Рәсім барысында Елбасына Швецияның Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер, Ұлыбритания елшісі Майкл Джон Гиффорд, Куба елшісі Эмилио Певида Пупо, Үндістан елшісі Прабхат Кумар Сенім грамотасын тапсырды.
Рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде олардың дипломатиялық миссиялары Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап көрсетті. «Бүгін Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыз ресми түрде басталады. Жауапты әрі мәртебелі миссияларыңыз елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға серпін береді деп сенемін», деді Елбасы.
Бұдан кейін күні кеше жарияланған Жолдаудың маңыздылығын тарқатып айтып берді. «Сіздердің жұмыстарыңыз қызықты және жауапты кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Технологиялық революция жаңа сын-қатер әкелумен қатар, кез келген елдің дамуында серпіліс жасауға мүмкіндік береді.
Сондықтан Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымды жарияладым. Экономиканы, әлеуметтік саланы, мемлекеттік басқару ісін дамытудың негізгі бағыттары бойынша нақты 10 міндет қойдым. Бұларды шешу заманауи технологияларды пайдалануды көздейді. Жаңа цифрлы дәуірге табысты бейімделу, озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу мәселесіне көмектеседі. Сол үшін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, іске асырылып жатыр. Ол экономика мен тіршіліктің барлық саласын қамтиды», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренада белсенді позиция ұстануы дәстүрге айналғанын атап көрсетті. Мұндай ұстаным ең өзекті жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін, өркениеттер диалогын ілгерілетуге ерекше үлес қосуға жағдай жасайды. Келесі кезекте Қазақстанда өткен бірқатар халықаралық іс-шаралардың нәтижелеріне тоқталды.
«Астанада ТМД кеңістігінде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтті. Еліміз ядролық қаруды таратпау режіміне байланысты ғаламдық жұмыстың алдыңғы қатарында жүр. 2017 жылғы 29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне орай МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі ашылды. Сирияаралық қақтығыстарды реттеудің жаңа тетігі ретіндегі Астана процесі аясындағы оң нәтижелер біздің елдің дербес және бейтарап алаң ретінде таңдалуының дұрыстығын көрсетті және оны әлемдік қоғамдастық мойындады», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қарастыратын мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жаһандық органның барлық мүшелерінің өзара ымыра мен консенсуске келуі үшін белсенді түрде күш жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
«Қазақстан биылғы қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы рөліндегі тарихи қызметіне кірісті. Осы маңызды органның күн тәртібіндегі барлық мәселеге сай жұмыс жүргізіп жатқанымыз бәріңізге мәлім. Биыл 18 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты брифингіне қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ. Біз таратпау режімін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат ету, жаһандық соғыс қаупінің алдын алып, оны толық жою үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыра беруге ниеттіміз», деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Еліміздің шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
«Экономикалық бағыт – шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың басты арқауы. Бұл үшін іскерлік ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Бүгінде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі көрсеткіші бойынша 190 елдің ішінде 36-орында тұр. Еңбек нарығының тиімділігі көрсеткіші бойынша 35-орындамыз. 2017 жылы визасыз режім қолданылатын елдер санын 62-ге жеткіздік. Инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп келеміз. Кәсіпкерлік саласында заңнама жетілдіріліп, жаңа Салық кодексі қабылданды. Елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20-ға жуық индустриялық аймақ жұмыс істейді. Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Жеті жыл бұрын еліміз ауқымды индустрияландыруға бағыт алғаны белгілі. Осы уақыт ішінде 1100 жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мың қазақстандыққа жұмыс орны ашылды», деді Н.Назарбаев.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісіне арнаған сөзінде экономикалық бағыт еліміздің шетелдік әріптестермен ынтымақтастығының басты өзегі болып саналатынын атап өтті.
«Ұлыбритания – әлемдегі маңызды әріптесіміздің бірі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара құрмет пен сенімге берік негізделген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріптесінің бірі болып саналады. Менің 2015 жылғы Лондонға сапарым осы жемісті ықпалдастық пен екі елдің қарым-қатынасына тың серпін берді. Біздің саяси диалогымыз екіжақты форматта табысты дамып келеді», деді Президент.
Н.Назарбаев Швеция туралы да жылы пікір білдірді. Өткен жылы Швеция парламенті спикері Урбан Алинның Қазақстанға сапары маңызды оқиғаға айналғанын атап өтті. Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырып, екіжақты сауда-саттықтың көлемін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Елбасы П.Кумарды Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі болуымен құттықтап, елді Қазақстанның маңызды сыртқы саяси және сауда серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Үндістан мен Қазақстан халықаралық ұйымдар аясында өзара белсенді іс-қимыл жасап келеді. Елдеріңіз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына тың серпін беріп, мәртебесін арттырады деп сенеміз. Ұйым саммиті аясында Үндістан Премьер-министрі Маренда Монимен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың қазіргі мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ екі елдің ведомстволарына сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарымын күшейту жөнінде нақты тапсырма берілді», деді.
Бұдан кейін Қазақстан мен Куба қарым-қатынастары айтарлықтай жанданғанын атап өтіп, елдеріміздің сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастығын нығайту үшін нақты жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.
«Мен 2017 жылғы сәуірде алғаш рет Кубаға ресми сапармен бардым. Куба басшылығымен өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын анықтадық. Сауда, экономикалық және саяси ынтымақтастықты нығайту үшін нақты жұмыстарды жалғастыру қажет», деді Н. Назарбаев.
Жиын соңында шетелдік дипломаттардың Астанадағы қызметтерінің қызықты әрі жемісті болуына ниеттестік білдіріп, елшілердің жұмысына табыс тіледі.
Содан кейін шетел елшілері журналистермен кездесіп, өз пікірлерімен бөлісті. Олар Қазақстанда жаңа қызметке тағайындалуларын зор мәртебе санайтынын жеткізіп, өзара қарым-қатынасты нығайтуға атсалысатындарын мәлімдеді. Сондай-ақ елімізді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болуымен құттықтады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»