Әдебиет • 30 Қаңтар, 2018

Жүніс молданың үкімі

558 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл оқиға 1928-ші жылдары шамасында болған екен. 

Жүніс молданың үкімі

Яғни осыдан 100 жыл бұрын 1917-1918 жылдары «төңкеріс» дейтін дүлей дүмпу пайда болып, өз жайымен жүріп жатқан қоғамның басын аяғына, аяғын басына қарай төңкеріп қой­ған заман. Биліктің басына мінген бәлшебектер онымен қана­ғаттанбай, үкіметтің те­сік қалтасын толтыру үшін қол­дан «Байталау» (кәмпескі) дейтін науқан ұйымдастырып, ғасырлар бойы жымдасып өмір сүрген қазақтың діни ғұр­пы мен салтын қирату үшін «Құ­дай­сыздар ұйымы» дейтінді құрып, халықтың көне руханиятын қиратып жатқан шақ.

Десе де ескінің табиғи сүр­леуін жақсы білетін қазақы қа­риялар дүлей күшке шамасы келмесе де, ішін бермеген уақыт. Сондай жанның бірі Сыр еліне аты мәшһүр, кезінде Бұқар барып ілім үйренген Жүніс деген ақсақал болыпты. Жарықтық атамызды былайғы халық «Жүніс молда» деп атап кеткен екен.

Бірде осы ақсақалға әпер­бақан шолақ белсенді шо­шаң­дап болмапты. Жүкең сұ­рапты:

– Осы сендер қандай үкі­мет құрғалы жанығып жүрсіңдер?

– Байды кедейге теңейміз, – деп дәурігіпті ана бейбақ. Жү­ніс молда басын шайқап, мырс етіп күліпті де:

– Ей, шырағым-ай, әу бас­та қате кеткен екенсіңдер, есі дұрыс үкімет қайта кедейді байға теңемей ме?!

Бірде «Құдайсыздар ұйы­­мының» бастығы, өкірген ком­­мунистің ержеткен жалғыз ұлы ажал құшыпты. Дінсіздің ұлы өлді деп қарап отыратын емес, Жүніс молда бастаған ақсақалдар жиналып келіп, көңіл айтады. Ұлы өлген коммунист бейбақ қолындағы ұзын кездігін аспанға құлаштап сермеп жүр дейді. Не болды десе. – Менің жалғыз ұлымды алған Құ­дайдың көзін ағызам, – дей­тін көрінеді.

Мынадай қылықты көрген шалдар шошып кетіпті. «Ойбай, ақымақ пенде Құдайға тіл ти­гізіп, үлкен күпір етті, мұның ма­ңына жолауға болмайды, құ­рысын кеттік» деп ошарылып орындарынан тұрады.

Ел дүрлігіп жатса Жүніс мол­да үнсіз сақалын сипап отыр. Шалдар ентігіп есік кө­зін­­де тұр. Содан Жүкең, – Ей, халайық, – депті. – Неге дүр­лігіп кеттіңдер, сабыр-са­быр, бері таман келіңдер, қараң­даршы ана бейбақ аспанға кездік сілтеп жүр, ол нені біл­діреді, баласын берген де, алған да бір Алла екенін біліп істеп жүр. Алда-жалда баламды сен­дер өлтірдіңдер деп біздің көзімізге пышақ лақтырса не болдық? Бұл бір. Екіншіден, әкесі күпір болды делік, мына марқұм баласының жазығы не, ертең мына мұсылманның жаназасы үшін біз жауап береміз, әкесі мына қылығы үшін өзі жауа­п береді. Барыңдар да дәрет алыңдар, жаназаға тұрамыз, – деген екен. Шіркін, бұрынғы қа­зақтарда хикмет (даналық) болған ғой. Бұл жерде Жүніс молда хикметпен үкім айтып тұр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»