25 Қаңтар, 2018

Ат тергеудің астарында ұят бар

1675 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрінде «ат тергеу» дейтін өте маңызды әдеп бар. Атал­мыш әдептің әуелгісі ұлысқа, елге, қау­ымға, еңбегі сіңген құрметті адам­ның атын тіке атамай, жанама ат қойып қадірлейді. Атап айтқанда «Қажы ата», «Би ата», «Батыр аға», «Әз ана» т.б. деген сияқты. Мысалы, ақын-жыршы Жамбыл Жабаевты ауыл-аймақ, ел-жұрты атын атамай «тә­те» деп әспеттеген. Бұл дәстүрдің ас­­тарында қазақтың үлкенді сыйлау, абы­ройлы тұлғаларды қадірлеу сияқ­ты аса құнды сыйластығы жатқаны аян. 

 

Ат тергеудің астарында ұят бар

Жоғарыдағы пікірімізге тағы бір дәлел – жуықта Семей қаласында жарық көрген «Абай туралы естеліктер» атты жинаққа ертеректе жазып алынған Абайдың баласы Мағауияның қызы Уәсиланың естелігі жарияланыпты. Онда естелік иесі өзінің Абай атасының тәрбиесінде болғанын айта келіп, атасынан естіген мына сөзді келтіреді: «Әкем (Абайды айтады ) бір күні былай деді: бір адамның, әйелдердің қайнағасының, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, өзіңнің үлкен атаң Құнанбайды халық «Тәте» деп атаған, Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қай­ындарына, аталарына жалған ат қой­ып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдеп­ті болудан шыққан сөз» дейді. Осы­ған қа­рағанда бұрынғы қазақ әулет үлкен­де­рі­нің атын атау былай тұрсын, сол кі­сімен аттас адамның атын атамайтын бол­ған ғой.

Сол сияқты атасы басқа әулетке жаңа­дан түскен келін, келген еліне сый-құр­меттің белгісі ретінде күйеуінің туыс­тарын тіке есімімен атамай, арна­йы ишаралап ат қою дәстүрі болған. Үл­кендер жас келін тарапынан «тергеу» арқылы қойылған есім-атауларға қа­рап, оның тапқырлығын, шешендігін, ой­лылығын аңғара алатын. Мысалы, қай­ын ата, қайын ағаларына – саятшы бол­са «бүркітші ата, аға», діндар адам бол­са «молда ата, аға», жақсы киінетін, сым­батты адам болса «сері ата, аға», жа­сына қарай «кіші ата, аға» деген сияқ­­ты т.б. ат қойса, қайындарына қал­ж­ыңға негізделген, күлкілі аттар да қоя­ды. Мысалы, тапалды «сұңғақ бойлы», жалқауды «пысық қайным» деген сияқ­ты.

Осы орайда, мына бір оқиғаға назар аударсақ: XIX ғасырдың 60-жылдары Аякөз-Бақты өңірінде өмір сүрген этнограф-тарихшы Құрбанғали Халид өзінің жазбасында: «Қазақта жасы кішілер үлкендерге «сен» демек түгіл, атын да атамайды. Ата-анасын, елдің үл­кендерін атымен атамай құрметтеп, мағы­насы бірдей, бірақ басқашалай атау­мен атайды. Мұндай ат қоюға ше­берлік жөнінде мынадай хикая бар. Бір-біріне жақын туысқан: Қамысбай, Қашқынбай, Қуанбай, Тезекбай, Бұлақ­бай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қай­рақ­бай, Пышақбай, Қылышбай есімді ағай­ындыларға бір қыз келін болып түсіпті. Бір күні ауыл маңындағы бұлақтың арғы жағында қамыстың қасында жайылып жүрген қойға қасқыр шауып, жаралайды. Оны тезірек қайрақ пен пышақ әкеліп, бауыздап алмаса арам өлетін түрі бар. Бұл оқиғаны көзімен көрген жас келін ауылға былай деп айғай салыпты: – Ау, халайық, сарқыраманың (бұлақты айтады) арғы жағында, сылдыраманың (қа­мысты айтады) бергі жағында, ма­ңы­раманы (қойды айтады), ұлыма (қас­қыр­ды айтады) жаралап кетті. Жылдaм бі­леуіт (қайрақ) пен жаныма (пышақ) әке­ліп адал орақтап алмаса өлетін түрі бар, депті. 

Көрдіңіздер ме, бұрынғы қазақтың келіндері қысылтаяң жағдайдың өзінде үлкен қайнағаларының атын атамай жол тауып кеткен. Осы тәрізді тағы бір оқиға 1962 жылы Қытай елінен өтіп келген қазақтарды тізімге алу кезін­де орын алғанын жазушы Қабдеш Жұма­ді­лов ағамыз өзінің «Таңғажайып дүние» ғұ­мырнамалық романында былай деп баяндапты: «Аудандық милиция қыз­мет­керлері ауыл-ауылды аралап, жаңа кел­гендерді тізімге алды. Біздің бір жең­геміз «фамилияңды айт» дегенде күйеуі­нің әкесі, яғни қайын атасының атын айтуға ұяты жібермей, күйеуінің атын айтып жіберген екен, оған паспорт сол күйінде келіп, біраз күлгеніміз бар».

Қазір осы дәстүр бұзылды. Бұған себеп көп. Соның бірі – жаңа түскен келінді күйеуінің фамилиясына көші­ре­тін заң. Атасының атын айтуға ұяла­тын келіндерге кеңестік идеология сол ата­сының атын фамилия етіп тіркеп бе­ріп, ұялмай баттитып айта беру­і­не жол ашты. 

Сөйтіп байырғы ұлттық дәстүр, құн­ды­лықтардың бұзылуынан қазір ата-ене, қайынағаларын сыйлайтын келіндер азай­ды. Неге? Өйткені, ғасырлар бойы қалып­тасқан сыйластық, ата дәстүр, таным бұзылды. Яғни ұяттың орны ауы­сып кетті. Ұялуға тиіс дүниеден ұял­майтын әдет қалыптасты. Қазақтың «ат тергеу» дәстүрінің астарында ұлы құді­рет «ұят» дейтін ұғым жатқан-тын. Соны жоқ ету арқылы, ағайынгершілік, сый­ластықтан ажырап қалдық емес пе?!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»