18 Қараша, 2011

«Ұлттық валюта барлық сынақтан сәтті өте отырып, кәмелеттік жасын ойдағыдай қарсы алды»

1183 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Дина ҒАЛИЕВА: Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді Ұлттық ақшаның тарихы – бұл әрқашан да ел тарихының маңызды бөлігі. Қазақстан үшін де, бұрынғы кеңестік кеңістік мемлекеттері үшін де өз төл валютасын енгізу республикаға өзінің толыққанды экономикалық саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берген егемендікті құрудағы ақырғы және фор­мальды емес қадам болып табылды. 18 жыл бұрын көптеген елдер үшін рубль аймағынан шығу барлығына ортақ елден байланысты үзілді-кесілді кесетін қауіпті қадам болып көрінгенімен, теңгенің енгізілуі оң көзқараспен қабыл­дан­ды. Қарапайым тілмен айтқанда, өз валютамыз шаруашылық субъектілерінің де, халықтың да ақшалай қатынастарын ретке келтіруге, дос болғанымен, басқа елдің эмиссиялық орталығына тәуелсіз болуға мүмкіндік берді. Сон­дықтан болар, халық арасында 15 қараша – Теңге күні болып аталып өтеді. Бұл күн ресми түрде «қызыл» күн болмағанымен, қаржыгерлердің кәсіби мерекесі деп аталып өтеді, егер қалтаңызда, әмияныңызда, шотыңызда немесе карточкаңызда ұлттық валюта болса, атап өткен айрықша жақсы. Бүгінгі күндері біздің валютамыз – теңге туралы бәрін білетін секілдіміз. Бірақ осы күні біз ұлттық ақшамыз туралы тағы да әңгімелемекпіз. Ең абзалы – ол туралы кәсіби маманмен әңгімелесу. Біз ол жайында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Дина ҒАЛИЕВАНЫ әңгімеге тарттық. Функциялар да, дизайн да – Дина Төлеубекқызы, адам өлшемімен ал­сақ, теңге биыл кәмелеттік жасқа жетеді. Бұл ан­ықтаманы ақшаға қатысты алар болсақ, қар­жы­гердің пікірінше, валютаның кемелділігі қалай бағаланады? – Егер ойыңызды жалғастырар болсам, адам сияқты валютаны да сыртқы түріне қарай қарсы ала­ды да, жеке әрі кәсіби қасиеттеріне қарай бағ­а­лай­ды. Демек, ұлттық валютаны дизайны мен қор­ғаныш дәрежесіне қарай ғана емес, ақша ретіндегі негізгі қызметтерін қаншалықты жақсы атқарғанына қарай бағалайды. Бүгінгі күні теңге толыққанды ұлттық ақша бірлігі ретінде толығымен қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Ол ақшаның барлық функцияларын орындауда және құн шамасы; айна­лыс құралы; төлем құралы; жинақтау құралы болуда. Яғни, теңге нарықтағы түрлі тауарлар мен қы­з­меттердің құнын өлшеуге мүмкіндік береді. Ақша айналысында теңге мәмілелер жасауда сатушыдан сатып алушыға дейінгі тауар қозғалысында «делдал» рөлін атқарады. Теңге – түрлі төлемдер, оның ішінде жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, са­лық­тарды, айыппұлдарды төлеу кезінде төлем құра­лы. 18 жыл ішінде жинақтаушы, оның ішінде депозиттер түріндегі рөлі де айтарлықтай өсті. Мысалы, соңғы он жылда теңгемен депозиттер үлесі олардың жалпы көлемінде 2001 жылдың соңындағы 36%-дан 2011 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойын­ша 67,1%-ға дейін өсті. Ұлттық валюта банкноттары мен монетала­ры­ның дизайнына келер болсақ, Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайының ең алдыңғы қатарлы технологиялар пайдалануының және дайындау сапасының жоғары болуының арқасында теңге беделді көрме­лер мен түрлі конкурстарда лайықты бағасын алуда. Мәселен, 2007 жылы Валюталық мәселелер жөнін­дегі халықаралық қауымдастық конкурс ұйым­дас­тырды, оған ҚР Ұлттық Банкі 2006 жылғы үлгідегі банкноттарымен қатысты. «Ең үздік жаңа банкнота» номинациясында I орын 10 000 теңгелік банкнотаға берілді. Ұлттық Банк 2007 жылы монета өнімінің «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына қатысты, онда 16 елден 39 монета ұсынылды. Бұл маңызды нумизматикалық конкурс монета сарайлары немесе мемлекеттік әкім­ші­ліктер соққан ең әдемі монетаны марапаттайды. Бірінші жүлде монетаның эстетикалық аспектілері мен тақырыптық мәні үшін беріледі. Бұл конкурсты ҚР Ұлттық Банкі «Ғарыш» монетасымен жеңіп алды. «Көшпенділер алтыны» сериясынан Қазақ­стан­ның «Шабандоз» монетасы «Жылдың күміс моне­тасы» номинациясында, ал «Қазақстанның өсімдік әлемі» сериясынан «Регель қызғалдағы» монетасы «Монета – ең жақсы сыйлық» номинациясында же­ңіп шықты. Сондай-ақ ол «Монета жұлдызда­ры-2007» ТМД және Балтық елдерінің ең үздік монетасы конкурсында көрермендер көзайымы жүлдесін жеңіп алды. 2009 жылы ҚР Ұлттық Банкі «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына және «Монета жұлдыздары-2009» ескерткіш моне­та­лардың халықаралық конкурсына (Ресей) қайта қатысты. Біздің «Диадема бөлігі» ескерткіш күміс монетамыз «Бірегей идеялық шешім» номина­ция­сында ІІ орын алып, «Монета жұлдыздары-2009» конкурсы қазылар алқасының шешімімен дипломмен марапатталды. «Шыңғыс хан» ескерткіш күміс монетасы 2009 жылы Италияда II орын алды. Ол «монетаның бет жағы сырт жағындағы Шыңғыс хан­ның айқын бейнесімен үйлесімді жасалған» көр­кемдігі үшін аталып өтті. Қазылар алқасының шешімімен монета «Vicenza Numismatica» жүлдесімен ма­рапатталды, ал 2010 жылы Берлинде өткен дүние­жүзілік ақша көрмесінде «Тарихи тақырып бойын­ша ең үздік монета» номинациясында «Жыл моне­тасы» наградасын алды. Теңге өткен жол кезеңдері – Қазақстан ұлттық валютасының 18 жыл­­дық тарихында бірнеше күрделі кезеңдер болды, олардың күрделілік рейтингісін жасасаңыз қай кезеңді теңге тарихындағы ең күрделі кезең деп атар едіңіз? – Әр кезеңде түрлі міндеттер шешілді. Соған бай­­ланысты қазір қайсысының күрделі болғаны ту­ралы емес, барлық қиындықтарды теңгенің еңсере алғандығы маңызды. Мәселен, теңгенің қалыптас­қан алғашқы жылдарында ақша-кредит және эко­но­микалық саясатта Үкімет пен Ұлттық Банк үшін: инфляцияны біртіндеп төмендету және өндірістің құл­дырауын тоқтату бірінші кезектегі міндеттер болды. Бұл міндеттерді шешу үшін құрылымдық қай­та құруға және қатаң макроэкономикалық сая­сатқа бағыт алынды. Бұл саясат инфляция деңгейін 1992 жылғы 250%-дан 1994 жылы 126%-ға дейін және 1995 жылы 6,3%-ға дейін төмендетуге мүм­кін­дік бергенін естеріңізге сала кетейін. ҚР ҰБ қайта қаржыландыру ставкасы 1994 жылғы ең жоғарғы 300%-дан 2000 жылы жылдық 14%-ға дейін тө­мендеді. Соңғы жылдары ол 10%-дық көрсеткіштен аспай, қазіргі кезде 7,5% құрап отыр. Теңге және ұлттық қаржы жүйесі дамуының мынадай негізгі кезеңдерін бөліп көрсетуге болады. • 1-кезең. Екі деңгейлі банк жүйесін құру және банктік қадағалауды дамыту (1993-1998). • 2-кезең. Инфляцияны төмендету және тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу (1996-1999). • 3-кезең. Қаржы жүйесінің дамуын жылдамдату (2000-2007). • 4-кезең. Әлемдік қаржы дағдарысы және дағдарыстан кейінгі даму (2007-қазіргі уақыт). Теңге қолданылған он сегіз жыл ұлттық валюта­ны енгізудің тарихи қажеттігін растағанына ешкім күмән туғызбайды деп ойлаймын. Жас валюта уа­қыт сынағынан сәтті өтті. Ол әлемдік екі қаржы дағ­дарысына, мұнайдың әлемдік бағасының айтар­лық­тай құлдыраған, сол сияқты көтерілген кезеңдеріне де төтеп берді. Ол халықтың сеніміне ие болды. Теңгенің енгізілуі нарықтық экономиканың қа­лып­тасуын жылдамдатқаны сөзсіз. Республикамыз мемлекет өмірінің әлеуметтік, экономикалық және саяси саласының дамуында едәуір жетістіктерге жетті. Жаһандық тәуекелдер іске асырылған жағдайда – Қолайсыз сыртқы жағдайды, ХВҚ сияқты институттардың жаһандық экономиканың да­­муы жөніндегі пессимистік болжамдарын ескере отырып, қазіргі кезеңге қандай сипаттама беріп, осыған байланысты Ұлттық Банктің қандай мін­деттерін атап өтер едіңіз? – Расында, қазірге кезде әлемдік экономикадағы ахуал тұрақсыз күйінде қалып отыр. АҚШ-тың және Еуропалық одақтың кейбір елдерінің макро­эко­но­микалық дамуындағы проблемалар осының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соған қара­мас­тан қазіргі уақытта әлемдік экономикада қалыптас­қан ахуал – 2008-2009 жылдары басталған дағда­рыс­тық құбылыстардың жалғасы. Жаһандық қар­жы-экономикалық дағдарыс жалпы әлемдік ау­қым­да, сол сияқты ұлттық деңгейде де қаржылық қаты­настардың қолданыстағы үлгілерінің кемшіліктерін көрсетті. Әлсіз жақтар мемлекеттік реттеу құры­лы­мында да, қаржы институттарының өздерінің қыз­ме­тінде де анықталды. Қазақстан, жалпы алғанда, дағдарыс кезінде туындаған проблемаларды табысты еңсере алды. Қаржы секторының тұрақты дамуын сақтай алдық, нақты экономикаға қолдау көрсеттік, жұмыссыз­­­дық­ты төмендете алдық. Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында шешімі Ұлттық Банк тарапынан да, Үкімет тарапынан да ерекше күш салуды талап ететін бірқатар міндеттер тұр. Қазіргі дағдарыстың сабақтарын ескере отырып, әлемдік экономикадағы тәуекелдер іске асырылған жағдайда Қазақстанға ықтимал теріс әсерлерді ба­рынша азайту жөніндегі шаралар қабылданған бо­­ла­тын және олар қазір де қабылдануда. Ұлттық Банк­­тің құзыреті шеңберіндегі орта мерзімді ке­зеңге ар­налған шаралар жыл сайын әзір­ле­­­­­не­­­тін ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарында көр­­сетілген. Ұзақ мерзімді сипат­тағы ша­ралар ҚР Пре­зи­дентінің 2010 жыл­­­ғы 1 ақ­пан­­дағы № 923 Жарлы­ғымен бекітілген Қазақ­­­­­­­стан­ Респуб­ликасының қаржы секто­­­рын дағ­да­рыс­тан кейінгі кезең­­­­де да­­­­­мыту тұ­жырымдамасында көзделген. Ұлттық Банк ақша-кредит сая­са­тын әзірлеу және жүргізу кезінде ішкі және сыртқы экономикалардағы аху­­ал­ға үнемі мониторинг және талдау жүр­­­­гізеді, Қазақстандағы макро­эконо­ми­­­­калық ахуалға теріс әсер етуі мүмкін ықтимал тәуекелдерді баға­лай­ды. Бұл ретте экономиканың іш­інде, сол сияқ­ты одан тыс орын алып отырған және әлеуетті тәуекелдерге қарамастан баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету ақша-кредит саяса­ты­ның негізгі мақсаты болып табы­ла­ды. Қаржы секторының тұрақтылы­ғын және ұлттық валю­та­ның орнық­тылығын қамтамасыз ету мәселелері де Ұлттық Банк үшін стра­­­­­тегиялық міндеттер болып табылады. Тиісінше, бұл бағыттағы шаралар тұ­рақты түрде қабылданады. – Биылғы күзде валюта нарығында қандай үрдістер басым болуда, отандық валютамыз қан­шалықты орнықты және Ұлттық Банктің тұ­рақтылықты сақтау жөніндегі құралдары мен мүмкіндіктері қандай? – 2011 жылғы қыркүйекте теңгенің АҚШ дол­ла­рына қатысты әлсіреуі байқалды. Қазанда теңге тұ­рақ­ты болды, бұл ретте бағамның аздап нығаюы бай­қалады. Сондай-ақ Ұлттық Банк теңге бағамын қа­лыптастыруға барынша аз қатысады. Алайда теңге­нің айырбастау бағамының күрт тұрақсыз­дан­дырғыш дүмпулерінің алдын алу үшін және тұ­рақ­тылықты сақтау мақсатындағы шараларды Ұлттық Банк қа­былдауда және алдағы уақытта да қабылдай бермек. Долларға байланыстыра отырып… – Ұлттық валюта экономиканы доллар­лан­дыру көлемін барынша азайта алды, мұндай міндет бо­­­ла­шақта да қойылып отыр ма? Бұл проб­леманың тең­геден оның құрылған сәтінен бастап қалмай келе жатқандығы белгілі және ол туралы сарапшылар да үнемі айтуда. Қазір барлығы түсінікті болғаны­мен, бұл жаһандық эконом­и­ка­ның да проблемасы ғой… – Тұтастай алғанда, экономиканы долларсыз­да­н­дыру – орталық банк тарапынан үнемі назарды талап ететін айтарлықтай ұзақ үдеріс. Көп нәрсе істелді, алайда бұл бағытта алда талай жұмыс бар. Мә­селен, 2011 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойын­ша рези­­денттердің шетел валютасында номинирленген екінші деңгейдегі банктердегі депозиттері депо­зит­­тердің бү­­­­­­кіл сомасының шамамен 33%-ын құрайды. Бұл ретте шетел валютасындағы депо­зит­тердің үлесі біртіндеп төмендеп жатқанын атап өт­кен жөн, бұл халықтың тең­геге және банк жүйесіне деген сен­і­мінің артқанын білдіреді. 2009 жылдың соңында шетел ва­лю­тасындағы депозиттер шамамен 44%-ды құ­ра­ғанын ес­теріңізге сала кетейін. Демек, төмендегені айтпаса да белгілі. …Рубльмен үйлесе отырып – Кеден одағы құрылғаннан кейін теңгені долларға таңумен қатар көбіне рубльмен қатар қоя бастадық. Валюталардың әрқайсысы өз ва­­­люталық дәлізінде қозғалғанымен, көптеген оқ­ырмандарда теңге рубльмен резонанста болмай ма деген сұрақ туындайды, себебі бағамдар Кеден одағы шеңберінде өзара байланысуы мүмкін? Осыған байланысты Ұлттық Банктің ақша-кре­дит саясатын байланыстыру қажет болмай ма? – Ең алдымен, айырмашылықты атап өту қажет. Қазақстанда Ресейдегідей валюталық дәліз емес, ұлт­тық валютаның өзгермелі айырбастау баға­мы­ның режімі қолданылатынын естеріңізге сала кетейін. Осы­­­ған қарамастан, теңге мен рубль іс жүзінде әрқашан бір бағытта қозғалуда. Осылайша, олар бір-бірімен айтарлықтай өзара байланысқан. Бұл Ре­сейдің де, Қа­­­­зақ­станның да валюталарының белгілі бір дәрежеде мұ­найдың әлемдегі нарықтардағы бағаларының жай-күйіне байланысты. Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі­мен екі валюта да нығаяды, мұнай бағасының түсуімен – әлсірейді. Бұдан басқа, Қазақстан мен Ресейдің саяси және өзара сауда қарым-қатынастары айтарлықтай тығыз. Бұл елдерімізде экономикалық саясат жүргізу кезінде белгілі бір із қалдыратыны сөзсіз. Соған қара­мас­тан, өз жолымызды таңдауда біз тәуелсізбіз, ал Кеден одағының құрылуы айтарлықтай тығыз ықпал­дасуға, оның ішінде ақша-кредит және валюта саясаттарын жүргізу мәселелерінде ықпалдасуға жәрдемдесетін болады. Ақша-кредит саясатын жүргізу мәселесі бойын­ша Кеден одағына мүше мемлекеттер орталық банк­те­рінің ақша-кредит саясаттарын қатаң өзара бай­ланыстыру мәселесінің қойылмағанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта мемлекеттердің макро­эко­но­ми­калық саясаттарын келісу жөнінде жұмыс жүргі­зілуде. Бұл макроэкономикалық тұрақты­лық­ты және елдердің экономикаларын дамытуды қам­тамасыз ету­ге, экономикалардың жұмыс істеуінің бірыңғай қа­­­­ғи­­даттарын қалыптастыруға бағыт­тал­ған іс-ша­­ра­ларды жүргізуді, сондай-ақ негізгі мак­роэконо­ми­ка­­­лық көрсеткіштердің өлшемдерін келісуді болжайды. Ұлттық банктің резервтері 32 миллиард доллардан асты – Ұлттық Банктің ақпаратына сәйкес елі­міз­дің де, Ұлттық Банктің өзінің де АВР-і дағдарыс­тан кейінгі кезеңде тұрақты түрде өсуде. Қазіргі кезде оның құрылымы қандай және бағам­дар­дың жоғары құбылмалылығы мен алтын актив­тердің құнын ескере отырып ҚР ҰБ-ның саясаты қандай болмақ? – 2011 жылы Қазақстанда халықаралық резерв­тердің өзгеру динамикасы өсудің оң қарқынын көр­се­туде. Мәселен, 2011 жылғы 10 айда тұтастай ал­ғанда елдің халықаралық резервтері, Ұлттық қор­дың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (42,4 млрд. доллар) 26,6%-ға өсті және 2011 жылғы қазанның аяғындағы жағдай бойынша 75 млрд. дол­лар болды. Ағымдағы жылғы үшінші тоқсанның аяғында Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің жалпы көлемі 32 миллиард долларға жуық болды және портфельдік бөлу мынадай болды: инвес­ти­ция­лық портфель (70%), өтімділік портфелі (17%), алтын портфелі (12%), стратегиялық портфель (1%). Ең ірісі инвестициялық портфель болып табыла­ды, оның қосалқы портфельдері еурода (35%), АҚШ долларында (30%), жапон йенасында (30%), британ фунттарында (10%), австралия долларында (5%), канада долларында (5%) және корея вонасында (5%) номинирленді. АВА-нің сақталуын және жоғары өтімділігін қамтамасыз ету үшін олар көп дәрежеде дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестицияланды. Сонымен бірге, ҚР ҰБ қаржы нарықтарын талдау бойынша және алтын-валюта активтерін әртараптандыру мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізетінін атап айту қажет. Ақша айналымы заңы: Талап етілетіннен аз да емес, көп те емес – Экономикадағы ақша айналысының жыл­дам­дығы – экономика жағдайының маңызды си­пат­тарының бірі. Теңге қандай жылдамдықпен айналады және «тоқырау» пайда болмас үшін, «қаныаздыққа» ұшырамас үшін, немесе керісінше «ақша» қысымы өсіп кетпеуі үшін Қазақс­тан­ның экономикасына қанша ақша қажеттігін қа­лай анықтауға болады. Бұл сұрақты студент Әлия қойды, ол осы тақырып бойынша реферат дай­ын­дау үстінде және сіздің жауабыңызды пайдалан­ғысы келеді. – Студенттің рефератына көмектесуге тыры­сай­ын. Сонымен, ақша айналысының жылдамдығы – бұл мәмілелерге қызмет көрсету кезіндегі ақша ай­­­налымдарының жылдық орташа саны. Ақша айна­­­лысы жылдамдығының өзгеруі көптеген фак­тор­ларға байланысты, атап айтқанда экономикалық дағда­­­рыс­қа және экономикалық құлдырау, өсу қар­қынына, инфляция деңгейіне, кредиттің даму де­ң­гейіне, қолма-қол жасалмайтын есеп айырысуларға, есеп айыры­­су­­­ларды автоматтандыруға, төлем айна­лы­мы құрылы­­­­мына және т.б. Оның ішінде, 2011 жылғы маусымның аяғындағы жағдай бойынша ақша айналысы жыл­дамдығы 2,53 болды, бұл ретте, 2010 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 2,57 дең­гей­інде белгіленген. Жалпыға ортақ пікір бойынша ақша көптік етпейді. Алайда эко­но­ми­ка үшін бұл пікір мүлде қайшы: ақша экономиканың өзіне қаншалықты қа­жет болса, соған тепе-тең болуы керек. Эконо­микадағы ақша көлемі көп­теген факторларға тәуелді және елдер арасындағы айырмасы барынша күш­ті екендігін атап айтамын. Тұтастай алғанда, елдегі экономиканың номи­нал­дық өсу қарқыны ақша массасы­ның өсу қарқынымен салыстырмалы болуы керек. Егер ақша массасының өсу қарқыны эконо­­микалық өсу қар­қы­нынан асып кетсе, әдетте, ел эко­номикасында инфляциялық қысым­ның күшеюі байқалады. Кері құбылыс жүр­ген кезде, ол нарықта қолма-қол ақша­ның жетіспеуіне және тиісінше эко­­номикалық өсудің қарқынын тежеуге әкеліп соқтыруы мүмкін. Біздің баға­­лауымыз бойынша Қазақстанда ақша массасының қазіргі деңгейі эко­номи­­ка­ның қазіргі деңгейіне бара-бар болып табылады. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы қыркүйекте ақша массасы 3,2% - 9820,9 млрд. тең­геге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері өсу 15,8% бол­ды. Айналыстағы қолма-қол ақшаның көле­мі 0,5% өсті және 1260,7 млрд. теңге болды. Жыл басынан бері 9,8%-ға өсті. Осы кезеңде банк жүйесіндегі депозиттер сондай-ақ 3,6%-ға, 8560,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері – 16,7%-ға өсті. Бұл ретте, ақ­ша мас­­­са­сының құрылымындағы депозиттердің үл­есі депозиттердің өсу қарқынының айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырған­­да алда болуы салдарынан 2011 жылғы тамыздағы 86,8%-дан 2011 жылғы қыркүйекте 87,2%-ға дейін өсті. Біздің есептеулеріміз бойынша, қазіргі кезде экономикадағы ақшаның көлемі жеткілікті болып табылады. Елде қалыпты ақша айналымы байқа­лады. Сондықтан Ұлттық Банк экономикаға қосым­ша ақша құюдың қажеті жоқ деп санайды. Ең басты күндер мен адамдар – теңге қатарында – Соңғы кезде теңгенің банкноттары мен монеталары қатарында көптеген жаңалары пайда болды. Бұл ел тарихындағы маңызды оқи­ға­лар мен күндерге ғана қатысты ма? Әлде осы­лайша, ақша қатары жаңартыла ма? Осыған бай­ланысты сұрақ – ескі дизайнмен шыға­рыл­ған ақша айналымнан шығып қалмай ма? – Бұл нақты пайымдау емес: банкнот және монеталар қатарында – жаңа номиналдар жоқ! Есте қа­латын, мерейтойлық күндерге және жалпы­мем­ле­кет­тік мәні бар оқиғаларға арналған банкноттар мен монеталар ғана бар. Олар да номиналдық құны бой­ынша заңды төлем құралдары болып табылады. Қол­даныстағы дизайнның айналыста жүрген банк­нот­тары мен монеталары айналыстан алынбайды. Жаңа дизайнның ескерткіш банкноттары айналысқа шектеулі таралыммен шығады және, әдетте, оларға Ұлттық Банк ұлттық валютаға арналған жаңа қорғаныш элементтерін сынақтан өткізеді. – Егер бұл мемлекеттік құпия болып табылмаса, ҚР ҰБ банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес жыл аяғына дейін «премьералар» тағы бола ма? – Жыл аяғына дейін «Шығыс күнтізбесі» серия­сынан «Ұлу жылы» ескерткіш монетасын және Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына арналған монета­лар­ды шығару жоспарлануда. Ұлттық Банк қолда­ны­­лып жүрген практикаға сәйкес БАҚ-та ұлттық валютаның коллекциялық және ескерткіш ақша белгілерін шы­­ғару туралы олар шығатын күні ресми жариялайды. Бүктелгеннен ештеңесі кетпейді! – Оқырмандардың сүйікті сұрағы. Әр түрлі номиналдардың банкноттары ұзақ өмір сүре ме және біздің ақшамыз үнемі таза қалпында болу үшін ҚР ҰБ құрылымдары қандай жұмыс жүргізеді? – Банкноттардың орташа қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 5 жылға дейін. Банкноттардың қызмет көрсету мерзімінің ұзақтығы оның номиналына байланысты. Айналыста номиналдары төмен банкноттар 6 айдан 8 айға дейін жүреді, ал ірілері 5 жылға дейін. Әр банкнот айырықша өңдеу әдісінің нәтижесінде 2000-нан 4000-ға дейін бүктеуге төзеді. Әрине, барлығы да ең алдымен купюраның номина­­лына және оны пайдалану тәсіліне байланысты. Банкнот банк ұяшығында өз қалпында жатса оның жөні басқа, ал бір әмияннан басқасына ауысып жүрсе – ол басқаша. Бірақ Ұлттық Банк тозған, ластанған, жыртылған, желімделген банкноттар мен ақаулы монеталарды қолма-қол ақша айналысынан алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Бұл ақша қатарының тазалығын да қамтамасыз етеді. – Халық та, бизнес те барған сайын төлемнің қолма-қол жасалмайтын нысанын көбірек игеруде. Оның ішінде – төлем карталары және электрондық ақша. Қолма-қол жасалмайтын төлемнің көлемі қолма-қол төлемге қатынасы бойынша тепе-теңдігі қандай? – Қолма-қол жасалмайтын төлемдердің және электрондық ақша сияқты инновациялық төлем құралдарының дамуы ҚР ҰБ қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Ұлттық Банк 2010-2011 жылдары электрондық ақшаның құқықтық мәртебесін заңды түрде бекіту және төлемдерді жүзеге асыру үшін оларды шығару мен пайдалану кезінде туындайтын құқықтық қатынас­тарды реттеу мақсатында Парламент Мәжілісінде және Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселе­лері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын келісу бойынша жұмыс жүргізілді. 2011 жылғы 21 шілдеде бұл заңға ел Президенті қол қой­­ды. Ұлттық Банк сондай-ақ электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу тәртібін реттейтін, сондай-ақ олардың эмитенттеріне және Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша жүйелеріне талаптарды белгілейтін тиісті заңға тәуелді актілерді әзірледі және бекітті. Осылайша, қазіргі кезде Қазақстан банктерінің электрондық ақшаны шығаруға және олардың айналысына арналған қажетті құқықтық база дайындалды. Сондай-ақ төлем карточкалары нарығын дамы­туға үлкен көңіл бөлінеді. Тұтастай алғанда, 2011 жылдың 9 айында қазақстандық эмитенттердің тө­лем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын тө­­­­­­лемдер көлемі 3 046,2 млрд. теңге сомасына 111,3 млн. транзакцияны құрады. Бұл ретте қолма-қол жасалмайтын төлемдер жалпы санның және сома­ның тиісінше 19,9%-ына және 13,5%-ына сәйкес келеді. Со­­­ны­мен бірге Қазақстанның қаржы институттары төлем кар­­­точкаларына қызмет көрсету желісін ке­ңей­ту жө­­­нін­де тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Мә­се­лен, Қа­зақстанда 2011 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ақы төлеуге төлем карточкаларын қабыл­дай­тын 11 657 сауда кәсіпорны жұмыс істейді, олар 17 704 сауда нүктесінде төлем карточкаларына қыз­мет көрсету үшін жабдықтарды орнатты. Төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі 2011 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мынадай түрде берілді: 7 920 банкомат, 27 579 POS-терминалы және 616 импринтер. Қолма-қол жасалмайтын төлемдер көлемінің өсуі мен айналыстағы қолма-қол ақша массасы көлемінің азаюы қолма-қол жасалмайтын есеп айырысулардың инфрақұрылымдарын пайдалануда қолайлы, қауіпсіз және қымбат емес жағдай жасауға байланысты және тұтастай алғанда халықтың есеп айырысудың осы нысанына көзқарасының оң өзгерісімен байланысты. Осы бағыттағы қозғалыс әзірше ойдағыдай деңгейде қарқынды болма­ға­нымен үдерісті барынша оң сипатта деуге болады. Жасандылыққа жол бермеу – Ақшаны қолдан жасау – барлық валютаға ортақ проблема. Жақында ғана жалған теңге жайында тағы да хабар болды. Сарапшылар жалған ақшаның төмен сапасы туралы айтып отыр, алайда азаматтардың бәрі бірдей оларды бірден тани алмайды. Ұлттық Банк теңгені қорғау үшін не істейді? – Жалған ақша жасау алғашқы ақша пайда болған күннен бастап бар және өкінішке орай ақша белгілерін қолдан жасауды түбірінен жою іс жүзінде мүмкін емес. ҚР Ұлттық Банкі, кез келген басқа эмиссиялық банк сияқты, ақша белгілеріне жалған ақша жасаушылар үшін оларды шығару техноло­­гиялық тұрғыдан күрделі, еңбекті және шығынды көп қажет ететін қорғаныш элементтерін енгізуді алдына міндет етіп қояды. Ұлттық Банкте бұл міндет екі негізгі бағыт бойынша шешіледі: 1) ұлттық валюта – теңгенің қорғаныш элементтерін тұрақты түрде жетілдіру; 2) ақпараттық жұмыс, халыққа банкноттардың және монеталардың төлемге жарамдылық және түпнұсқалылық белгілерін түсіндіру, яғни халыққа арнап бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде сөйлеу, буклеттер, плакаттарды, үнпарақтар, фильмдер және роликтер шығару. Теңгенің суретін салып… ұлттық банктен жүлде алу – Ұлттық Банк жақында ғана ересектер мен балалар арасында монеталардың ең үздік дизай­ны­на конкурс жариялады. Оның мақсаты қан­дай және халық оған қаншалықты деңгейде белсене қатысуда? – Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Ме­нің Қазақстаным» тақырыбына монеталардың ең үздік дизайнына елдің шығармашылыққа әуес және мүдделі азаматтары арасында ашық конкурс өткізуді жалғастыруда. Конкурс екі номинация бойынша жүргізіледі - «Халықтық монета» және «Балалар моне­тасы». Конкурс ұлттық валюта – теңгенің имид­жін нығайтуға бағытталған озық идеяларды іздеу мен қолдау мақсатында және Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық Банкін бұрынғыдан да танымал ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының беделін экономикалық тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптастыру үшін жарияланды. Қазіргі кезде, Ұлттық Банкке екі номинация бой­ынша 70-тен астам жұмыс келіп түсті. Біздің ха­лықтық дизайнерлер үшін конкурсқа қатысуға әлі де уақыт бар, себебі көптеген өтініштер бойынша кон­курстық жұмыстарды қабылдау уақыты ағым­дағы жылдың 10 желтоқсанына дейін ұзартылды, ал кон­курстың нәтижелерін ағымдағы жылдың 15 жел­тоқсанында шығару жоспарлануда! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ. RSS     Теңгенің кәмелеттік жасқа келген күні. Ұлттық валюта дағдарыстар мен құнсызданулар арқылы сынақтан өтіп,             туған күнін ойдағыдай қарсы алып отыр. TW     18 жыл – ұлттық валютамен бірге.