25 Қаңтар, 2018

Тәуелсіздік тағылымы туғызған туынды

405 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың «Егер ісім өнсін десең – ретін тап» деген на­қыл сөзі Елбасының Тәуел­сіз­дігімізді жариялап, тәй-тәй­ләтіп, аяғына тік тұрғызып, Қазақстан қоғамын қарышта­тып алға бастыртқан қарымды қай­раткерлігінің алтын кілті іс­петтес. Дамудың жаңа сүр­леуіне енді ғана түскен мил­лион­дардың күнделікті тірлігі­не айналдырудың алғашқы қадам­дарын жасқанбай жасау­дың қаншалықты қиын екен­дігін «жүрген ғана біледі». 

Елба­с­ының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа еңбегін осы жолды халқының жаңа, азат тарихының тұнық бастауы, базарлы бүгіні мен жұлдызды болашағы үшін қажымай, талмай, ұлы мұратынан адаспай жүріп өтіп, алға ұмтылған ақылман көшбасшы, сұңғыла саясаткер қарекетінің жылнамасы деп қабылдаймыз.

 

Тәуелсіздік тағылымы туғызған туынды

Еңбекте егемен ел тарихы төрт кезеңге бөлініп қарастырылған. Кітаптың өн бойынан Елбасы туын­дыларының тұрақты діңге­гіне айналған стратегиялық зерде­нің айшықты көріністерін анық байқаймыз. Автор өзі қарастырып отырған мәселеге шығарманың әр бөлімінде қайта-қайта оралып, оның әр тарихи кезеңдегі нақ­ты болмысына толыққанды тал­дау жасайды. Әр құбылыс өз шең­берімен ғана шектеліп қалмай, қоғамның басқа да салаларындағы сан алуан құбылыстармен шен­дестіріле зерделенеді. Мәселен, кітаптың 1-бөлімінде жаңа білім жүйесінің іргетасын қалау мә­селесі нарықтық экономика үлгі­сінің негізін қалау мәселесі аясын­да қарастырылса, 2-бөлім­де білім саласындағы, оның ішінде жоғары мектептегі өзгеріс­тер уақыты тұрақтану мен эконо­микалық өсу үрдістерімен байланыстырыла талданады. 

Сол сияқты 3-бөлімде атап көрсетілген 2000-2010 жылда­ры білім, ғылым, мәдениет, спорт салаларында қол жеткізген же­тіс­тіктерді қамтитын зияткер­лік өрлеу индустриалық-инно­ва­циялық даму стратегиясымен, жалпыұлттық келісімнің қазақ­стандық моделінің жасақ­талуы­мен байланыстырыла түсін­діріледі. Қазіргі кезеңді қамти­тын, «Қалыптасқан мемлекет. Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы» деп аталатын 4-бөлімде адам капиталының жаңа сапасын, демек білім беру ісінің жаңа сапасын қамтамасыз ету мәселесі мен жаңа экономика құру мәсе­ле­сінің бір-біріне тәуелді егіз мәсе­лелер екендігіне айрықша назар аударылған. Осының бәрі парасатты саясаткердің тәуелсіздік жылдарының әр кезеңіндегі қоғам өмірінде қалыптасқан нақты жағдайлар берген мүмкіндіктерді адамдардың нақты жасампаздық қабілеттерін іске қосу арқылы жүзеге асыру жолдарын жаза бас­пай таңдауының, әр істің «ретін табудың» жарқын үлгісі іспеттес. Бұл Президент жиі қайталайтын прагматизм қағидатын шебер іске асырудың да айқын кө­рі­нісі. Және бұл жеке бастың қамын ғана күйттейтін, өзімшіл пайдакүнемдік емес, кітап авторы өз арнауында жеткізе айтқан «ұлы қолдаушысы, келешегіне өзі­нің қазақстандық жолымен қа­рыш­таған жасампаз халқының» мүдде­сін көздеп, намысын жыртатын әлеуметтік нышандағы праг­матизм.

Кітап – бірыңғай жағымды жайттарды тізбектеген альманах емес, ойлы көпшілікке арналған трактат. Сондықтан да мұнда қол жеткізген жетістіктер мен кездестірген қиын­шы­лықтар, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер, күрмеуі қиын, қайшылығы мол за­манның күрделі мәселелері кеңі­нен қарастырылған. Олардың бәрі автордың жеке тәжірибесінен түйген негізді ой-толғамдарына сүйене отырып талданып, сарап­талған. Жаңа экономикаға негіз­делген саяси, әлеуметтік, рухани жаң­ғыру барысындағы қай­шы­лықтар аталып қана қоймай, олар­ды шешудің нақты жолдары көр­се­тілген. Ядролық қарусыз әлем жолын­дағы көшбасшылық және мемлекет қа­уіпсіздігін нығайтуда болсын, ұлтаралық және дінаралық келісімнің дара үлгісін қалыптастыруда болсын немесе эволюциялық жолмен азаматтарымыздың бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етуде болсын жеткен жетістіктерімізден туындайтын «қазақстандық даму жолының» ерекшеліктері екшеліп, дәйекті дәлелденген.

Иә, Тұңғыш Президент тәуел­сіз­дік жылдары халқына «аспан­дағы Айды алып беремін» деген жоқ. Керісінше, әуел бастан жақсы өмірге қол жеткізу бар­ша халықтың ынтымақты бірлігі мен келісімінің, ерен еңбегі мен төзімділігінің, билікке, жарқын болашаққа деген сені­мінің арқасында ғана мүмкін екен­дігін ашық айтты. Көшбас­шының көрегендігі, жұдырық­тай жұмылған барша қазақстан­дық­тардың жанқиярлық қарекетінің нәтижесінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Президент халқына уәде еткен «берекелі заман ақыры орнады». Сөз жоқ, «алдымен, экономика, содан кейін –  сая­сат» қағидаты мемлекетіміздің материалдық іргетасын қалаудың негізі болғаны анық. Сонымен бірге Қазақстан қоғамының қазір­гі келбетін сомдауда, Пре­зи­дент осы еңбегінде атап көрсет­кенін­дей, «бұрын-соңды болмаған зият­керлік өрлеудің» де қомақты үлесі барлығы даусыз. Автор өз кезегінде бұл өрлеудің білім, ғылым, мәдениет, спорт сала­лар­ындағы жоғары жетістіктер негізінде мүмкін болғанын таратып айтады. Айтып қана қоймай, бұл салалардың бүгін атқарар басты миссиясы ретінде «адам капиталының жаңа сапасын» қалыптастыруды атайды. Бұл міндет Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қойылған он міндеттің же­тін­шісінің негізін құрап отыр. 

«Тәуелсіздік дәуірінің» алтын арқауы ретінде «адам капиталына арқа сүйеу» қағидатын атауға болады. Бұл қағидат кітаптың өн бойында, қандай да болсын қоғамдық сала мәселелерін талдауда менмұндалап тұрады. Мұ­ның себебін автордың мына түйі­нінен айқын аңғарамыз: ««Адам капиталына арқа сүйеу» қағи­даты біздің адам мен оның ерекше мүмкіндіктеріне (шебер­лігіне, дарынына, білігіне, құзыретіне, тәжірибесіне) негіз­делген саяси және азаматтық дүние­та­нымымыздың... елдің бола­шағын нақтылайтынына деген се­німіміздің кілті іспетті. «Адам капиталына арқа сүйеу» мемлекеттің прогрессивті көзқарасын ғана емес, сондай-ақ оның – осынау капиталдың нақты өзіне – өз азаматына деген жауапкершілігін де көрсетеді». Шын мәнінде, аса мазмұнды, терең мағыналы анықтама-қағидат. Түптеп келгенде, әрбір білім беру мекемесінің, онда еңбек ететін әрбір қыз­меткер қарекетінің нәтижесі шәкірт­теріміздің аталған ерекше мүм­кіндіктерін жүзеге асыру арқы­лы олардың дарынын ашып, шебер­лігін, білігін, құзыретін, тәжі­рибесін қалыптастыру деңгейімен өлшенбек.

Кітаптың автордың өз алғы­сөзінде жазғанындай «біздің Ота­нымыз – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдықтардағы даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етіп, ел болашағын жасайтын жасам­паздар қатарына қосылуға көмек­тесетініне» сенім мол. Туын­дының әлемдік және отандық үрдістер мен трендтер туралы мағ­лұматтарға бай мазмұны, оларға берілген терең де жүйелі талдау, оқырманын жетектеп отыратын әсерлі баяндау тәсілі мен ұғынықты шұрайлы тілі оны әрбір білім-ілімге құмар жастың оқып қана қоймай, тоқуға шақырар жансерігіне айналдырары сөзсіз. Сондықтан да еңбек оқушылар мен студенттерге оқытылатын «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» курсының оқу құралы ретінде пайдалануға сұранып тұр. Хакім Абай өсиет еткендей: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».

Кітаптың қорытынды бет­терінде Елбасы 2017-2050 жыл­дарға арналған межелерді белгі­леп берген. Соның бірі – «ұлт­тық білім беру деңгейін әлемдік дең­гейге көтеру және оны еліміз­дің бүкіл азаматтарына қолже­тімді ету». Біздің университет ұжы­мының бар қарым-қабілеті осы жа­уапты да асқаралы міндетті абыроймен орындауға жұмыл­дырылмақ.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

АҚТӨБЕ