30 Қаңтар, 2018

Ағылшын тілінде сабақ беретін маман тапшы

541 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Өз тілімізбен өмір сүрейік. Бұдан артық қалай айтуға болады» деген Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттің даму жолында «Кеше болмағаның бүгін болуы мүм­кін, бүгін болмағанның ертең болуы мүм­кін – ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқы­лық­тарға соқтыратыны сөзсіз», деп өмір өзгерістеріне қарай ұлт тілін қалай да сақтап қалуды жүктегені белгілі.

Ағылшын тілінде сабақ беретін маман тапшы

Шынында, уақыт бірқалыпты тұрмай­ды. Оның үстіне жаңа ғасырдың оң, теріс ала­сапыраны бірде жадыратып, бірде қа­бар­татыны тағы бар. Осы тұрғыдан келген­де еліміздегі білім саласына жасалған ре­фор­малардың нәтижесін сарапқа салып, жетістігі мен кемістігін түгендегенде іс әлі толық шешімін таппағанын аңғару қиын емес. Бір реформаны екінші реформа басып, жаңасы «тыңнан» түрен с­алып келе жатқаны мәлім. 48 мектепте тә­жі­рибе жасап, әні-міне енгіземіз деген 12 жылдық білім беру де 2019 жылдың мә­ре сызығында тұр.

Бүгінгінің ұранына айналып, ертең­гі­нің мықты құралы болатын көп тіл білу, оның ішінде ағылшын тілін жетік меңгеру ісі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл даусыз ақиқатқа бастайтын елдік іс екені шүбәсіз. Оның тәуелсіз ел үшін қажет екенін Президент «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағыл­шын тілі жаһандық экономикаға ой­да­ғыдай кіру тілі», деп үш тілдің орнын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бас­қа реформалардан бұл реформаның жөні де, жосығы да, жолы да бөлек, заманауи талап. Мұны қазақ жұрты түгел қолдап отыр. Тек көп нәрсе қазақ тілінің есебінен кетіп қалмас па екен, кеше орыс тілін білеміз деп ана тілінен қол үзіп қалғандардың ізін кейінгілер баспаса дейді. Бұл күдікті негізсіз дей алмасақ керек. Себебі, біраз қандастар балаларының шет тіліне, оның ішінде ағылшын тіліне жүйрік болғанымен өз тіліне шорқақ екенін айтып қалады. Ендеше Елбасының үш тілді тең білу жөніндегі идеясын ұлт­тық қағидаға айналдырсақ, ешкімге есеміз кет­пес еді. Иә, кезекті науқанға айналдыр­май жүйесімен жүргізбесең ұтылуың ға­жап емес.

Ағылшын тілін толық үйрену үшін оған нақты жағдай керек. Ғылыми негізі бар, әдістемелік құралдары жасалған, ең бас­тысы, білімді де білікті, тәжірибесі мол тә­лімгер болса, ойдағы орындалады. Ай­та­лық Назарбаев зияткерлік мек­теп­теріне дайындық жұмыстары қалай жүр­генін әр кез есте ұстасақ екен. Осы арада мына бір ойды ортаға сала кетелік. Ағылшын тілін білетін алдыңғы толқын да, кейінгі шоғыр-шоғыр жас та бар. Тек соларды іске қоса білу қажеттігі атүсті кете береді. Кей азаматтар кәсіпкер тіл білмегендіктен ұтылып қалуда деген екіұшты уәждерін айтады. Бұған келісуге де, келіспеуге де болады. Қалай десек те, төрткүл дүниенің тілін меңгерген ондаған емес, жүздеген, тіпті миллионға таяу үлкен-кіші 26 жылда қалыптасты. Біздің пайымдауымызша, оларды көре білу кемшін.

2019 жылы 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту қолға алынады дегеннен бастап, алуан пікірлер айтылып жатыр. Басты түйін білікті маманға барып тіреледі. 50 мектепте бұл іс бойынша тәжірибе жүр­гі­з­ілуде көрінеді. Әрине қалада шеші­мін табар. Ал қияндағы ауыл баласын қай­теміз? Тиісті орындар оны да ойластырып жатырмыз дер. Бірақ қалай? Оған да дәлел келтірер. Дегенмен, ең бастысы, сол қияндағы ауыл мұғалімі ағылшын тіл­ін үйренуге мүмкіндігі бар ма, жоғары оқу орындарын бітірген жас маман кіндік жұрт­ына бет бұрып тұр ма?

Осы бір елдік іске соңғы кездері Мәжі­ліс депутаттары ден қойып, үн қоса бастады. 50 мың теңге айлық үшін жас маман білім ұяларына келе ме, жоға­ры­­дағылар жөн санап отырған қысқа мер­­зімді оқу кезінде 20-30 жыл қазақ ті­лінде сабақ берген төрт жаратылыс­та­ну пәнінің ұстаздары ағылшын тілін мең­­геріп кете ала ма, үйренген санаулы сөзімен тақырыпты талдауға қабілеті жете ме, оқулық, әдістемелік жазылған ба, орта қалыптасты ма? Бір мектепте өткен сабақта 5 оқушыны арнайы әзірлеп сөй­лет­кеніне, мұғалім тілі бұралып тұр­ғанына кейістік танытып, өзімізді өзіміз неге алдаймыз. Мәжілісмендер қысқа мерзімді дайындыққа жұмсалатын қаржыны ертең пән мұғалімі болатын жастарға беруді ұсынса, 4-5 жылдан кейін олар олқылықты толтыратынын айтады. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «Бала пәнді ана тілінде әрең түсініп, 12% -ға ғана меңгерсе, онда ол ағылшын тілінде қалай оқиды? Онда оның пәнді игеру көрсеткіші бұдан да төмен деген сөз. Мүмкін, балалармен әңгімелесіп, қандай пәнді ағылшын тілінде оқыту керектігін өздерінен сұрау керек шы­ғар», дейді.

Міне, саналуан пікір. Егер бұл кімді де болса иландырып, бір жүйеге келмесе, дүниенің тұтқасы болып келе жатқан жара­тылыстану пәндеріне ұмтылушылардың ме­селін қайтарып, ынтасын жоғалтып, онсыз да көңіл көншітпей тұрған білім саласын тіпті құлдыратып жіберуі кәдік.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»