18 Қараша, 2011

Арманы асқақ елім бар!

447 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мен жыл басында туған респуб­ли­кам­ның туын төбемізде асқақ желбіретіп, айбынды әнұранын ас­қақ шыр­қаған Азия ойындарының Астанада өт­кен ашылу сал­та­на­ты­на қатысып қайтқан едім. Шаты­рының астына 30 мың көрермен сыйып кетерлік «Астана-Арена» тәрізді жабық стадиондар әлемде санаулы-ақ деседі. Десе дегендей, стадион ішіне енсең, осы заманғы сәулет өнерінің озық үлгісімен шаңырақ көтерген жабық ғимарат көңіліңді көкке көтеріп, ғажап бір толқынысты сезімге жетелейді. 30 мың көрермен дүрк көтеріліп, бәрі бірдей қосылып Қазақстанның әнұранын шырқағанда тұла бойың шымырлап, көкі­регіңе отты сезім кептеліп, қос жанарыңа мөлт-мөлт етіп жас тіреледі екен. Мен нақ осындай сезім әлдиінде болдым. Қазақ­стан атты қасиетті елде туғаныма тәубе айтып, оның осындай ұлы тойын ұлықтау бақытына ие болған көптің бірі екендігін сезіне алу сәтімді ғұмырымның ең бір елеулі де еңселі тұсы деп есептедім. VII Қысқы Азия спорт ойындарын өт­кізу құрметіне ие болған Қазақстан осы жолы тарихында көріп, білмеген мәр­те­белі биік табысты еншілеп, спортшы­ларымыз мол олжа салды. Қазақ елі тағы бір әлем тарихының алдында еңсесін биіктеткен ғажап мүмкіндікке ие болды. Күні кеше ғана 56 мемлекеттің басын қосып, ЕҚЫҰ-ның он бір жыл бойы тоқырап қалған жұмысын қайра тірілтіп, салиқалы саммит өткіздік. Мәртебелі жи­ында сөз алған әр мемлекеттің көсем сер­келері адамзат қауымдастығы аса қажет­сініп отырған осы басқосудың бастауында тұра білген Қазақстанға, оның Көшбас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігіне, салиқалы ой иесі екендігіне, бүгіні мен келешегін шебер шендестіре алар данагөй көсемдігіне бірауыздан ден қойды. Оған біз куә, тарих куә! Олай болса, туған халқының қамын ойлап, бізге мәлім-беймәлім саяси жағ­дай­лардың алды-артын ораған соқтық­палы соқпақтарынан соны жол тауып, сол жолда сүрінбей, жаңылмай жанкештілікпен тәуелсіздігіміздің 20 жылына сау-саламат жеткізген бірден-бір тұлғаның Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін мойындауға міндеттіміз. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды!» Бұл – аксиома. Сол шындықтың шырай берер тұсын сонау Тұран жұртынан қал­ған жыртыстай бүгінгі әрі дана, әрі бала, әрі мәрт, әрі нәмәрт, нелер ұлы тұлға­лардың тал бесігі болған алтын құрсақты Қазақ елі, қазақ халқы екендігін ескермеске бола ма? Тарихтың тулаған толқын­дарына бірде шым батып, бірде құлшына құлаш ұрып, бірде ескеріліп, бірде ескерілмей, бірде жолынан қағылып, бірде төрінен сырылып келген қаймана қазақ Абылай тұсындағы аз ғана уақыт ерлік пен серіліктің, еркіндік пен еркеліктің кезеңінен өтті. Одан кейінгі көрген қа­зақ­тың құқайы ордан шықса сорға, сордан шықса қайра келіп орға жығылған сорлы­ның халін кешті. Бұл бұралаң бұлталақ жолда да біздің мұң оранып, зар кешкен тарихымыздың қанды да шаңды ізі жатыр. Әр тарихи құбылыс пен жағдаяттың (ситуацияның) өзіне ғана тән тағылымы болмақ. Қазақ елі мен жұртына осыдан жиырма жыл бұрын бақыт құсы болып қонған Азаттық, Бостандық, Тәуелсіздік тағылымын әркім әрқалай тұспалдап, әр түрлі түсінетіндігі заңдылық. Бірақ, ме­нің­ше, «ақ түйенің қарны жарылды» дейтін ақжарылқап кезең тарих-ананың құр­сағында тым көп жатып, зарықтырған, көп тостырып торықтырған, өмірге ай маңдайы жарқырап келер сәтін күтінгені ақиқат еді. Ол сан ғасыр қызыл тобық қар кешіп, қызыл аяқ жар кешкен бабалар мен аталардың арман-аңсары еді. Ақ жау­лықты әжелер мен аналарымыздың түнде алдына алып сәбиін тербеткен әлди-әніне айналды, күндіз күйзеліс күрсінісі мол жүрек тұсына шемен болып байланды сол азаттық. Сол сәруәрлі сәт туды. Қазақстан тәу­ел­сіздігін әлемге жария етті. Ендігі бағыт-бағдар қан­дай болмақ, келешекке кешікпей аттанып кетерде қазақ көш-керуе­ні­нің бұй­дасын кімге сеніп беруге болады деген жол­айрық күй кештік. Оны да тарлан тарих бекерге шы­ғар­май­ды. Осы сындарлы сәтте жасынан металлургтер пешінде құрышпен бір­ге біте қайнасып, бойы да, ойы да болат болып бекінген қазақтың бір ұлы тұлға биіктеткен. Ол бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді. Жаңа істі бастап кету оңай болмады. Кеңес берушілер де, даңғылдан тұйыққа жол сілтеушілер де жеткілікті еді. Солар­дың біразы жас елді жалпасынан түсіріп, шексіз байлыққа мелдектесек деген за­лымдық пиғылда болғандығы жасырын емес. Әсіресе, ел экономикасының еселенер тұсы – ауыл шаруашылығын реформалауда қия жарда қисық басқан тұсымыз да аз болмады. Сол қисынсыздық зардабы көбінесе қазақ ауылдарына ауыр жүк ар­тып кетті. Бірқатары батпан жүкті көтере алмай шатқаяқтай тұралап, тәйкесінен түсті. Шаруашылықты шашып алдық. Енді ғана ес жия бастағандаймыз. Денсау­лық сақтау, білім беру, ғылымды өркен­детіп, оны ел игілігіне жегу мәселелерінің үңілер тұзы азшылық етпейді. Дей тұрсақ та Тәуелсіз ел іргесін бекемдеп, экономикасын еселеп, әлеуметтік даму сатылары биіктеп, хал-ахуал ауаны жақсара түскендігін дос түгілі дұш­панымыз мойындай бастады. Әрине, бұл арада диферамба айтып, жарамсақ мадақ, қисынсыз мақтау айтудың қажеті жоқ, әрі мен оның адамы емеспін. Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биыл да әдеттегідей Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнағаны белгілі. Маған бұл Жолдау өзінің салиқалы салмағымен, сұңғатты сипатымен, еліне алаң, жанашыр көңілдің көкжиегін аңдатқан ақылмандығымен ерекшеленгендей көрінді. Мен Жолдауды түгел сүзіп, көкірек көңілімнен өткізгеніммен, онымды тегіс тізбелеп, баға беруден аулақпын. Екі ғана мәселеге назар аударсам деймін. Соның бірі де бірегейі мемлекеттік тіл – ана тіліміз хақында. Сөз жоқ, ана тілімізге алаң көңіл әлі де күпті сезімнен ада-күде арылып болды дей алмаймыз. Бұл төңіректе айтылған, айтылып келген, айтыла бермек әңгіме әуейі жауырлы шиырға айналып болды. Сондағы айтатынымыз тілдің дамы­мауы­на Президент, Үкімет, Парламент кінәлі деген солақай сыннан әрі аспайды. Өз бойындағы кемшілік кінә мен күнәні құдайға құлата сөйлейтін қазақ бұл жолы да тіл мәселесіне өзінің қатысы жоқ, сырт бақылаушы рөлінде тұрып келеді. Бұл – аса өкінішті жағдай. Тап осындай пиғыл­ды халықтың тілі қалай дамып, өркен жаяды. Осыдан екі жыл бұрын Қадыр ақын Көкшетауға келгенде: «Балаларым өлеңдерімді оқымайды, немерелеріммен ана тілімде сөйлесе алмайтын халге жеттім», деп жанарына жас алғаны есте. Бұл ақынның трагедиясы ғана емес, тұтас қоғам тұтқасы – қазақтың қайғысы ғой. Президент өз Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын (басқа ұлт өкілдерін қоса деп түсіндік – Т.Қ.) 80 пайызға дейін жеткізу», деп атап көр­сетті. Міне, тіл мәселесінде Елбасы алды­мызға нақтылы осындай міндет жүк­теп отыр. Бұл – хан-қара, басшы-қосшыға тікелей қатысты, менікі-сенікі демейтін аса абыройлы да ауыр міндет. Абы­рой­лылығы – міндет орындалуымен өлшен­се, ауырлығы сол міндет орындалар ма деген екіұшты күдік. Ендеше, келіңіздер ағайын! Жұмы­лай­ық, жүрекке жүрек, білекке білек, тілекке тілек қоса қимыл көр­се­тейік. Өйт­кені, сырттан келіп «Әй, тіліңнің неге көсегесін көгертпей жа­тыр­сың», деп ешкім мү­сіркемейді, қамқор да болмайды. Жолдаудағы екінші мә­селе мал шаруашы­лы­ғы­на қатысты болып отыр. Жер асты шикі­за­тын өндіруді дендей игер­ген республика қа­лай десек те аграрлы ел екендігін естен шығару­ға тиіс емес. Астық, мал өнім­дерінсіз еш ілгері баса алмасымыз айдан анық. «Ауыл жылы» атан­ған кезеңдер артта қал­ды, одан ауылдың кө­се­ге­сі көгеріп кете алмады, тізелеген қалпы тік тұра алар емес. Ендеше, бұл бағытта ойланар, ойластырып шешер мәселе бар екені анық. Жолдауда: «Аграрлық секторда мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асы­рылады», деп шегелей келіп: «2016 жыл­дың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең», дегенге назар ауда­рылған. Оның үстіне мал шаруашылығын дамыту барысында елімізде қосымша 20 мыңнан астам ауылдастарымызға жұмыс орны ашылмақ екен. Міне, мені ерекше қызықтырған екі мә­селенің әужайы жалпы ел өмірінің бү­гінінен де ертеңіне деген алаң көңілімізді орнықтырып, жарқын болашаққа деген сенім сипатын тереңдете түскендей болды. Бүгінде кез келген қазақстандық өз үміті мен келешегін ел басшысының сарабдал саясаткерлігіне, ел мүддесін бә­рі­нен де, өз орынтағынан да биік қоя білер салиқалылығына, тұйықтан алып шығар данагөй көсемдігіне, тағы басқа да асыл қасиеттеріне тәуелді қарастырады. Бұл заңды да. Осы орайда тап қазіргі таңда әлем танып, мойындаған, ірі саясаткерлермен иықтаса алар кімің бар дегенде, ойға алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі оралары ақиқат. Ендеше, атқарылған істі уақыт өлшемімен шендестірмей, оның пайым-парқын парасат биігімен дең­гейлес қарасақ, жүзеге асқан істеріміз бен қол жеткен табыстарымыз, сыртқы саясаттағы бедел-абыройымыз бүгінгі Президент басшылығы тұсында жүзеге асқандығын көңілге медет санағанымыз жөн болмақ. Егер елін шашау шығармай, береке-бірлікте ұстаса, көршілес республикалардай қанды қасапқа ұрындырмаса, ел бірлігін, дінге төзімділікті достық, келісім аясында шешіп беріп отырса, жер-көктен жаңа тұлға іздеудің қисыны бар ма. 46 конфессия мен 130-дан астам этностың ортақ ордасы Қазақстан емес пе. Тарихта 20-30 жыл ел басқарған тұл­ғалар аз емес. Өзінің ғаламат табыс­тарымен әлем назарын аударған оймақтай ғана Сингапур мемлекеті өз өркендеуіне 31 жыл басшылық жасаған ұлы реформатор Ли Куан Юдің арқасында жеткендігін кім білмейді. Немесе 1981-2003 жылдар аралығында Малайзия мемлекетіне ауы­сым­сыз басшылық жасаған Махатхир Мохаммад жүргізіп келген ішкі-сыртқы сын­дарлы саясаты нәтижесінде айтулы эконо­микалық қарыштауларды қамтамасыз ете білді. АҚШ тарихында қатарынан төрт рет президент болып сайланған Франклин Делано Рузвельт есімі оның елі үшін атқарған сандаған еңбектерін айтпағанда, америка халқын ұлы депрессиядан аман алып шыққан көреген көсем ретінде бағаланғандығына тарих куә! «Өз еліңде пайғамбар жоқ» дейтін езу тарттырар қасаң қағида бар. Әр ел өз Ғайсасы мен Мұхаммедін тудыра берсе, онда пайғамбарлықтың қадір-қасиеті қай­да қалмақ. Ал қазақстандықтар Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев есімімен мақтана алады әрі Қазақстанды бұл есімнен бөле қарау тарихқа қиянат. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері, жазушы. Көкшетау.