18 Қараша, 2011

Дүбірге толы дүние

231 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жақтырмайтын жаққа бармаған жөн Ресейде Тәжікстанға қарсы науқан басталды. Елдің ақ­па­рат құралдары бұл елді ғайбаттаған хабарларын жиі­лет­ті. Ол Тәжікстанда екі ресейлік ұшқышқа сот болған соң күшейе түсті. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі сол сотқа байланысты қатқыл мәлімдеме жасады. Сірә, ақпарат құ­ралдары да, басқа ме­кемелер де осын­дай мәлімдеменің жасалуын күткен­дей, шулап қоя берді. Бүгінге дейін жақ­сы қарым-қатынас­та болған елді ғайбаттауда енді олар жарысқа түскендей. Алдымен жамандауға асыққан Қорғаныс министрлігі болды. Бұ­лардың Тәжікстандағы 201-ші әс­ке­ри базасында 5,5 мың адам қыз­мет етеді. Оған дейін оның 3 мың­дайы әскерге шақырылғандар болады екен. Енді онда тек келісім-шартта тұрғандарды ғана жібереміз дегенді айтады. Басты себеп – жергілікті халық Ресей әс­ке­ріне қарсы көрінеді. Жас жігіттерді, өздерінше қамқоршы болып, он­дай жерге жібермегеніміз дұ­рыс деп база басшылары көлгірсиді. Рас, олар жергілікті халықтың нендей айып тағатынын да жа­сыр­майды: солдаттар «арақ ішеді, төбелеседі және боқтасатын» кө­рінеді. Сондай-ақ, әскерилер ұр­лан­ған жанар май, автобөлшектер сатып, жергілікті халықты әскери мүлікті ұрлауға арандатады екен. База басшыларының айтуынша, бұл айыптың көпшілігі «түкке тұрмайды». Сірә, олар жергілікті халық үшін «арақ ішу, төбелесу, боқтасу» түкке тұрмайтын нәрсе емес екенін ұқпаса керек. Басқа елге барған екенсің, сол елдің тәртібіне бағын, ұнатпасаң барма, деуге болар. Бірақ Ресейге сол елде база ұстаған керек. Тә­жік­тер үшін емес, өздері үшін. Сондықтан да тәжіктермен тіл та­бысқаны жөн-ақ. Ал бұлар онда өктем жүргісі келеді. Баяғы ке­ңес­тік замандағыдай. Тәжікстан­ның тәуелсіз ел екенін мойы­н­да­ғысы жоқтай. Ал жаңа дауға себепші болған екі ұшқышты соттауға келетін бол­сақ, тағы да сол «ағалықтың» көрінісі. Оқиға былай өрбіген. Осы жылғы наурыз айында Ау­ған­станда жұмыс істеген екі АН-72 әскери ұшағының экипажы Кабул әуежайындағы келісім-шарт­тары бітіп қалған соң, одан арғы тағдырларын айқындап алу үшін Тәжікстанға ұшып шығады. Қор­ғантөбе әуежайында оларға қо­ну­ға рұқсаттың жоқтығын айтады. Ұшқыштар қай­та­­­­­­дан Кабулға ұшу­ға жанар майы жетпей­тіндіктен, амал­сыз қонуға рұқсат сұ­рай­­­ды. Жерде олар­ды кеденшілер мен шек­ара­шылар тексеріп, ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің адам­дары оларды тұт­қын­ға алады. Арада бір ай өткенде, ұш­ақ командирлеріне айып тағы­лып, басқа мүшелері босатылады. Енді, міне, қазан айында сот болып, ресейлік Владимир Садовничий және Эстония азаматы Александр Руденкоға «контра­бан­да­лығы, шекарадан заңсыз өткені және халықаралық ұшу ережелерін бұзғаны» үшін деген айып та­ғып, сот оларды 10 жылға сот­та­ған екен, президенттің рақым­шы­лық жарлығына байланысты оны 8,5 жылға түсіріпті. Ал прокуратура 13 жылға соттауды сұраған. Ресей жағы, мүдделілер үкім негізсіз, куәлер жоқ дегенді ай­та­ды. Контрабанда дегенін кім біледі, ал шекараны заңсыз өткені, халықаралық ережені бұзғаны ай­қын. Рұқсатсыз ұшып келу басын­ғандықтың асқынған түрі екені даусыз. Әлемдік тәртіп бойынша, контрабанда дәлелденсе, сол екі ұшақты да Тәжікстан тәркілейді. 7 ай бойы үндемей келіп, сол ұшақ­тардан айырылатын болған соң, шу шықты. Сол ұшақтардың иесі Rokan Investinens Ltd компа­ния­сы Ресей СІМ-іне іске аралас­пай­сың деп өкпелеген де еді. Министрлік алғашында дәлелдерің жоқ деп компанияға ұрысқан. Бірақ, енді миинстр С.Лавров бас болып, күрт өзгерді. Сірә, жоға­ры­дан Тәжік­стан­ды «тәубесіне келтіру» жө­нінде нұсқау болған-ау шамасы. Тәжіктерді, олардың басшы­ла­ры Эмомали Рахмонды ғай­бат­тау­дың барлық жолдары да іске қо­сылды. Ресей ақпарат құрал­да­ры тәжік оппозициясына сөз беріп, олар аянып қалмауда. «Известия» газетінде жарияланған мақала­сын­да «қоғам қайраткері» Дододжон Атовуллаев деген өз елін, президент Рахмонды біраз жамандаған. Тәжіктерге қарсы науқан қы­­зып тұр. Оған президент Д.Мед­ве­девтің өзі қосылды. Бас сани­тарлық дәрігері Г.Онищенко дегені тәжік миграциясына тыйым са­лу­ды ұсынады. Қазір Ресейден 100 тәжікті қуу туралы шешім қабыл­дан­ды, жаппай тексеріп жатыр. Бұл науқанның қаншаға созы­ла­ры белгісіз.   Үкімет өзгергенмен, қиындық кете қоймас Бүкіл әлемді шулатқан Грекиядағы экономикалық күйзе­ліс кезінде ел үкіметін басқарған Георгиос Папандреу қыз­ме­тінен кетіп, оның орнына белгілі қаржыгер Лукас Пападимос премьер-министр болып тағайындалды. Сірә, Папандреу­ге, оның ПАСОК партиясына халық­­тың өкпесі қара қа­­зандай. Ол қиын­дық­­­тан шығудың жо­лын таппады. Еу­­­ропа бұл елге қар­­­жылық көмек көрсетуден аянған жоқ: қарыз да берді, сол қарыз­­­да­рын кешіріп те жатты. Бірақ жағ­дай оңалмады. Экономика құлды­­рай берді. Бюджетті қысқанға ха­лық қарсылық білдірді. Үкіметтің сол халықтың көңілін табамын деп, тіпті оларды алдарқатқандай бо­­­­­лып, елді еуро аймағында қалу-қал­­­мауы жөнінде референдум өт­кізуді ұсынғаны суға кеткеннің тал қар­­­мауындай еді. Бұдан кейін оның билікте қалуы екіталай болатын. Ендігі үкімет коалициялық бол­мақ, оны ұлттық бірлік үкіметі деп атап отыр. Оған қарсылық та аздау болар. Біріншіден, жұмы­сын енді ғана бастағандарға өкпе де айта алмайсың, олардың қыз­ме­тіне баға беру үшін біраз уақыт керек. Одан соң, халық қарсылық жасаудан да әбден шаршап, мезі болғандай. Жаңа премьер елге де, Еуро­паға да белгілі қаржыгер қайрат­кер. Сегіз жыл елдің бас банкін басқарған соң, 2008 жылдан 2010 жылға дейін Еуропалық орталық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол елді де біледі, Еуропаны да біледі. Оның пікірінше, еуролық аймақта қалу ғана Грекияны құрдымға кетуден құтқарады. Осы аймақта болу ғана бұл елге қаржылық тұрақ­ты­лыққа, экономикасын қайта құру­ға мүмкіндік береді. Бұрынғы премьер Папандреу өзі қайыр сұрағандай болып жүрсе де, Еуроодақ талап­та­­­рын бірде тыңдап, бірде тыңдам­аған­­дай болып, бұлта­лаққа да салатын. Пападимос бірден үкіметтің бағыт-бағдарын айқындады, жұртқа жағатын арзан саудаға бармады, Еуроодаққа арқа сүйейтінін ашып айтты. Осы жерде Еуропаның да бұл елге жасаған жақсылығын айта кеткен жөн болар. Бұрынғысын айтпа­ған­да, осыдан тура үш апта ғана бұрын Еуроодақ елдері Грекияға 100 миллиард еуро қосымша көмек беріп, бұрынғы 360 миллиард еуро қарызының жартысын кешу жөнінде шешім қабылдаған. Бұл енді теңдессіз көмек. Әрине, үкіметке жаңа басшы келіп, оның бағыты түбірлі өзге­ріп жатқанда, үкімет кабинетінде айтарлықтай өзгеріс болуы заңды. Таратылған ақпараттарға қар­а­ған­да, ішкі істер, әділет министрлері, үкіметтің арнайы өкілі өзгеретіні анық көрінеді. Дәл қазіргі таңда, елдегі ең маңызды қаржы ми­нистрлігінің басшысы Эвангилос Венизелос ауыспайды екен деген сөз бар. Ол соңғы кезде ғана тағайындалса керек. Жаңа үкімет жаңалық әкелуге тиісті дейміз. Оның нәтижесі де болар. Бірақ өз басына түскен қи­ындықтан Грекия әлі біразға дейін арыла қоймас. Қалай дегенде де, гректердің жалғыз қалмай, бү­кіл Еуропаның қамқорында бо­луы бақыты шығар. Ортақ үй осындайда керек-ау. Мамадияр ЖАҚЫП.