17 Қараша, 2011

Тәуелсіздіктің тамаша табысы

581 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Еліміздегі әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани және спорт салаларына сарапшылар талдауы

Жеті жетістік Қоғамдық пікір мемлекет пен жеке адамның, жалпы алғанда, қоғамның маңызды сәттеріне баға беретін құрал іспетті. Ол әрбіріміз мән бере бермейтін кей оқиғалар мен құбы­лыс­тардың айнасы да. Алайда, уақыт өте келе қоғамдық пікір әлеуметтің жадында өмірдің бұлжымас естелігі секілді ұзақ уақыт сақталып қалатынын да ұмытпау керек. Біз көптеген са­рап­шылар (қоғамдық тұлғалар арасында, мемлекеттік қызмет­керлер мен саясаткерлер арасында) Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық қалыптасу кезеңінде мейлінше маңызды жетістіктерін анықтауға тырыстық. Әлеуметтік сауалдама жүзінде байқа­ғаны­мыздай, егемен елдің қалыптасу және қайталанбас құн­ды­лықтарға қол жеткізу жолында мемлекеттің даму белесі көп­ші­лік санасында жағымды әсермен сақталғанын айта кету керек. Сонымен, тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде Қазақ­станның қол жеткізген маңызды жетістіктері мен құнды­лық­тары қатарына азаматтық ортаның жақсы сақталуы, дінара­лық және ұлтаралық түсіністік, мемлекеттің жаңа орталы­ғы Астана қаласының бой көтеруі мен Семей ядро­лық по­лигонының жабылуы сияқты бірқатар оқиғаларды жат­қызу­ға болатындығы анықталды. Мемлекет ретінде қол жеткізген ең маңызды жетістіктердің басында азаматтық қоғамның жақсы сақталуы мен дінаралық және ұлтаралық келісім тұр. Қоғамның бастан өткерген әлеу­мет­тік-экономикалық күрделі кезеңінде қазақстандықтардың – бейбітшілік, келісім және бірлік аясында өмір сүруі басты құн­дылық болып отыр. Тоқсаныншы жылдардың басында көп­теген ұлт өкілдері үшін Қазақстан ұлтаралық қақтығыс­тардан пана боларлық жайлы орта және ортақ үй бола білді. Этностық шығу тегіне қарамастан, Қазақстанның әр азаматы барлық ел­дердің басынан өткен ұлтаралық қақтығыс пен іріткі түсу қаупі­нен алыс бола біліп, әркім өз отбасында тыныштық пен туыс­тары, жақын-жуықтары арасындағы татулықты сақтай білді. Тұрақтылық пен келісімді сақтай білуі Қазақстанға аз уақыт аралығында экономикада, әлеуметтік қоғамда және халықара­лық қатынас саласында ірі жетістіктерге ие болуға ықпал етті. Баспасөз беттеріндегі материалдар мен әлеуметтік сауалнама сарабына сүйенсек, әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтама­сыз ету, азаматтық қоғамды әлеуметтік жаңғырту, экономи­ка­лық, саяси және идеологиялық кеңістіктегі келісім қиындықтан өту кезеңі мен әр қазақстандықтың өміріне жақсы өзгеріс әкелді. Толеранттылық, өзара құрмет пен сенім Тәуелсіз Қазақ­станда азаматтылықтың қалыптасуына негіз болды. Бұған мемлекеттік құрылымдағы кезек күттірмейтін мәселелерді жедел шешу ықпал етті. Солардың бірі, Қазақстан Республи­касының мемлекеттік рәміздерін қабылдау екені анық. 1992 жылы Ел­басы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гербі», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редак­ция­сы туралы» заңдарға қол қойды. Кейінірек 2006 жылы «Қазақ­стан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Жарлығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойылды. Баршамызға белгілі «Менің Қазақстаным» әні мемлекет­тің Әнұранына айналды. Дәл осы әнұранды қазақ­стан­дықтардың 80 пайызы біледі және айтып жүр (18 жастан жоға­ры 1500 респондентке сауалнама жүргізу барысында анықталған, 2011 ж.). Ұлтаралық келісімді нығайту жолында маңызды рөл ат­қарған шараның бірі 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның құрылуы болды. Бүгінгі таңда осынау мемлекеттік-азамат­тық институт конституциялық мәртебеге ие. Бұл ҚР Прези­дентінің ұлтаралық мәселеге аса маңызбен қарайтындығын көр­сетеді. 1996 жылдың 1 мамырында елімізде Қазақ­стан халқының бірлігі күні тұңғыш рет атап өтілді. Осы күндер жас мемлекет өмірін­дегі есте қалатын күндер қатарына енді. Жиырма жылдықтың тағы бір маңызды жетістігі Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген жаңа астананың құрылысы екендігі белгілі. Астана қаласы жаңа мемлекеттің пайда болуы мен Тәуелсіз Қазақстанның бет-бейнесін анық­тай­ды. Жаңа астана жаңа келешек пен жаңа кеңістікті, жаңа биіктерді айқындап берді. Әрбір екінші қазақстандық (18 жастан жоғары 1500 респондентке сауалнама жүргізу барысын­да анықталған, 2011 ж.) Астана қаласын мақтаныш пен Қазақстан тәуелсіздігінің символы деп біледі. Ол әлемге жас мемлекеттің келешекке деген ұмтылысы мен экономикалық, әлеуметтік және саяси біртұтастығын паш етті. Астана құрылысы – ерен еңбек пен өміршеңдікке бастайтын ұлттық рух болды. 6 шілде – Астана күні республиканың ұлттық мерекесіне айналды. Мемлекеттің азаматтары аса қуанышпен атап өтетін мейрам­дардың бірі екені даусыз. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Бұл оқиға да мемлекеттің жиырма жыл­дығында қол жеткен маңызды жетістіктің бірі. Сауалнамаға қатысушылардың дені бұл шешімді әлемдік құндылықтың жоғарылауы мен адамзат өміріне аса мән берудің кепілі деп түсінеді. Полигонды жабу туралы Елбасының шешімі тәуел­сіз­дік­тің таңы атқан тұстағы сындарлы қадам және Қазақстанның адамзатқа қарсы қолданылатын қаруды болдырмаудағы ұсы­ны­сының басы боп есептеледі. 1993 жылдың тамызында Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаев ядролық державалардың үкімет­теріне 2005 жылға дейін ядролық, химиялық, биологиялық жә­не басқа да адамзатқа жат қаруды сынау мерзімін кешеуілдету мәсе­лесінде ұсыныс жолдады. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, егемендікті сақтау кепілі, территориялық біртұтастықтың және шекараның беріктігіне кепіл болған мемлекеттің маңызды жетістіктерінің бірі Мемлекеттік шекараны делимитациялау екенін айту керек. Өзімізге белгілі, біздің еліміздің жалпы аумағы (Каспий теңізін­дегі шекаралық есепті айтпағанда) шамамен 13 200 шақы­рым­ды құрайды. Аталмыш шара туралы қызу келіссөздер 2006 жылы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасына байланысты екіжақ­ты келісімге қол қойылғаннан кейін басталды. 1992-2006 жыл­дар аралығында Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркімен­стан, Ресей Федерациясын қамтитын аумақтың барлығында мемлекеттік шекара делимитацияланды. Келесі бір маңызды жетістік ретінде Мемлекеттік тіл мәр­тебесі айтылады. 1995 жылы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілі» деп көрсетілген. 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заң қабылданды. Қазақ­стан­дағы тіл саясаты бүгінде осы мемлекеттегі барша ұлт­тар­дың тілдерін сақтай білген жарқын көрсеткіш ретінде де үлгі. Президенттік «Болашақ» бағдарламасын жасау және жүзеге асыру біздің сарапшыларымыз анықтаған жетістіктердің бірі болып отыр. 1993 жылы экономикалық ауыр кезеңде Ел­басы әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында жоғары санат­тағы мамандар даярлау бағдарламасын жасауды тапсыр­ған еді. «Болашақ» бағдарламасы Тәуелсіз Қазақстанға әлемдік дәре­жедегі алғашқы буын мамандарын қалыптастыра білген инвес­тициялық тиімді жүйе болды. 2011 жылдың 1 қаңтарында жа­сал­ған есеп бойынша мемлекеттік бағдарлама бойынша қа­зақ­­стандық 3338 жас шетелдерде білім алғандығы анықталып отыр. Бүгінде олардың көбісі мемлекеттік компанияларда, мемлекеттік және жекелеген бизнес құрылымдарда қызмет етуде. 2009 жылы қабылданған Ұлттық қор құру идеясы әлемдік экономикалық қаржы дағдарысы кезінде Қазақстанның мықты қорға ие болғандығын көрсетті. Ұлттық қор республиканың жетістігі болуымен қатар, сарапшылар жүргізген зерттеу нәтиже­сінде экономикалық саяси бағдардың дұрыс таңдалғанын дәлелдеп отыр. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және Астана қала­сында ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дық тари­хын­дағы ірі оқиға екенінде дау жоқ. Ол әлем жұртшылығы алдында Қазақстанды заманға сай демократиялық мемлекет ретінде мойындауға түрткі болды. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті – Ұлт мақтанышы Н.Ә.Назарбаев әлемдік қауым­дас­тықта ЕҚЫҰ-ны жаңа даму сатысына көтеруді қамтамасыз етті. Мыңжылдықтар тоғысындағы 20 жыл Қазақстан үшін жемісті кезең болды. Әр жыл оқиғаларға, фактілер мен тағдыр­шешті шешімдерге толы болды. Қазақстанның жүйелі де байып­ты даму стратегиясы мемлекеттің негізгі мақсатын айқындап отыр. Экономикалық өсім, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, заңды қамтамасыз ете отырып демократиялық принциппен алға басу мүлдем соны экономикалық, әлеуметтік, саяси қадамдарға жетеледі. Экономикалық жаңа реформа іске қосылды. Елдің өмір сүру салты жаңа белеске көтеріліп, мемлекеттік орындарда жаңа өзгеше жұмыс істеу тетігі пайда болды. Елбасының қарапайым қазақстандықтардың талап-тілектеріне түсіністікпен қолдау көрсетуі нәтижесінде барлық реформалар мен бастамалардың жүзеге асуы жеделдеді. Сараптамалық зерттеу нәтижесі Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұстанған сындарлы саясат пен көреген басшылықтың арқасында жетістіктерге қол жеткендігін көрсетті. Сонымен қатар, халқымыздың айрықша кеңдігі мен толерантты мінезі де өмірлік жарасымға жетелейтін сапа екендігін дәлелдеп отыр. Айгүл СӘДУАҚАСОВА, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры.   Мәдени құндылықтар – қымбат қазынамыз Әр халықтың өз мәдениеті бар. Оны қалыптастыру,  баға жетпес ұлттық қазынаға айналдыру, рухани кемелдендіру жолдары  әрқилы. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық мәдениетіміз Тәуелсіздік жылдары жан-жақты дамып, қаржыландыру жағынан да үлкен демеу тапты. Сөзіміз дәйекті болу үшін нақты мысалдар келтіре кетейік. 2004-2006 жылдары 35 архитектуралық ескерткіштер жөнделіп, қалпына келтірілді. 30 археологиялық және 17 қолданбалы ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды. Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Түркия, Египет, Қытай, Ресей, Армения, тағы басқа елдердегі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде  Қазақстанға тікелей қатысты  бес мыңнан астам құнды жәдігерлер табылды. Олардың көшірмелері  елімізге әкелінді. Кеше Қазіргі жас өскін ұрпақ Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтар мен күр­де­лі жағдайларды көзбен көрмегендіктен, үлкендердің әңгімелерінен, оқулықтардан білуі мүмкін.  Ол кезең олардың санасында...олар үшін ертегідей сезілуі әбден кәдік. Мәңгі мызғымастай көрінген алып держава күйрегеннен кейін  адамның еңсесін езіп, әрі-сәрі түңілткен күйге түсірген  ауыртпалықтар бірде-бір саланы айналып өткен жоқ. Әсі­ресе,  экономикадағы  тоқырау ұлттық мәдениетімізді құлдырау шегіне жеткізді.  Ауыл клубтары жеке меншік қарамағына беріліп, мәдени мекемелер жаппай жабылып жат­ты. Кинотеатрлар қаңырап бос қалды. Мұндай көріністер еліміздің барлық аймағына тән болатын. Тіпті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  мәдениет саласына қаражат «қал­дық» принципімен бөлініп келді. 2000 жылы жүргізілген республикалық әлеуметтік­ сауалнама қорытындысында оған қатысушылардың 70 пайыздайы  мәдениет мекемелерінің адам төзгісіз халін бюджеттік қаржының жетіспеушілігімен, 42,9 пайызы оңтайландыруға ұшырауымен, 12,5 пайызы ғимараттардың апаттық жағдайымен,  12,1 пайызы мамандардың тапшылығымен байланыс­тыр­ды. Бұл деректер шындық ауылынан алыстай қоймайды. ХХІ ғасырдың басы ұлттық мәдениетіміздің дамуына  баса  назар аударылып, өсу, өр­кендеу кезеңімен сипатталады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жар­лы­ғы­мен 2000 жыл  мәдениет жылы болып жарияланып,  бұл салада бетбұрысты қадам­дар жасалды.  Қордаланып қалған проблемалар мен шетін мәселелерді шешудің жол­дары кешенді түрде қарастырылып, қаржылық қолдау айтарлықтай артты. Жұрт­шы­лық жаңа жыл келгендей  самал лепті  сезініп, пілтеленіп сөне бастаған үміт сәулесі қай­та пайда болды. Елбасы мәдениет тақырыбына жиі оралып, халық үшін рухани зор қым­бат қазы­на саналатын құндылықтарымызды өркендетуге үнемі қамқорлық көрсетіп отырды. Тарихи, экономикалық, саяси және салалық факторларды жан-жақты саралай келіп, Үкіметтің  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қабылдауы  саланы өркендетуге  ерекше екпін берді. Бағдарламаның  2004-2006 жылдарды қамтыған бірінші кезеңінде белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру мақсатымен респуб­ли­калық қазынадан 2,7 миллиард теңге қарастырылды. Екінші кезеңді қаржы­лан­дыруға 4 миллиард теңге бөлінді. 20 тарихи-мәдени ескерткіштер жаңартылды.  Олардың ішінде «Абылайдың ақ үйі» ерекше кейіпке енді.  32 көне қалалар мен қорғандарға археологиялық зерттеу және қазба жұмыстары жүргізілді. Бүгін Елбасының  тұрақты қолдауы арқасында Қазақстанның қазіргі мәдениеті мазмұн жағынан түрленіп, сапалық өзгерістермен ерекшеленді. Бүгінде жұртшылықтың  ұлттық мәдениетке деген көзқарасы өзгеріп, қызығушылығы әлде­қай­да артқаны байқалады. Бұл салада атқарылып жатқан шешімдер мен іс-шараларды қуаттап отырғаны  сондықтан. Әсіресе, «Мәдени мұраға» деген ел ынтасы ерекше. Сауалнамаға жауап берушілердің 85,1 пайызы бағдарлама шеңберінде тындырылған істерді белсенді түрде қолдаған. Рухани және білім беру салаларының ғылыми, әлеумет­тік-экономикалық және ұйымдық-әдістемелік базаларын одан әрі нығайту, тарихи-мәдени мұраларды тиімді пайдалану мақ­саты­мен Үкімет 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра»  ұлттық тұжырымдамасын қабылдады.  2009 жылдың соңына таман 39 республикалық, 6 мыңға жуық облыстық мәдениет ұйымдары, тарқатып  айтар болсақ, 164 мұражай,  3763 кітапхана, 2320 клуб, 50 театр, 58 кинотеатр мен телетеатр, 458 киноқондырғы, 4 зоопарк, 2 цирк, 28 демалыс саябағы жұмыс істеді. 2007-2010 жылдар аралығында  мәдени мекемелер саны  203-ке көбейді. Айшықты жылдар бедерінде 10 драмалық, сазды-драмалық, қуыршақ театрлары, Астана, Шымкент қала­ларында опера және балет театрлары ашылды. Елімізде жыл өткен сайын мәдениет мекемелері көбейіп, оған келушілер қатарының  арта түскені қуантады. Мәселен, 2006  жылы елордадағы мұражайларды 260,5 мың адам тамашаласа, былтыр олардың саны 380,4 мыңға жеткен. Театрлар мен кинотеатрларды қызықтаушылар саны да едәуір өскен. Қазақстанда  түрлі өнер салаларын қамтитын халықара­лық конкурстар мен фестивальдар жүйелі ұйымдастырылады. Ертең Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы көпвекторлы ұстанымы әлемдік  мәдени ортамен қарым-қатынасты те­рең­детіп, өркен жаюына кең жол ашты. Оның  ізгі ықпалын ұлттық мәдениетіміздің әр тарамынан байқауға болады. Сол себепті беделі зор халықаралық орталықтармен өзара мәдени үнқатысулар мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып қала берері анық. Соңғы жылдары қазіргі заманауи мәдениет және өнер нысандары көптеп салына бастады. Өткен тарихсыз, халықтық салт-дәстүрлерсіз болашақты көзге елестетудің өзі қиын. Бір кездері ескерусіз қалған баға жетпес рухани  құндылықтарымыз осылайша 20 жыл ішінде  адам­дар­дың өскелең  қажеттілігі мен сұранысына ие болып отыр. Сонымен қатар бұқаралық-көпшілік және көңіл көтере­тін ойын-сауық түрлері де көбейіп,  мәдени, саламат­ты өмір сүру дағды­сын ұстанушылар шоғыры қалыңдап келеді. Қазақ­стан­дық­тардың білім мен мәдениетке деген ынта­сын, құлшынысын жан-жақты көтеру мақсатында  ақпа­раттық теңсіздікті барынша тө­мен­дету жөніндегі іс-шаралар жеміссіз емес. Қазақстан ұлттық электронды кітап­ханасы  электронды мем­лекеттік кітапхана қоры жобасын жүзеге асыруды қамта­масыз етті. Веб-портал  тәулік бойы жұмыс істеп, еліміздің әр қиырындағы тұрғын оның қызметін пайдалана алады. Республикада тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімі жасалып, 218 республикалық, 11,5 мың жергілікті маңызы бар нысандар мемлекет қорғауына алынды.  Өткен жылы Мәде­ниет министрлігі «Қазақтың 1000 дәстүрлі күйлері», «Қазақ­тың 1000 дәстүрлі әндері» жобаларын жүзеге асырды. «Мәде­ни мұра» бағдарламасы қолға алынғалы  тарих, археология, этнография, мәдениет секілді сан-алуан  қатпарлы салаларды қамтитын 442 кітап бір миллион данамен жарық көрді.  «Бабалар сөзі» 100 томдығының 66 томы басылып шық­ты. «Қа­зақфильм» киностудиясы  қалпына келтірілген, жаң­ғыр­тылған тарихи, мәдени жәдігерлер жайлы 10 фильм қойды. «Ұлттық мұра» топтамасы аясында  20 кинофильм шығарылды. Спорт деген бір әлем Мемлекет тарапынан жүйелі көмек көрсетілгенде ғана  әркімнің спортпен, дене шынықтырумен еркін, тыңғы­лық­ты шұғылдана алары анық. Бүгінде  еліміздегі спорт құрылымдарының саны 31 мыңды құрап отыр. 1500 орынға лайық­талған стадиондардың саны  246-дан асады. 2009 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарының қарсаңында пайдалануға берілген «Астана-Арена» стадионына 30 мың жанкүйер еркін сыйып кетеді.  Жүзу бассейндері 222-ге, спорт зал­дары 6999-ға, теннис корттары 263-ге, хоккей  мұз айдындары 372-ге жетті. 380 мың адам спортпен тұрақты түр­де айналысса, 2,4 миллион адам спорт­пен және дене шынықтырумен шұ­ғыл­дану арқылы саламатты өмір салтын серік еткен.  664 мың балалар мен жас­өс­пірімдер 23 мың спорт секцияларына қа­тысады.  423 балалар және жасөспі­рім­­дер спорт мектептері, олимпиялық резервтер дайындайтын 8 республи­ка­лық, 17 аймақтық орталықтар жұмыс істейді. Жасампаздықтың жиырма жылында Қазақстан спортының көк байрағы көкке желбіреп, темірдей тегеурінді, болаттай шымыр спортшыларымыз талай биік белестерді бағындырды. Әлемдік арена­дағы байрақты бәсекелерде Отан намы­сын жоғары ұстап, ел мерейін өсірді. Спорттың жекпе-жек, күрес, бокс түрлері бойынша жұлдыздары жарқы­рап, топ жарды.  Юрий Мельниченко грек-рим кү­ре­сінен  олимпиялық, әлем­дік белестерді бағындырып, намыстан жаралған Қазақ елінің атын төрткүл дүниеге әйгіледі. Әнұранымыз ойналып, жүректі шаттық кернеді. Ислам Байрамуков жеткен жетістіктер де аз емес. Бұларды даңқты балуан, қазақ спорты­ның меце­наты  Дәулет Тұрлыханов  демеп отырды. Бекзат Саттарханов жиырмаға жеткен бұла шағында  Сидней  Жазғы Олимпиадасында  азуын айға білеген барлық  қарсыластарын шаң қаптырып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілгенде қуанбаған, шаттанбаған қазақ­стандық болмады. Өмірден беймезгіл озса да,  есімі аңыз болып қалды. Ендігі бір мақтанышымыз – қабылан жүрек Василий Жиров бокспен 11 жыл айналысты. Кәсіпқой рингте 42 жекпе-жек  өткізіп, 32 рет қарсы­ласын еденге сұлатып салды. Оның Атланта Олим­пиадасында чемпион болғанын, Баркер кубогын ұтып алғанын спорт жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ.  2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жарық спорт жұлдыз­дарымыздың бірі Ермахан Ыбыраимов алтыннан  алқа тақты. Бақыт Сәрсекбаев ағасының табысын сәтті жал­ғас­тырып, 2008 жылы Пекинде қара үзіп шықты. Зілтемірді ұршықша үйіретін Илья Ильиннің есімі Олимпиада және әлемнің үш дүркін жеңімпазы ретінде  алтын әріптермен жазылатынын ешкім жоққа шығара қоймас. Ол биылғы  әлем біріншілігінде де нағыз бабында екенін таныта білді.  80-90 жылдары зілтемірші Анатолий Храпатыйдың бабы асты.  Әлемнің 5 дүркін, Еуропаның 4 дүркін, Сеул Олимпиадасының жеңімпазы атану – оның бағына бұйырса керек. Ванкувердегі Қысқы Олимпиадада алтынға бергісіз күміс жүлдеге ие болған әйгілі шаңғышы Елена Хрусталева одан кейін де байрақты бәсекелерде олжа салды. Қазақстандағы Қысқы Азиа ойындары  жұртшы­лық­қа ұмытылмастай әсер қалдырып, еліміздің абы­ройын арттырды, мәртебесін өсірді. Қазақ спорты тари­хында ең ірі аламан бәйгеде спортшыларымыз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола иеленіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Азиада аясында ондаған зәулім спорт кешендері бой көтеріп, көпшілік игілігіне айналды. Байрақты бәсекелерде топ жарып, жеңімпаз болу, рекорд иесі атану оңай емес.  Тәуелсіздік жылдары оны Қазақстан талай рет дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа қайтарым қандай дегенге келсек, ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміздің барына мақтана аламыз. Азиада әдеттегідей бір ғана қаламен шектеліп қалған жоқ. Ол еліміздің ең үлкен екі бірдей қаласы – Астана мен Алматыда ғана емес, эстафета алауын алып жүру бары­сында барлық облыс орталықтары мен Бурабай секілді жекелеген аудандарын да қамтыды. Осы ретте халықтың 87 пайызы Қазақстанның бұдан да жауапты шараны өткізе алатындығын, соның ішінде 2022 жылы өткізу көзделіп отырған Қысқы Олимпиада ойын­дарын да жоғары дәрежеде атқаратындығына сенеді. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден алтын алған Ольга Шишигина мен 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында бессайыс бойынша жеңіске жеткен Александр Парыгин ел мақтанышы деп атауға лайық. Сондай-ақ, осы санатқа Александр Винокуровты да қосса болады. 2003 жылы «Париж-Ницца» және «Amstel Gold Race» веложарысы бойынша жеңімпаз атанды. 2003 жылы ол Швейцария Турын және Тур де Франстың бір этабында жүлделі болып, Л.Армстронг пен Я.Ульрихтен кейінгі 3-орынға қол жеткізді. Жалпы, Қазақстанда велоспорт қарыштап дамып келеді. Бұған Астана қаласында велотрек кешені тұрғызылуы мен 2011 жылдың қазанында веложарыс кубогын елімізде өткізу шарасы куә. 2010 жыл да спорттағы жемісті кезең болды. Әлем чемпионаттарында 11 медаль, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 81 медаль, өзге де халықаралық турнирлерде 334 медальға ие болдық. Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында он жылдық үзілістен кейін бірінші рет күміс жүлдені қанжығаға бай­ла­дық. Гуанчжоуда өткен 16-Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 18 алтын, 23 күміс және 38 қола медаль иеленді. Жалпы, командалық есеп бо­йын­ша еліміз 4-ші орынға табан тіреді. Қазақстан баскетболшыларының да өнерін айта кеткен жөн. Өзінің алғашқы матчында қазақстандық баскетбол ко­ман­дасы әйгілі «Жальгиристі» жеңді. 2011 жылғы маңызды жетістіктердің бірі, қазақстандық альпинистер М.Жұ­маев пен В.Пивцовтың Эверестен кейінгі ең биік Чогори (К-2) шыңын бағын­ды­руы. Оның биіктігі 8611 метр. Осы ретте Елбасының егемендік алған ал­ғашқы жылдарда-ақ қазақстандық альпинистерге ерекше қамқорлық көрсет­кен­дігін айта кету керек. 1995 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі Абай биігіне шық­ты. Тұңғыш Президенттің құрметіне Іле Алатауындағы бұрынғы Комсомол шыңы­на Елбасы есімі берілді. Францияда өткен ауыр атлетика бо­йынша әлем біріншілігінде ел қоржы­нына түскен алтын медальдың құн­ды­лы­ғын айту парыз. Қазақстанның екі дүркін чемпионы Зульфия Чиншанло 53 кило­лық салмақ бойынша 2011 жыл­­дың 7 қазаны күні әлемдік рекордты жаңалады. Аталмыш мақалада біз спорттағы көрсеткіштеріміздің бір парасын ғана көрсетуді жөн санадық. Футбол, шайба­лы хоккей, ат спорты мен теннис бойын­ша бағындырған биіктер туралы ұзағы­нан айта беруге де болар еді. Ақсүйек­тердің спорты деп білетін гольф та біздің елімізде ерекше сатыға көтерілді. Дәрмен Сәдуақасов бастаған шахматшы­ларымыз да біздің зор мақта­нышымыз. Осы ретте Қазақстан өзінің 20 жылдық Тәуелсіздік мерекесіне спорттық бай олжамен келіп отыр. Осының бәрі қоғам болып спортты қолдаумен қатар, бүгінгі биліктің жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі. Мақалалар топтамасы «Демократия институты»  ҒЗА материалдары негізінде әзірленді.   Айқарма бет материалдарын дайындаған Өмір ЕСҚАЛИ, Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан».