Медицина • 12 Қаңтар, 2018

Ақсақалсыз ауылды теріс ағым билейді

861 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кезінде кеңестік идеология имандылық пен ізгілікке толы халықтық қалпымыздың жігін ажыратып, атеистік ілімді еріксіз таңа бастады. Мұның белгілі бір дәрежеде салдары да болмай қалған жоқ. Құран оқыған жерден бой тасалайтын коммунистер де табылды. Тұтас бір буынның бойында арақ-шарапқа әуестік, тіпті бірқатар шаруалардың осы ащы судың араласуымен шешілу көріністері орын ала бастады. Мұның өзі кейбір қоғам мүшелерінің абыройы мен жеке басының қадір-қасиетін төмендетуге әкелетін жағымсыз әлеуметтік жайт екені де сол дәуірдің бір шындығы. 

Ақсақалсыз ауылды теріс ағым билейді

Міне, бүгінгі ақсақалдық жасқа жеткендер сол кезеңде іс басында болған ұрпақтың өкілдері. Өмір болған соң жиын-той, садақа, қаралы дастарқан рәсімдері болмай тұрмайды. Қандай басқосу болса да, оның аяғына қарай бата беріліп, бет сипалады. Осындай кезде дастарқан басына жиналған көпшілік араларындағы жасы үлкен адамдарға қарамай ма? Ал оның беретін батасы бейне бір тост айтып тұрғандай естілетініне не дерсіз? Тіпті бір жиында бір жасы үлкен азамат өз батасын: «Ал сол үшін алып қояйық!», деп бітіргенде, жиналған жұрттың бәрі жерге қараған еді. Ақсақал деген абыройлы атқа сай келмейтін мұндай адамдарда қандай қадір-қасиет болмақ?

Қалай десек те, сөзі өтімді, абырой-беделі жоғары, айтқан сөзі Құранның сөзіндей қабылданатын аға буын өкілдері бү­гінгі қазақстандық қоғамымыздың бір бөл­шегі, бір қазынасы емес пе? «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Ауылыңда ақ­сақал болса, жазып қойған хатпен тең» де­мейтін бе еді дана халқымыз. Аузы дуа­лы, ісі мен сөзінің арасында айырма­шы­лығы жоқ, жүзінен нұры, аузынан тәлімі төгілген ақсақалдар – елдің рухани тіректерінің бірі болмақ. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспан төмендегідей әңгі­ме айтып беріп еді: «Мен өзіме жүктел­ген парызым мен қызметімді атқару ың­ғай­­ына қарай өңірдің әр қиығында бо­лып тұрамын. Сол кезде облыс аудан­да­рын­д­ағы жамағат-қауыммен де кездесіп, ой-пікірлеріне құлақ түріп жүремін. «Ақса­қал­сыз ауыл болмайды» дегендей, сон­дай сәт­терде ел ішіндегі аға-ұрпақ өкілдері кей­інгі буынға қандай үлгі-өнегесін көр­сетіп жүр екен деген мәселеге де ой жү­гір­­ткенді хош көрген едім. Ел іші қа­шан­да зерделі жандарға кенде болып көр­ген емес. Әсіресе, солардың арасында Хром­тау ауданының Ақжар ауылындағы жү­ріс-тұрысы орнықты, бітім-болмысы бай­ып-
ты, істері өнегелі, сөздері де иманға толы, кейінгілерге тигізер ықпалы мол ақсақалдар жақсы әсер қалдырды». 

Осы әңгімеден соң көп кешікпей біздің де журналистік іссапармен сол ауылға жо­лымыздың түскені бар. Расында да, мұн­да имамның аңғарғанындай ақ­са­қал­дық мектептің алғышарттары қалан­ға­нына көз жеткізе түстік. 

Бүгінде еліміздің кейбір шалғайдағы ауылдарында теріс діни ағымдардың же­тегінде кетіп қалып жүрген жастар да кез­деседі. Әсіресе мұндай көріністер діни тұр­ғыдағы наным-түсініктері төмен жас ұр­пақ­тың арасында көбірек бой көрсетіп жүргені де бүгінгі күннің бір шындығы. 

Осындай кезде: «шырағым, оның жө­ні олай емес, былай ғой», деп арқадан қа­ғып, оның болашағына бағыт-бағдар сіл­тейтін жанашыр ақылшы табылып жатса әрі оған құлақ қоя алатын зерек жас өрен кездессе, бұл оның жарты бағы, жарты бақыты дей беріңіз. Міне, осын­дай ақсақалдық парыз ойдағыдай атқа­ры­лып жүрген жағдайда әр түрлі теріс ді­­ни түсініктер төрге оза алмаса керек. Ай­талық, осыдан алты жыл бұрын Темір ауданының Шұбарши ауылында діни ра­дикалдардың бас көтеруінен орын алған экс­тремистік-террористік сипатта болған қан­ды оқиғаның алдын алуға болмас па еді? Жағдай тым күрделеніп, оның арты полиция қызметкерлері мен жазықсыз жандардың қаза табуына дейін әкеліп соқтыруының арғы астарында ақсақалдық мектептің кемшіндігі, Шұбарши ауылында имандылық қағидаттарының орны­ға ал­мағаны секілді әлеуметтік дерт ұшқын­да­ры болмағанына кім кепілдік бере алады? Кім біледі, бұл ауылдағы үлкендік-ақса­қал­дық ықпал үстем түскен кезде мүмкін мұн­дай қайғылы жағдай орын алмаған болар ма еді?

Соңғы кездері еліміздің әр өңірінде жаназа мен жерлеу рәсімдері кезінде әрі тарт та, бері тарт дейтіндей әр түрлі теріс кө­ріністер кездесіп қалып жүр. Мұндай жайт­тардың орын алуына теріс діни ағым­дардың жетегінде жүрген радикалды топтардың әсері де бар екенін жоққа шы­ғару еш мүмкін емес. Міне, мұндай сы­ни сәттерде жөн-жоралғыны жақсы бі­ле­тін әрі орнықты ойымен ел-жұртқа айт­қанын тыңдата алатын ықпалды ауыл ақса­қал­дарының бәтуалы тоқтамы керек-ақ. 

Осы орайда айта кетерлік жайт, естіген құ­лақта жазық жоқ дегендей, Темір ау­данының Кеңқияқ елді мекенінде ұзақ жыл отасқан зайыбы өмірден өткен кезде бір қарттың көз жасына ауылдастарының бәрі де куә болыпты. Ол кісі ең алдымен кем­пірінің қайтыс болғанына емес, өз кін­дігінен өрбіген ұлдары әй-шайға қара­мас­тан, бір-екі сағаттың ішінде мәйітті зиратқа сүйрей жөнелгеніне егілген екен. Әке сөзін құлаққа ілмеген перзенттерге не шара? Бұл жайт сол ауылдың рухани тірексіз қалғанынан хабар беріп тұрғандай. Жоғарыда айтылғандай, мұндай жағдайда теріс діни ағымдар да жан-жақтан кеу-кеулей беретіні табиғи жайт. 

Ауыл ғибраты мол, ел ішінде қадір-қасиеті жоғары, абыройы мен беделі асқақ ақсақалдарымен ардақты. Ақсақал – өте жоғары адами мәртебе. Тәрбие тірегі. Өнеге өрісі. Бізге керегі олардың амандығы, дендерінің саулығы. Осы орайда бүгінгі әңгімемізге тірек болған жайттар көпшілікке ой салып жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны.

Темір ҚҰСАЙЫН, 
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ