19 Қараша, 2011

Жақсы кітап – жан азығы

2236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мен жақында журналист-публицист, жазушы, марқұм Серік Әбдірайым­ұлының «Бес мүшел белесінде» атты естелік кітабын оқып шықтым. Кітапты құрастырған Сансызбай Мәдиев, Қай­сар Қадырқұлов, Зернебек Шілде­бай­ұлы бұл туындыға белгілі қаламгер, баспагер жайлы көзкөргендер ес­те­ліктерін жинас­тыр­ған екен. Кітап екі бөлімнен, «Жақсы сөз – жа­рым ырыс», «Жақ­сылармен жанаса жүр» топтамасынан бастау алады. Сонымен бұл кітап несімен құнды? Бастысы – тіл құнары бөлек. Көлемі 500 беттен асады, 35 баспа табақ. Өз ұлтын шексіз сүйетін Серік қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басына қара бұлт үйірілген сәтте жанына жалау болған інілерінің бірі болды. Сондай-ақ, Асанбай Ас­қаров, Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қаб­долов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қадыр Мырза Әлі жайында эсселері мен деректі повестері көкі­рекке нұр құяды, сусынды қандырады. «Қазақ ғылымның Геркулесі» атты тарауда ғалым Өмірбек Жолдасбеков сөз болады. Зейнолла Қабдоловша айтқан­да, «Не айта беретіні бар, ол от еді, бық­суды, түтіндеуді білмейтін, қала іші­нен ғажап КазГУ-град салынды. Тө­ңірегіне тек шуақ шашатын». Кітапты бас алмай оқып отырғанда, Қалдарбек Найманбаев: «Димекең дү­ние­ден өткеннен кейін де оның аруағы алдындағы парызын Серік адалдықпен, азаматтықпен атқарып келеді» десе, Бек­сұлтан Нұржекеев: «Серіктің Қо­наев пен Нұрғиса туралы жазғандары» айрықша бағалы» дейді. Ал Сансызбай Мәдиев: «Жамандықты кешіру, жау­лас­қан жауының өзіне де рақым жасау, пен­денің жай бір қылығы ретінде қара­пайымдылықпен қарау – ол да Серікке тән» деп ой толғайды. Серіктің туған ағасы Жарылқасын қазір зейнеткер, осы кітаптағы «Сол бір күндер есімде» атты естелігін оқырман толқымай оқуы мүмкін емес. Кітаптағы Серіктің Димекеңнен ал­ған «Ізгілікпен мәңгілікке аты қалған» атты сұхбаты ғибраты мол дүние. Бұл сұхбатта Серік Димекеңе 108 сұрақ әзірлеп барғаны баяндалады. Димекең сұрақты оқып шығып: – Інішек, өзіңе қызық көрінген сұ­рақ­тар маған қиын болып тұр. Жатқан жыланның құйрығын басып кетіп жүрмейміз бе? – депті Серікке ә дегеннен. Бірде Серік Димекеңе: «Ел басында отырғанда ең басты қателігіңіз неде?» деп сұрағанда Димекең мырс етіп күліп: – Мінсіздік Аллаға ғана жарасқан. Жалпы ел билеген адам тізесінен қан ішеді, кіндігінен май ішеді. Ең кемі жылына бір кемшілік жібергенде 44 жылда 44 қателікке ұры­нады екенмін, – деп уәж айтыпты. – Димеке, ата-анадан не қалды деп ойлайсыз? – дегенде: – Ерлік пен елдік қалды. Бүгінгі ұрпақ алғырлығымен ұнайды. Мен Зуһра жеңгеңмен елу жыл алты ай өмір сүр­дім. «Ердің асылы күшінен білінеді, әйел­дің асылы ісінен білінеді» демекші, иманы жолдас болсын, шебер аспаз, тігінші еді. Зуһра Колбин тұсында үкімет та­рапынан берілетін азық-түлік, жеміс-жидек, күнделікті тұтынуға алынған заттардың есебін жүргізіп отырған екен. Не алса да ақ­ша­сын төлеп, түбіртекті сақтап келіпті. Сатып алынған затының бағасын, әкелген адамның аты-жөнін жазып, қолын қой­дырып оты­рып­ты. Маған араша түскен құжаттар осы болды! Кітаптағы «Димаш ата мен Зуһра бибі» атты тарауда әр отбасына ой саларлық сөз құ­нары жатыр. – Дағдарыс деп жатыр­сың­дар, – деді бірде Димекең. – Қазақ бұдан аман өтеді, өйткені қазақтың іші майлы. Қан­дай дуалы сөз! Қазақ дағдарыстан мү­дір­мей өтуде. Зуһра анамыздың «Колбиннің жараған бурадай аузы көпіріп, аттанға ұран қосқан күндері бітер. Жазықсызды жазғы­рып, жала жапқандарды құдай табады!..» деген дана сөзі бас игізеді. Серік Асанбай Асқаров ағамызға: – Денсаулығыңыз қалай, аға? дегенде берген жауабы: – Орташа. Екі метр биік дуалдан еркін секіріп өтпеген соң, пәлен деп мақтауға болмайды. Жетпіс бесің оңай емес екен. Айнадай асфальт жолмен келе жатып аяғыңды санап басасың. Асанбай аға сүйікті жары Фатимаға: – Кітап – сен үшін бірінші Асанбай, бірақ оқығаныңды маған әңгімелеуді ұмыт­пағай, – деп қанаттандырып отыратын болған көрінеді. Ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі, көрген­дерін бойына түйіп өседі, – дейді екен жарықтық. Қалың кітапты оқып отырғанда «Өмірге өкпе жүрмейді» атты тараудағы Асанәлі Әшімов, «Дана-дидардағы» З.Қабдолов, «Ақ­қуын әлдилеген ән мен күйдегі» Н.Тілендиев туралы толға­ныс сұхбатта Серіктің терең білімдарлығына, адамды баурай түсу ар­қылы ішкі жан-дү­ние­сін еріксіз қозғай­тын қасиетіне таңыр­қай­сың. Димаш ата Серік­тің еңбектенуімен жа­рық көрген «Ақиқат­тан ат­тауға болмай­ды», «Елу жыл ел аға­сы» атты кі­тапқа кезінде риза­лық білдіре келіп: «Осы бір қара­пайым еңбегімнің дү­ние­ге келуіне, сөй­тіп қалың елдің кә­де­сіне жарарлықтай дең­гейге жеткізуіне көп үлес қосқан Серік Әбді­райым­ұлына риза­шы­лығымды білдіремін» деп ағы­нан жарылуы көп жәйттің бетін ашқандай. Кітаптағы әр тарау, ондағы асыл сөздер ойға құйыла түседі. Қайталанбас композитор Нұрғиса жетпіске шығар сәтінде: «Асау өзендей буырқанған өмірден алыс­тап бара жатқанымды көріп, жүрегім сыздап қоя береді. Ұрланып өтіп жатқан уақытқа не дауа! Барына береке. Тәубе дейсің. Иншалла, елім аман, жерім тұтас, бауырым бүтін. Мен коммунист емеспін, композитормын. Ақ­ты қара дейтіндерден сақтану керек. Жақ­сы­лықты құдайдан, сосын өзіңнен күт», депті. Мен елу жылдан астам баспасөзге еңбек еттім. Журналист Серік Әбдірайымұлының «Бес мүшел белесінде» атты кітабын оқи отырып, жаныма ләззат, бойыма қуат алғандай сергідім. «Қазір кітап оқитындар азайды», деп көп айтатын болдық. Оқитындар бар. Бірақ, жақсы кітап қолға тие бермейді. Міне, осы жағын ұмытпаған жөн. Ал бүгінгі әңгіме­леп отырған Серік Әбдірайым­ұлы­ның «Бес мүшел белесінде» атты кітабы тағылымы мол, әр отбасы жата-жастана оқи­тын дүние десек, артық айтқандық емес. Оқыңыздар, қалың оқырман. Мен өзім оқып шыққан бұл кітаптан көп ғибрат аларлық сөз құдіретін, ел құдіретін ұқтым, алдыңғы толқын ағалар өміріне тағы да тағзым еткендей болдым. Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ. Қызылорда.