18 Қараша, 2011

Ұлттық тарихтың тамыршысы

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ұлттық академиялық кітапханада ҚазҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Манаш Қозыбаев – ұлттық тарихты қайта жаңғыртушы» атты кітап көр­месі өтті. Кітапхананың «Музыкалық мейманжай» залында есімдері елге танымал тұлғалардың мұндай естелік кеш­терін өткізіп тұру үзілмес дәстүрге айналған. Себебі, рухани орталыққа білім жарығымен жан-дүниесін байытқысы келетін әлеумет бас сұғатын болғандықтан, осындай тағылымды кештер мен көрмелердің кейінгі ұрпаққа қалдырар ізгілігі ерекше екенін сезінеміз. Академик Манаш Қозыбаевтың соңында қалған мол мұрасы түгілі, тіпті ол жайындағы әңгімелердің өзі де жас ұрпақтың санасына жарық нұрын себеді десек, ақын Кәкімбек Салықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Тілеген Садықов, қаламгер Сұлтан Оразалин естеліктерін ұйып тыңдаған студент-жастардың көкірегі ұлттық нақыштағы кәусар нәрге толғандай әсер қалдырды. «Біртуар талант», «Халық тарихының тамыр­шы­сы», «Даналық даңғылы» сияқты бөлімдерден құрал­ған зерттеу еңбектері, шығармалары мен мерзімді басылымдарда жа­рияланған мақалалары, отбасылық мұрағатынан алынған фотосуреттер мен құжаттары ғалым ізімен әлі талай жас буынның қаулап өсіп шыға береріне үміттендіреді. Өйт­кені, академик қаламының қуаты бір кісінің ғұмырымен ғана өлшенбейді, ол тарихтың тұтас бір дәуіріне бара-бар құндылықтарды отандық ғылымға қоса алуымен аса қымбат. Манаш Қабашұлы 800-ден астам ғылыми жария­ланымның, оның ішінде 30 монографияның (18 еңбектің қосалқы авторы), 50 ұжымдық еңбектердің тарауы мен бөлімде­рінің, Қазақстан тарихы оқулықтары мен оқу құрал­дарының авторы болумен бірге, жалпыұлттық келісім мен Қазақстан халқының бірлігіне, өскелең ұрпақтың елін шын сүйіп өсуіне толағай тер төккен ғалымның бірі. Тарихты зерттеу деген ұғынықты сала бөлек те және тарихнаманың өзекті мәселелерін қозғайтын рухани маржанның жөн-жосығы өз алдына бір төбе. Тағы бір таудай еңбегі – ғалым осы жолда кешегі социалистік кезең мен егемендік таңының дәмін қатар тата отырып, қос қоғамның артықшылықтары мен асығыс­тықтарын аса байыпты байламмен түйіндейді. Отар­шыл­дық саясаттың тигізген зардаптары, екінші дүние­жүзілік соғыстағы жауынгерлік ерліктер, тәуелсіздік жолындағы күрес, жел­тоқсан жаңғырығы жайында дәл осынша өнімді, тағылымға толы еңбектер жазған тарихшылар некен-саяқ. Әрине, тәуелсіз Қазақ елінің тарихы туралы құнды дүниелердің әрқайсысының орны бөлек екені даусыз, бірақ та Қазақстан ғылымы тарихында есімі мәңгі үлкен әріптермен таңбаланатын дара тұлғалардың орнын қашанда биік қойып үйрен­генбіз. Бүгінде ғалымның 80 жылдығына орай осындай шараның қолға алынуы соның бір дәлелі десек болады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.