18 Қараша, 2011

Ізгілік ізі

403 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кісілік келбеті қалыптасқан адамға қойылатын басты талап –  парасаттылық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұла­ғатты азамат болып қалыптасу емес пе? Өйткені, адам өзінің мейірімділігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Сондықтан да, адамгершілік – адамның рухани арқауы. Ол – әрбір жанды бірге туғандай бауыр етіп, жақындастыратын, араларын кіршіксіз таза етіп, байланыстыратын ізгілікті қарым-қатынас. Демек, сыйластық сезімі әрқайсымыздың бойымызда жара­тыл­ғаннан бар. Қандай болмасын адамның өз сырын айта алатын, сезіммен сөйлей алатын, ағынан жарылатын, еш нәрсесін бүкпе­лемейтін досы болады. Ол – нағыз дос адам. Міне, осындай жанның бірі – Сансызбай Есілов. Ол – Ақмола өңірінің тумасы. Өмірге келген жері осы өңірдегі 92 разъезд. Бір сөзбен айтқанда болат жолдың бойында өскен. Кішкентай бала кезінде «қара айғыр» деп аталатын паровозды да көрді. Жүк вагондарын ышқына тартып, түтіні будақтап, буы бұрқыраған локомотив сол кездегі қайнаған еңбекке қанат бітіргендей болушы еді. Әкесі Сейітжан кәнігі теміржолшы-тын. Балаларының үл­кені болғандықтан ба Сансызбай оған көмек­тескісі келіп тұратын. Сондықтан да орта мек­тепті бітірген соң жеткіншек ойланбастан теміржолшы болу­ды армандап, Целиноград темір жол тех­никумына оқуға түсті. Оны 1973 жылы ой­дағыдай тәмәмдап, Жал­тыр стансасында техник – жол қараушы, кейін аға инженер болып еңбек жолын бас­тады. Жұмыс істей жүріп, сырттай Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірді. Осылайша өмір баспалдақтарын баса отырып, Сәкең адал еңбегімен, кісілігімен және шынайы еңбекке берілген тазалығымен өз ортасында лайықты беделге ие болды. Алғаш­қы мемлекеттік қызметті Ақмола облысындағы Астрахан аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастаған ол өзінің іскерлік қабілетімен облыс басшыларының көзіне бірден түсіп, Теңіз аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кейін осы аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Мұнда табан аудармастан алты жыл қызмет істегеннен кейін Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, облыстық деңгейде көптеген жауапты қыз­меттерді атқарды. Сәкең Теңіз ауданының Бар­шын селосында болған жылдарын былайша еске алады: «Сол кезде Теңіз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қайриден Кәрі­баевтың менің азамат болып қалып­тасуыма көп әсер еткендігін ерекше атап өткім келеді. Ол кісі жалғыз маған емес, сол кездегі жастардың бәріне қамқор бола білді. Ағамыз­дың елі қадір тұтатын өмірлік ұста­нымы мен зейін, зердесі, парасат-пайымы бәрімізге үлгі еді ғой». Иә, Сансызбай жақсылықтың қа­дір-қасиетін білетін болғандық­тан да тіршілікте тірек болған адамдарды осылайша сағынышпен еске алады. Қаншама басшылық қызметте болса да Сансызбай Есілов қара­пайымдылығынан арылған емес. Ол сенімге селкеу түсірмейтін, жақсы мен жаманды таразылап, бар мен жоқты түгендеп, ұлттық рухты биікке көтеретін азамат. Кейіпкеріміз өзінің осы мінезін Астана қаласы әкімінің бірінші орынба­сары болғанда айқын байқатты. Әр заманның өз тұлғасы болады емес пе? Тұлғалы адамдардың бәрінің даңқы дүрілдеген болуы мақсат емес шығар. Алайда еліміздің бас қаласы Астананың іргетасын қалап, оның гүлденуіне жан аямай еңбек еткеннің бірі осы Сәкең. Елорда әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет істеудің талабы өте жоғары екендігін бәріміз жақсы білеміз. Ерекше атап айтарымыз, Сансыз­бай Есілов бұл мемлекеттік қыз­метті өте іскерлікпен атқарды. Ас­та­наны көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі бол­ғандықтан да оның иығына түскен жауапкершілік жүгі ауыр еді. Бәрімізге мәлім, елордамыз Ал­маты­дан Ақмолаға қоныс аудар­ғанда ас ішетін қо­ғамдық асхана­лар­ды былай қойған­да, жо­ғарғы эшелондағы мем­лекеттік шенеуніктер тұратын жа­тын орынның бол­мауы да қиындық ту­ғызды емес пе? Қа­лада ауыз су мәсе­ле­сі де тапшы. Элек­тр жарығы жиі сө­неді. Ол кезде қала бюджетінде ақша «күр­меуге» де жетпейді. Дегенмен, сол кездегі Ақмоланың күнделікті тіршілігін өзі қатаң бақылауға алып отырған Елбасының еңбегі орасан екендігін бәріміз жақсы білеміз. Астана құры­лысын салудың алғаш­қы кезе­ңін терең толғаныспен айта­тын Сәкең сол жылдарды былайша еске алады. – Ол кезде қала басшыла­ры­ның кабинетте отыруы өте сирек. Үнемі әлеуметтік маңызы үлкен мекемелер мен құрылыс басында жүреміз. Бірде Вячеслав су қойма­сының қалаға келетін ескі құбыры жарылып, шаһар жарты күн сусыз қалды. Жанталасып ескі құбырды жамап жасқап жатырмыз. Апатты жағ­дайды жөндейтін барлық бри­гаданы басқарып мен жүрмін. Сәлден соң, қала басшысы Әділбек Жақсыбеков маған телефон шалып: «Сансызбай, құбырдың басында­сыңдар ма? Қазір Елбасы сол жердің жағдайын өз көзімен көруге келе жатыр. Қарсы алып, пробле­маларды түсінікті етіп жеткі­зіңдер», деді. Жиырма минөт өтпей Нұрсұлтан Әбішұлы да келді. Сонда Елбасы мәселенің жай-жапса­рын мамандардан сұрай отырып: «Әрине қазір мемлекетте ақша тапшы, бірақ келер жылы ауыз су мәселесін түбегейлі шешетін бола­мыз. Ал қазір мынадай қиын­дыққа мойымаңдар», деді. Президент сөзінде тұрды. Бір жыл өткен соң Жапония үкіметінен инвес­тиция­лық несие келіп, бас қала­мыздағы ауыз су проблемасы түбегейлі шешілген еді. Жалпы ішкі ойын жасырмай жеткізетін Сәкең қашанда ақылды жандардың қасында жүріп, өмір мектебінен сүрінбей өтіп келе жат­қанына қуанады. Әсіресе, Астана­ны алғаш салып, қалыптастыру кезінде Елбасының жанынан табыл­ған Әділбек Жақсыбековтің іскерлік қарымын жоғары бағалайды. Онымен қызметтес болғанын ба­қыт­ты күндерінің біріне санайды. Расында да қиын-қыстау жылдары алты жыл бірге жұмыс істеу оңай емес. Мен, – дейді Сәкең бір сө­зінде, – Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында «...Астананың алғаш­қы әкімі Әділбек Жақсыбе­ковтің да еңбегін жоғары бағалай­мын», деп ерекше айтып өткені бел­гілі. Өз басым бұл пікірге толықтай қосыламын. Шын мә­нінде Әдекең­мен болған алты жыл ішінде мен оның елді жаңаша басқару стиліне, әсіресе қайсар­лығына, табандылы­ғына, білгірлігіне, қарамағында­ғы­ларға деген сенімі мен адал­дығына ерекше ризамын. Астананың алғашқы қалыптасу кезеңін осылайша еске алған Сәкең бүгінгі гүлденген, әлемнің ең көрікті қаласына айналған алып шаһарды көріп, көкірегін ризашы­лық сезім билейді. Шындығында да Астананы ауыстыру мемлекеттік идеологияны жасаудағы бетбұрыс кезең болды. Елорда мемлекетіміз­дің қалыптасу нысанына айналды. Өйткені жаңа Астанаға келешегін іздеген мыңдағын жас қыз-жігіттер келді. Бас қала қазір солармен көркейіп өсуде. Сәкең Астанада төрт әкімнің Әділбек Жақсыбеков­тің, Темірхан Досмұханбетовтің, Өмірзақ Шөкеевтің, Асқар Мамин­нің бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Бәріне де адал бол­ды. Іскерлігімен көзге түсе білді. Менің ойыма 2006 жылы болған бір оқиға түсіп отыр. Елорда әкімі Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындал­ған­дықтан, оның ор­нына Асқар Мамин келіп жұмыс істеп жатқан. Ол кезде мен «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы­мын. Қала активінің бәрі залда Елбасын күтіп отыр. Президент келе сала Аста­наның әлеуметтік ин­фраструк­тура­сын жақсарту жөнінде қала бас­шыларына қатаң талаптар қойды. Актив жиналысы аяқталған­нан кейін соңынан Асқар Мамин Елба­сына өзінің орынбасарларын таныс­тырды. Кезек Сәкеңе келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы ризашылық әзілмен: «Сансызбай, сен нешінші әкіммен жұмыс істеп отырсың?» деді. «Төртінші», деді Сәкең. «Ой, сен нағыз мызғымайтын Микоян екен­сің», деп жұртты ду күлдіргені бар. Сөз жоқ, Елбасының бұл әзілі­нің астарында адам еңбегін бағалау құрметі жатқандығын байқау қиын емес. Мемлекетіміз Сансызбай Есі­ловтің адалдықпен атқарған жұ­мысын елеп, оны «Құрмет», ІІ дә­режелі «Достық» ордендерімен ма­рапаттады. Экономика ғылымда­рының кандидаты болғандықтан Сансызбай Есілов елорданың қар­жылық жағын сауатты басқарды. Ол өзінің қарамағындағыларға қа­таң талап қоя білудің арқасында жұмысы нәтижелі болды. Қаланың саяси өміріне де белсене араласты. «Нұр Отан» партиясы Астана қа­лалық филиалының алғашқы төр­ағасы ретінде де билік партия­сының беде­лінің өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. 2007 жылы Сансызбай Есілов Қазақстан Республикасы Парламен­тінің төртінші шақырылымы бо­йын­ша партиялық тізіммен Мәжіліс депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы атану адамға үлкен ұлттық міндет жүктемей ме? Сәкең осы жолда да Парламент мінберінен өзінің озық ойлы ұсыныстарын айта алды. Әлеуметтік тұрақтылық елдің тыныштығына кең жол аша­ды. Сондықтан ол кешегі Мәжі­лістегі Қаржы және бюджет коми­тетінің хатшысы болғандықтан да мемлекет ақшасының әлеуметтік саланы көтеруге көбірек бөлінуіне үнемі назар аударып отырды. Адамгершілік – адамның рухани арқауы десек, бұл қасиет ардақты азамат Сәкеңнің бойында жетіп артылады. Оған «жақсы адам» деген халықтың әдептілік бағасын қосыңыз. Ол кіршіксіз таза болу деген сөз ғой. Асыл уақытты бағалап, жақсыларды жағалаған Сансызбай Есілов бойынан осы айтылғандардың бәрі де табылады. Мағжан САДЫХАНҰЛЫ, журналист.