Осы орайда оқушыларымызға тәуелсіз Қазақстанның дүние жүзінің саяси картасындағы орны мен экономикасы туралы мақтанышпен оқытатын 8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы», ал 9-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» келесі 2018-2019 оқу жылынан бастап жеке пән ретінде оқытылмайды деп жоспарланғаны бізді толғандырып отыр. Жаһандағы барлық елдер тәуелсіз екенін көрсету үшін өз мемлекеттерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО құрамынан бөлініп шығып, егемен ел болған республикалардың барлығы өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылында оқытып келеді. Алыстағы шетелдерден мысал келтірсек, жері Қазақстанның бір ауылдық әкімшілік ауданының аумағындай болатын Израиль мемлекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» (табиғатын), екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп оқытады.
1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан кейін сол кездегі ҚазКСР Білім министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша жаңа 136 сағаттық оқу бағдарламасы құрастырылып, 2 рет географиядан республикалық атаулы мектептің республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарларында талқыланып, география пәні мұғалімдерінен қолдау тауып, оны Білім министрлігі бекітіп, барлық типтегі мектептерге таратылған «Қазақстан Республикасының географиясы» курсының бағдарламасы осы уақытқа дейін оқытылып келді. «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары» (МЖМБС, 2002 жыл) жинағының «География оқу пәнінің базалық білім мазмұнында» (164-бет) Қазақстан географиясы пәні 8-9 сыныптарда оқытылатыны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы 9 шілдедегі №367 бұйрығымен бекіген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» жалпы «Жаратылыстану» ғылымдары» деп топтастырылған. Оған география, биология, физика, химия пәндері енгізілген. Ал «География» деп жалпы атпен жазылып, оның ішінде «Қазақстан Республикасының географиясы» деген пәннің аты толық жазылмай түсіп қалған. Ал тарих пәнінен барлық курсты «Адам және қоғам» деп топтастырғанымен, «Қазақстан тарихы» жеке пән ретінде жазылып тұр.
Алматы қаласындағы №12 қазақ гимназиясында 2017 жылы 2-3 ақпанда Білім және ғылым министрлігінің басқаруымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп құрастырған жаңартылған мазмұндағы «география» пәні бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 7, 8, 9-сыныптарына арналған оқу бағдарламасы эксперттік талдаудан өткен болатын. Эксперттік талқылаудың жетекшісі және мүшелері сын пікірлері, соның ішінде «Қазақстан географиясының» жеке пән ретінде жаңа мазмұнды бағдарламада қарастырылмағаны үлкен кемшілік және саяси қателік екені сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиеваға айтылған, ал ол эксперттік комиссия қалай шешім қабылдаса солай болады деген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай тұр.
Жаңартылған мазмұнды бағдарламада Қазақстан географиясын жеке оқытпай, жалпы география пәніне бірнеше тақырып берумен ғана шектелген. Себебі бағдарламаны құрастырған авторлар мектепте сабақ бермеген, оқушыларды ұлтжанды, туған жерді қадірлейтін азамат ретінде тәрбиелеуде «Қазақстанның физикалық географиясы» мен «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндерінің маңызы зор екенін түсінбей, мысал ретінде берген. Бағдарламаны құрастырған авторлар педагогикадағы жылдар бойы қалыптасқан географиялық білім беру жүйесін сақтамаған. Білім және ғылым министрлігі ұсынып отырған бағдарламада 7-сыныпта тек «Қазақстанның топырағы» үшін (39 бет) 1 сағат берілген. Бұл – оқушыларға Қазақстанның географиялық орны, жер бедері, геологиялық құрылымы, климаты тақырыптарынан соң оқытылатын тақырып. Қазіргі уақытта Қазақстанның топырағы тақырыбын 4 сағат көлемінде оқытып жүрміз. Ал 8-сыныпта экономикалық география зерттейтін тақырыптар берілсе (52-53-беттер), 9-сынып бағдарламасында «Қазақстанның физикалық географиясы» курсының тақырыптары берілген (57-58-59-беттер). Қазақстанның географиялық орны деген тақырыпты 11-сыныпта оқу жылының соңында беріп, география ғылымдарында қалыптасқан ғылыми жүйе бұзылған. Бұл ұсыныс жаңалық емес, кезінде кеңестік тоталитарлық оқу бағдарламасында одақтас республикаларды, Қазақстанды да жеке мемлекет ретінде қарастырмау үшін осындай әдісті қолданған болатын. Сондықтан эксперттік комиссия мүшелері тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар болғандықтан, жіберілген қателікті көрсетіп, келешекте түзетіледі деген үмітте. Қазақстан Республикасы егемен ел болғаннан кейін әр мемлекеттің егемендігінің символдық оқу пәні ретінде 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясы» курсынан Қазақстанның географиялық орны, табиғат жағдайы, зерттелу тарихы, жер бедері, климаты, ішкі суы, топырағы, табиғат кешендері, табиғат зоналары, ірі физикалық-географиялық
аудандары және табиғатты қорғау тақырыптары географиялық тұрғыдан нақты іргелі білім беру талаптарына сай оқытылып, ал 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсында республикамыздың шекарасы, дүние жүзінің саяси картасындағы Қазақстанның алатын саяси-географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, халқы және табиғат ресурстары, оны шаруашылыққа тиімді игеру жағдайлары мен экономикалық аудандары оқытылып жатқаны айтылып, эксперттік комиссия осы пәндерді орнында қалдыру туралы шешім шығарған болатын. Осы ойымызды айтып Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырзаның атына 2017 жылы 10 шілдеде хат жолдаған едік, оған 2017 жылы 14 тамызда «№ФЛ-КЕ-992-1/11-2» деп тіркелген хатта қазіргі кезде 8-сыныпта оқытылып жатқан «Қазақстанның физикалық географиясы» мен 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндері ешуақытта жеке пән ретінде оқытылмаған деген жауап алдық. Яғни министрлік қызметкерлері жалпы орта білім беретін мектептерде қандай пәндері оқытылып жатқанынан бейхабар болып шықты. Сонда білім саласындағы өзгерістерге кім жауап береді? Жаңарту деген бұрынан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып әрі қарай дамыту емес пе?!
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырзаның 1997 жылдан бері бес рет өңделіп, соңғы рет министрдің 2016 жылғы 8 қаңтардағы №13 бұйрығының 1-қосымшасында қайта бекітіліп, мектептерде қолданыста жүрген оқулықты біле тұра «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» атты оқу пәндері болған емес» деп жауап бергені тіпті түсініксіз. Біз «Жаңа мазмұндағы бағдарламаны» жазған авторларға, министрліктен келген жауапты қызметкерлерге қателіктерді көрсете отырып, ойымызды жазбаша түрде бердік. БАҚ құралдары арқылы пікірімізді ашық айтып, жария еттік.
Қазақстанның 2018 жылғы қаңтар айынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі халықаралық деңгейде кеңінен танылғанының бір белгісі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» анықталып, оған Қазақстанның табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ардақ тұтатын қастерлі нысандар мен тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары енгені барша елді бір серпілтіп тастады. Қазақстан географиясы пәнінде оқытып жүрген «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санаты бойынша тізімге Ұлытаудағы Ақмешіт Әулие биігі, «Хан Тәңірі» шыңы, Алтайдағы Мұзтау шыңы, Шарын шатқалы, Қазығұрт тауы, Жамбақы тауындағы және Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Отпан тау тарихи-мәдени кешені, Бектау ата тауы және үңгірі, Жылаған-ата үңгірі енгізілгені қазақстандықтардың көңілінен шығып, қолдау тауып жатқан кезде, Қазақ елінің географиясын жеке пән ретінде оқытпау келешек ұрпақ алдында орны толмайтын, ал жастарға білім беруде жіберілген үлкен кемшілік болады деп есептейміз.
9-сыныптан кейін көптеген оқушылар жеке мамандық беретін кәсіптік-техникалық колледждерде оқиды. Сондықтан әр оқушы туған елі мен жері туралы толық мәліметті алуы маңызды. Сондықтан «Жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының» құрамына 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясын», 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндерін қалдыруды сұраймыз. Мақсатымыз – осы пәндерді оқыту арқылы жастардың Қазақ елі мен жері туралы қоғамдық-саяси түсінігі мен көзқарасын жаңаша қалыптастыру.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,
Білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі