18 Қараша, 2011

Тәуелсіздік технопаркі

580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Шығыс Қазақстан  облысының Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялық паркі» акционерлік қоғамынан фоторепортаж беріліп отыр.  Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қар­саңында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуы кеңінен аталып өтілді. Шындығында бұл бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы мойындап отыр­ған теңдесі жоқ оқиға еді. Ал одан кейінгі жерде кешегі атом полигонының астанасы атанған Курчатов қаласының енді бейбіт мақсатта жұмыс істей бастағанын баршамыз жақсы білеміз. Атом аждаһасының аузына құм құйылғанына жыл өтпей жатып Елбасы Жарлығымен сол Семей атом полигоны кешені базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Сонымен бірге, қазір Курчатовта ядролық технологиялар паркі жұмыс істеп тұр. Мұның алғашқысы ғылыммен айналысса, екіншісі сол ғылым жаңалықтарын іс жүзіне асыруда. Курчатовта технопарк салу мәселесі алғаш рет Елбасының 2003 жылғы Қазақстан халқына арна­ған Жолдауында көтерілген еді. Келер жылы-ақ ма­мандар оның жобасын техникалық-эконо­ми­ка­лық жағынан сарапқа салып, іске кірісіп кетеді. Арада екі жылдан соң Үкіметтің «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамын құру тура­лы шешімі шығады. Содан бері оны техника ғы­лы­мдарының кан­дидаты Абзал Құсайынов басқарып келеді. Акцио­нерлік қоғам президенті ең алдымен технопарк құрылысының уақытында іске қо­сылуы­на күш сал­ды. Технопарк ғимаратымен бірге қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысы қоса жүргізілді. Тегінде технопарктің алдына тиімді иннова­ция­лық инфрақұрылым мен жоғары технологиялық ком­панияларды қалыптастыра отырып, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы­на септесу міндеті жүктелген болатын. Со­ған орай қоғам өз алдына 2020 жылға дейін 20 жоғары технологиялық компания құруды мақсат етіп қойған еді. Соның бәрі ядролық, радиа­циялық және нанотехнологияларды іске қосу арқылы атқарылуда. Бүгінгі күні технопаркте консалтинг қызметі жұ­мыс жасап тұр. Оның міндеті бизнес-жоспар жасау, маркетинг зерттеулерін жүргізу, инвести­ция­лық жобалардың тиімділігін бағалау, кәсіп­кер­лік субъек­ті­лерге заңдылық және экономикалық жағы­нан жәр­демдесу, жарнамамен айналысу болып табылады. Айталық, әкімшілік-өндірістік, ЭЛВ-4 электрон­­­ды жеделдеткіш базасындағы радиациялық технологиялар кешендері, басқа да корпустар мен жүйе­лердің ұсынатын қызметтері сан алуан. Соның бірі – әкімшілік-өндірістік кешен өткен жылы іске қосыл­ған болатын. Мұнда бизнес-орталық, бизнес-инкубатор, лабораториялық өндірістік және офистік кең­се­лер, көрме және конференц-зал орна­лас­қан. Биз­нес-орталықта технопарк клиенттеріне қосым­ша қыз­мет көрсететін сервистік компаниялар жай­ғас­қан. Ал бизнес-инкубатардың міндеті техноло­гия­­лар­ды дамыту қызметін ұсы­ну, клиенттерге қажетті алаң тауып беру, оларға сондай-ақ қаржы және тех­ни­калық шешімдер іздестіруге жәрдем­десу. Өткен жылы кешен база­сында «Инно­вациялық технологиялар. Нақтылық және алдағы міндеттер» деген та­қы­рыпта алғашқы халықара­лық конференция өткізілді. Радиациялық технологиялар кешеніндегі жағ­дай да осындай. Бұл кешен бұрнағы жылы пай­далануға берілген болатын. Онда бірнеше өнді­рістік жүйелер орналастырылған. Электронды жеделдеткіш түрлі салада, атап айтқанда, полимерлерді тігу, медициналық бұйымдарды сүзгіден өткізу ісінде кеңінен пайдалануда. Қазіргі өндірісті озық технологияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Радиациялық технологиялар соның басты бірі болып табылады. Біздің елімізде өндіріске радиациялық технологияларды енгізу ЭЛВ-4 электронды жеделдеткішін іске қосу арқа­сында жүзеге асырылуда. Ал мұның техно­логия­лық мүмкіншіліктері орасан зор. Технопаркте «Табыс» деп аталатын венчурлық қордың құрылғанына төрт жыл болды. Оның иевестиция тартуда, озық инновациялық техноло­гия­лар алмастыруда маңызы ерекше. Технопарктегі мұндай жарқын істерді жалғастыра беруге болады. Болашақ жобалар туралы да әңгіме өз алдына. Сонымен бірге мұнда түрлі шетелдік компаниялар жемісті еңбек етуде. Ал кешегі кеңес заманында ол мүмкін бе еді? Қазірде технопаркте екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы жүз мың теңге мөлшерінде. Ал ертеңгі көрсеткіш бұдан да жоғары болатындығына еш күмән жоқ.   Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газеті­нің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.