Әлем • 25 Қаңтар, 2018

КХДР хоккейшілері Оңтүстік Кореяға барды

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Кореяның хоккейші қыздарынан құралған делегация қысқы Олимпиадаға дайындалу үшін Оңтүстік Кореяға барды.

КХДР хоккейшілері Оңтүстік Кореяға барды

Осыған дейін қос Корея бір тудың астында шығатыны, хоккейшілері бір құрамада өнер көрсететіні хабарланған. Бүгін солтүстіктің 12 хоккейшісі оңтүстіктегі әріптестеріне қосылып, жаттығуға кірісті.

Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) қысқы Олимпиадаға қатысатыны бастапқыда белгісіз болған. Алайда, КХДР басшысы Ким Чен Ын жаңажылдық құттықтауында Пенчангтағы Ойындарға қатысу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл ойды Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чжэ Ин жылы қабылдап, мәселені талқылау үшін келіссөз өткізуді ұсынды. Ал келіссөз 9 қаңтар күні сәтті аяқталды. Қорытындысы бойынша Олимпиаданың ашылуында қос Корея бір тудың астында шығады.

Келіссөз бойынша Олимпиада кезінде әр матчқа кемінде үш солтүстіккоренялық хоккейші шығуы тиіс. Оңтүстік Корея хоккейшілері бастапқыда бұған наразылық танытқан. Оған негізгі себептің бірі – оңтүстік спортшыларының ойын практикасы азаюы.

«Солтүстік Корея хоккейшілерін қатарымызға қосу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бұл бізге ұнамай тұрғаны жасырын емес. Себебі Оңтүстік Корея құрамасының 23 ойыншысы Олимпиадаға жолдама алды. Олар осы жарысқа қатысу үшін барын салды. Енді өзге хоккейшілер қатарымызды толтырса, құрама сапындағы қыздардың біразы Олимпиададан тыс қалуы мүмкін ғой. Сондықтан қыздарымыз осыған алаңдап отыр», деген еді хоккейден Оңтүстік Корея әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Сара Мюррей.

Дегенмен Халықаралық Олимпиада комитеті Оңтүстік Кореяның 23 хоккейшісіне КХДР-дің 12 спортшысын қосу туралы ұсынысқа келісімін берді.

«Команданың саяси мақсатта қолданылуы қиын жағдай. Бірақ бұл бізге ғана емес, бәрімізге маңызды», деді Сара Мюррей.

Әлемдік сарапшылар Солтүстік Кореяның қысқы Олимпиадаға қатысуы халықаралық санкциялардың жұмсаруына әкелуі мүмкін деген болжам жасап отыр.