17 Қараша, 2011

Аймақтар алған асулар

346 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда жеткен жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Елбасы аймақ басшыларының өз өңірлеріндегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы жөніндегі есептерін тыңдап, арнайы экспозициялармен танысты. Бұл көрме аталған өңірлердің елордадағы күндеріне орай ұйымдастырылды. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко өз есебінде Мемлекет басшысына өңірдің 20 жылдағы әлеуметтік және эко­номикалық, сондай-ақ мәдени салалардағы жетістіктеріне жан-жақты тоқталды. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, тәуел­сіз­дік жылдары ішінде өңір экономи­ка­сы­ның барлық салаларының серпінді дамуы байқалған. Жалпы өңірлік өнім 1993 жылғы 2,3 млрд. теңгеден 2010 жылы 586 млрд. теңгеге дейін, яғни 255 есе өскен. Ақмола облысындағы индустриялық секторда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық зауыттар мен фабрикалар құрылып, 20 ірі өндіріс қызметінің кескіні сақталған. Облыс әкімі өнеркәсіп өнімінің өндірісі 1993 жылғы 837 млн. теңгеден 2010 жылы 180 млрд. теңгеге дейін артқандығына, ал Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылған 2 жылдан бері 92 млрд. теңгенің 33 жобасы іске асы­ры­лып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылғанына да тоқталып өтті. 1991 жыл­дан бері облыста 1,3 млн. шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға беріліпті. Ал соңғы бес жылда жыл сайын орташа есеппен 170 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген. Бұл – көрсеткіштің 1991 жылмен салыстырғанда 5 есе ұлғай­ға­нын айғақтайды. Облыстың басқа сала­лар­дағы жұмыстарының нәтижелеріне назар аударар болсақ, тәуелсіздік жылдары ішінде облыста 58 балабақша мен 305 ша­ғын орталық, оның ішінде жаңа құрылыс жүргізу есебінен – 2,2 мың орынға ар­налған 9 балабақша ашылса, 6,3 мың оқу­шыға арналған 20 жалпы білім беретін мек­теп салынған. Денсаулық сақтау сала­сын дамытуға бөлінген қаражат 1991 жыл­мен салыстырғанда 200 еседен асқан. Соң­ғы 5 жылда 6 жаңа денсаулық сақтау ны­саны, оның ішінде Қан құю орталығы, пе­ринаталдық орталықтың жаңа корпусы мен Көкшетау қаласында туберкулезге қар­сы диспансерлік балалар бөлімшесі бой көтерген. Бұлардан бөлек, облыста 776 мәдениет мекемесі қызмет көрсетуде. Облыс ор­та­лығында Қазақ сазды-драма театры ашыл­ды, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өңірдің тарихи-мәдени мұра ескерт­кіш­тері­нің жинағы жарық көрді, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғы­лы­ми кітапханасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұлардың барлығы облыстағы ауқымды істердің бір көрсеткіші. Бұдан кейінгі кезекте Ақтөбе облы­сы­ның жетістіктеріне арналған көрмені аралап көрген Елбасыға өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістіктері жөнінде аймақ басшысы Архимед Мұхам­бетов баяндап берді. Ақтөбе облысы – Қазақстанның серпінді дамушы өңірінің қатарындағы аймақ­тардың бірі. Жалпы өңірлік өнім 2010 жылы 1993 жылмен салыстырғанда 822 есе­ге өскен. Мерейтойлық жылы жалпы өңірлік өнімді 1 триллион 300 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Елдің өнеркәсіптік жалпы өнім көлеміне үлесі бойынша облыс көш ба­сындағы үздік бестіктің санатында тұр. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағ­дар­ламаның арқасында облыста тек соңғы жеті жылда 400-ге жуық инвестициялық жобаның іске асырылуы 25 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызған. Тәуелсіздік жылдарында өңірде 4,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа 139 денсаулық сақтау нысаны салынды. Білім саласында мектепке дейінгі мекемелердің саны 76-дан 503 бірлікке дейін артты, 40-тан астам жаңа жалпы білім беретін мектеп ашылды. Мә­де­ниет пен өнер салаларында елеулі та­бысқа қол жеткізілді. Егер 1999 жылы 201 мәдениет мекемесі болса, ал 2011 жылы олардың қатары 480-ге дейін ұлғайды. «Мә­дени мұра» бағдарламасы аясында археологиялық, этнографиялық экспеди­ция жүргізілді, 20-дан аса ескерткіш, мүсіндер мен кесенелер қалпына келтірілді. Бұлардың барлығы – Ақтөбе облы­сы­ның Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесінде жеткен жетістіктерінің бір парасы. Бұл күні Мемлекет басшысы ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылы ішіндегі Алматы қала­сы­ның табыстарына арналған көрмені де  аралап көрді. Қала әкімі Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына экономикалық, әлеу­меттік және гуманитарлық сала­лар­дың дамуы жөнінде баяндай келе, облыс ішінде оңтайландырылған бастамаларға кеңінен тоқталды. Алматы – Орталық Азиядағы көшбас­шылық ұстанымға ие ірі мегаполис. Қазақ­стан халқының 10 пайызға жуығының Алматыға қоныстануы да көп жәйтті аңғартса керек. Қала Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын өндіреді және мемлекеттік бюджеттің барлық кірісінің 25 пайы­зын береді. 1993 жылы Алматының жал­пы өңірлік өнімі 2,1 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн. 271 млн. теңгеге жеткен. 20 жылдық мерзім аралығында қалада 10 млн. шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде соңғы бес жылда 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 2001-2011 жылдар аралы­ғын­да қалада 31 денсаулық сақтау нысаны салынды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қалада 35 мектеп тұрғызылды. Күн санап шағын және орта бизнесті да­мытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мәсе­лен, бүгінде Алматы қаласында 74 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектілері есепте тұр. Бұл салада 350 мыңға жуық адам, яғни еңбекке қабілетті тұрғындардың 50 пайызы қызмет етуде. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сына 16 өңірлік жоба енгізілген. 2010 жылы оның 4 жобасы іске қосылса, бү­гін­де Индустрияландыру картасына енгізілген тағы 38 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, биылғы жылдан бастап, Алматы қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа бағдар­ла­масы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қала басшысының айтуынша, бұл да  өңірдің дамуына ықпал ететін бағдарла­ма­лардың қатарына қосылмақ. Көрме аяқталғаннан кейін Мемлекет бас­шысы Бейбітшілік және келісім са­райы­ның Опера залында өткен Ақмола,  Ақ­төбе облыстары мен Алматы қала­сы­ның Гала-концертін тамашалады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.