18 Қараша, 2011

Шағын несиелеу ұйымдарын қолдау орталығы белсенді іс үстінде

341 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Еліміздегі шағын несиелеу жүйесі аза­маттардың үлкен бір тобының әлеуметтік мәселелерін экономикалық тетіктер ар­қылы шешу құралына айналғанына да біраз уақыт болды. Осының арқасында бұрын қаржыға қолы жетпей келген шаруалар мен жеке адамдар өздерінің тұрмыс-тіршіліктерін түзету үстінде. Дегенмен, шағын несиелеу рыногында барлық ойыншылардың әрекет етуіне қара­мастан, ондағы шағын несиелеу ұйым­дарын техникалық қолдаудың барлық мәсе­лелері толық шешімін тапты деуге әлі де ерте. Өйткені, жұмыс үстіндегі ШНҰ-ның барлығы бірдей қуаттылық деңгейіне көтеріле алмай келеді. Осы мәселеге орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында шағын несие ұйымдарының саны жедел артып, олар халыққа 16 миллиард теңгенің 110 мың несиесін бергендігін атап көрсете келе шағын несие беру ісімен шұғыл­данатын ұйымдардың қызмет сапасын арттыру, шағын несиені беруді еңбекпен қамту мәселесіне қарай бұруды Үкіметке тапсырған болатын. Сектордағы инвесторлар, соның ішінде халықаралық  инвесторлар арасында жүргі­зілген зерттеулер шағын несиелеу ұйым­дарының қаржылық жағдайының тұрақ­сыз­дығы, несие портфелі сапасының тө­мен­дігі, техникалық және ресурстық база­ның әлсіздігі, шағын несиелеу ұйымдары қаржылық есептілігінің бірыңғай стан­дарттарының жоқтығы, кепілдік қамта­масыз етудің жеткіліксіздігі, білікті кадр­лардың аздығы секілді проблема­лардың бар екендігін көрсетті. Осыған байланысты аталған мәселе­лерді шешу ісіне көмек көрсететін әлеуетті бір ұйымның қажет екендігі анықталды. Осының нәтижесінде өткен жылдың желтоқсан айында «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен осы істе едәуір тәжірибе жинақтап, табысқа жеткен Польшаның Шағын қаржы­ландыру орта­лы­ғының күш біріктіруі нәтижесінде елімізде Шағын несиелендіру ұйымдарын қолдау орталығы пайда болды. Бұл орталық мемлекеттік даму инсти­туты мен халықаралық арнаулы маман­дандырылған ұйымның күш-жігерін біріктіре отырып шағын қаржыландыру секто­рында әлемдік деңгейде сирек кездесетін, бірақ сыннан өткен ерекше жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Орталық ШНҰ-на инновациялық әдіс-тәсілдер мен маман­дандырылған сапалы қызметтерді енгізу жолымен осы секторды дамытуды мақсат етеді. Осы мақсатта посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды кездеспеген тың тәсілдердің бүкіл бір жүйесі әзірленіп, шағын несиелендіру ісімен шұғылданатын ұйымдарға ұсынылуда. Сондай жобалардың қатарында шағын несиелендіру ұйымдарын институт­тық нығайту жөніндегі тиімді тетіктерді құру, осы ретте техникалық қолдау көрсетудің басқа елдерде сыннан өткен халықаралық тәжіри­белерін енгізу, ауылды жерлердегі қаржы­ландыру инфрақұрылым­дарын дамыту, шағын несиелендіру секто­рындағы сапалы  консалтингтік қызметті қалыптастырып ны­ғайту және осы іспен шұғылданатын мамандандырылған ұйым­дар­ды құру секілді жаңалыққа негізделген жұмыстар бар. 2011 жылдың өн бойында орталық аталған мақсаттарды жүзеге асыру бағы­тында, соның ішінде бірінші кезекті шара­ларды қамтамасыз ету бағытында кең кө­лем­ді ақпараттық және практикалық жұ­мыс­­тарды жүргізіп үлгерді. Бұл жұмыстар шағын несиелеу ұйымдарын, соның ішінде ауылды жерде жұмыс істейтін ұйымдарды инсти­туттық нығайту, сектордың мөлдір­лігі мен ашықтығын арттыру, шағын қар­жыландыру мәдениетін жетілдіру және рыноктың осындай түріне инвестициялар тарту секілді төрт бағыт бойынша жүзеге асырылды. – «Қазіргі күнде Орталық ШНҰ-ын институттық нығайту, шағын қаржы­ландыру секторының айқындығын жоға­рылату, шағын қаржыландыру мәдениетін көтеру және шағын несиелеу секторына инвестиция тарту секілді төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. ШНҰ-ын институттық нығайту ШНҰ-на техникалық қолдау көрсету арқы­лы жүзеге асырылады. Техникалық қолдау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде орталық ШНҰ қызметкерлеріне тренингтер өткізеді. Онда шағын несиелендіру қызме­тін жақсартудың, есептілікті нығайтып, шетелдік инвестицияларды тартудың, страте­гиялық, қаржылық жоспарлар түзудің қыр-сырлары түсіндіріледі. Екінші кезең – диагностика. Диагностика Орталық мамандарының ШНҰ-ның ор­на­ласқан жеріне барып, ШНҰ-ның қызмет­керлерімен бірлесе жұмыс атқару арқылы жүзеге асырылады. Диагностика нәти­жесінде ұйымға тиісті нұсқаулықтар әзірленіп, нұсқаулықты орындаудың мерзімі белгіленеді. Үшінші кезең – мониторинг кезеңі. Бұл кезеңде ШНҰ жақсартылған жұмысы қайта құлдырамау үшін тұрақты бақылауда ұсталады. Жылына 4 рет мониторинг жүргізіледі. Орталық үстіміздегі жылы Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақ­стан және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында 10 тренинг өткізді. Оған 88 шағын кредиттеу ұйымының 157 маманы қатысты. Мұндай тренингтер соңғы уақыттардан бері интерактивтік режим арқылы да жүргізілетін болды. Мұнан кейін 14 шағын несиелеу ұйымы диагностикалық байқау­дан өтті», – дейді Орталықтың директоры Мәдина Байниетова. Шағын несиелеу ұйымдары әдетте ауылдық өңірлерде ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалыптастыруда үлкен рөл ойнайтындығы белгілі. Сондық­тан бұл істің дамуына жергілікті билік өкілдері де барынша ынталы. Осыған орай Ақтөбе облысында ШНҰ дамытудың өңірлік бағдарламасы пилоттық негізде жүзеге асырыла бастады. 2011-2013 жылдарды қамтитын бұл жоба аталған ұйымдарды қаржылық және институцио­налдық дамытуға бағытталған. Ақтөбе облысының таңдап алынуы бекерден-бекер емес. Мұнда шағын несиелеу ұйымдары көптеп саналады. Қазіргі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, шағын несиелеу ұйымдары, аталған Орталық, шағын несиелеу ұйымдары ассоциа­ция­сы секілді ұйымдардың өзара ынты­мақтас­тығы өз жемісін беруде. Осының нәти­жесінде жергілікті рыноктарда жо­балар­ды қолдаудың жаңа әдіс-тәсілдері өмірге еніп келеді. Қазіргі күні аталған облыста бағдарламаны жүзеге асыруға 5 шағын несиелеу ұйымы қатысуда. Олар оқы­тудан, диагностикалаудан өтті. Осы­ның нәтижесінде қаржы мен инсти­­туттық көрсеткіштерін едәуір дәрежеде нығайтудың сәті түсті. Қалай алып қарағанда да өткен жылы ғана құрылып, қазірдің өзінде қызу жұмыс жүргізіп жатқан аталған Орталықтың шағын несиелеу рыногындағы тиімділігі мен пайдасы зор. Оның қызметінің пай­дасын біз көп өтпей-ақ сезіне бастайтын боламыз. Файзолда САНАТ.