы­мыздың маңдайы­на біткен асыл ұлдарының бірі – еліміздегі көппартиялы жүйенің, демократия мен қазақ парламентаризмінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақыры­лымдарының, сондай-ақ Парламент Мә­жі­лісінің I және II шақырылымдарының депу­та­ты, эконо­мика ғылымдарының докторы, «Еуразия» халық­аралық академиясының академигі Марат Оспанов. Ол мемлекетімізде нарықтық экономиканың қалыптасып, заңнамалық базамыздың өмірге келуіне негіз қалады. Ғалымның «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты дағдарысқа қарсы эконо­микалық бағдарламасы, кейін ел Үкіметінің экономикалық бағдарламасына негіз болды. Қатарластары, саясатта тізе қосып бірге қызмет еткен әріптестері Марат Оспановтың тек тұңғыш Мәжіліс спикері ғана емес, сонымен қатар, елімізде қалыптаса бастаған ашық саясат пионері, күрескер де бола білгендігін алға тарта­ды. Ол кісінің шешендігі әлі күнге жұртшы­лықтың аузында аңыздай естіледі. Ер жасы елуінде арамыздан кеткен абзал азамат кезінде: «Мен адам деген атқа лайық қоғамда өмір сүретінімізге сенемін», деген еді. Сенім ақталды. Құқығымыз­ды қорғайтын, қарқынды дамуға кепіл болатын Ата Заңымыз бар. Осындайда еліміздің басты құжатын ең білікті деген кадрлар құрғанын айта кету керек. Әрине, алдымен ауызға оралатыны заң ғылымдарының пат­риархы, күні кеше ғана өмірден өткен Салық Зиманов. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге белсене атсалысқан дарынды заңгер Ата Заңымыздың әрбір бабы мен тармағы демократиялық ұстанымдарға сәйкес болуына баса назар аударды. Ол Желтоқсан оқиғасы кезінде де жастарға ағалық танытып алаңға шыққан ер. Құқықтық білім беру саласында лауазымды қызметтер атқарған өз ісінің білгірі тоқсаныншы жылдары Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланып, Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі ту­ралы декларацияның жобасын дайындауда ко­мис­сияны басқарды, оның тікелей қатысуымен басқа маңызды саяси құжат – «Қазақстан Респуб­ликасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Консти­ту­циялық заң дайындалды. Бұған мемлекеттің жаңа Конституциясының жобасын дайындауда сарапшылар тобына да жетекшілік еткенін қосыңыз.  ҰҒА академигі Салық Зиманов сол сындарлы жылдар жайында: «Ең алғаш Егемендік туралы 3 беттік декларацияны 8 сағат талқыладық», деп есіне алып, тәуелсіз ел тарихының шежірешісі болды. Мемлекеттілігімізге сүбелі үлес қосқан ғалымдарымыздың ішінде Ғайрат Сапарғалиев есімі ерекше орын алады. Ол Кеңес Одағындағы заң саласы бойынша ең жас ғылым доктор­ла­ры­ның бірі атанып, аса биік беделге ие болды. Ке­ңес­тік жүйенің өзінде Ресейдің отарлау саясаты туралы ғылыми еңбек жазып, азаматтық ұста­ны­мын танытып, қайраткерлік биікке көтерілді. Ол тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалып­та­суы­на, Қазақстанның Ғылым академиясының Философия және құқық институтын, заң саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарын өркендетуге зор үлес қосты. Ел Консти­ту­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, Қазақстанның құқықтық саясат тұжырым­дамасын әзірлеуге белсене қатысты. Тәуелсіздік ауызбен айта салатын жай ғана сөз емес, ол бүгінгі құқықтық қоғамда мөрмен расталып, өзге мемлекеттермен мойындалуы қажет құндылық. Ал осы жауапты істі атқаруда азаматтық борышын адал атқарып, “Қазақ КСР Президенті туралы” Заңның (1990), “Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы” деклара­ция­ның (1990), “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заңның (1991) жо­ба­сын жасауға белсене атсалысқан ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қай­рат­кері Сұлтан Сартаевтың есімі төл тари­хы­мызда алтын әріптермен жазылары даусыз. Бас прокурор, Конституциялық Кеңес Төр­аға­сы орынтағында Елбасы мен ел сенімін ақтаған юстиция генерал-лейтенанты Юрий Хитрин де азат алаштың қауіпсіздік саласында ерен еңбегі­мен танылды. Ердің еріне оңай тимейтін жауапты шаруа­лар­ды ұршықтай үйіріп, халық депутатынан Жоғарғы Кеңес, Конституциялық комиссия төр­аға­сының орынбасарына дейінгі міндеттерді нәзік иығына алуға тайсалмаған Зинаида Федо­то­ваны да атап өткім келеді. Ол ТМД-ны құру туралы Келісімді дайын­да­ған жандардың бірі болға­нын қалай ұмыт қалды­рамыз. Нарықтық экономикаға көшкен уақытта экономика ғылымдарының докторы, про­фессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген ғылым мен техника қай­раткері Кенжеғали Саға­диев­тің орны бөлек. Қазақ­стандағы экономикалық реформа теориясы мен әдіс­на­масын зерттеп, Елбасына қолдау болған қазына қарт 1992 жылы Кембридж өмір­баян­дық орталығының “Жыл адамы” атағын алып, шет мемлекеттердің өзін мой­ындатты. Білімпаз ғалым әлі күнге дейін өткенімізді саралап, болашағымызды бағам­дауда аянбай тер төгіп келеді. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бас басылымымыз «Егемен Қазақ­стан» газетінде жариялаған «Экономика – елдік тұғыры» атты мақаласында Кенжеғали Әбенұлы: «Алдыңғы елу елдің санатына қосылу, ел тұр­мы­сын солардың деңгейіне жеткізу жолындағы бар­лық бағдарламаларды орындау табанды­лықты талап етеді. Мемлекеттігіміздің іргесін бекітіп, саяси, әлеуметтік, экономикалық даму тетіктерін тәуелсіздік жылдары жан-жақты жасап алған Қазақстанға да жедел даму мүмкіндігі туды. Осы мүмкіндікті жіберіп алмай, толығымен игеру болашақтың басты міндеті. Мұндай міндеттің үдесінен шыға алатыны­мызды кешегі кемел сайлау тағы да келісті көрсетіп берді. Мұндайлық біртұтастық таныт­қан елдің алар асулары да биік боларына күмән жоқ. Тек мына жайды – Тәуелсіздіктің, елдіктің тұғыры экономика екенін ешқашан естен шығармауымыз керек», деп даналық танытты. Алаштықтар жайында еске алғанда «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған», «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбеуге» уәде берген, «жаны қамауда, малы талауда» қалған ұлты үшін құрбан болған арыстарымызды бүгінгі ұрпақ «Үш бәйтерек», «Бес арыс» деп орынды баға беріп жүр. Бүгін – ертеңгі тарих. Осындайда егемендік алған елең-алаңда Елбасы мен еліне тірек болған Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев ағаларымыз қазақ қоғамының үш бәйтерегіндей әсер қалдырады. Құдды бір қара қылды қақ жарған, елдің бірлігін сақтаған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің бүгінгі сарқыншағындай. АҚШ-тың жиырма алтыншы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Теодор Рузвельт: «Ұлт­ты ұлт ететін оның мінезі», деген еді. Қазақы дүниетанымның жілігін шағып, майын ішкен Ақселеу ағамыз көзден кетсе де, оның сарқылмас мұрасы көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатып келеді. Кеңес Одағы ыдырап, Коммунистік партия тарап, тәуелсіздік шаңырағы көтерілген серпінді жаңа кезеңде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың жанында жүріп, жас мемле­кетіміздің іргетасын бірге қаласқан азамат­тардың бірі де бірегейі Мырзатай Жолдасбеков ұлт мүддесін қор­ғайтын толып жатқан игілікті істерге бастама­шы­лық жасады. Мырзекеңнің тікелей бастама­шылдығымен Дүние жүзі қа­зақтарының тұңғыш құрылтайы өткізіліп, қазақ қауымдастығы құ­рылды, қайталанбас төл өнеріміз – айтыс жан­данды, әдебиетіміздің тамыры тереңге бойлады. Астанадағы Президенттік мәдениет орталығын басқаратын біртуар тұлға әлі де сол ізденім­паздығынан тайған жоқ. Замандастары ғалымды «шырақшы» деп ерекше қадірлейтіні бекер емес. ХХ ғасырдағы адамзат тудырған жүз талант Арагон, Тагор, Шолохов, Пастернак, Айтматов, Блок секілді әлемдік тұлғалармен қатар тұратын Әбіш Кекілбаев азаттықтың ақ таңы атқанда қоғамдық іске бел шеше кірісті. Еліміздің тұң­ғыш кәсіби Парламентін басқарды. Президенттің кеңесшісі әрі Мемлекеттік хатшы қызметтерін де абыроймен атқарды. Жазушы ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегі Президент тарапынан да елеусіз-ескерусіз қалған жоқ. Мемлекет басшысының Жарлығымен Әбіш Кекіл­баевқа «Еңбек Ері» атағы берілді. Тіл тағдыры, діл тағдыры, дін тағдырын ұштастырған ұлағат­ты пікірлері мен ұрымтал ойлары жұрт жүре­гіне жетті. Танымымен, тағылымымен мемлекеттілігімізді нығайтуға, демократияның дамуына үлес қосқан қазақ руханиятының көрнекті өкілдері Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сынды тар­ландарымыздың ұлт мүддесін қозғаған баста­ма­лары әлі күнге дейін ел есінде. Халқымыздың да­рынды ұлдары Шерхан мен Камал ағалары­мыздың «Елім саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» атты тақырыппен жарық көрген хаттары талайды тебірентті, жұртты жұмылдырды. Қазақстан – шығыстық ділді мемлекет. Сон­дықтан өз басым гендерлік саясат деп «шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерден аулақ жүргенді қалаймын. Қазақ қашан да ортаны ұстанған. Біздің халық Томирис, Домалақ ана, Зере, Айғаным, Ұлпан, Әлия, Мәншүк, Ләззаттарды тудырған. Әйел ердің қабырғасынан жаралған, ендеше, қазақтың «қабырғаңмен кеңес» дегені бекер туындамаған ғой. Егемендік алған тұста саясатқа шамамыз келгенше араласып, елге қызмет еттік. Тәуелсіздікке үлес қоссақ, сол жолда қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың ақыл-кеңесін тыңдап, өзімізге үлгі санадық. Парламент – маңызды мемлекеттік құры­лым­дардың бірі. Әсіресе президенттік-парламенттік билікке бет бұрған Қазақстанда оның маңызы мен салмағы арта түсуде. «Үлкен кемеге үлкен армандар тән», деуші еді орыс мақалы. Ал желдің бағытын бағдарлар, ашық теңізде жол табар басшы керек. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов жетекшілігімен көптеген заң қабылданды. Қазақы, шешен, білгір басшы қай қызметтің тізгінін ұстаса да ел ертеңі үшін тер төгіп келеді. Орал Байқоныс­ұлындай басшымыз барда алда заң да, ел тұр­мыс-тіршілігі де түзелетініне сенім мол. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынба­сары Жәнібек Кәрібжановтың есімі де елге етене таныс. Премьер-Министрдің орынбасары, Ақмо­ла облысының әкімі, Президенттің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Қытайдағы, Вьет­нам­дағы, Моңғолиядағы, Корея Халық-Демо­кратиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған іскер тұлға тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаушылардың алдыңғы сапынан табылары хақ. Ісі мен сөзі қабысқан шебер ұйымдастырушы ретінде ол Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі болып, алғаш Астана келбетін қалыптастырғанына халқы куә. Әріптестерімнің арасында ерекше атайтын жандардың бірі Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асанов дер едім. 1992 жылдан бастап Алматы қала­сының Медеу және Алмалы аудандарын басқарған атпал азамат өңірлердің экономикалық жағдайын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жете білетінін байқатып келеді. Әрине, бұл тізімге халық қалаулылары деген атқа лайық азаматтық ұстанымын танытып жүрген біраз үзең­гілестерімді қосуға болады. Қазақстан егемендігінің еңселі болуы жо­лын­да тер төккен жандардың бірегейі – Нұртай Әбі­қаев. Сұңғыла саясаткерге екі мәрте аса жауапты мемлекет қауіпсіздігі сеніп тапсырылды. Екі мәрте Сыртқы істер министрінің бірінші орын­басары, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Сенат Төрағасы, Қазақстанның Ресейдегі, Ұлы­бри­тания, сонымен қатар Швеция, Норвегия және Ирландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Нұртай Әбіқаев Қазақстандағы кадр саясатына араласып, көреген Көшбасшымыздың ақылына ақыл қосты. Өнер-білім бар жұрттардың озық тәжірибесін меңгерген, шетелдерде оқып- тоқыған, бірнеше тіл білетін, жастайынан шаруашылықтың қыр-сырын таныған Кәрім Мәсімов дағдарыс жыл­дары Премьер-Министр болып тағайындалуы бекер емес. Бұл да Елбасының алысты бағамдай білетіндігі. Жеке сектордан мемлекеттік құрылым­дардың басшылығында іскерлігімен танылған Кәрім Қажымқанұлы Елбасының қасында жүріп, гауһардай жарқырай түсті. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ. Елбасының саясатын қолдап, аймақтағы елдің еңсесін тіктеуге атсалысқан Серік Үмбетов, Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов сынды адал сөйлеп, халыққа жаққан ұлықтардың тағылымы мол, тындырған істері зор. Серік Әбікенұлы кеңестік кезеңде кеңшар, ауданда басшы кадр ретінде қадірі артып, тәуелсіз­дік жылдары Алматы, Жамбыл облыстары әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Өңір экономи­касын ғана жандандырып қоймай, ұлттық рухты жаңғыртты. Осы уақытқа дейін қырыққа жуық ескерткіш салуға ұйытқы болды. «Кейінгі буын, ұрпағымыз біздің – ата-бабасының қандай болғанын білсін деп әдейі ескерткіштер орнатуға ерекше көңіл бөлемін. Мысалға, мен баяғыда партияның кезінде осылай жасай алатын ба едім, жоқ, әрине. Ертесіне жауапты етіп жататын еді. Ал осыған жағдай жасап отырған, осыған ықпал беріп отырған егемендіктің арқасы. Тәуелсіз­діктен артық біздің қандай байлығымыз бар. Біздің бақытымыз, қуанышымыз Тәуелсіздік!» деп тебіренеді ел жанашыры бүгінде. Оңтүстік астана Алматы қашаннан мемлекетіміз үшін аса маңызды бизнес сауда, орталығы. Аталған қаланың тізгіні көлденең көк аттыға тапсырылмасы белгілі. Елбасы сенімін арқалап, Алматыға екінші жыл қатарынан қалабасы болып сайланған Ахметжан Смағұлұлына халық та үлкен үмітпен қарайды. Мансабын санамала­сақ саусағымыз жетпейді, Премьер-Министрдің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Басшысы, бірнеше қайтара Ауыл шаруашылығы министрі болған саясат саңлағының еңбегіне ел таразы. «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара» деген екен Жүсіп Баласағұн. Жастар саясатының жілігін шағып, майын тамызған Иманғали Нұрғалиұлы әу бастан қайраткерлігімен елге танылды, азат­тық­тың алғашқы жылдары Президенттің көмек­шісі қызметін атқарды. Қазақстанның Вице-премьері, Білім және мәдениет вице-премьер-министрі, Президент Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары, Президенттің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы болды. Атырауға әкім болған шақта Сарайшық қаласының орнына орнатқан белгісі ағайынның жүрегіне шуақ құйды. Аймақтың ажарын келтірді. Алматы қаласын басқарды, тағы да баста­ма­шылдығымен көзге түсті. Талай дарынды, қарымды азаматтарды баспаналы етті. Қайраткер жанға Елбасы Астана тізгінін бекер ұстатқан жоқ, көз көрді, талабы таудай бас қала тотыдай таранып ажарланып келеді. Саясатқа араласып, қабілет қарымын мемлекет игілігіне жұмсауға ниеті бар нәзікжан­ды­ларға Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аналардың мәртебесін халқымыз еш төмендеткен емес. Азат еліміздің маңызды құрылымдарын басқарып, халықтың сүйікті қыздарына айналған әріптес, сырлас құрбыларымды мақтамаймын, олармен мақтанамын. Азат Қазақстанда министр болған Бірғаным Сарықызы Әйтімова мен Гүлжан Жанпейісқызы Қарақұсова есімдері тәуел­сіз ел тарихында ойып тұрып орын алады. Ауыз толтырып айтатын қазақ қыздарының қатарында Сәбила Мұстафина да бар. Ол – әкім болып, халқына жақын болып жүрген жандардың бірі. Премьер-Министр Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде тәжірибе жинақтаған жан бүгінде елордамыздың Сарыарқа ауданының тізгінін ұстап отыр. Мен атап өткен арулардың бәрі шетінен полиглот, білгір, іскер, мемлекетшіл. Бәрі де билік тарапынан еңбегі еленіп, талай марапаттар алды. Дегенмен, әрқайсысы да «Алтын – жер сыйы, Алғыс – ел сыйы» деген қағиданы басшылыққа алатыны қуантады. Ұлтты ұлы мұраттарға бастайтын серкелер зиялы қауым арасынан шығады. Жұртының жүрегіне азаттық алауын жаққан ақын-жазушы­лар, қаламгерлеріміз қашаннан сый-құрметке ие болатыны сондықтан. Жетпіс жылдық тарихы бар, талай марқасқаға пана болған Жазушылар одағы десек, бүгіне сол әдеби орданың тізгінін ұстап отырған Нұрлан Оразалин Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының төрағасы болып тағайындалған 1996 жылдан бері дарынды қаламгер азат елдің әдебиетін жаңғыртып, әдеби басылымдардың жүйелі жарық көруіне жағдай жасап келеді. Осы орайда ұлттық санамызды қалыптас­тыру­ға өлшеусіз үлес қосқан, тарихи көкжие­гі­мізді кеңейткен Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұр­шайықов, Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев, Үшкілтай Сұбханбердина, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Талас Омарбеков, Рахманқұл Бердібаев, Мәмбет Қойгелді, Әбдімәлік Нысанбаев сынды ғалымдарымыз азаттықта қазақты­ғымыз­ды танытты деп білемін. Өнер мен мәдение­ті­міз­ді әлемге паш етіп, дәулетті елдің сәулетін қалып­тас­тырған, намысын қайраған Асанәлі Әшімов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Хакімжан Наурызбаев, Шота Уәлиханов, Шәкен Ниязбеков, Жақсылық Үшкемпіров сын­ды алдыңғы толқын аға-әпкелеріміздің ерен еңбегін жас ұрпақ есінде ұстаса деп тілеймін. БАҚ – төртінші билік, азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі. Өз басым журналистерге әркез құрметпен қараймын, қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынмын. Себебі, олар – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Өмірден өтсе де артына өшпес, өлмес сөз қал­дырып, сынын айтып мінімізді түзеп, жақсылық­ты айтып, нұрымызды тасытқан, қаламымен тәуелсіздігіміздің іргета­сын нығайтқан Темірбек Қожакеев, Сейдахмет Берді­құлов, Марат Қабанбай ағаларымыздың әрқайсысы бір мектепке татитын тұлғалар. Тәуелсіздік алдық, мұнымен іс бітпейді. Тәуел­сіз ел қалыптастырып, азаттықтың тұғы­рын ны­ғайту міндеті туады. Сол міндетті түсін­ген, бүгінгі күнге жетуге себепкер болған тарлан­дарымыздың бәрін тізіп айту мүмкін емес. Олардың әрқай­сысының тәуелсіздікке қосқан үлесін зерделеу, таразылау бір мақалаға сыя қоймас. Қазақстан егемендігінің тәй-тәй басқан қа­дам­дарымен қат-қабат келіп, жас мемлекеттің қара қазанында қайнаған, Мемлекет басшысы­ның, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың мемлекет құру жолындағы бастамалары мен елде жүргізген саясатын орындауға атсалысқан азаматтардың бейнетті еңбегінің зейнетін көріп отырмыз. Мен олардың барлығын бір мақалаға сыйғыза алмағаныммен қазақтың кең пейіл жүрегі ешкімді елеусіз қалдырмайды. *  *  * «Өткенге бұрылып басыңды и, ертеңге қарап білегіңді түр» деген екен ғұламалар. «Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздікке қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады», деген Мұстафа Шоқай. Елбасымыз да «Бірлік бар жерде тірлік бар» екендігін жиі қайталап келеді. Тәуелсіздік жеңісіміз, 20 жылда жеткен жетістіктеріміз сол жеңістің жемісі. Алда тәуелсіздік жолында еңбек еткен ерлердің ісін үзбей, ынтымағымызды сақтап, сенімді дамуға қадам басуымыз керек. Әл-Фарабише айтсақ, «Бақытқа жеткізетін еркін әрекет – тамаша әрекет». Біздің азаттық жолындағы әрбір ісіміз бақытқа жетелейтін жол. Қаланың қайырлы болуы оның тұрғындарының ниеті мен күш-жігеріне байланысты. Тізгініміз қолымызға тиген тұста азаттығы­мыз үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып, ақ жолдан таймайық. Алаштың ғасырлар бойғы арманын баянды етейік. Темір етік түймедей, темір таяқ тебендей болып, талай тар жол, тайғақ кешулерді өткерген халқымыздың басына қонған бақты ұшырып алмайық. Темір ханым атанған Маргарет Тэтчер: «Мен шаршағанша, қаламын. Ал Британия мені қажет­сініп тұрғанда, мен ешқашан шаршамаймын», деген екен. Жеткен жетістіктеріміз аз емес, бірақ тоқмейілситін кез емес. Себебі, тәуелсіз Қазақстан үшін әрбір қазақстандық қымбат. Зағипа БАЛИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.