17 Қараша, 2011

Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамнан бөлек емес

492 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғимаратында Дін істері агенттігі, Білім  және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумы өткізілді. Форум жұмысын Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шәріп кіріспе сөзбен ашып, мінберге Парламент Сенатының депутаты, философия ғылымда­рының докторы Ғарифолла Есімді шақырған. Сенатор ғалымның баян­­дамасы дінтану білімінің мә­селелеріне арналғандықтан, ол сөзінде қазіргі күнгі еліміздегі дінтанушыларды даярлау ісіне тоқталды. Бұл Әл-Фараби атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қарағандыда, Тараза­дағы жоо-ларда қолға алынға­нымен, алайда оны әрі қарай өрістету аса маңызды, өйткені, ондай мамандар қажеттігі айқын сезіледі. Жалпы, осы дінтану ісінде мен түсінбейтін бір нәрсе бар. Ол – баяғы кеңестер заманында құдай жоқ деп жүрген атеистер­дің қазір табан астында дінтану­шыларға айналып шыға келуі. Кейбіреулердің осылайша жалт бұрылғанына таңданысын жеткізген сенатор әрі қарай дінтану ісіндегі заңның маңызды­лы­ғына тоқталды. Дінтанушылар өз жұмысын заңға сүйеніп атқаруы тиіс. Біздің қолымызда қоғамда да, Парламентте де қызу талқы­ланған жаңа жақсы заңымыз бар. Ата Заңымыз бойынша  дін мемлекеттен бөлінген, біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда, мемлекет діннен қанша бөлінген десек те, дінді қоғамнан бөліп қарай ал­маймыз. Қоғам дегеніміз – мемле­кеттің субстанциясы ғой. Мәсе­ленің күрделілігі де осында. Мемлекет дінге деген қатысын заң арқылы белгілейді, зайырлы мем­ле­кеттің басқа әсер ету жолдары жоқ. Осы жерде еліміздегі діни бірлестік құрушылардың заңды терең түсінулері қажеттігін айт­қым келеді. Сонда ғана ешқандай мәселелер тумайды, дін өрке­ниет­ті жолға түседі.  Мұнымен қоса, деген сенатор, заңның мәтінін насихаттау қажет. Ешкімнің көңі­ліне келмесін, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында заң мәтінін дұрыс ұғынбаушылық сезіледі. Біз зайырлы мемлекет болған­дық­тан, рухани қажеттіліктер мен діни қажеттілік деген мәселе бар.  Заңда діни қажеттіліктер көрсе­тілген,  дін дегеніміздің өзі  руха­нияттың бір құрамды бөлігі емес пе, алайда осы жерде рухани әлеміміздегі ақын-жазушылар­мыз,  өнер адамдары қайда қала­ды. Олар біз де руханиятпен шұ­ғылданып жүрміз дейді ғой. Міне, осы жердегі нәзік тұсты әлі де ойлана түсуіміз керек, деген ғалым кейбір дін өкілдерінің біз Қазақ елінің бүкіл руханиятына жауап береміз дегендері  өте жаң­сақ ой екенін айтты. Сон­дық­тан, заңды алға тартқанда алдымен қазақ тіліндегі мәтінге сүйенген абзал. Өйткені, заң түбірі қазақ тілінде жасалған, сол себептен заң аясында жұмыс жасауда осы мәтін басшылыққа алынса қателік болмайды, деді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Биылғы жыл – ерекше жыл. Бүгін 16-сы екен, тап бір айдан кейін Қазақстан тәуелсіз­дігінің 20 жылдығын тойлаймыз. Осы Ұлы той құтты болсын. Ұлы той дегеннен шығады, бұл біздің дініміздің де тәуелсіздік алуының 20 жылдығы болып табылады. Өйткені, діннің тәуелсіздікке дейін қандай жағдайда болғанын бәріміз білеміз. Осы жылдар ішінде 100 жылға татырлық істер жасалды. Кеңестік дәуірдегі белгісіз еліміз әлемге танылды. Мен өзім сол заманда шетелде оқыған адаммын, сонда бізді олар орыс, бірақ діні мұсылман деп таныған заман өтті. Қазақстан деген атау естілмейтін. Мұның барлығы айта берсек, көп әңгіме, мен осы мінберден 20 жыл ішінде дін саласында атқарылған істерге тоқталсам», – деді. Келесі кезекте шейх 1991 жылы 68 мешіт қана болғанын, оның өзінде мұнарасы барының күмбезі жоқ, күмбезі барының мұнарасы жоқ болып келгенін, ал қазіргі күні елімізде 2500 мешіт жұмыс істейтінін айтты. 20 жыл ішіндегі атқарылған істердің бір парасына тоқталған ол алға­шын­да біздің діни қызметкер­лердің арнайы білімдері де болмады, деді. Содан ақылдасып, кеңесіп, «Нұр-Мүбәрак» университетін аш­тық. Жоғарыда айтылған осы 20 жыл ішінде ашылған мешіттердегі имамдардың да арнайы білімдері   жоқ еді. Жағдайды қалай түзеу керек деген ниеттен Алматы қаласында имамдардың білімін жетілдіретін ислам инс­титутын аштық. Күні бүгінге дейін соны 850 имам бітіріп шықты. Бұл – үлкен олжа, табыс қой деп ойлаймыз. Ал тарихқа жүгінсек, деп жал­ғады сөзін Ә.Дербісәлі, біздің қа­зақ жерінде, бүкіл Орталық Азияда медреселер болған. Ғалым баба­ла­ры­мыз Әбу Насыр Әл-Фараби, Ұлық­бек, Ибн Сина, Дулати сол медреселерден білім алған. Медресе тү­лектері. Сол медреселік білім бі­реуінің атақты дәрігер, бірінің ас­троном, бірінің мемлекет қайрат­кері, біреуінің әлемге әйгілі ғұлама ғалым бо­луына негіз салды. Міне, біз осы дәстүрді жалғастырып, ме­дре­селер аштық. Оны  бітіргендер­дің бір де бірі жұмыссыз қалған жоқ, үздік тәмамдағандары білімдерін әрі қарай жоо-ларда жалғас­ты­руға мүмкіндік алды. Осылай деген  Әбсаттар қажы Дербісәлі еліміздегі діни секталарға қатысты да пікірін білдірді. Дүние жүзінде ислам дінінде 4 мазхаб бар, деді осы орайда қа­жы. Мәлики мазхабын афри­калық мұсылмандар ұстанса,  шәфиғи мазхабын Мысыр, Малайзия, Индонезия және Қап тауындағы чешен бауырлар, ал ханбалиді Сауд Арабиясы, Парсы шығанағында тұратындар, біз ұстанатын ханафи мазхабын Үндістан, Пәкстан, Ауғанстан, Түркия мен Орталық Азия және бұрынғы Одақ шең­беріндегі мұсылмандар тұтады. Осылардың ішінде біздің мазхаб, егер қазіргі заманауи тілмен айтсақ, демократиялығы басым­дау мазхаб. Өзгелері қатал, біздікін абзалырақ деп санаймыз. Ал салафилер дегенміз – бұл ханбали мазхабын негіз етіп алған ірі ағым. Бұл қатты жол. Ал ахмадишылар – ол анық секта, олардың қажылық жасауға да құ­қықтары жоқ. Оған тыйым салын­ған. Осыдан-ақ біраз жәйді аңға­руға болады, олардың діні бір жағынан христиан, бір жағынан исламды қосқан қойыртпақ. Сон­дықтан бұл таза дін емес. Шешен қоғамда түрлі ой ту­ды­рып жүрген хиджаб төңіре­гінде де жастарға ой тастаған. Біздің апа­ларымыз, аналарымыз ешқашан әуретті жерлерін ашып жүрмеген, бірақ ол Иранның, Пәкстанның үлгісімен тігілген киімдер емес, таза қазақы ұлттық ғұрыптағы киімдер еді. Өкініш­тісі, қазір көшеде қыздарымыз пәкстандық әйелдер­дің, ирандық қыз-келіншектердің киімдерін киіп бара жатады. Міне, осы мәсе­лені өркениетті жолмен қалай шешуге болады дегенді көп ойлан­дық. Осыдан кейін Алматы қала­сындағы «Балуан Шолақ» атын­дағы сарайда «Әсем киім – әйел көркі» деген сән үлгілерінің байқауын жарияладық. Заманауи тұрғыдағы әуретті жерлері жабық киім үлгілерін ұсынып және оны жыл сайын өткізуді дұрыс деп таптық. Жастарымыз өздеріне  ұна­ған үлгілерге қайта-қайта қол соғу­мен болды, деген хазірет сөзі жұрт­шы­лыққа біраз ой салғандай болды. Қазақстан Митрополиясының викарийі, Қаскелең епископы Геннадий өз сөзін қазақ жеріне христиан дінінің келуінен бастап, оның бүгінгі жағдайына да тоқталып өтті. Адам баласына бір пенденің дін атын жамылып, зорлық етуі – Жара­ту­шыға жақ­пай­тын іс. Сондықтан, таза дін ұстанған адам лаңкестік әрекет­тер жасауға бармайды, деп жоға­рыда сөйлеген шешеннің сөзіне де қосылатынын жеткізді. Форум жұмысы бірқатар шешендер сөзінен кейін бірнеше секцияларда жалғасты. Онда дін  өкілдері мен дінтанушы ғалым­дар адамзат қауымдастығының руханилығын байытуда, ғаламдық қауіп-қатер мен қоқан-лоққыға қарсы тұруда біріге қимылдау қажеттігін, ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру жөніндегі практи­калық шараларды талқылады. Сонымен бірге, форумға қаты­сушылар бүгінгі таңда ерекше өзекті болып отырған дін және діни сенім бостандығы, конфес­сияаралық және мемлекет пен конфес­сиялар ара­сын­дағы қаты­настар мәселесін де сөз етті. Соңғы уақытта еліміздің кейбір өңірлерінде орын алған жағым­сыз үдерістерге алаңдаушылық танытқан форумға қатысушылар қоғамда тікелей немесе жанама түрде дінге қатысты мәселелер туындағанын мойындауға тиісті екендігімізді атап көрсетті. Кейбір күштер өздерінің экстремис­тік, лаңкестік және әлеу­метке, қоғамға қарсы әрекеттерін діннің биік мүддесімен байланыс­тыруға тырысады. Оған бірлесе қи­мыл­дап, жол бермеуге тиіспіз, деп отандық дінтанушы ғалымдар үшін тұрақты пікірталас алаңы қажет­тігіне тоқталды. Осылайша, Қазақ­станның дінтанушылар ас­со­циа­циясын құру қажеттігін сөз етті.  Ол жайында форум соңында қабылдан­ған қарарда атап көр­сетілді. Және осы қарарда орта мектептерде «Дінтану негіздері» қосымша курсын енгізу, сондай-ақ шет елдердің орта және жоға­ры оқу орындарында осы мәселе­дегі тәжірибелерін зерттеп, қоры­тынды жасап, өз игілігімізге пай­далану мәселесі де қарасты­рылған. Форум соңында «Қазақстан­ның дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігінің жарғысы бекітілді. Анар ТӨЛЕУХАН, Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.