16 Қараша, 2011

Құқық қорғау қызметі қаралды

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
1995 жылы жаңа Конс­титуциямыз қабылданған кезден бастап ел азаматтары сот­та заң бойынша өз құқық­та­рын қорғауға, барлық дерлік дауларын сот арқылы шешуге толық мүмкіндік алды. Алайда қазіргі күні осы талаптар өз шешімін тауып келе ме? Әр­кімнің өз конституциялық құ­қықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау қалай қам­тамасыз етілуде? Бұл мәсе­ле­лер кімді болса да ойлан­ды­ратыны анық. Міне, осыған орай кеше Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөнін­дегі комиссия отырысы болып өтті. Аталған кеңейтілген ке­ңес­те еліміздің Жоғарғы Со­ты­ның әркімнің конституциялық құ­қықтары мен бостандық­та­рын сот арқылы қорғауын қамтама­сыз ету, сондай-ақ сот орган­да­рының адам құқық­та­ры сала­сындағы ратификация­ланған халықаралық шарттар норма­ла­рын қолдану жөнін­де­гі қызметі талқыланды. Бұл үшін оты­рыс­тың жұмысына республика би­лі­гінің заң шы­ғарушы, атқару­шы және сот тармақтары орган­дарының өкіл­дері, адвокаттар, құқықтану­шы ға­лымдар, ха­лық­аралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұй­ымдарының өкілдері қатысты. Әуелгі баяндаманы Жо­ғар­ғы Сот судьясы Ә.Жүкенов жа­сады. Ол өткен кезең ішінде адам­ның және азаматтың құ­қық­тары мен бостан­дық­та­рын, елдің конституциялық құ­ры­лы­мын, біртұтас эконо­ми­калық және құқықтық ке­ңіс­тігін қор­ғау жолында өз өкі­леттіктерін жүзеге асыра­тын сот билігін өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекеттік билік тармағы ретінде орнық­ты­ру жөнінде белгілі бір шаралар жүзеге асырылғанын атап көрсетті. Еліміздің Жо­ғарғы Сотының Қазақстанның әрбір азаматының өзінің конс­ти­ту­ция­лық құқықтары мен бос­­тандықтарын сот арқылы қор­ғауын қамтамасыз ету бары­сын және адам құқықтары са­ла­сындағы ратификация­лан­ған ха­лықаралық шарттар нор­ма­ла­рын сот органдары­ның қолдану жәйі туралы жан-жақты айтып берді. Бүгінгі таңда Қазақстанда үш буынды сот жүйесі құ­рыл­ған. Мамандандырылған эко­но­микалық, әкімшілік, қыл­мыс­тық, әскери соттар жұмыс істеуде. Қазақстанның құқық­тық жүйесіне 2007 жылдан бастап алқабилер институты енгізілді. Қазақстанның сот жүйесінде соттың санкция­сы­мен тұтқындау жөніндегі ерек­ше өкілеттіктер 2008 жыл­дан бастап прокуратура орган­дарынан алынып, сотқа берілді. Осы қадам мемлекеттің бү­кіл әлемде қабылданған адам құқықтары саласындағы жал­пы­ға бірдей танылған стан­дарттарға бекемдігінің жар­қын көрінісі болып табылады. Осы орайда үстіміздегі жылы еліміздің Судьялардың ха­лық­аралық ассоциациясының то­лық мүшелігіне қабылдануы Қазақстанның судьялар қоғам­дастығының азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұ­мы­сын тану болып табылады. Осылайша сот реформасы Қа­зақстанда жүзеге асты деп ай­туға болады. Алайда, орнық­қан үш буынды сот жүйесі жеткілікті дәрежеде тиімді болмай шық­ты. Халықтың об­лыстық соттардан алыстап кеткені байқалады. Азаматтар облыстық сатыларды айналып өтіп, тікелей Жоғарғы Сотқа жүгінетін болып алды. Осы қателіктер облыстық сот­тарда түзетілуі керек еді. Өйткені, Жоғарғы Сотқа Конституция бойынша жүктелген жергілікті соттардың қызметін қада­ға­лауды жүзеге асыру міндеті сот істері бойынша қадағалау­мен алмастырылды. Сондықтан облыстық сот­тарда заңды күшіне енбеген шешімдер мен үкімдер туралы шағым беру бойынша аппе­ля­циялық алқа және заңды кү­шіне енген сот актілерін қайта қарау бойынша кассациялық алқа құрылады. Осының арқа­сында қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ ел аумағында тұрақты немесе уа­қытша тұратын әр адамның сот арқылы өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қам­тамасыз ету адам құ­қықтарын қорғау саласындағы халық­ара­лық-құқықтық стандарт­тар­дың ықпалымен зор мәнге ие бола бастады. Адам құқық­тарының аса маңызды құн­ды­лық екенін халықаралық қау­ым­дастық пен біздің мемлекетіміз қазір мойындап отыр. Қорытындылай келгенде оты­рыста сот жүйесінің ашықтық пен айқындылық деңгейін жо­ғарылату қажет екендігі айты­лып, сот төрелігін демо­кра­тизациялаудың маңызды компоненті болып табылатын ха­лықтың сот қызметі туралы ақ­паратқа қол жетімділігін ұл­ғайту, сондай-ақ халықтың сотқа деген сенімін одан әрі арттыру қажеттігі сөз болды. Күн тәртібіндегі екінші мә­селе бойынша ІІМ Жол поли­ция­сының қызметін жетілдіру, жол қозғалысы қаты­су­шы­лары­ның құқықтарын ха­­лықаралық стандарттарға сәй­кес қамта­ма­сыз ету жөніндегі аталған комиссия ұсынымда­рын жүзеге асыру туралы баян­далды. Комиссия ұсыным­дары Елбасыға, Жоғарғы Сотқа, Парламентке және Үкі­метке жол­данатын болады. Александр ТАСБОЛАТОВ.