Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Кітапта әр бөлім өз ішінде бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың атауларына да аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі айқын көрініс тапқан.
Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және т.с.с. бөлімдерде өткен өміріміз, өткелдеріміз, жарқын сәттеріміз жан-жақты кең тұрғыда баяндалады.
Сондай-ақ кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Еңбекте мемлекеттің ішкі саясатының жарқын жетістіктері, ішкі саяси және ішкі экономикалық өзгерістердің қалай жүзеге асырылғаны баяндалған. Сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен талданған.
Бұл кітапта тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың баға жетпес байлығы, мемлекеттілікті жетілдірудің мол мүмкіндіктері егжей-тегжейлі жазылғанына айрықша назар аударуды жөн көреміз.
Еліміз үшін тәуелсіздік заманы ғасырлар жүгін арқалаған ерекше кезең ретінде құнды. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қоғамдастық ортасында іргелі елге айналуында Елбасының саясаткерлігі, көреген басшылық тұлғасы айқын көрінетіні сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің арқасында ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. 2017 жылы ЭКСПО көрмесінің Астанада өтуі, оған әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатысуы – еліміз үшін үлкен абырой болды.
Мемлекет басшысы бұл еңбегінде «Біздің азаматтарымыз, əсіресе жастарымыз бағдарымыздың не үшін жəне қалай айқындалғанын, тəуелсіз Қазақстанның қандай жағдайда өмірге келіп, құрылғанын, оны қалыптастыруда қандай адамдардың маңызды рөл атқарғандығын, сол кезде қандай оқиғалар болғанын білуге тиіс» дегенді айтады.
Олай болса, қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда жас ұрпақтың алдына патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Бір кезде ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, бүгінгі ұрпақ алдында оны нығайта түсу міндеті тұр.
Шын мәнісінде Елбасының тарихи маңызы аса зор «Тəуелсіздік дəуірі» атты еңбегінің ел танытушы құрал ретінде халқымызға берері мол.
Гүлсара ДЖОЛДАСБАЕВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры
Маңғыстау облысы