Тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан бастау алатын еліміздің мемлекеттік статистика жүйесі үкімет үшін де, қоғам үшін де маңызды. Статистика қажетті мәліметтермен қамтамасыз етіп, белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. 2017 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистиканың дамуы мен жетілуіне елеулі үлес қосып келе жатқан «Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Ақпаратық-есептеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылғанына 20 жыл толды. Аманқос Төлеуұлы еңбек жолының соңғы 15-16 жылын осы салаға, оның ішінде «Ақпаратық-есептеу орталығы» кәсіпорнына арнаған адам. Аманқос ағамыз Атырау облысы, Махамбет ауданының Махамбет селосында 1947 жылы 29 желтоқсанда дүниеге келген. 1967 жылы Орал ауылшаруашылық техникумын бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған Әбекең Махамбет, Новобогат аудандарында тұрмыстық қамту және коммуналдық шаруашылық салаларындағы кәсіпорындарда бастапқыда мамандығы бойынша есепші, соңынан директор болып еңбек етті. Өндірістен қол үзбей жүріп, 1982 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтында білімін жетілдіріп, экономист-ұйымдастырушы мамандығын алып шықты. 1990 жылы Атырау қаласына қоныс аударып, жөндеу-құрылыс саласындағы кәсіпорындарда басшылық қызметтерін жалғастырды. Мамандығы және басшылық қызметі бойынша мол тәжірибесі бар маман 2000 жылғы қыркүйек айында статистика органдарына жұмысқа шақырылды. Үкімет қаулысымен 1999 жылдың соңында құрылған «Ақпаратық-есептеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облыстық еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып тағайындалды. Облыстық статистика басқармасы құрамынан бөлініп, құрылған еншілес кәсіпорынның жағдайы алғашқы жылдары онша мәз емес еді. Бастапқы кезде кәсіпорын қызметкерлерінің саны – 7, олардың орташа айлық жалақылары 10-11 мың теңге болатын. Бюджетке уақтылы төленбеген салықтар, кәсіпорынға атқарылған қызметтер үшін түрлі мекемелердің қайтарылмаған қарыздары сияқты қаржылай қиындық көп болатын. Аманқос Төлеуұлы осы қиындықтарды білікті басшы, білгір маман ретінде табандылығымен, еңбекқорлығымен жеңе білді. 2002 жылдардан бастап кәсіпорын жұмысында алға жылжу басталды. 2005-2012 жылдары қызметкерлер саны 40-45 адамға жетті, олардың орташа айлық жалақылары 100 мың теңгеден асты. Қызметкерлерге жүйелі түрде тоқсан сайын, мерекелер сайын сыйақы беру жолға қойылды. Мекеменің жылдық табысы ұлғайып, 35-40 миллион теңге жетті. Ғимаратына күрделі жөндеу жасалды, осы заманғы компьютерлік техникалар сатып алынды, қызметкерлердің жұмыс орындары, жағдайлары жақсарды. Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы артты.
2003-2011 жылдары «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК-ның Қызылорда облыстық еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарған, бүгінгі күнге дейін ағамен жолдастық байланысын үзбеген қызылордалық әріптес інісі Ондаш Машенбаев Әбекеңді ақылшы аға ретінде, өз саласында тәжірибе жинақтаған білікті маман ретінде, достыққа берік азамат ретінде мойындаймыз. Сол үшін де жүрегіне иман ұялаған ағамызды айрықша құрмет тұтамыз, жүріс-тұрысынан тағылым аламыз, дейді.
Әр адамның қадірі өз ұжымында аңғарылады ғой. Ұзақ жыл осы кәсіпорында басшылықта болған Әбекең облыстың статистика саласы қызметкерлері, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшылығы, республиканың 16 аймақтары еншілес кәсіпорын директорлары арасында ең сыйлы адам, үлкен бедел иесі болды.
Жалпы, алдыңғы толқында келе жатқан ағаларымызды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – бүгінгі заманның болмысын, оның жақсысы мен жаманын айыра алатын дәрежеге жетіп, осы заманның көзі ашық адамына айналып үлгергендер. Мұндай жандармен кездескен немесе хабарласқан сайын мағыналы әңгіме естіп, жаның тазарып, марқайып қаласың. Екіншісі – баяғы кеңестік санадан, қала берді рулық, жеке мүдделік санадан арыла алмай, ой-пікірлері үнемі сол төңіректен шығатындар. Бұл топтағы ағаларымызды көрген, кездескен сайын, олардың мәні жоқ әңгімелерінен мезі болып, құтылғанша асығасың. Әбекеңді, әрине бірінші топқа жатқызамыз.
Сабырлы мінез танытатын, кейінгілерге айтар сөзі, атқарған ісі бар ардагер аға зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бұрынғы әріптестерімен тығыз байланыста. Ол облыс өміріндегі аға буын өкілдері үшін ұйымдастырылып тұратын түрлі мағыналы іс-шаралардан да тыс қалмайды.
Басқа түскен қиындық, қайғымен күресе білу де, оны жеңе білу де адамның бір қасиеті. Осыдан 5-6 жыл бұрын Аманқос Төлеуұлының денсаулығы сыр берді, Астана қаласында жүрегіне ота жасатты. Бір жылдан соң өмірлік жары Ғалия жеңгеміз дүниеден озды. Ағамыз қиналды, қайғырды, бірақ қайғының соңында кету азаматқа лайық емес, еңсесін түсірмеді. Бүгінде ұл-қызының, немере-жиендерінің қызығын көріп, сол еңселі қалпы, ағайын, туыс-жолдастарының ортасында жүр. Ірілік, мінез беріктігі дегеніміз осы болса керек.
Марғұлан НҰҒМАНОВ
ОРАЛ