17 Қараша, 2011

Декларация туралы ой-пайым

1061 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жа­­ңа мемлекетін және оның саяси жүйе­сін қалыптастыру оңай болған жоқ. Бұл үрдіс өте қайшылықты, тартысты, қате­лік­тер мен қатерлер арқылы жүргенін ашық айту қажет. Қазақстан қандай мемлекет болмақ және ол қай жолмен дамиды? 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда тәуелсіздік жария­ла­ғаннан кейінгі еліміздің саяси бас­шы­лығы мен интеллектуалдық күштерінің ал­дында тұрған ең күрделі, ең тағдырлы сұрақ осы еді. Еңсесін енді ғана көтерген жас мемлекеттігіміздің «мемлекет» деп аталатын, өркениеттер мен демократиялар тарихында етене қалыптасып, қа­был­данған, анықталған осы әмбебап сая­си-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, рухани-интеллектуалдық аса күрделі инс­титутқа сәйкес, сайма-сай, барабар келуін қамтамасыз ету сол саяси ке­зең­нің ең өзекті тағдыршешті міндеті еді. «Сәйкестілік» мәселесі – қалыптасу үрдісіндегі кез келген әлеуметтік-саяси, экономикалық, этностық организмнің ал­дынан көлденең тұрар проблема. Ол жас мемлекеттердің қалыптасуы кезеңінде ерекше өткір тұрады. Мемлекеттік сәй­кес­тілік дегеніміз – мемлекетке тән бар­лық қасиеттер мен белгілердің, оның төл саяси институттары мен құрылым­дары­ның, қабылдаған заңдарының, ең басты­сы – конституциясының тәуелсіз мемлекет шеңберінде толыққанды және тиімді қызмет жасауы. Біз Парламентте қабылданбақ Тәуел­сіздік декларациясы мазмұнынан ең ал­дымен осы мәселелерге жауап іздеуіміз қажет. Сөз жоқ, Декларацияда айтылар, ба­ғаланар, сараланар жеңістеріміз бен жетістіктеріміз аз емес. Ұтылыстар да бар. Бәрін айтып, қамтуға мүмкіндік жоқ. Өз пайым-танымымыз, саяси таңдауымыз және тал­ғамымыз деңгейінен кейбіріне ғана тоқ­талмақпыз. Бұл жердегі тағы бір маңызды дүние – тарихтың саяси саба­ғында, тағы­лымдарында жатыр. Әлемдік тарихи тә­жірибеде саяси азаттығын жа­риялаған көп­теген жас елдер өздерінің мемлекеттік сәйкестілігіне қажет саяси жүйенің құн­дылықтары мен билік инс­титуттарын дәл анықтап, түгендеп, болжамдай алмай ішкі саяси тартыстар мен шиеленістерден, аза­маттық соғыстан көз ашпай келеді. Со­ның нақты мысалы Ау­ғанстан, Сомали, Нигерия, Никарагуа және тағы басқа мемлекеттер. Ондай аху­ал­дың кейбір белгілері Қырғызстан, Молдова, Украина тәрізді кешегі бізбен бір саяси жүйеден шыққан ТМД елдерінде әлі де орын алып отыр. Мемлекеттік сәйкес­ті­лік мәселесі еліміз басшылығын әуел­ден ерекше ойландыр­ды. Оның нақ­ты дәлелі Президент Н. Назарбаевтың 1996 жылғы 24 сәуірдегі Өкі­мімен бекітілген «Қазақ­стан Респуб­ли­касының мем­­ле­кеттік сәй­кес­­тілігін қа­лыптастыру тұжырымдамасы». Өйткені, социалистік қоғамдық қаты­настар, кеңестік мемлекеттік құрылыс уа­қыттың саяси сынынан өте алмады. Тарихтың күрт бұрылысындағы әлеумет­тік-экономикалық тегеурінге шыдамады. Енді кеңестен кейінгі жас мемлекеттік құрылымдар алдында өздерінің ұлттық егеменді мемлекетінің конституциялық архитектурасын анықтап, мемлекеттің ір­гетасын берік әрі қателеспей қалау жауапкершілігі тұрды. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстанда да алғашқы қуаныш дүрбе­леңі мен эйфория басылғаннан кейін мемлекетті құру, оны қалыптастыру үшін тәуелсіздікті жариялау, аса маңыз­ды саяси шаралар, оның айқын нышан­дары – Туды, Елтаңбаны, Гимнді анық­тау, тіпті Президент лауазымын белгілеу аздық ететіні белгілі болды. Н. Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты тәуелсіздіктің саяси шежіресі іспеттес, сараптамалық рухтағы белгілі еңбе­гін­де сол тарихи кезеңдегі күрделі жағ­дай­ды талдағанда көптеген сарапшы­лар­дың мемлекеттің алдында тұрған күрделі міндеттерді ескермей баға беруге ты­рысатындығын тура көрсете отырып, сол уақыттағы елдің саяси басшылығы ал­дында тұрған міндеттерді былай жи­нақ­таған: «Ол – мемлекеттілікті қалыптас­тыру, бір экономикалық жүйеден екінші экономикалық жүйеге көшу, демократиялану процесін дамыту, әлеуметтік және ұлтаралық орнықтылықты сақтау және нығайту, сыртқы саяси бағыттар желісін тарту» [«Ғасырлар тоғысында»,128-б.]. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қа­лыптасу кезеңі бұрынғы бүкіл КСРО ау­мағында саяси, әлеуметтік-экономи­ка­лық мүдделер мен қатынастардың ерекше шиеленісуі үдерісімен қабаттаса жүр­гені белгілі. Ол кезде, әділіне келсек, Қа­зақстанның болашақ мемлекеттік дамуы туралы берік, сындарлы тұжырымдама әлі қалыптаспаған еді. Сол кезең туралы Президент Н. Назарбаев жоғарыда ай­тыл­ған еңбегінде ағынан жарылып: «Мен Қазақстан егемен мемлекеттер федерациясының құрамында болады деп ойладым. Сол жолда күш салып бақтым. Оның үстіне, жаңа Одақ келісімшарты жобасы бойынша үлкен жұмыс жүріп жатты. Бірақ 1991 жылғы тамыз тарихта күрт бетбұрыс жасады. Жаңа жағдайды ескеріп, бұрынғы жоспарды қайта өзгер­ту керек болды», деп түйіндейді. Елдегі саяси, әлеуметтік-экономика­лық жағдай тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында тым күрделі, тіпті қорқынышты си­пат алып тұрды. Жаңа мемлекеттің құ­ры­лысын анықтау, оның конституциялық тұ­ғырын бекемдеу тәрізді төтенше ма­ңыз­ды саяси міндетпен қабаттасып, жағ­дайды одан сайын күрделендірген әлеу­меттік-экономикалық мәселелердің бүкіл бір күрделенген, асқынған тізбесі тұрды. Сол тұста бізге басқарудың кеңестік жү­й­есінен еншіге тигені күйзелген шаруа­шылық, жүйесі сөгіліп, жон арқасы қи­раған экономика, тұралап, мешеуленген өндіріс, терең тығырыққа тіреліп, кетеуі кеткен ауыл шаруашылығы кешені еді. Еліміздің шығысында сепаратизмнің, батысы мен солтүстігінде казачество­ның өшпенді өлермендікпен бой көтеруі – жас мемлекеттілігіміз үшін нақты қа­тер­лер еді. Оны біздер – аға ұрпақ өкіл­дері сарапшы, саясаттанушы ретінде қа­лай ұмытармыз?! Осындай аласапыран, тар жол, тайғақ кешу жағдайының өзінде мемлекетті, оның саяси, басқару жүйесін құруда, мемлекеттік машина мен оның басқарушы кадрларын іріктеп, орналас­тыруда аяқты шалыс басуға болмайтын еді. Уақыт тым қатерлі-тін. Ұлттық мемлекеттік машинаны тез арада іске қосып, оның ырғақты жұмыс істеуін қамтама­сыз етудің төтенше жауапкершілігі тұрды. ХХ ғасырдың 90-жылдарының ба­сын­да жаһандану, ақпараттық қоғам, ха­лық­­аралық байланыстардың күшеюі жағ­дайында саяси жүйе мен оның инсти­тут­тарының функциялары барған сайын күрделеніп, тармақталып, олар қамтитын құбылыстар мен қатынастардың ауқымы кеңейіп, бұлардың өзара сабақтастығы, өзара байланыстары күрделенген еді. Осы жаңа әлемге, оның күрделі саяси-экономикалық, идеологиялық қатынас­та­рына дербес субъект ретінде ұмтылып отырған Қазақстан алдымен өзін өзі мемлекет ретінде анықтап, мемлекеттік-конституциялық құрылысын түбегейлі бекемдеуі тиістігі айдай ақиқат еді. Бү­гінде, жиырма жылдық дербес дамудың биігінен еліміз бұл жауапкершіліктен абы­роймен шықты деуге негіз бар. Тәуелсіз мемлекет құру арманына мың өліп, мың тірілген қазақ халқы тек ХХ ғасырдың соңғы он жылдығына ғана қол жеткізді. Бүкілхалықтық референдумда 1995 жылғы қабылданған Конституция еліміздің мемлекеттік құрылысы­ның жаңа архитектурасын қалыптастыр­ды. Осы жылдан мемлекетіміз дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал одан кейінгі кезең еліміздің конституциялық дамуы оның іргелі негіздерінің беріктігін, өмір­шеңдігін, оны құраушы институттық құрылымдардың міндеттері мен басқару мүмкіндіктерінің дұрыс анықталған­ды­ғын дәлелдеді. Мемлекеттік құрылыста оның барлық тетіктерін қалыптастыру, орталықты жә­не жергілікті басқару органдарының сын­­дарлы, біртұтас жүйесін, жаңа тәуелсіз мемлекеттің өз ұлттық мүддесіне қызмет ететін сындарлы мемлекеттік аппаратты, әскери, қауіпсіздік, құқық қорғау орган­дарының жүйесін құру міндеті тұрды. Бұл саладағы ең күрделі шаруаның бірі – Қазақстанның мемлекеттік мүддесін қа­былдап, мойындайтын, оның ұлттық қау­іпсіздігіне қызмет ететін жаңа тұрпатты отаншыл, патриот кадрларды қалтқысыз, қателеспей табу еді. Сол кезде респуб­ликаның мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, оның территориясында тұрған сан­сыз да әлеуетті, әсіресе стратегиялық бағыттағы қарулы күштер басшылы­ғы­ның еліміздің егемендігін мойындама­ға­нын, оған іштей қарсы болып, Мәскеуден нұсқау күткендей күйде болғанын бүгінгі жас ұрпақ біле бермейді. Бұл ел тәуел­сіз­дігі үшін қауіпті, шетін ахуал еді. Жат пиғылды саяси күштердің осыны пайда­ланып, тәуелсіздікті жөргегінде тұншық­тыру мүмкіндігі болды. Егемендік – әлемдік өркениеттің қа­зіргі сатысында мемлекеттің кемелдігі мен қалыптасқандығының, одан әрі даму өрістілігі мен өскелеңдігінің басты белгісі. Тәуелсіздіктің де ең басты және түпкі мақсатының бірі мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ету болатын. Халық­ара­лық теория мен практика мемлекет еге­мендігінің мынадай басты өлшемдерін біледі: аумағы және шекарасы, халқы, мем­лекеттік басқару органдары, сол мем­лекетті қорғайтын институттарды қалыптастыру. Осы өлшемдерге сай келетін: ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, құ­қық­тық, сот жүйесін құру, ұлттық валю­таны енгізу, сындарлы, әлемдік эконо­ми­ка танып мойындаған салық, банк, қар­жы-кредит, салық, кеден жүйелерін қа­лыптастыру – тәуелсіз мемлекетті ор­нық­тыру жолындағы әрқайсысы бір-бір асқаралы асуларымыз. Қазақстанның юрис­дикциясына толығымен бағынатын күш құрылымдарын – қарулы күштерді, ішкі істер органдарын және арнайы қыз­меттерді қалыптастыру оңайға түспе­ге­нін аға ұрпақ жақсы біледі. Қазақстан осы жылдары ең алдымен өзінің аумақтық тұтастығын сақтап, ата-бабаларымыздың сан ұрпағының қаны мен тері төгілген аумақта тәуелсіз, әлем­ге танымал, беделді ұлттық мемлекет құрды. Аумағы жағынан әлем мемлекеттері ішінде тоғызыншы орында тұрған біртұтас мемлекет қазақ халқының бұ­рын­ғы тарихында болған емес. Бұл – біз­дің ең басты тарихи жеңістеріміздің бірі. Және осы байтақ аумақты қазіргі за­ман­ғы халықаралық құқық нормаларына сәй­­кес Ресей мен Қытай тұрпаттас алпауыт, өз мүдделерін жақсы пайымдаған Орта­лық Азиядағы көршілес мемлекеттермен қиын да күрделі келіссөздер арқылы шебер мәмілегерлікпен, табандылықпен, біліктілікпен келісіп, ашық-шашық жат­қан, бұлыңғыр, анықталмаған шекара­мыз­ды айқындап, берік те бұлтартпас шарттармен бекемдеуге қол жеткізуіміз – баға жетпес абыройлы жетістік һәм мәң­гілік құндылық. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың халықаралық аренадағы жоғары беделінің, Қазақстанның жас диплома­тия­сының сыртқы қатынастар саласын­дағы басты жеңістерінің бірі. Бұл – біз­дің ата-бабаларымыздың бүкіл қойнауы байлыққа толы төрткүл дүние қызыққан осынау кең аумақты аттан түспей, белін шешпей, алты малтаны ас етіп, ақ най­заның ұшымен, ақ білектің күшімен ғасырлар бойы қорғаған ересен ерлігінің тарихи қайтарымы, ұрпақтан ұрпаққа тапсырған қасиетті аманатына адалдық еді. Мұны келешек ұрпақтардың ырысы мен игілігі деп баршамыздың да мақтан етуімізге болады! Саяси жүйеде белгілі бір мүдделер негізінде оның құрамына енетін құры­лым­дар қызметінің нәтижесінде инсти­тут­тық қатынастар мен рөлдер қалып­та­сады. Америкалық әлеуметтанушы ға­лым Т. Парсонс кезінде дөп айтқандай, осы құрылымдар саяси жүйенің «ана­то­миясын» құраса, олардың функциясы «фи­зиологиясын құрайды». Жиырма жыл­да Қазақстанның саяси жүйесінің «ана­то­миясы» да, «физиологиясы» да түбе­гей­лі өзгерістерге түскені хақ. Ең бас­тысы, тәуелсіз еліміздің саяси жүйесінде жиырма жылда түбегейлі демократия­лық-құқықтық реформалар жасалып, ол конституциялық, институттық-құры­лым­дық, мазмұндық-функциялық терең өз­герістерге түсті. Еліміздің саяси жүйесі құрылымындағы түбегейлі «анато­мия­лық» түзілу мен түрленудің мәні мен маз­мұ­нын жинақтай айтсақ, біздің пікірімізше, олар негізінен мыналарға келіп саяды: – ең алдымен еліміздің саяси жүйе­сін­де бұрын болмаған президенттік институт, қос палаталы, кәсіби негізде жұ­мыс істейтін Парламент, көппартиялы­лық, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы тә­різ­ді қағи­датты жаңа саяси құрылым­дар­дың түзі­ліп, қалыптасуы және қызмет жасауы; – саяси жүйенің барлық ресми инсти­туттары қызметінің негізінен бір ортақ мақсатқа – демократиялық, құқықтық, зай­ырлы және әлеуметтік мемлекет құ­ру­ға бағытталуы; – қоғамдағы демократия мен сөз бос­тандығының даму деңгейі мен пәрмен­ділігінің басты көрсеткіштерінің бірі тәу­елсіз, беймемлекеттік бұқаралық ақ­па­рат құралдарының дербес те әлеуетті жүйесінің пайда болуы; – бұған дейін болмаған, қоғамдық өмірдің барлық салаларын кеңінен қам­титын жаңа азаматтық институттардың қалыптасып, дамуы және олардың қыз­метіне қажетті ұйымдық-құқықтық негіз­дер­дің нығаюы; – халықаралық деңгейдегі беделді де­мократиялық институттар біртіндеп негізінен мойындаған еліміздің жаңа сайлау жүйесінің қалыптасуы; – еліміздегі биліктің басты үш инс­титутының: Президент, Парламент және Үкіметтің біріккен еңбегінің нәтижесін­де еліміздің саяси жүйесінің барлық құ­рамдас бөліктері қызметінің құрылым­дық, ұйымдық-құқықтық және өзара қа­рым-қатынасы мәселелерін жан-жақты реттейтін, әлеуметтік-экономикалық да­муын қамтамасыз ететін заң жүйесінің бүтіндей жаңадан түзіліп, қабылдануы және бұл үрдістердің қоғамдық қатынас­тар­дағы қажеттіліктерге байланысты үне­мі жетілдірілуі. Декларацияда саяси жүйеге баға берерде ең алдымен осы сапалық түрлену мен іргелі өзгерістер басты назарда болуы керек деп есептейміз. Қазақстан Конституциясының 2-ба­бын­да: «Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп атап көрсетілген. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі ерекше орында осылайша президенттік институт тұр. Қазақстанның мемлекеттік құрылысының, оның саяси бүкіл мәні мен басты ерекшелігін анықтайтын осы­нау аса маңызды конституциялық қағида еліміз саяси жүйесінің бүкіл табиғатын, құқықтық өрісі мен кеңістігін, құзыреті шектерін анықтағандай. Конституцияға сәйкес еліміздегі өзге саяси институт­тар­дың, әсіресе, билік тармақтарының мәр­тебесі, беделі және даму перспективасы, сайып келгенде, президенттік институт­тың қызметіне тікелей байланысты. Сон­­дықтан да, еліміздің жаңадан қалыптас­қан саяси жүйесінде бұл институттың орны мен мәртебесі аса зор. Ендеше, Декларацияда Тұңғыш Пре­зи­денттің мемлекет құрушылық әлеуеті, тегеурінді де жемісті қайраткерлігі, жол­бас­­­шылығы өзінің әділ бағасын алуы тарихи да саяси тұрғыдан әділеттілік болар еді. Осы жылдардың тағы бір маңызды институттық даму қорытындысы жаңа­дан қалыптасқан, биліктің кеңестік жү­йе­сінде болмаған маңызды тармағы – елімізде заң шығару қызметін жүзеге асы­ратын ең жоғары өкілді орган – қос палаталы Парламенттің қалыптас­қан­ды­ғы. Турасын айту керек, Қазақстанның кәсіби парламентаризмге келер жолы күрделі де қайшылықты, саяси шиеленісті, бұралаңды болды. Республика Жоғар­ғы Кеңесінің екі құрамы саяси себептерге байланысты өкілеттілік мерзімі аяқ­тал­май, уақытынан бұрын таратылды. Елімізде парламенттік демократия, парламентаризм көптеген қиындықтармен, саяси тартыспен, қайшылықтар арқылы біртіндеп қалыптасып келеді. Еліміз Парламентінің осы жылдарғы белсенді заң шығарушылық, өкілді және саяси қызметінен белгілі бір тарихи-саяси, демократиялық қорытындылар шыға­ру­ға болады. Әрине, Декларацияны тал­қы­лап, қабылдайтын институт болған­дық­­тан, депутаттардың өздері қызмет жа­сап отырған институтқа саяси баға беруі нәзік те күрделі мәселе. Парламент­тің бү­­­­­кіл қызметі қашанда қоғамдық пікірдің өткір сынында тұратыны табиғи да қа­лыпты жағдай. Өйткені, халықтың қашан­да ең алдымен өзі кең құзіреттер беріп, се­нген өкілдерінен қаттырақ сұ­рауы – заңды да үйлесімді. Сондықтан Парламент қызме­­­тін объективті бағалау сарап­шы­лардың, ғалымдардың үлесінде болса керек. Осы кезеңдегі Қазақстанның саяси жүйесінің құрылымдық дамуындағы са­палық өзгерістердің бірі – оның құрам­дас бөлігі ретіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) жаңа, өскелең рөлі. БАҚ-тың институттану үдерісі тегеурінді жүріп жатыр. Ол аса маңызды көпса­ла­лы, көпқырлы әлеуметтік-саяси, ақпарат­тық, қоғамды топтастыру және әлеумет­тендіру, танымдық және білім берушіліқ, қоғамдық пікірді қалыптастыру тәрізді маңызды функцияларды атқаратын, саяси және идеологиялық әр алуандықты білдіретін демократиялық, азаматтық институт ретінде түзілді деп айтуға толық негіз бар. Сонымен, бүгінде БАҚ – саяси жүйеде ақпарат көзі ғана емес, ол көп функциялы, саяси реттеудің, саяси тұ­рақ­тылықты бекітудің, әлеуметтік инно­ва­цияның тегеурінді де қуатты тетігі. Қазақстанның демократиялық саяси жүйесін бүгінде БАҚ қызметінсіз елестету мүмкін емес. Бүгінде еліміз Конституциясының 20-шы бабына сәйкес цензураға тыйым са­лынғанда, кім және не туралы болса да бәрін айтуға болатындай ахуал қалып­тас­ты. Бүгінде жария саясат бұрынғыдан да кең түрде жария бола бастады. Ол қай кездегіден де ашықтықты, аудиторияны игере, басқара, меңгере, ұйыта білу шеберлігін қажет етеді. Жариялылықтың, сөз бостандығының дәмін татып, әлми­сақ­тан сөз өнерін ерекше қадірлеп, қас­терлейтін, қашанда: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» дейтін халқымыз, ке­меңгер Абай айтқандай, «жалын мен оттан жаралған» ақылды да һәм әділ сөзді нағыз жария саясаткерлерді күтіп отыратынын ерекше есте ұстаған абзал. Республика саяси жүйесіндегі келесі бір мәнді өзгеріс – әлжуаз, әлсіз болса да көппартиялылықтың қалыптасуы. Бұл үдеріс елімізде қайшылықты, күрделі бол­ды. Саяси партиялар да қалыптасу­дың, дамудың «балалық ауруын» өз бас­тарынан кешті. Жалпы, партиялар қыз­метін тек маңызды демократиялық инс­ти­тут, қоғам мүшелерін саяси әлеумет­тен­­діру құралы ретінде бағалау – біржақты бағалау. Әлем саясаттанушылары мен ой­шылдары арасында саяси партия­лар­дың пайда болуы мемлекеттің әлсіздігін білдіреді, партиялар әлеуметті бөлшек­тей­ді, қоғамның бірлігін бұзады деп тұ­жырым жасаған ғалымдар аз емес. Біздің пайымдауымызша, саяси партиялардың Қазақстанда кең өріс ала алмауының өз­індік бір себебі – халқымыздың саяси са­насы мен тарихи жадында қалыптасқан қайсыбір ерекшелікке де байланысты. Қазақ халқының санасында партияларды елді бөлшектеу, қоғамды жікке бөлудің құралы ретінде қабылдау басымырақ. Ұлт ұстазы Абай кемеңгер кезінде кейбір партияшылардың қылығынан түңіліп: «Болды да партия...», деп түңілсе, сол кемеңгердің інісі һәм рухани ізбасары, аса ірі ойшыл, кезінде, 1917-1918 жыл­дары саясатқа да араласқан Шәкәрім бұл мәселеде өз ойын нақты айтқан: «До­сы­ма айтам. Қулардың тіліне ерме, Пар­тия­сы­на ешкімнің ере көрме, Ноқтаға ба­сың­ды ілсең, шыға алмайсың, Бірлік бұзып, кетіріп, еркің берме», деген. Қазақтың қос данышпаны партиялар­дың түпкі мақсаты мен мүддесін қапы­сыз таныған – әлеуметтің белгілі бір әлеует­ті бөлігін іріктеп алып, сөзіне ертіп, соның күшімен, беделімен, дауысы­мен қалай да саяси билікке жету. Бұл әдіс-амал күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Кез келген елде солай. Жиырма жылда Қазақстанның пар­тия­лық құрылысы толық қалыптасты деп айтуға, біздің пікірімізше, әзірге ертерек. Саяси кеңістікте негізінен бір партияның үстемдігі байқалады. Еліміз бұл салада да өз жолын іздеуде. Өткен кезең саяси тар­тыстар мен пікір таласынан кенде бол­ған жоқ. Саясат сахнасына сан партия келіп, сан партия кетті. Тәуелсіздік әкелген демократиялық өрісті, саяси кеңістікті, рухты, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті орнатудың конституциялық қағидат-мақсаттарын саяси партиялар тиімді пайдаланып отыр деп әлі де айта алмаймыз. Оның әртүрлі объективті және субъективті себептері бар. Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан жи­ырма жылды саяси эволюция, демо­кра­тиялық даму жолымен біршама сәтті өтті. Біз мынау алмағайып, тартыс пен кү­реске, күш көрсету мен арандатуға то­лы аласапыран, дүбірлі дүниеде елдің ішкі тыныштығы мен татулығын, ұлттар арасындағы келісімді сақтап қалдық. Және жөні келгенде, мына бір тарихи ақи­қатты әрі басты құндылығымыз ту­ра­лы айту да парыз. Еліміздегі осынау ұлан-ғайыр жетіс­тіктердің басты тірегі, ұйытқы-мәйегі мем­лекет құраушы ұлт – қазақ халқы, төл мінез-тұрпатындағы үздік қасиеттер. Оның табиғи ұстамдылығы, саяси сал­мақ­тылығы мен салқынқандылығы, әр қо­ғамдық құбылысқа, партиялар мен қоз­ғалыстардың қызметіне биік талаппен қарайтын көзқарас-парасаты, тумысынан сарапшылдық сияқты баға жетпес қадір-қасиеттерінің еліміздің саяси реформалар жолымен дамуына адамдық-рухани негіз болғаны – бұлтартпас ақиқат, баға жетпес қазына. Қазақтардың бойында бүгінде көпте­ген, әсіресе, жас ұлттарда сирек кездесетін белгілі бір деңгейдегі салауатты саяси консерватизм бар. Сондықтан еліміздегі кейінгі, әсіресе, 1991-1997 жылдар­да­ғы өткір әлеуметтік-экономикалық қи­ын­шы­лықтардың табиғатын ұғып, оның өтпелі сипатын түсініп, әр түрлі даңғаза ұрандарға ермей, шыдамдылық, кемең­герлік, саяси ұстамдылық пен байсал­ды­лық көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық реформалар, мемлекеттік-саяси құрылыс – формациялар алмасуы кезеңіндегі тау­қыметті аса бір төзімділікпен, мәрттік­пен бастан өткеріп, ел болашағына оптимизммен қарады. Басқа этнос өкілдеріне ұйытқы болды. Декларацияда мұны ар­найы бағалау парыз һәм әділеттілік. Тәуелсіздігіміздің мәртебелі де жұл­дызды жетістіктерінің бірі – қасиетті Са­рыарқаның төсінде Астананың жарқы­рай бой көтеруі. Елімізбен бірге жаңа, жас елорда жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын түлеп, асқақтап, өрлеп, биіктеп, барады. Бізде: «Алматы – тәуелсіздік бесігі», деген қанатты сөз бар. Өте орынды ай­тылған сөз. Ал Астана – тәуелсіздік тірегі, егеменді елдің әлемге жарқырай ашы­лар мәртебелі есігі, болашақ жеңіс­те­рі­міз бен асқаралы биіктеріміздің ұйыт­қы­с­ы, ұлт­тың жасампаздық әлеуеті мен ынтымақ-ырысының шайқалмас түп­қа­зығы. Мемлекет басшысы айтқандай: «Қа­зақста­н­ның елордасы бірлесу орда­сы, егемен Қа­зақстанның өркендеуінің ны­шаны». Әлем мемлекеттері мен ха­лықтары мейлінше өткір мәселелерді талқылап, бүкіл әлемге жаңа серпін беретін халықаралық саясат­тың нағыз орталығы. Мұның баға­сын неге бермеске? Бұған қалай мақтан­бау­ға, шат­тан­бау­ға болады?! Қорыта айтқанда, біз ең алдымен жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құр­дық. Оның мемлекеттік институтта­ры­ның конституциялық тұғырын түбегейлі қалыптастырып, бекіттік. Елімізде жергілікті мемлекеттік басқарудың да сын­дарлы жүйесі қалыптасты. Осылардың ешқайсысы оңайға түскен жоқ. Соның бәрін біз бірге көрдік, көтердік. Тікелей қатысушылары болдық. Көбіміз, қиын-қыстау кезеңде Елбасының саясатын қол­дап, жас мемлекеттің бекіп, нығаюы­на өз саламызда шама-шарқымыз келгенше атсалыстық. Қиыншылықтар қанша­ма күрделі болса да біздің халқымыздың дербес, тәуелсіз мемлекет құруға құл­шы­нысы, мақсат-мұраты одан да күшті, тегеурінді һәм қасиетті еді. Осылайша біз жиырма жылдық мерекені еңсемізді кө­теріп, мемлекетіміз болашағы бұдан да жарқын, егеменді елдер мен өркениеттер қауымдастығында жұлдызы биіктен жар­қырайды деген оптимистік рухта қарсы алып отырмыз.