– Жаңа балет мектебі 180 орынға негізделген, ал интернатымен қоса алғанда қосымша тағы 60 орындық ғимарат 2013 жылы салынуы керек еді, – дейді Семейдегі балет мектебінің директоры Камилия Рашитқызы, – сол кезде жаңа нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынды. Сөйтіп мектеп мен интернаттың салынуына 640 млн теңге қажет болған еді, қаражат сол күйі бөлінбей қалды. Семей қаласының орталығындағы «72 квартал» аумағындағы 8-Наурыз көшесі бойынан қала әкімдігі әлдеқашан жер бөліп қойды. Бірақ қаржы берілмегендіктен, жобалау-сметалық құжат та сол күйі жасалмады. «Семстройпроект» ЖШС бағалағандай, мектеп пен интернат құрылысының жобалау-сметалық құжатына барлығы 15 млн теңгеден артық қаражат керек екен. Қазірден бастап 2018 жылдың бюджетіне осыны кіргізу керек. Облыстық бюджетке тек жобалау-сметалық құжат жасалған соң ғана тапсырыс беріледі.
Сонымен «Дарынды балаларға арналған арнайы балет мектебіне» 25 жыл бойы жетекшілік жасап отырған Шығыс Қазақстан облыстық татар қоғамдық орталығының төрайымы Камилия Исмаилованың сөзіне сүйенсек, балет мектебі жаңадан заманауи талапқа сай жасалуы тиіс. Онда 4 хореографиялық сынып бар, одан өзге 2 бөлме музыкалық құралдармен жүретін сабақтарға арналса, 2 бөлме арнайы пәндерге, ал 4 кабинет әкімшілік жұмыстарға тиесілі. сондай-ақ тігін цехы, костюм киетін және киімдерді жуатын бөлме, асхана, психологиялық қиындықтардан арылу, яғни оңашалану бөлмесі, сумен жуынатын, бассейн және тағы басқалары қамтылған.
– Соңғы кезде елімізде балетке қызығушылық артып келеді, – деді Камилия Рашитқызы, – Астанада «Астана Опера» балет және опера театры салынған. Қазақ ұлттық хореография академиясы іске қосылды. Осының барлығы Елбасының өнер мен мәдениетті қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Семейдің балет мектебінде нағыз шеберлер, өз ісінің майталмандары жұмыс істейді. Біздің түлектер «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Жақында облыс басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында кәсіби ұлттық этнографиялық ансамбль құруды ұсынған еді.
Біздің балет мектебінің өнерпаздарының осы ансамбльді құруға мүмкіндіктері де, таланттары да жетеді. Этнографиялық ансамбль дамып, елге танымал болуы үшін оның құрамында таланттылар болу керек. Және біздің ғана емес, шетелдің де жоғары өнер мектебімен байланыстарын үзбеген жөн. Біз осы істі бастаған 25 жыл ішінде Қазақ ұлттық хореография академиясымен, Алматы хореография училищесімен тығыз байланыс орнаттық. Халықаралық оқу орындарымен де әріптестік қарым-қатынастамыз. Бізге үздік өнер майталмандары келіп, семинарлар, шеберлік сабақтар өткізеді.
Осының бәрін айтып отырған себебім, балет мектебінің өз үйі мен талантты балаларға арналған интернаты болса, облыс өзінің балет мектебі, этногрофиялық-хореграфиялық ансамбльдерімен халықаралық деңгейде танымал бола түсер еді.
Осы мәселе туралы қала әкімі Ермак Сәлімовтен сұрағанымызда, 2018 жылдың бюджетінен жобалау-сметалық құжатты жасау үшін қаржы қарастырылатынын айтты. Оның айтуынша, «72 квартал» ауданында емес, қала сыртындағы «Қарағайлы» деген жерде төрт мектеп, төрт балабақша салынбақшы. Осы ғимараттардың бірін балет мектебіне лайықтау ойда бар көрінеді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ