18 Қараша, 2011

«Қазақ тілін ана тілімдей сүйемін!» – дейді корей қызы Вера ШИН

1525 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Атырауда мемлекеттік тілді еркін мең­герген өзге ұлттың өкілдері өте көп. Соның бірі – Вера Шин. Оның қазақша сөй­легеніне бұған дейін түр­лі басқосуларда талай рет куә болған едік. Бұл жолы онымен арнайы әңгі­­мелесу мақсатымен Х.­Дос­мұха­медов атын­дағы Атырау мемлекеттік университетіне іздеп бардық. Студент екенінен хабардар болғандықтан, әуелі қандай маман­дық бойынша білім алып жатқанын сұрас­тырып көрдік. Сөйтсек, ол университеттің сырттай оқу бөліміне ауысыпты да,   хатшы-референт болып жұмыс жа­сай­­ды екен. Бірінші про­рек­тордың қабылдау бөлмесіне бас сұқ­қанымыз сол еді:  «Сә­леметсіз бе, қандай шаруамен жүрсіз?» деп хатшы қыз бізге  таза қазақша тіл қатты. –  Вера Шин деген қарын­дас­ты қалай тапсақ екен?  – Мен ғой, аға, – деп орнынан тұрды  ол. Үлкенді сыйлай білетін ізеттілігі байқалып тұр. Вера Вик­торовна әңгіме барысында оның қазақша мақалдап сөйлегеніне, мемлекеттік тілдің келешегіне  жа­н­­а­шырлық танытқанына іштей риза болып отырдық. – Вера, қазақ тілін қашан, қалай үйреніп алдың? – Мен Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында өмірге келдім. Бұрын біздің бұл ауыл Чкалов деп аталған ғой. Біздің ауылда көп ұлттың өкілдері тұрады. Қазақтар да, корейлер де, орыстар да, бұдан басқа да бірнеше өзге ұлт өкілдері бар. Балалық шағым сол ауылда өтті. Сол ауылда мектепті бітірдім. Мектепте орыс сыныбында оқыған едім. Бірақ көршілеріміз­дің көбі қазақтар, менімен бірге ойнайтындар да көбіне қазақ ба­ла­лары болатын. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ерекше жақсы көрдім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Орынбек Ізбасаров деген ағай дәріс берді. Сол ағай қазақ тілін керемет үйретті бізге. Ол бізді өзге ұлт өкілдері қатысатын мемлекеттік тіл бай­қау­ларына дайындады. Соның жемісін қазір көріп жүрмін. – Ата-анаң қазақ тілін жете меңгерсем деген талабыңа қа­лай қарады? – Менің анам Надежда – орыс қызы. Бұрын Индер ауданының Өр­лік ауылында тұрған. Кейін наға­шы­ларымыз біздің ауылға көшіп келген ғой. Содан әкем екеуінің дәм-тұзы жарасып, ша­ңырақ көтерген. Қазақ ауылында өскендіктен болар, анам да қа­зақ­ша жақсы түсінеді. Әкем де, анам да менің қазақ балаларымен дос­тасып, жақын араласқанымды, тіп­ті қазақша үйренгенімді қол­дады. Олар әрдайым менің тала­быма, апа-сіңлілеріме қолдау білдіруден танба­ды. Менің мемлекеттік тілді меңге­рудегі жетістігіме, әсіресе қазақ тілі байқауларында жүлделі орынға ие болсам, ұдайы қуанып отырады. Әкем үнемі «Қы­зым, қазақшаны жақсылап үйреніп ал, бұл өзің үшін қажет болады» деп отырушы еді. Бұл сөз – мен үшін әкемнен қалған аманат секілді көрінеді. Анам да еш­қашан қарсылық білдірген емес. Анам әлі күнге «Қазақшаң қалай, жетілдіріп жүрсің бе?» деп жана­шырлық танытып отырады. – Қазақ жастары арасында достарың бар шығар. Олармен жиі араласып тұрасың ба? – Білесіз бе, өмірдегі ең қым­бат санайтын құрбыларымды қа­зақ қыз­дары арасынан таптым. Сенбей отырсыз ба? Біздің ауыл кезінде Чкалов деп аталғанмен, мұндағы тұр­ғындардың басым бө­лігін негізінен  қазақ отбасылары құрайды. Бір көшеде тұрған қазақ балаларымен күнде бірге ойнай­тынбыз. Солар­дың арасынан Нұр­шат Сапанова, Жа­дыра Жиенқұ­лова секілді жан сы­рымды бөлі­сетін құрбыларымды жаныма ерекше жақын тартамын. Қазір бұл құрбыларымның бірі колледж бітірді, екіншісі – біздің уни­верси­теттің студенті. Әлі күнге жұ­бы­­мыз жазылған жоқ. Өмірдің жо­лы тақтайдай тегіс болмайды ғой. Қуа­ныш та, қиналатын кездер де бо­лады. Сондай сәттерде үш құр­бы бір-біріміздің жанымыздан табыла­мыз.  Менің қазақ тілін жетік білуіме де осы құрбыларымның  сі­ңір­ген ең­бегін атап айтқым келеді. Нұр­шат пен Жадырадай құр­бы­лар таппасам, бәлкім, қазақ тілін дәл бүгін­гідей жетік білмеген болар  едім! – Қазақ тілін үйрену қиын бол­ған жоқ па? – Неге олай дейсіз? Мен осы тіл­ді үйренуге ниет еткелі бері  көзім мынаған жетті. Әлемде бірнеше жүз тіл болса, соның ішінде қазақ тіліндей ең сұлу, ең шұ­рай­лы тіл жоқ шығар. Өйткені, бұл тіл –менің жүрегіме ең жақын тіл. Сөз­дік қоры көп, ең бай тіл де –қазақ тілі. Қазақ тілін үйренуде еш қи­налған емеспін. Рас, алғашында «Сәлеметсіз бе?», «Сау болыңыз!» деп басталған сөздік қорым күнбе-күн толыға түскенін өзім де бай­қаған жоқпын. Мені ешкім қазақ тілін үйренуге мәжбүрлеген жоқ. Өзімнің жүрек қалауыммен үйре­нуге талпынғандықтан ба, әлде корей мен қазақ халқының салт-дәс­түріндегі кейбір ұқсастықтар қы­зықтырды ма, әйтеуір, қазақ тілінің түпсіз терең иіріміне қалай бой­лағанымды өзім де байқамадым. Қазақ тілін өте тез үйрендім. Соған әлі де таңданумен келемін. Мен қазақ тілін үйренгеніме ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, өзімді бақытты санаймын. Өйткені, қазір мен қазақша ойлап, ойымды қазақ­ша еркін жеткізе аламын. Тіпті қазақша ешбір қатесіз жазамын. Мен қазақ тілін үйрену арқылы қазақ халқының тарихымен, мәде­ниетімен, әдебиетімен сол тілде та­нысуға мол мүмкіндік алдым. Қа­зақтың жанын бір кісідей ұғына аламын. Қазақ тілі мен үшін өзім­нің ана тілімдей болып кетті. Қазақ­стан – менің Отаным! Қазақ тілі – менің де тілім! Өзім тұратын Ота­нымның мемлекеттік тілін  меңгеру мен үшін алынбас қамалдай бол­мауы тиіс деп ойлаймын.  Абай атамыз адамдық болмысты  «Адам болам десеңіз, Бес нәрсеге асық бол. Талап, еңбек, терең ой, Қана­ғат, рахым ойлап қой» деп суреттейді емес пе? Осынау бес талапты орындауға шын ниетімен асық болып, талаптанған адамға қа­зақ тілін үйрену соншалықты қиын болмайтынына сенімдімін. – Вера, қазір қанша тіл білесің? – Қазақша жақсы сөйлейтінімді білесіз. Мектепте орысша оқыған­дық­тан, бұл тілді де еркін мең­гердім. Енді ана тілім – корей тілін оқып жүрмін. Таңғалып отырған бо­­ларсыз, мен бұрын өз тілімді мең­гере алған жоқ едім. Өйткені, корейлер кезінде Одақтың әр қи­ы­рына тарыдай шашырады. «Байтал түгіл бас қайғы» дегеннің кебін киген біздің аталарымыз да сол бір қиын кезеңде  қазақ жерінен пана тапты. Қазақ халқының кең пейілін көрді. Бірақ, сол кездегі саясаттың салқыны корейлерге ана тілін, салт-дәстүрін ұмыттыруды көздеді. Әри­не, өз тілімді білмеу өмірдегі ең басты кемшілігім. Сол кемшілігімді түзетуге талпыныс жасап жүрмін. Себебі, болашақта менен көп адам «Ана тіліңді білесің бе?» деп сұрауы мүмкін ғой. Сондайда  ұя­лып қалмауым керек. Қазақта «Өлім­­нен ұят күшті» демей ме? Ойшыл ақын Қадыр Мырза-Әлі ағамыз «Ана тілің – арың бұл, Ұя­тың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген емес пе! Кейін өкінбеу үшін корей тілі курсына барып жүрмін. Сосын қазіргі дәуірде шет тілін білген де артық етпейді. Өмірдің өзі адамды көп тіл білуге бейімдейді. Бұл – жазылмаған заңдылық. Сол себептен, ағылшын тілін меңгеруге де ден қойдым. Мұның және бір себебі, менің болашақ мамандығым – бағдарламашы. Осы мамандықты игерген мамандарға ағылшын тілін білу аса қажет деп ойлаймын. – Ақын-жазушылардан кім­дер­дің шығармаларын оқисың? – Бала кезімнен әдебиетке жа­қын болып өстім. Әсіресе, қазақтың ақын-жазушыларының шығармала­рын  қызыға оқыдым. Абай атамыз­дың философияға толы өлеңдерінің біразын жатқа білемін.  Данышпан ақынның қара сөздерінің өзі неге тұрады! Тұнып тұрған философия ғой. Абайды данышпан деу өте орын­ды. Бұдан бір жарым ғасырдай бұрын жазған қара сөздеріндегі, өлеңдеріндегі кейбір теңеулерден кө­ңілге түйетін жайттар көп. Бүгін­гі қоғамда жиі кездесетін көрініс­терді жазып кеткен Абай атамыз­дың кө­ріпкелдігі де бар шығар деп ойлай­мын. Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлының   шығар­ма­лары да қызықтырады. Бұларды мектеп кезінен жатқа білемін. Мұ­қағали Мақа­таевтың, Әбу Сәрсен­баевтың өлең­дері де өзіндік ерекшелігімен бау­райды. Өзіңіз де білетін шығарсыз, Мұқағали Мақатаев­тың «Үш ба­қытым» деген өлеңі бар ғой. Бірінші бақытқа халықты, екін­шіге – ана тілді, үшіншіге Отан­ды балайды. Мұқағали ақын­ның бір өлеңі ғана емес, оның поэзиясынан халықты, тілді, Отан­ды сүюге үндеген бірнеше өлеңді табуға болады. Жігеріңді жанитын мұндай өлең­­дер қазақтың ақын-жазушы­ларының қай-қайсысының  да шы­ғармасына арқау болған. Тек соны түсініп оқу керек. Мағжан Жұма­баевтың өлеңдерінен де осыны таба аласыз. Шәкәрім Құдайбер­діұлы­ның шығармашылығы да менің қа­зақша сөздік қорымды байыта түсуіме ерекше әсер етті.  Қазақ тілі бойынша өтетін түрлі байқау, олимпиадаларға мектеп жасынан қатысып келемін. Биыл республи­калық тіл олимпиадасында бақ сынадым. Қазір Атыраудағы «Теңіз­шевройл» бірлескен кәсіпорнының қолдауымен өтіп жатқан «Мен қазақ­ша білемін» атты конкурстың үшінші турына өттім. Міне, осын­дай сайыстарда  жоғарыда атап айтқан ақын-жазушылардың шы­ғар­ма­ларын орындап жүрмін. – Қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпсың, оның ата-анасы сені қалай қабылдады? – Қазақ тіліне бауыр басқаным соншалықты, Абзал есімді қазақ жігітімен тағдырымды байланыстыр­дым. Бір-бірімізді бала күнімізден білеміз, бір көшеде тұрдық. Оның үйі мен біздің үйдің арасында бір үй ғана бар. Біз бала күнімізде талай бірге ойнағанбыз. Бала күнгі достығымыз үлкен сезімге ұласты. Әке-шешелеріміз де бір-бірін жақ­сы таниды. Егер мен қазақ ауы­лында өспесем, қазақ тілін білмесем, қазақы отбасының шаңыра­ғына келін боп түскенде қатты қи­на­лар едім. Бағыма қарай, Абзал­дың ата-анасы мені құшақ жая қарсы алды. Абзал – үйдің үлкен баласы. Бірақ ата-енем мені шаңы­раққа түскен келін деп емес, өзде­рінің қыздарындай жылы қабыл­дады. Бұл үлкен әулет, жасы 84-ке келген үлкен енем, яғни Абзалдың әжесі бар. Сол кісі маған мейірін төгіп, алғашқы күннен  «қызым» деді. Сондайда маған бұл өмірде әжемізден қымбат жан жоқтай көрі­неді. Әлі күнге келін деген емес.  Осы әжеміз тұңғыш қызымыздың атын Эльза деп қойды. Қазір қызы­мыз үлкен әжесінің, ата-әжесінің бауырында, жасы 4-ке келді. Ауыл­дағы балабақшаға барады. Атам менің атымды Үміт деп қазақша атайды. Қазір біз Атырау қаласында жатақханада тұрамыз. Апта сайын туған ауылға баруға асығамыз. – Өзіңнің ата-анаң қарсылық білдірген жоқ па?  – Әке-шешемнің о бастан менің әрбір қадамымды қолдайтынын білемін ғой. Абзал екеуміз сөз байла­сып, шаңырақ көтеруге уағдалас­қанда, олардың қарсылық таныт­пай­тынына сенімді болдым. Абзал­дың ата-анасы қазақы дәстүрмен құда түсіп келді. Мұндай дәстүр біздің халықта да бар. Әке-шешем қарсылық танытқан жоқ. Өйткені, олардың өздері де жүрек қалауы­мен шаңырақ көтерді ғой. Сол себептен болар, біздің  таңдауымыз­ды  құптады. Ақылдарын айтып, ке­ле­шек өмірімізге тілеулестік та­нытты. Өйткені, қазақ пен корей халықтарының дәстүрінде ұқсас­тық­тар өте көп. Бұл да әсер еткен болар деп ойлаймын. – Мемлекеттік тілдің қол­да­ныс аясын кеңейту үшін қан­дай шара қолға алынуы керек деп ойлайсың? – Абзал екеуміз әр сенбі, жек­сен­бі сайын туған ауылымызға ба­ра­мыз. Сонда төркініме де соға­мын. Апа-сіңлілеріммен, жиендеріммен әдейі қазақша сөйлесемін. Ондағы мақсатым біреу – олар да қазақша үйренсін.  Кіші сіңлім мектепте 7 сыныпта оқиды. Қазақ тілінен мектептегі байқауға қатысып, бірінші орынды иеленді. Қазақша үйренем деген талабы мені қатты қуантты. Себебі, бұл Қазақстанды мекен еткен әр азаматтың міндеті болуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің қолданыс аясын ке­ңейтуді, тәуелсіз елімізді бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу қажеттігін ұдайы айтып келеді ғой. Сол себептен, Қазақстан аза­маттары ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді мең­геруі қажет. Бәлкім, мемлекеттік қызметке жұ­мысқа қабылданатын­дардан мемлекеттік тілді еркін білуін талап ету қажет шығар. Еліміз бәсекеге төтеп беретін мемлекет болуы үшін сапалы өнімдер шыға­румен шектелмей, мемлекеттік қыз­метте, өзге де, мәселен мұнай-газ өнер­кәсібі, энергетика секілді жетекші салаларда жұмыс жасайтын мамандар қазақ тілінде жатық сөй­лей алуы, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе алатындай бо­луы шарт дер едім. – Қазақ тілінің келешегіне қа­тысты сені қынжылтатын жайттар кездесті ме? – Біздің университетке, басшы­ларға әр түрлі шаруаларымен келетін адамдардың өтініш жазуына тура  келеді. Сондай кездерде үл­кен ағалар, менің замандастарым өтінішті қазақ тілінде жазуға қи­налып жатады. «Қарындасым, кө­мектесіп жіберші», деп қолұшын бергенімді сұрайтындар да бо­лады. Әрине, мен бұл өтініштерді аяқсыз қалдырған емеспін.  Өйт­кені, өзің біліп тұрған нәрсені өзгелердің білуіне де барынша жағдай жасау қажет. Бұл – мен ұстанатын басты қағида. Бір қынжылатыным – менен қа­зақша өтініш жазуға көмек сұ­райтындар қазақ азаматтарының болғаны. Олар бәлкім, мені қа­зақша сөйлегендігімнен қазақ қызы деп ойлайтын шығар. Егер менің корей қызы екенімді білсе, өздерінің ана тілінде өтініш жаза алмағаны үшін қатты ұялған болар еді. Сол себептен, мұндайда өзімнің кім екенімді айтпауға тырысамын. – Өмірде нені қадір тұтасың? – Әр адамның өмірде қадір тұ­татыны көп. Барлығы дерлік ата-анасын қадірлейді. Өмірлік серігің болар жарыңды  қадірлеу де қаны­мызда бар қасиет. Біреулері жан сырын бөлісетін досын құрмет­тейді. Кіндік қаның тамған, бала­лық балдәуренің өткен туған жер де жүрек түкпірінен ешқашан өш­пейді. Бәрі де дұрыс, мен де осы қағидаларды ұстанамын. Сонымен бірге, туған еліңнің тәуелсіздігін қадір тұту бәрінен жоғары тұруы қажет деп ойлаймын. Бұл – қазақ­станды мекен еткен әр азаматтың көкейінде жүретін басты мақсат.   Неге дейсіз ғой. Өйткені, біз қазір Қазақстанда  бейбіт өмір сүріп жа­тырмыз. Әлемнің көптеген елдерінде түрлі қақтығыстар, экономи­калық қиындықтар болып жатқа­нын білеміз. Табиғат апатының зардабына ұрынып жатқан елдер де көп. Ал біздің еліміз осындай қиындықтардың біріне кезікпегеніне шүкірлік етуіміз керек. Биыл ел тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отыр. Міне, осынау көзді ашып-жұмғандай өте шыққан қыс­қа мерзімде менің Отаным – Қа­зақ­станның экономикасы қа­рыш­тап дамыды. Әлемдік қауым­дастықта еліміздің абыройы ас­қақ­тады, мәртебесі биіктеді. Ха­лық­аралық саясаттағы салмағы еселене түсті. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың сая­саткерлігінің жемісі. Елба­сы­ның саясатын қолдаған ел хал­қының ынтымағының, бірлігінің же­місі. Қазақстандай татулығы жа­­расқан бейбіт елде тұрып жат­қан баршамыз мемлекеттік тілімізді қадірлей білуіміз керек қой. Өйткені, мемлекеттік тіл – Қа­зақ­станды мекен еткен барша ұлт­тарды ұйыстырушы, отаншылдық сезімін қалыптастыратын, бірлік пен ынтымаққа үндейтін тіл. Қа­зақ жерінде тұратын өзге ұлт­тардың әр азаматы қазақтың та­рихын, мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын те­ре­ңірек білгісі, қазақ халқының жанын ұққысы келсе, алдымен қа­зақ тілін меңгеруі қажет. Бұл – баршамыздың міндетіміз. Мен қазақ тілін қадірлеп қана қоймай, ана тілімдей сүйемін! Себебі, мен өз ана тілімнен бұрын қазақ тілін жетік меңгердім. Қазақ тілін еркін меңгеруімнің арқа­сын­да жетістікке жеттім. Қазақ тілінің арқасында Абзал сынды аяулы  жар тауып, қазақ отбасының ша­ңы­рағына келін болып түстім. Қа­зақ тілінде жетік сөйлеуімнің  ар­қасында университеттің қазақ бө­лімін сәтті бітіргелі отырмын. Ендеше, мен қазақ тілін қалайша қадірлемеймін! Сонымен қатар, ата-бабаларымыз қиындыққа тап болғанда, төріне шығарып  дастар­қанынан дәм татқызған қазақ халқына шексіз құрметімізді мемлекеттік тілді меңгеру арқылы білдіргеніміз орынды болатын шығар деп те ойлаймын. – Вера, қазақ тіліне, қазақ еліне деген шексіз құрметіңе рах­мет. Талабыңа нұр жаусын! Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.