19 Қараша, 2011

Әлем чемпионатында топ жаруға ұмтыламыз, –дейді Дүниежүзілік қол күресі федерациясының вице-президенті, Азия қол күресі (армрестлинг) федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұқан Сағидоллаұлы Ағзамов.

988 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сонымен Алматы тағы бір Әлем чем­пионатының тұсауын кескелі отыр. Қара­шаның 29-ы мен желтоқсанның 3-і аралы­ғында Алматыдағы Балуан Шолақ атын­дағы спорт кешенінде қол күресінен 33-ші Әлем чемпионаты басталмақ. Ол Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы, еліміздегі қол күресі мен гір спортының өркендеуіне толағай үлес қосқан Мұқан Ағзамовтың 60 жылдық мерейтойына арналмақ. Біз Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалғанда Мұқан АҒЗА­МОВҚА бірнеше сауал қойған едік. – Қол күресінен Әлем чемпио­на­тының Қазақстанда өтуі абройымызды асқақтата бермек! Соңғы жылдары елімізде байрақты бәсекелер тұрақты өте бас­тады. Бұл әлем жұртшылығының Қа­­зақстанды мойындауы, құрметтеуі деген сөз. 33-ші Әлем чемпионатының Ал­­ма­ты­да өтуіне қандай жағдай себеп болды? – Әңгімені әріден бастайын. Елімізде гір спорты мен армрестлинг федерациясы 1992 жылдың желтоқсанында Қонаев қо­рымен бір күнде дүниеге келді. Бұл спорт түрлері Олимпиада ойындары бағдарла­ма­сына енбесе де шетелдерде жақсы баға­ла­нады, абыройға ие. Әсіресе Ресей, АҚШ, Еуропа елдерінде қол күресі мен гір спор­ты ерекше дамыған. Тәуелсіздікпен төл құр­дас федерацияларға жетекшілік ету оңай шаруа емес. Еліміздің барлық об­лыстарын аралауға тура келді, ел біріншіліктерін тұрақты өткізе бастадық. Қазір жыл сайын қос спорт түрінен ел біріншілігі тұрақты өткізіліп тұрады. Кезінде қол күресі мен гір тасын көтеруден еліміздің сан мәрте чемпионы атандым. 1975 жылы Үндістанның Калькутта қа­ласында қол күресінен Азия федерациясы құрылып, оған президент болып сол елдің азаматы Баридж Баран Дас тағайындалды. Алайда, Баридж мырза аспайтын, саспай­тын, қозғала қоймайтын сабаз екен, бірде-бір рет қол күресінен Азия біріншілігін өт­кізуді қажет деп таппаған ғой. Шыдамның шегі болуы тиіс емес пе, үнділік азаматты қалың ұйқыдан оятуға тура келді. Себебі Азиядағы қол күресі тұйыққа тірелген еді. Әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстарға шақыруды былай қойып, ешбір мемлекеттің мойындағысы жоқ. Ақыры біздің бастамамызбен арада 26 жылдан кейін Калькуттада тұнғыш рет қол күресінен Азия чемпионаты өтіп, онда Үндістан топ жарса, біз екінші орынға табан тіредік. Арада екі жылдан кейін тағы сол елдің Ассам қаласында Екінші Азия чемпионаты жалауын көтерді. Айды аспанға шығарып, онда топ жардық. Мына бір дерекке назар аударалық. Үн­дістан 28 жылда Азия біріншілігін небәрі екі рет қана өткізсе, біз соңғы сегіз жылда Азия чемпионатын 8 рет өткізіп, он чем­пионаттың жетеуінде топ жардық. 10-шы чемпионат Өскеменде өткені туралы бас­пасөзде жазылды. Оған Азияның 21 мемлекетінен командалар қатысты. Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Өзбекстан, басқа да мемлекеттерде қол күресінің жақсы дамып келе жатқаны аңғардық. Өскемендегі Азия біріншілігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Қала әкімі, спорт жанашыры Ислам Әбішев қаржылай көмек көрсетті. Шетелдерден келген қол күресі шеберлері 30 тамызда Өскеменде өткен қала күні мен Конституция мерекесіне арналған мерекелі шеруге қатысты, тұрғындармен пікір ал­масқан кезде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне риза болып тарады. Ал енді Әлем чемпионатының Алма­тыда өтуіне не себеп болды деген сауалға оралсақ, оның өзіндік ерекшелігі бар. 2008 жылы Канадада Дүниежүзілік қол күресі федерациясының конгресі өтті. Оған 43 мемлекеттің өкілдері қатысып, 33-ші Әлем чемпионатының қайда өтетіні жайлы мәселені талқылады. Мұндай дүбірлі жа­рысты өткізу үшін министрліктің арнайы жазылған кепілдеме хаты болуы тиіс. Литва, Польша, Бразилия, Өзбекстан елдерінің өкілдері сақадай сай әзірленіп барыпты.Сонымен тартыс басталып кетті. Әрбір елдердің лауазымды, елге танымал азамат­тары әлем біріншілігін өз елдерінде өткі­зуге ынталы. Ауыр атлетикадан әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, елімізде қол күресі мен гір спортының дамуына ерекше үлес қосқан Владимир Дрэкслерді конгресс мүшелерінің көбі таниды, құрметтейді. Дрэкслердің «Дүниежүзілік қол күресі федерациясының вице-президенті, Азия қол күресі федерациясының президенті Мұ­қан Ағзамов 2011 жылдың екінші жел­тоқсанында 60 жасқа толады, спортта ерекше қолтаңбасы бар азаматтың құрметіне Қазақстан Әлем чемпионатын қабылдауға әрқашан әзір» деген бір ауыз сөзі барлық мәселені оң шешіп тастапты. – Әлем чемпионатына қанша мем­ле­кеттің қол күресі шеберлері қатысады? – Бүгінгі күні Әлем чемпионатына қа­тысуға 53 мемлекеттен өтініш келіп түскен. Олар жолақысы, қонақүйге қаржыны өз­де­рі төлейді. Қол күресі ерекше дамыған Ресей – 70 адамын жібермек. Түріктер – 58, Бра­зилия – 60, Канада – 50, АҚШ 30-40, Жа­пония, Оңтүстік Корея, Австралия, Оң­түстік Африка, Қырғызстан сияқты елдер де отыз-қырықтан кілең бір мықты шеберлерін жібергелі отыр. Бізді Оңтүстік Африка елінің Әлем чемпионатына қатысу жө­ніндегі өтініші таңғалдырады. Сөз реті келгенде айта кету керек, болашақта қол кү­ресінің Олимпиада бағдарламасына еніп қалуы ғажап емес. Қазір Еуропа, Латын Америкасын былай қойып, барлық құрлық өкілдері қол күресін жандандырып жатыр. Демек, бәсекелестік даму үстінде. Яғни, келешекте қол күресі Олимпиада ойын­да­ры­ның бағдарламасына еніп жатса, алтын алқаны күреп алар едік. Біздің осы жолғы байрақты бәсекедегі басты қарсыласымыз – Ресей. Әлем чемпионатында топ жару бас­ты міндетіміз. Бұл ел Тәуелсіздігінің ме­рейлі мерекесіне лайықты тарту болар еді. – Жарыс қашан басталады, бәсе­ке­лер негізінен алғанда кімдердің ара­сын­да өтпек? – 26-27 қарашада командалар келе бас­тайды. Оларды қарсы алу, қонақ үйлерге орналастыру мәселесі шешіліп қойған. Реті келгенде айта кету керек, Әлем чем­пио­на­тын өткізуге көмек жасаған ҚР Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияевке алғы­сым­ды айтқым келеді. Алматы қала­сы­ның әкімі Ахметжан Есімовке де ризамыз. 28 қа­рашада конгресс жиыны өтіп, онда ұйым­дастыру, алдағы әлем біріншілігінің қайда өтетіні анықталмақ. Конгресс жиы­ны­на Дүниежүзілік қол күресі федерация­сының президенті канадалық Фред Рой, бас хатшы, бельгиялық Вилли Денемос қа­тыспақ. Әлем біріншілігі кемтарлар, (еркектер, әйелдер) ардагерлер, жастар, ересек ардагерлер арасында өтпек. Сонымен бірге, 40-50 жастағылар арасында шеберлік класс, 50-60 жастағылар арасында гранд-шебер­лік, 60-70 жастағылар арасында сеньор-грандшеберлік өткізу жоспарланып отыр. Өзім сеньор – грандшеберлік сайысына түс­пекпін. 30 қарашада таңғы сағат 9.00-де Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде Әлем чемпионатының салтанатты ашылуы басталмақ. Оған әлемнің спорттағы жарық жұлдыздары қатысады деп күтілуде. Үш­інші желтоқсанда дүбірлі жарыс аяқталды. Жеңімпаздар мен жүлде иелеріне естелік медальдар, сый-сияпат тапсырылады. Ал­ма­тыдағы Әлем чемпионатын жоғары дә­режеде ұйымдастыру ел абыройын арт­тырып, Тәулсіздіктің 20 жылдығына лай­ықты тарту болмақ. Тобықтай түйін: Ата-бабаларымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деп Мұқан сияқты азаматтарды ардақтаған ғой. Шынында да, Мұқан Ағзамов білімді де, білікті, зиялы азамат. Техника ғылымдарының канди­да­ты, доцент М.Ағзамовтың өнертапқыш­тығы жайлы айта кеткен жөн. Елімізде қара шегіртке қаптаған жылы шегірткені улай­тын техниканы жасап, бүкіл елге таратқан. Ол басқаратын «Масақ» шаруа қожа­лығында отыздан астам адам еңбек етеді. Зайыбы Сұлухан да қожалық төрайымы. Екеуі үш бала, бірнеше немере тәрбиелеп өсірді. Қызы Жанар экономика ғылым­да­рының кандадаты, қазір ШҚМУ доценті. Күйеу баласы Руслан Сейілханов екі рет Олимпиада ойындарына қатысқан, дзюдодан Азия чемпионы. Әңгімелескен Оңдасын Елубай, Шығыс Қазақстан облысы.