18 Қараша, 2011

Өміріміздегі өзгерістер

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы өткен жиырма жылда бірігудің және татулықтың тамырын мығымдап, іргесін бекітті. Елбасының саясатын қолдап, көк байрақтың астына біріге түсті. Қарапайым халық ұлылықтың тәңі­рі көкте, тамыры жерде екенін бек ұғынды, шүкіршілік етті. Тәуелсіз­дік тарихы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен, қажыр-қайраты, сарабдал саясаты­мен етене екендігі анық. Өтпелі кезеңде жол бастап, халқын аман-есен алып шығуының өзі ерлікке пара-пар. Жолдауларда айтылған­дарды халық қолдады. Бірі мал өнімдерін молайту үшін асыл тұ­қымды мал өсіруді қолға алса, енді бірі іргелі өндіріс орнын құрып, кәсібінен нәсібін терді. Нәтиже­сінде ел экономикасы нығайды. Солардың қатарында Балқаш ауданы «Динара ранч» ЖШС бас­шысы Ерік Ахметов тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұжымдағы және өз өміріндегі оң өзгерістер жайлы былайша әңгімеледі. Тәуелсіздік әкелген жақсылық­тар атап айтарлық. Ауылда өскен­діктен атакәсіпті меңгеріп, мал өсіру мен өнімін молайтуды қолға алдым. Асыл тұқымды мал басын көбейтудің маңыздылығына мән бердім. Елбасының Қазақстан хал­қына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында нақ осы жайға баса назар аударды ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы мал өнім­дерінің, соның ішінде ет экспор­тының әлеуетін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Құнды құжаттағы мәселелерді жүзеге асыру бағы­тында Балқаш ауданында, соның ішінде «Динара ранч» ЖШС-да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Мал өсірудегі жетістіктеріміз үшін 2010-2011 жылдары Қараөткелде өткен республикалық көрме-байқауда жеңімпаз атандық. Біз өткен қыста мұхиттың арғы жағындағы Америкадан «герефорд» тұқымды 400 бас ірі қара сатып алдық. Бүгінде сиырлар жерсініп, жергілікті жағдайға бейімделді. Америкадан 2008 жылы әкелінген 253 бас ірі қараны қа­зақтың ақбас сиырымен будандас­тыру нәтиже­сінде еттілігі жоғары жаңа тұқым алынды. Қазіргі уа­қытта осы асыл тұқымды аналық басты молайтуға көңіл бөліп отырмыз. Аудан шөлейтті аймақ. Десек те, етті бағыттағы ірі қараны шөбі шүйгін жайылымдықта бағуға мүм­кіндік бар. Жер кең, суы таза. Эко­логиялық жағынан таза өнім алуға мүмкіндік мол. Серіктестікте суар­ма­лы жер бар. Егістікте күріш және жоңышқа өсіріледі. Өнді­рістік құры­лымда мал сойып, етті өңдеу­ден өткізетін цех жұмыс істейді. Мемлекеттен қаржылай көмек алудамыз. Нәтижесінде өткен жы­лы 123 тонна ет өткіздік, 23 миллион теңге субсидия алдық. Биыл­ғы көрсеткіш қомақты болатынын айтқан жөн. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.