16 Қараша, 2011

Қазақстан ядролық бомбадан өзін аулақ ұстайды

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Хафиз Матаев сонадайдан саңы­рау­құлақ тәріздес бұлттың көтеріл­ге­нін көргенде бірден жерге жабыса тү­сетін. Алпыс жыл бұрынғы жары­лыс­тың жаңғырығы оның есінен әлі шыға қойған жоқ. «Сол күні біз жерден шыққан гүрілдеген дауысты естідік», – дейді ол. 81 жастағы Матаев Кеңес Ода­ғы­ның басты ядролық сынақ алаңына көршілес елді мекенде ғұмыр кешкен. Ол жарылыстың артынша іле-шала ауылдарында сеңгір көкті қаптап кететін қызған құмның жауынына еті үйреніп өсті. Бұрынырақта мектеп директоры болған ол өзінің ұзақ жасауын ақыр-соңында ол мекеннен көшіп кеткенімен байланыстырады. Әкесі де, шешесі де обырдан қайтыс болды. Кейіннен ағасы да сол аурудан көз жұмды. «Бұл менің басымдағы қасірет», – дейді ол. Кеңес өкіметі Қазақстанның шы­ғы­сындағы Семей полигонында 1949 бен 1989 жылдар аралығында 456 яд­ро­лық сынақ өткізген. Бірінші жар­ы­лыстан тура 42 жылдан соң, 1991 жыл­дың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұдан бірнеше айдан соң Қа­зақ­стан өз тәуелсіздігін алды. Бұл елдің ядролық қарусыздануына кең жол ашты. Орталық Азиядағы мемлекет Ке­ңес Одағынан «мұраға» қалған ауқы­мы жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартты. Оны жоюда Қазақстанға әлем­дік қоғамдастық қолдау көрсетті. «Жаңа мемлекеттің күші ядролық қаруды иеленуде емес, оны қолданбау мен одан толық бас тартуда деп шешті халқымыз», деді Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақындағы сөздерінің бірінде. *  *  * Қазақстан өз басынан өткерген ядролық сынақтың нәубеттерін елге тиесілі арсеналдан ерікті түрде бас тартуы арқылы қабылдаған шешімімен қуаттай түсті. Сынақтан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. «Ра­диациялық сәуледен экологиялық апатқа ұшыраған аймақ 300 000 шаршы шақырымды алып жатыр, бұл Германия сияқты Еуропаның алып мемлекетінің аумағына парапар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев полигон­ның жабылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген конференцияда. 1953 жылы сынақ жүргізілгенде ауылдағы басқа тұрғындармен үш ай бойы киіз үйлерде тұру үшін көшіріл­гендерін еске алады Матаев ақсақал. «Олар бізге жарылысқа қарамаңдар деп ескерту жасады», – дейді ол. «Бірақ жастар әуесқой, қызыққыш емес пе», – деді артынша. Әйтеуір, сол жылы тым болмаса ескерту жасалды. Араға төрт жыл салып бірінші сынақтар өткізілгенде құзырлы органдар оның ата-анасына ешнәрседен қорқудың қажеті жоқты­ғын айтыпты. «Одан еш қорқудың қажеті жоқ деп айтып еді», – деп еске алады ақсақал. Ауданы 18 500 шаршы шақырым­ды құрайтын полигонның аумағын сол кездегі Иосиф Сталинге қарасты кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік бас­шы­сы Лаврентий Берия таңдаған бо­латын. Таңдалған орын тұрғылықты адамы жоқ жер саналған еді. Бірақ, шын мәнінде ол жерді мекен еткендер бар болатын. Көп ұзамай олар түрлі ауруларға шалдыға бастады. Жергілікті емшілерге обыр не лейкемия сынды диагноз қоюға ресми түрде тыйым салынған-ды. Олар, со­ны­мен бірге, бертін келе жария болған Кеңес өкіметі заманындағы жазба­ларға сәйкес осы аймақта өз-өзіне қол салу көрсеткішінің республикалық орташа көрсеткіштен екі есе көп болғанын да жасырып қалған. «Бәрі де мұның зиянды екенін білетін, бірақ барар жер қайсы?» – дейді басқа бір тұрғын, 74 жастағы Мақсұт Қош­жанов. Ол өзінің екі әпкесінің көз жұмуының себебі жарылыстың салда­рында деп санайды. Полигон аймағының кей жерінде радиацияның деңгейі күні бүгін де қауіпсіз көрсеткіштен жоғары. *  *  * АҚШ-тың энергетика мәселелері жөніндегі ресми өкілі Понеман (Po­neman) сынақ алаңының жабылуын «айрықша үлгіге» балайды. Әлем бойынша ядролық сынақ саны соңғы онжылдықта айтарлықтай кеміді. Бұл уақыт аралығында тек Солтүстік Корея ғана халықаралық мораторийді бұзған болатын. Бір онжылдықта 500-ге жуық жарылыс жасалған. Бұл Қазақстан үшін бүгін қайта­ла­нуын ешкім қаламайтын ел тарихы­ның ажырамас бөлшегіне айналды. «Бәрінен де бұрын, бұл жамандықты жеңу салтанаты болды», – деп атап өтті Қазақстан Президенті өз сөзінде. Робин ПЭКСТОН.