18 Қараша, 2011

Мойнақ – мемлекет мығымдылығының мысалы

667 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
«Менің тапсырмам бойынша «Мойнақ» су электр стансасы салынуда. Ол 2011 жылы пайдалануға берілетін болады».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ел мерейтойына толымды тарту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында ағымдағы жылды Тәуелсіздік жылы деп жариялады. Сан ғасыр аңсаған тәуелсіздігіміз жайлы айтқанда ел экономикасының ерекше қарқынмен дамығаны ойға оралады. Әсіресе, болашаққа деген ауқымды істердің өрістетілгені көңіл қуантты. Осы орайда жер жәннаты Жетісудың құйқалы аймағы Райымбек ауданы аумағында салынып жатқан «Мойнақ» су электр стансасы шын мәнінде ғасыр құрылысы. Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынған үшінші су электр стансасы екенін әрдайым мақтан етеміз. Ол ел игілігіне айналар күн де жақын. «Мойнақ» су электр стансасының құрылысы 1985 жылы кеңестік кезеңде басталып, қаржы тапшылығына байланысты 1992 жылы тоқтатыл­ды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасына орай Үкімет­тің арнайы қаулысы шықты. Оңтүстік өңірдегі қуат көзі тапшылығын түбегейлі шешуге арналған Үкімет қаулысымен 2006 жылдан бері «Мойнақ» құрылысына жан бітті. Бірден «Бестөбе» су қоймасын құрайтын бөгет құрылысы басталды. Бөгет қазылып, құм, топы­рақ, өзге де дүниелер төгіліп, техника күшімен тап­тал­ды. Қажырлы еңбек нәтижесінде ұзындығы 500 метр, биіктігі 100 метрлік бөгет толығымен бітті. Сонымен бірге бөгеттен бөлек жол, өзге де нысан­дар қолға алынды. Энерге­тиктер қаласы салына бастады. Енді оның да жұмысы толығымен аяқта­ла­ды. Құрылыста істейтіндерге барлық жағдай жаса­лып, олар жоғары еңбекақы алады. Тәуелсіздік мерейі қарсаңында «Мойнақтың» шұғылалы сәулесі ел мен жерге түседі. Бұл үлкен жетістік әрі өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартатынын айтуға болады. Құрылысқа Қазақстанның Даму банкі 25 миллион АҚШ долларын бөлді. Осылайша қа­ра­жат негізінен «Бестөбе» су қоймасы мен жол, электр желісін тартуға, тұрғын үй салуға жұм­салды. Кейіннен тағы да 132 миллион долларды Қазақ­станның Даму банкінен алдық. Бұл жоғарыдағы жұмыс­тар­ға бағытталды. Кейін 200 млн. АҚШ долларын Қытай Даму банкі берді. Қаражат есебінен негізгі нысан құры­лыс­тары басталды. Жұ­мысқа кәсіби тәжірибесі бар Қытайдың маман­дары таңдалды. Олар жұмыс­ты жалғас­тырып әкетті. Қазір бөлінген қаржы­ның 90 пайызы игерілді. Құрылыстың жалпы құны 340 миллион доллар. Қазір құрылыста 1200-дей адам еңбек етуде. Соның 340-ы Қытайдан келген мамандар. Қалған­дары өзіміздің отандастар. Құрылыс Райымбек ауданының аумағында жүргізілгендіктен көбіне аудан халқы жұмысқа тартылды. Әсіресе, Ұзын­бұлақ, Жылысай елді мекендерінің тұрғындары жұмысқа алынып, өзіндік үлестерін қосуда. «Мойнақ» ГЭС-і пайдалануға берілгенде 127 ма­ман жұмыспен қамтылмақшы. Қазір мұнда по­ли­техникалық, энергетикалық және ауыл шаруа­шылығы институттарын бітірген 28 жас маман Қытайда арнайы тәжірибеден өтіп қайтты. Жұмыс­қа алынатын мамандардың барлығы өзіміз­дің қыз-жігіттер. «Мойнақтың» шапағаты мен жақсылы­ғын көрген осындай 300 азамат тұрмыстарын түзеді. Мамандар үшін 80 тұрғын үйден тұратын қалашық және Алланың үйі, балалар бақшасы энер­гетиктердің тынымсыз тірлігіне жағдай жасай­тын болады. Жаңа үйге қоныстанғандардың қуа­ны­шында шек жоқ. Жалпы, «Мойнақты» салуға 200 мың текше метр бетон, 25 мың тонна арматура, 16 мың тонна құбыр, 5 мың тонна құрал-жабдық, 1 млн. текше метр тас жұмсалғаны есептелді. Құрал-жабдық­тан өзгесі отандық құрылыс материалдары әрі сапасы жақсы. ГЭС-тің Ақтоған шатқалында туннель арқылы келген су осы жерде агрегаттарға келіп құйылады. Мұнда екі агрегаттың әрқайсысы 150 МВт.-тық. Оның бір бұрандасына дейін ұқыпты ұстап, күту керек. Себебі, ол шетелден әкелінген. Ауыстыру едәуір қиындық туғызады. «Мойнақ» су электр стансасының бас ғи­мараты Шарын өзенінің жағасында. Жер асты су жолы біткен 9 шақырым жерде салынып жатыр. Мұнда ауқымды құрылыс жүргізілуде. Осы жер асты су жолы арқылы қуат көзі өндірілетін, шы­ғатын жердегі үлкен-үлкен екі қондырғы адуынды өзен суын айналдырады. Бас ғимараттың қауіп­сіздігі, сапасы талапқа сай жасалды. Мұндағы тау беткейлері де адам еңбегімен бетондалып, көмкерілді. Ғимараттың астындағы айналып тұратын екі қондырғы арқылы қуат көзі өндіріліп, Шарын өзені арнасына қайта түседі. Жоспар бойынша Ақтоғайда балық өсіріліп, демалыс орындары жасалады. «Бестөбе» жасанды су қоймасының айналасында да осындай демалыс орындары болады деп күтілуде. Бұл да тәуелсіздік әкелген жақсылық, болашақтың игілігі. Әрине оған аз да болса үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Бас мердігер Қытай су шаруашылығы ком­паниясы ерекше еңбек етуде. Қуаныштысы «Мой­нақ» мемлекет пен Үкіметтің қолында. Ал, 49 пайызы қазақстандық акционерлер еншісінде. Шетелдіктерде акция жоқ. Жарық көзі «КЕГОК» акционерлік қоғамының желілері арқылы Шелек және Қапшағайдың жанындағы «Робот» қосымша стансаларына беріледі де әрі қарай оңтүстік өңірге таратылады. Жиырма жылда қол жеткізілген жетістіктер қатарында «Мойнақ» стансасы бар екенін зор мәртебе санаймыз. Әрі еліміз өміріндегі маңызды нысанда қолтаңба қалдыру біз үшін ерекше қуаныш екені анық. Отан үшін, ел үшін тер төгудің өзі бір бақыт қой. Оразалы ҚАНТАЕВ,  «Мойнақ» су электр стансасының бас директоры.   Дерек пен дәйек • Мойнақ – Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынған үшінші су электр стансасы болып табылады. • Мойнақ су электр стансасы еліміздің оңтүстік аймағының қуат көзі тапшылығын шешетін нысан. • Қуаты 300 МВт. болатын Мойнақ ГЭС-і көлемі және қуат­тылығы жағынан еліміз тәуелсіздік алған жылдарда іске қосылатын алғашқы энергетикалық өндіріс. • Мойнақ ГЭС-інің ерекшелігі ол ТМД кеңістігіндегі жоғары қысымды үш гидростансаның бірі. Ондағы су қысымы 500 метрді құрайды. • Құрылыстың жалпы құны 340 миллион доллар. • Алғаш құрылысқа Қазақстанның Даму банкі 25 миллион АҚШ дол­ларын бөліп, қаржы «Бестөбе» су қой­масы мен жол, электр желісін тар­туға, тұрғын үй салуға жұмсалған. • Кейіннен тағы да 132 миллион доллар бөлген Қазақстанның Даму банкі қаржысы жоғарыдағы жұмыс­тар­ды өрістетуге бағытталыпты. • Қытай Даму банкі 200 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Қаражат есебінен негізгі ны­сан құрылыстары басталып, жұ­мыс­қа кәсіби тәжірибесі бар Қытай мамандары тартылған. • Қазір бөлінген қаржының 90 пайызы игерілген. • Құрылыста 1200-дей адам еңбек етуде. Оның 340-ы Қытайдан келген мамандар. Қалғандары өзіміздің отандастар. • Мамандар үшін 80 тұрғын үйден тұратын қалашық және Алланың үйі, балалар бақшасы салынды. • Мойнақты салуға 200 мың текше метр бетон, 25 мың тонна арматура, 16 мың тонна құбыр, 5 мың тонна құрал-жабдық, 1 млн. текше метр тас жұмсалған. • «Мойнақтың» 51 пайыз акциясы мемлекет пен Үкіметтің қолында. Ал, 49 пайызы қазақстандық акционерлер иелігінде. • Жарық көзі «КЕГОК» акционерлік қоғамының желілері арқылы Шелек және Қапшағай жанындағы «Робот» қосымша стансаларына беріліп, одан әрі оңтүстік өңірге таратылады. • Құрылыста 100 түрлі маркадағы автокөліктер мен 37 арнаулы техника және механикалық агрегат, генератор, трансформатор, компрессорлардың өзі 50-ден асады. • «Бестөбе» су қоймасының көлемі 238 млн. текше метр. • «Мойнақтың» кепілдік мерзімі 100 жылға есептелген. • Сейсмикалық жағынан 9 баллдық жер сілкінісіне төзімді. • Алып құрылыс іске қосылғанда өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көрсеткіші жыл сайын 6,7 млрд. теңгені құрайды деп жоспарланған. Бюджетке 1 млрд. 790 млн. теңге түсім түсетін болады. Тағдыр бізді осында тоғыстырды Тәуелсіз ел жастарының ар­маны да асқақ. Осыдан болар біздің жалындаған жастық жігеріміз ХХІ ғасырдың алып құрылысына жұмсалуда. Бұл біз үшін мәртебе десем де болар. «Мойнақ» ГЭС-інің құрылысы бү­гінде баршаның назарында болғандықтан әр күнді еселі ең­бекпен атап өтудеміз. Біз жастар әрдайым туған Отанымыздың өсіп-өркендеуіне қуанып, мақтаныш сезімде бо­ла­мыз. Осындай елде өмір сүріп отырғанымызды бақыт санаймыз. Тәуелсіздігіміздің шапағаты бұрын тоқтап қалған «Мойнақ» су электр стансасына түсті. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қайта қолға алынған «ғасыр құры­лы­сы» аталған «Мойнақ» біз секілді жастардың да болашағына жар­қын жол ашты. Қайрат-жі­ге­рі­мі­з­ді жануға мүмкіндік ту­ғызды. Алматы қаласындағы Энер­ге­тика және байланыс инс­ти­тутын инженер-электрик маман­дығы бойынша 2009 жылы бітіргеннен кейін туған ауда­ным­дағы «Мойнаққа» келдім. Уа­қыт­ша тапсырылған жұмыс­тар­ды атқара жүріп өмірлік жа­рым Айзаданы жолықтырдым. Ол да Алматы энергетика және радио­байланыс колледжін бітірген жас маман. Бізді тағдыр осылай тоғыстырды. «Мойнақтағы» өзен арнасы бекітілген қыркүйек айында Айзада екеуміздің үйлену тойымыз болды. Көп ұзамай жас отау, әрі жас маман ретінде «Мойнақ­тағы» «Энергетиктер» қалашы­ғынан төрт бөлмелі үй алдық. Сөйтіп, бір айдың ішінде қос қуанышқа кенелдік. Ең бас­ты­сы, оңтүстік өңірге жарық нұ­рын шашатын «Мойнақ» су электр стансасында жұмыс істейтінім көңілімді көтере түседі. Міне, алып құрылыс өмірі­мізді осылай жаңа арнаға түсір­ді. Біз осы ұжыммен өсіп, өр­кендейміз. Оған сеніміміз мол. Айбек МАРАТҰЛЫ, «Энергетиктер» қала­шығын­дағы жас отау иесі.   Қытайда тәжірибеден өтті Жетісудың өзен-көлден кенде еместігі атынан-ақ сезіліп тұр. Күнде көріп, тұнық суына шомылып, нәр алған өзендеріміз нағыз байлықтың көзі. Табиғаттың жомарттығы мен сыйын пайдалану мақсатында асау Шарын өзенінің суы байланды. Енді аз күндерде ұшар басын Алатау шыңынан алған Шарын өзенінен нұр шұғыла жан-жаққа тарайды. Осылайша баршаның үмітін жандырған «Мойнақ» су электр стансасы ел игілігіне айналатын болады. Алып құрылыстың Шарын өзенінен бастау алу себебіне тоқталайын. Ғалымдардың жан-жақты зерттеуі нәтижесінде ширек ғасыр бұрын осындай нақты тұжырым жасалыпты. Өйткені, Шарын – қысы-жазы ағынын жоғалтпай, екпіндей ағатын өзен. Демек, ГЭС салуға тиімді екені дәлелденген. Биіктен сарқырай құлаған судың мүмкіндігін пайдалану әрі бөгет салу күрделі іс екені айтпаса да түсінікті. Биіктігі 94 метр бө­гет­тің табаны су шайып кетпейтіндей бетондалып, тегістеліп, «алып қазандыққа» айналды. Құрылысты «Кернеу Лимитед» компаниясы жүзеге асырды. Шыңның құзар басына салынған бөгетке білікті мамандармен бірге аудан жастары да атсалысты. Олар кейінгі жас ұрпаққа «Құрылысты біз салғанбыз» деп мақтан ететіні анық. Осындай жастардың қатарында мен де бармын. Политехни­ка­лық, энергетикалық және ауыл шаруашылығы институттарын бітірген 28 жас маман Қытайда арнайы тәжірибеден өтіп қайтты. Күн сайын бөгеттің көз алдымызда толып, үлкен су қоймасына ай­налғанына куә болып жүрміз. Суды негізгі арнадан бұрып, арнайы туннельмен ағызу, деривациялау тәжірибесі елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылды. Міндетіміз маман ретінде алып құрылыс іске қосылғаннан кейін өндірілген электр қуатының тұтынушыға нұр-сәуле сыйлауына маман ретінде үлес қосу. Мұндағы қолға алынған жұмыстар жаныма жақын. Және бұл алдағы өмірімнің бастамасы, еңбегімнің нәтижесін көретін сәт. Меруерт БАҒАЕВА, жас маман.   Ұжым жылы қарсы алды Мектеп қабырғасында жүргенде энергетик мамандығы өзіне тартатын. Бұл тегін болмапты. Райымбек ауданындағы өзім туып-өскен Жылы­сай селолық округіндегі «Мойнақ» су электр стансасының құрылысы қайта қолға алынғанда қуанғанымды айтып жеткізе алмаймын. Сонда еңбек етуді армандаған жастардың бірі болдым. Алматы қаласындағы Аграрлық университеттің энергетика факультетіне түсіп, бітіргелі әр күнім стансаның тірлігімен бірге. «Мойнақ» ГЭС-інің басшылығы мені жылы қарсы алды. Кәсіби білімімді тәжірибеммен ұш­тас­тыруыма мүмкіндік туды. Тапсырған жұмыс­тар­ды тиянақты атқарып келемін. Бүгінде құры­лыс аяқталып келеді. Өңір экономикасына өзіндік үлесін қосатын алып құрылыста өз қолтаңбаңның барлығы ерекше қуаныш екен. Соны сезіндім. Тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдығы аталатын желтоқсан айының 11 жұлдызында «Мойнақ» су электр станса­сы­ның алғашқы кезеңі іске қосылады. Осыған орай жұмыс қызып тұр. Мен үшін «Мойнақ» менің өмірім, менің жарқын болашағым деп түсінемін. Осы құрылыста жастық жігерімнің бар екенін сезінген сайын ертеңгі күнге деген құштарлығым арта түседі. Айдар ТАУБАЛДИЕВ, энергетик. Айқара беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның» Алматы облысындағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.