18 Қараша, 2011

Өздерімізді қазақстандық сезініп отырмыз

248 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар осылай дейді Дегенмен, өзге елден  келгендер үшін жаңа қонысқа ор­на­ласып кету оңай болмады. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» деген емес пе. Алыстан келген ағайынды анталаған проб­лемалық мәселелер бүгін де аз емес. Рас, оралмандардың көші-қонын реттейтін  1997 жыл­ғы 13 желтоқсанда шыққан «Көші-қон туралы» Заң бар. Тарихи Отанына көшіп келгендерге мемлекет тарапынан бір реттік көмек те беріледі. «Адамды тұрмыс билейді» дегендей, тіркелу, жұмыс­қа тұру, жаңа ортаға қалыптасып, үйренісу, бейімделу сияқты көп­те­ген мә­селелердің бар­лығын  жергілікті билік то­лық­тай қамти алмайды. Кө­бінде оралмандар қиыншық­тардың тауқы­метімен өздері ғана бетпе-бет қалады. Осыдан үш жыл бұрын Рудный қаласындағы «Іскер әйелдер қауымдастығы» қо­ғам­дық ұйымы оралман ағай­ындарға көмек қолын созды. Қауымдастық 2009 жылы «Қош келдіңдер, ағайындар!» атты жоба жасап, алдымен тарихи Отанына қоныс аудар­ған­дардың әлеуметтік-тұрмыстық түйінді мәселелерін  зерттеді. Ал өткен жылы «Ақ ниет» жо­басын жасап, оралмандардың әлеуметтік-мәдени мүмкін­дік­те­рін ашуға жағдай жасады. «Отандастар» атты аймақтық фестиваль өткізіліп, оған Федоров, Таран аудандары мен Қашар кентіне, Рудный қала­сына орналасқан қандастары­мыз, олардың арасындағы өнер­паздар қатысты.  Рудный қалалық тарихи-өлкетану музейінде халықтық шығарма­шы­лық көрмесі ұйымдасты­рылды.  Оған оралман ағай­ын­дар 110 ұлттық, тұрмыстық бұйымдарын ұсынды. Фестиваль де, көрме де  келушілердің, кө­рермен­дер­дің қызығушы­лы­ғын тудырды. Алыста жүр­се де ұлттық дәстүр-салтын жоғалтпаған ағайын ұсынған бұйымдардың ішін­де жә­ді­гердей музейге сұранып тұрған зат­тар да  аз бол­ма­ды. Ең бас­тысы – осы  игі шаралар  атажұртқа кел­ген ағай­ындардың ара­сынан не­бір тума та­лант­тарды, да­рынды адам­дар­ды көп­ші­лікке танытты. Биыл рудныйлық іскер әйелдер оралман ағайындар үшін жасаған «Тағдырымыз бірге!» жо­басын Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арнады. Жоба жетекшісі Рысбике Сүймекова жыл тәулігінде атқарылған жұ­мыстарды қорытын­ды­лап, жұртшылық алдында есеп берді. Оған оралман ағайын­дармен бірге осы жоба бой­ын­ша бірлесіп  жұмыс атқарған Руд­ный қала­лық, Қашар кенті әкім­ші­ліктеріндегі көші-қон, әлеуметтік бағдарлама­ларды үйлестіру, халықты жұмыспен қамту бөлімдерінен мамандар қа­тысты. Жобаны жүзеге асы­ру­шылар оралмандар тығыз орна­ласқан елді мекендерге жыл бойы 14 рет барып, жергілікті атқару билігі өкілдерімен оралмандардың  кездесулерін, заңгер кеңесін ұйым­дас­тырды. Олар тіркелу, азаматтық алу, жұмысқа орналасу мәселелері төңі­ре­гінде сауалдарын қойды. Оралман­дарға қатысты әлеу­меттік мәселелер сан алуан.  Соның ішінде жұмыс­сыздық пен баспана алу мәселесі өткір тұр.  Жұмысқа жарамды  ағай­ын­дардың 70 пайызы орта біліммен шектелген. Сондықтан оларды ма­ман­дықтарға қайта оқыту жұмыс­тары да жүргізілді. Үкіметтік емес ұйым жобасының есебінде тағы бір өзекті мәселе сөз бол­ды. Рудный қаласында бірнеше жылдан бері оралмандар арасында пәтер ала­яқ­тығы орын алып келеді. Бүгінге дейін Іскер әйелдер қауымдастығына он адам арыз-шағым айтып келген. Олардың арыздарының барлығы  тергеу орган­да­рында, сотта жатыр. Бірақ нәтиже аз. Жергілікті жерді дұрыс білмейтін ағай­ындар бір реттік мемлекет көмегін алғаннан кейін қаладан арзан  баспана  іздейді. Осыны біліп алған алаяқтар оларды алдап соғады. – Осы пәтер алаяқтығы өршіп тұр. Негізінде оралмандардың алаяқтарға алданып беріп қойған ақшасы – мемлекет қаржысы. Олар квота бойынша өз­де­ріне бюджеттен бөлінген қаржыны алысымен  арсыз адамдардың қарма­ғы­на ілініп жатады. Өкінішке қарай, жергілікті тергеу орындары, прокуратура бұған өте марғау қарап отыр, – дейді Рысбике Қасымқызы. Үкіметтік емес ұйым осылай қолға алып, алыстан атажұрт деп аңсап жеткен ағайынға үш жыл бойы көмек қолын созды. Жоба шеңберінде оралмандар арасындағы белсенді адамдар­ды көшбасшылық мектебінен өткізді. Енді олар да қоныс аударғандар тап бол­ған қиындықтар түйінін шешетіндей деңгейге жетті. – Іскер әйелдер қауымдастығы «Ақсақалдар алқасын» құрды. Оған Өзбекстаннан көшіп келген ағай­ын­дардан ірібасты кісілер мүше бол­дық. Кез келген мәселемен жергілікті биліктің, соттың есігін тоздыра бермейік, ағайындық жасап, өзіміз тезге салып шешейік деген  түйінге келдік. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырамай тұр­майды, ағайындылар түсініспей қалады, қарыз ақша алып, бермей қоя­тындар бар. Міне, осындай тір­лік­тің ұсақ-түйегін өз арамызда тал­қыға салып, шарбақтан шығармай шешіп отыр­дық. Ағайын­дар­ға күн көру үшін тал­пынуды, еңбек етуді, мұнда алақан жаю үшін келмегенімізді түсіндірдік, – дейді Сабыр Наурызбаев ақсақал. – Рудный қаласына Үш­құдықтан қоныс аудар­ға­ны­ма бес ай болды. Келісімен «Тағдырымыз бірге!» жо­ба­сын жүргізіп отырған Іскер әйелдер қау­ым­дастығын тау­ып алып, солардың қызмет­терін пай­даландым. Олар­дың кеңесімен ерінбей бес ай бойы жұмыс іздедім. Шүкір, балаларым да, өзім де  жұ­мысқа орна­лас­тық, – дейді Қаламбек Әбжанұлы деген азамат. Оралман ағайындардың жергілікті атқару билігіне ұсынысы да жоқ емес. Жоба қорытындысына арнал­ған басқосуда оны да ортаға салды. – Өзбекстаннан келген ағайын­дар­дың әр шаңырағында, құдайға шү­кір, кемі үш-төрт баладан бар. Рудный қаласында қазақша бала­бақшаның жетімсіздігі бізге білініп отыр. Осы мәселені қала әкімдігі ескерсе екен, – дейді Сабыр Наурыз­баев. Көш көлікті болса да, қиын­дық­сыз болмайды. Жалпы алғанда, Қос­танай облысына Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар мүмкіндігінше атажұртқа үйренісіп, осы жердің жергілікті тұрғындарындай, өздерін қазақстандық сезініп отыр. Бәрі де өз аталары аңсап өткен Тәуелсіздіктің арқасы екенін түйсініп, алға сеніммен қарайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Рудный қаласы.