19 Қараша, 2011

Жас ұлғайғанда тіл үйренуге құлық болмайды деген бос сөз

1731 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Уильям Фиерман АҚШ-та туған. Индиана және Гарвард университеттерін бітірген. Социолингвист, полиглот-ғалым. Еуро­паның, Азия­ның және Латын Америкасының бірнеше тілдерін біледі. Орталық Азия елдеріне, Қазақстанға жиі келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. – Сіз өзге тілдерді үйренуді қай кезде бастадыңыз? Бұл идея қашан келді? – Мен әр кезде де шет тілдеріне қызығушылық білдіріп отырдым. Мек­­тепте француз тілін оқыдым. 8-сы­ныпта оқып жүргенімде испан, неміс, француз, латын, орыс тілде­рі­нің ішінен бір тілді таңдауыма мүм­кіндік берілді. «Кез келген тілге бейімдел. Тек орыс тілі болмасын», – деді ата-анам. Мен керісінше орыс тілін таң­дадым. Бұл – қиын да күрделі тіл. Сөйтіп, 8-сы­ныптан бастап орыс тілін үйрене бас­тадым. Қырғи-қабақ со­ғыстың кезі. Бізге Кеңес Одағы тым алыста жат­қан ел секілді болып көрінетін. Бұл ел туралы мәлімет өте аз еді. Сонымен қа­тар грек тілін де үйрене бастадым. Ме­нің апамның құрбысы Грецияда тұ­ратын. Соның әсері болды ма, әй­теуір сол тілге қатты қызықтым. 11-сынып­та біздің мектепте қытай тілін үйре­нуге де мүмкіндік туды. Ар­найы бағдар­ламамен игерудің реті келді. – Мектебіңіз көп тіл үйрететін арнайы оқу орны ма еді өзі? Соншама тілді бірінен соң бірін игеруге үнемі жол ашылып жатқанын айтам да... – Е, жоға... Тек біздің қаладағы жақ­сы мектептердің бірі еді. Бұл қа­лада Вашингтон университеті орна­лас­қан. Сол оқу орнында мектептерде қы­тай тілін оқытуға арналған бағ­дарлама болды-ау деймін. Соған ар­найы қа­ражат бөлінген. Мектебіміз осы оқу орнының қасында еді. Мен қытайшаны 11-сыныпта үйрене бас­та­­дым. Мектепте оқып жүрге­німде әй­теуір алыс бір елге барғым келді. Өмір көрейінші дедім. Бұрын шетелде болмап едім. Шетелге шығу ол кезде біз үшін де арман еді. Мен ха­лықаралық оқушылар алмасу бағ­дарламасына ілік­тім. Барлық елдерге тілек білдірушілер табылып жат­ты. Бразилияға барғанды көңілім қала­ды. 1967 жыл­дың жазында мен сол елге барып, ешқай­сысы ағылшын тілінде сөйлемейтін шаңырақта тұрдым. Ис­паншаны оқулықпен оқығанмын. Ал испан және португал тілдері бір-біріне жақын. Бұл елдің халқы  португал тілінде ғана сөйлейді. Амери­каға қайтып келіп, он екі жылдық орта мектепті бітірдім. Мектепте орыс және қытай тілдерін оқуды жал­ғастырдық. Мұғалім­дердің көп ық­палы болды тіл үйренуге. Орыс тілінен беретін апайымыз Ресейде туған қыз еді. Өз сабағын сондай бір ықы­ласпен, зор ынтамен түсіндіретін. Ол бізді Пушкинді, Лермонтовты сүю­ге баулыды. Тілге деген құлшы­нысы­мызды оята білді. Мектептен кейін 1968 жылы Индиана университетіне түстім. Онда мен португал, қытай, орыс тілдерінен сабақ алдым. Алғаш­қыда қай жолға түсетінімді білген жоқ­пын. Бір жылдан кейін мен Пор­ту­галияға аттандым. Сол елде португал тілінің жазғы курстары ұйым­дасты­рылған-ды. Соған қатыстым. Португал тілімен хобби ретінде айна­лыстым. Жақсы көремін бұл тілді. Үш жылда университетті бітірдім. 1971 жылы кредиттік сағаттар­дың бәрін де өтеп болдым. Өйткені, мектептегі дайындығым жақсы еді. 1971 жылы қыркүйекте Ленинградқа келдім. Бұл елге бірінші рет келуім. Бір семестр бойы осында жүрдім. Кәдімгі Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған дәуірі.  Ата-анам қатты қорық­ты. Өзім де ептеп секемденіп жүрмін. Интернет жоқ, телефон жоқ. Хаттар екі-үш аптада келеді. – КСРО-ға қандай бағдарла­мамен келіп едіңіз? – Комсомолда «Спутник» жастар туризмі бюросы деген саяхатшылық ұйымдастыратын әйгілі мекеме бол­ған жоқ па?! Сол жүйе бойынша бар­дым. Бізде ондай ұйым болған жоқ қой. Осы «Спутник» Ленинград мемлекеттік университетінде орыс тілін оқыту курсын ұйымдастырған еді. Соған бір топ американдық қатыс­тық. Ленинград университетінде білімі көл-көсір оқы­ту­шылар көп болды. Солардың біра­зымен әлі күнге дейін байланыс жасап тұра­мын. Ленинград сапары­нан кейін бір семестр бос уақытымды пайда­ланып, Чехосла­вакияға кеттім. Онда менің бір таны­сым бар еді. Екеуміз баяғыда Порту­галияға барғанда бірге оқығанбыз. Мұнда келген соң бір отбасында тұрып, чех тілін үйрене бастадым. Жергілікті жұрт шамалап орыс тілін біледі. Бірақ бұл тілге деген ықыласы аса жоғары емес екен. Сөй­тіп, чех тілінде әжептәуір сөйлей ала­тын болып шықтым. Америкаға қай­тып келген соң саясаттану ғылымдары маман­дығы бойынша Гарвард уни­верси­тетінің магистратурасына түстім.  Индиана университетін бітіріп бакалавр болып едім ғой. Ондағы маман­дығым славян және шығыс тілі еді. Оның ішінде қытай тіліне машық­танғам. Мен кеңес және қытай қа­рым-қаты­настарын зерттеймін деп ойла­дым. Әрине, мұны­мен де айна­лыстым. Бірақ тілге деген қызығу­шылығым басым болды. Диссертация тақыры­бын бекітетін уақыт келді. Мен өзіме жақын тақырыпты қала­дым. Кеңес және қытай елдеріндегі тіл саясаты мәселелерін салыстырып жазғым келді. Ол кездегі Қытайдың саясаты АҚШ үшін өте күрделі еді. Мен Кеңес Одағына баратын үміт­керлер бағдар­ламасына құжат тап­сырдым. Бір күні әңгімелесуге ша­қырды. «Идеяң қызық екен, бірақ сол елдегі республи­ка­лардың бірінің тілін таңдағаның дұрыс қой. Әйтпесе, сенің жоспарың тым ауқымды сияқты», – деді ұйым­дас­тырушылар. Мен ойлана келіп, өзбек тілін таңдадым. – Неге? – Қалай дегенмен де мені Қытай мәселесі қатты қызықтыратын еді. Ал өзбек тілі ұйғыр тіліне өте жақын. Бұл арқылы Қытай саясатын да, КСРО саясатын да санаға сіңіруге мүмкіндік ашылады деп ойладым. Менің қабыл­данатыныма бәрі де күмән келтірді. Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттарының ара­сында маман алмасу үрдісі болатын ол кезде. Әрқайсысы бір-біріне отыз адамнан жіберетін. Кейде жіберілетін маман қабылданбай қалатын. Сон­дық­тан мен де бара қоймаспын деп ойлағанмын. Бірақ жо­лым болды. Мен Өзбекстанға аттан­ғанша өз елімдегі ең мардымсыз, нашар оқулық­тармен өзбек тілін үйрене бастадым. Бұл кітаптарды Гарвард универси­тетінің кітапханасынан ал­дым. Өзбек тілін өз бетінше оқып-үйренуге ар­нал­ған оқулық екен. Белгілі бір орын­­да, мысалы, колхозда, фабрикада өз­бекше қалай сөйлеуді үй­рететін құрал. Оған қосымша тағы бір-екі оқу­лық болды. Олар да оңып тұрған жоқ еді. Біреуі өзбек бас­пасөзіндегі мақа­лалар бойынша оқы­туға арнал­ған. Сөз­дікті пайдалана отырып, граммати­каны игересің. Екіншісі кәдімгі тілашар. 1976 жылы қыркүйекте Ташкентке келіп, өз бетімше өзбек тілін үй­ренуге мүмкіндік алдым. Олар маған грант тағайындады. Әйеліммен бірге келдім. Бір жыл сонда пәтерде тұр­дық. Менің бұл кездегі диссертациям­ның тақырыбы «20-30 жылдардағы өзбек тілінің да­муы және қалып­тасуы» деп аталды. Бұл бір өте интенсивті кезең. Жазу графикасы өз­герген, жаңа сөздер енгізілген тұс. Тіл мәселесіне ұлттың қай­раткер тұл­ғалары жаппай атсалысқан уақыт. Бұл жұмыс өте күрделі еді. Өйткені сол тұлға­лардың көбісі қазаға ұшы­раған. Бір басылымды іздеп таба­сың. Бірақ қажет беттері жыртылған бо­лып шы­ғады. Мұндай дүниелерді америкалық аза­матқа көрсетуге ешкім де құлықты емес. Қыркүйекте келген мен мұра­ғатқа рұқ­сат аламын деп жүргенімде наурыз болды. Ал маусым­да елге қайтуым керек. Ақы­ры мемлекеттік мұрағатқа кіруге рұқ­сат берілді. Ғы­лым академия­сының мұрағатынан біраз мәліметтер тап­тым. Жазбала­рым­­ның бәрін де мұра­ғат қызмет­керлері мұқият оқып шы­ға­ды. Бір жылға жуық осында тұрып, тағы­лымды тә­жірибе жинақтадым. Самар­қандта, Хиуада бол­дым. Фер­ғана жа­зығын көрдім. Мен өзбекше сөйлесем, жұрт орысша жауап қатып жүрді. Өзім де өзбекше суырылып сөйлеп кете қой­ған жоқ едім. Тілім көпке дейін ора­лымға келе қоймады.  Әдепкіде өзбекше сөз тіркестері қиынға соқты. Біразға дейін түсіне алмай қиналдым. 1988 жылы АҚШ өмірін ақпарат­тандыру тақыры­бына арналған америкалық көрмеге қатысу үшін аудармашы-гид ретінде Ташкентке тағы келдім. – Бұл сіздің Өзбекстанға екінші рет табан тіреуіңіз бе? – Осы екі ортада турист ретінде тағы бір барып келгенмін. Бұл өте қызықты кезең еді. Ел арасындағы қарым-қатынас едәуір өзгерген. Өз­бек­ше оқи алатын болдым. Бірақ тілді жете игере қоймадым. Мен жұртқа ком­пьютердің мәтінді қалай өңдей­тінін немесе АҚШ-тың супермаркетіндегі кас­са­ның қалай жұмыс істейтінін түсін­діруге тырыстым. Бұл олар үшін тосын жәйт еді. Ташкенттіктер  АҚШ-тан келіп, өзбекше аздап гәпі­ріп жүрген кісіге таңдана қарайды. Осындай қолдау мен қуаттауды көр­ген соң, менің тіл игеруім белсенді бола түсті. Мен нағыз жұрт наза­рындағы тұлға болдым. Кө­ше­де көр­ген жұрт сыртымнан сауса­ғымен нұсқап, «америкалық өзбек» дей­тін болды. «Бил ака» деп атай­тын­ды шығарды. Келесі жылы мен бұл елге тағы да шақырылдым. Алдыңғы келгенімде баспада істейтін бір жазу­шы­мен танысқанмын. Сол кісі 1989 жылы екі ай мерзімге келіп, балалар туралы әңгімелерді ағылшын тіліне аударуға көмектесуімді өтінді. Сөй­тіп, өзбек­шем өркендей түсті. – Кейін Қазақстанды көп төңі­рек­тейтін болдыңыз. Бұған не әсер етті? – Шынында да Қазақстан мені көбірек тарта бастады. Неге? Бірнеше себеп болды. Саясаттанушы әрі лингвист ретінде Қазақстанның тіл сая­саты мәселелеріне қызықтым. Тілдік ахуал­дың, тілдік үдерістердің басқа­рылуы ерекше. Өте сауатты ел. Бірақ бұл сауаттылық қазақ тілінен басқа тілде көбірек көрініс береді. Қазақ­станда қазақ тілі өз орнын басқа тілге ұсынды. Беларусь елінен өзге республикаларда олай болған жоқ. Бірақ олардың тілі орыс тіліне жақын ғой. Сон­дықтан мә­селе де басқа. Қазақ­стан деген ел бар екендігі, қазақ тілінің дамуын қолдай­тын басшы­лығы бар екендігі маңызды нәрсе. Бірақ бұл көп фактордың бірі ғана. Демо­гра­фиялық ахуалды, тәуел­сіздік алған кез­дегі қазақ тілінің мәр­тебесі мәселесін де ескеру керек. Міне, мен сөйтіп, Қазақстандағы тіл саяса­тын жақсылап зерттеуге кірістім. – Қазақ тілін қандай әдістеме­мен үйрендіңіз? Ең алғаш қандай сөз­дерді игердіңіз? Бәлкім, алды­мен өзбек тілін үйренген соң көп сөз таныс болып қалған да шығар... – Әрине, өзбек тілін білгенім қатты көмектесті. Мен ол тілді Америкада жүріп үйрене бастадым ғой. Ең алғаш рет қазақты Өзбекстанда көрген бо­луым керек. Өзбек тілінің арқасында қазақ тілін жетілдіруге мүмкіндік туды. Әдепкіде тәуір қа­зақ­ша-орысша сөздік­тер қолыма түс­педі. Мұның өзі мәселе­ні қиындата түсті. Жақсы оқулықтар жоқ екен. Орталық Азия халықта­рының ішінде түркімен-орыс сөздігі тәуір көрінді. Қарақал­пақ тілінен де сөздік болды. Ал қазақ-орыс сөздігі таптырмады. Орысша-қазақша бар. Маған керегі анау еді. Мен қазақша оқығым келді ғой. Тә­уелсіздіктен кейін орыс тілділерге арналған көп оқулық шыға­рылды. Сол кітаптарды алып шетінен оқи бердім, оқи бердім. Аса сапалы емес. Бірақ мен сияқты тілді жаңадан үйреніп жүргендерге жарай­ды. Сөй­тіп, қазақ тілін де АҚШ-та жүріп игере бастадым. Ол кезде сіздер­дің елде­ріңізге әлі келген жоқпын. Баяғыда бір рет туристік сапармен келіп-кеткенім бар. Бұл жерде көпшілік орыс­ша сөйлейтінін бұрыннан білетінмін. Осыдан кейін қазақ тілі қалай дами­ды деп ойлайтынмын. Мен бір мәтінді алып оқимын. Оның жанында орыс­ша аудармасы болады. Соған қарап дайындалдым. Қайта-қайта оқы­дым. Толық түсінгенше қайталай бердім. Сәлден кейін үйреніп жүрген тілімде ойлай бастайтын болдым. «Мы­на сөз менің өз тілімде қалай болады?» деп ойласаң, қателеседі екен­сің. Көп уақыт кетеді. Одан да сол тілде ойлап үйренген жөн. Қара­пайым сөз болса да, сол тілде дыбыстау керек. Тоқсаныншы жылдардың орта­сын­да Сорос қорының кеңесшісі ретінде Қазақстанға келдім. Қор барлық пән­дер саласы бойынша оқулық­тар­дың бәй­гесін өткізді. Мен халық­аралық қазылар алқасының төрағасы болдым. Жақсы оқулықтарды таңдау мақсатын алға қойдық. Сол кезде қазақ тілі өте қиындықпен дамып жат­қанын түсін­дім. Екі-үш жыл қатарынан қазақ жұр­тына жиі келіп тұрдым. Сөйтіп, ғы­лыми жұмысымды Қазақ­станға арнай бастадым. Неге мұндай шешім қабыл­дадым? Көрші­леріне қарағанда Қазақ­станда тұрақ­тылық пен тыныштық бар. Адамдармен әң­гімелесу де жеңіл. Бұл жұ­мысқа мен үлкен ықыласпен кірістім. Қазақ тіліне кәдімгідей жаным ашиды. Оның қалай дамығанын көріп отырмын. Қазақ тілі – мазмұндық жа­ғы­нан өте бай тіл. Қазақ тілінің проблемасы мынада. Бұл елге келген шетелдіктер қай тілде сөйлейді? Әри­не, орыс тілінде. Олар көбіне ауылдық жерге емес, қалаға келіп қоныстанады. Кө­ше­де жұртпен орыс тілінде сөйле­седі. Бірден орыс тілін үйренеді, өйт­кені оның Қазақстанда болатын мерзімі аз. Алдымен қазақша үйренейін десе, бәрі орысша сайрап жүр. Қазақша үйренетін уақыты да қалмайды. – Қытай тіліне қаншалықты көңіл қойдыңыз? – Қытайша сөйлеу қиын емес. Бұл елде турист ретінде үш рет болдым. Тәжірибеден өтуге бармағаныма көп болды. Бұл тілді негізі жаман білмейтін едім. Күнде сөйлесіп жүрмеген соң ептеп қарайып қалады екенсің... – Ұйғыршаны ақыры үйрен­діңіз бе, жоқ па? – Аса жетік  игере алғаным жоқ. Өзбек тілі ұйғыр тіліне өте жақын. Өз басым ұйғырлармен өзбекше сөйлесе беремін. Олар өз тілінде тіл қатады, мен өзбекше гәпірем. Тәп-тәуір түсі­нісе аламыз. Сіздерде ұйғыр тілінде газет шығады ғой... – «Ұйғыр авази»... – Мен бұл газетті оқи аламын. Қырғызша да оқимын. Қырғыз тілінде бір мерекеде сөз сөйлегенмін. Түркі­менше де оқи аламын. Бұл елде бір айдай болғаным бар. – Сонымен Орталық Азия елде­рінің ішінде ең жақсы білетініңіз қай тіл өзі? – Әрине, өзбек тілі. Содан соң қа­зақ тілі. Ұйғыр тілін де біршама білем деуге болады. Қырғызша, түркі­менше оқи алатынымды айттым. Тәжік тілін үйреніп жүрмін. Парсы тілінен енген сөздер барлық тілдерде кездеседі. Соны біле тұра парсы тілін үйрене қойғаным жоқ. Арабша да оқи ала­мын. Өткен ғасырдың 20-жыл­дарын­дағы өзбек тіліне көбірек жетікпін. Ол кезеңде да­уыс­ты дыбыс­тарды көрсе­тіп жазған. Татар­шаға да терең бой­лауға болады. Аздап әзербайжан тілінен де хабарым бар. – Грузин, армян тілдеріне қы­зы­ғушылығыңыз болған жоқ па? – Мен осы екі тілге де қатты қызығамын. Бірақ бұл тілдерді үйрен­ген жоқпын. Шәкірттеріме кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік туралы семинар өткізіп тұрамын. Сонда мысал ретінде пайдаланамын. Кеңестік ке­зеңде молдаван тілі мойындалды. Қазір Молдовада оған румын тілі араласып кеткен. Оқулықтар да сол тілде. Бүгінде ағылшын тілі дегеннен гөрі ағылшын тілдері деген қолайлы ма деймін. Афроамерикандар сөйлей­тін ағылшын тілінен басқа тіл қа­лыптасты. Екеуінің арасында қазақ тілі мен қырғыз тіліндей айырма­шылық бар. Мен кейде түсінбей қалам. Бірнеше жыл бұрын Үндіс­танда болдым. Қырғызстаннан баян­да­машылар келді. Олар орыс тілінде сөйлегісі келді. Ол жерде аудар­машы бола қоймады. Менің аударуым­ды өтінді. Орыс тілінен аудардым. Сұ­рақ­тар ағылшын тілінде қойылды. Түсінбедім. Орыс тіліндегі сөздерді түсініп тұрмын. Ал туған тілімде – ағыл­шынша қойылған сұрақты ұқпаймын. – Еуропа тілдерінің қайсысын білесіз? – Француз тілінде, испанша оқи аламын. Чех тілінде сөйлей аламын. – АҚШ-тың әр аймағының сөй­леу диалектісі әртүрлі дейді ғой... – Ол рас. Мысалы, менің әйелім елдің оңтүстігінен. Алабама штаты­нан. Соның сөзін кейде түсінбей қаламын. – Жеңгеміз қандай қызмет істейді? – Ол – музыкант. Ташкентте бол­ға­нымызда музыка сабағына жиі барып тұр­ды. Өзбектің аспаптарын тартуға үйренді. – Аспап демекші, қазақтар талай домбыра мен қобызды өзіңізге тарту еткен шығар? – Менің үйімде Орталық Азия халықтарының музыкалық аспапта­ры­ның бәрі бар. Домбыра да тұр. Ұлттық шапанның жеті атасы бар менде. – Сіз қай текті американ­дық­сыз өзі? – Жалпы, бұл сұрақты «Ұлтыңыз кім?», – деп нақты қоюға да болады. Маған арналатын сұрақтың негізгі­лері­нің бірі осы. Мен, әрине,  амери­кан­дық­пын деймін. Менің әке-шешем Америкада туған. Шешемнің әкесі де АҚШ-та өмірге келген. Ал оның әке-шешесі Лит­ваның тумалары. Ал ме­нің шешем­нің шешесі, яғни әжем Украинада ту­ған. Әкемнің әке-шеше­сі Бес­са­рабия­ның еврейлері. Олар жа­сырып болса да идишше сөйлей­тін. Жасыр­ған соң мен үйрене баста­дым. Бұл тілді шамалап игердім. Бірақ туған тілім дей алмай­мын. Ал ивритше тек діни жоралғы­ларды ғана білемін. – Сіз өзіңізді саясаткерлердің қатарына қосасыз ба, әлде лингвистпін деп есептейсіз бе? Қайсы­сына жақындаусыз? – Мені социолингвист деп санауға болатын шығар. Немесе саясатта­ну­шы-лингвист. Саясаттанушылар мені көп мойындай бермейді. Олардың өз­дерінің өлшемдері бар. Біздің Америкада ай­мақты зерттеу тәжірибесі жақ­сы дамы­ған. Мен де өзімді ай­мақтану мама­нымын деп есептеймін. Саясаттану ма­мандығы бойынша PhD доктор дәрежем болса да, менің ма­қалаларым бұл сала ғалымдарына арналған ғы­лыми басы­лымдарға жариялана бермейді. Керісінше, тіл сая­сатына арнал­ған басылым­дарға шы­ғады. «Социология языка» деген ха­лық­аралық журнал бар. Бұрынғы КСРО көлеміндегі республикалардың тіл саясаты, этни­калық мәселелері туралы жазылады. Ал таза лингвистер мұны жазбайды. Яғни, екеуінің ара­сындағы нәрселерді жазамыз. Біздің оқу орнында Орталық Еура­зияны зерттеу кафедрасы бар. Мен осы кафедрада жұмыс істеймін. Орталық Еуразия деген не? Біз үшін ол Орталық Азия, Моңғолия, Тибет, Түркия, Әзер­байжан. Татарлар да осы­ған кіреді. Оған қоса Орал-фин тобы тілдеріне кіретін халықтардың да территориясы сол аймаққа тиесілі. Финляндия, Эсто­ния, Венгрия.... – Тіл үйрену үшін ең алдымен не нәрсе қажет? Ынта-ықылас па, есте сақтау қабілеті ме, әлде мақсат па? – Бәрі де қажет. Жеткілікті материал, тілдік орта, сөздік қор керек. Ең бастысы, ынта-ықылас болғаны жөн. – Сіз неден бастайсыз? Алды­мен сөздік қор жинап аласыз ба? – Мен белгілі бір мәтінді аламын. Сол мәтінді түгел түсінуге тыры­самын. Үнемі дайын жазбаны құлақ­ша­мен тың­дап жүремін. Қайталай­мын. Ал­ғаш­қыда қиын­дау болады. Әдепкіде жиырма пайызын ғана түсінуім мүм­кін. Қайта-қайта оқыған сайын терең­деп ұға беремін. Аудар­мауға, керісінше, сол тілде оқып, сол тілде сіңіруге тырысамын. Тілдердің құрылысы әр түрлі. Түрлі тәсілдер­мен тіркеседі. Соны аңғаруға тырысамын. – Орыс тілінде еркін жаза бересіз бе? – Жазғанда қандай! – Өзбекше жазуыңыз қалай? – Жазамын. Еркін оқимын. – Қазақ тіліндегі мәтіндердің бәрін ұғасыз ба? Әңгіме не туралы болып жатқанын түсінесіз бе? – Мәселе қандай мәтін екендігінде ғой. Газет мәтіндері жеңілдеу бо­лады. Бұл жерде мәселенің көбі авторға бай­ланысты. Кейбір авторлар күрделі жа­за­ды. Жаңа сөздерді қол­дануға әуес. Қазақтар көшеде қау­қыл­дасып әңгіме­ле­сіп жатқанда ма­ған олардың сөзін түсіну қиынға соғады. Әркімнің диалектісі болады. Дауыс ырғағы тағы бар. – Тілді қай жасқа дейін үй­ренуге болады өзі? Біреулер: «Бұл – жас­тардың ісі, үлкейген соң қон­байды», – дейді... – Мәселеге мына тұрғыдан қарау керек. Ересек адамдардың қызметі бар, сондықтан тіл үйренуге уақыт­тары бола бермейді. Екі-үш жерде жұмыс істейді. Отбасы бар. Ауру ата-аналарына қара­сады. Басқа да ша­руалары жетеді. Олар­ға тіл үйрен деп талап қою ауыр­лау болады. Бірақ ықыласы болған адам оған қара­май­ды. Жасы ұлғай­ғанда тіл қонбайды деген бос сөз. Мысалы, мен алпысқа келдім. Үнемі жаңа тілдерді үйреніп жүремін. Өткен жылдан бастап тәжік тілін үйрене бастадым. Бұрнағы жылдан бастап венгер тілін үйреніп келемін. – Тіл үйрену барысында линго­фонды пайдаланасыз ба? Қалай жаттығасыз? – Мен мынадай әдістеме қолда­намын. Үнемі жанымда сөздік жү­реді. Мәтінді оқи берген жөн. Оқы­ған сайын санаға сіңеді. Мәтіннен өзіңе қажет­тісін ғана алу керек. Мен мәтінді содан бірдеңені бөліп алу үшін ғана оқимын. Ал кейде тілді дамыту мақсатымен игеремін. Мы­са­лы, газеттен бір мате­риалды ала­мын. Көшірмесін түсіремін. Оқи­мын. Білмейтін сөздерімді түртіп қоямын. Сөздіктен іздеймін. Әр іздеген сайын қызыл сиямен белгілеп отыра­мын. Егер сөздікке үш рет белгілесем, жаттап алатын кез келді деген сөз. Өйт­кені, ол сөз керек. Сосын тізім жасап, карточка тол­тырам. Бір жағына қа­зақ­ша, екінші жағына ағылшынша немесе орысша түсіндірме жазылады. Жаттап алуға тырысам. Бұл сөзді келесі кездескенде ұғып тұрамын. Таныс болып қалады. Мәтіннің бәрін білуім міндетті емес. Сирек қолда­нылатын сөздерді мен де тұрмыста пайдалана бермеймін ғой. – Сіздің тіл үйрену тәжіри­бе­ңізге қызығып, жаныңыздан қал­маған­дар болды ма? – Мен сияқты тынбай айналы­са­тындар жоқтың қасы. Бірақ бір шә­кіртім бар. Ол жақында моңғол тілі саласындағы тілдік саясат туралы магистрлік жұмысын жазып шықты. Мен оған үйреткенім өз алдына, өзім де біраз нәрсе алдым. Тағы бір шәкіртімнің докторлығы Қазақстан мен Қырғыз­станның тілдік саясаты­мен байланыс­ты болуы мүмкін. Мен тақырыпты өзім таңдадым. Менің жетекшім тақырыбыма сон­ша­лықты қызыққан жоқ. Ол қы­тайтану маманы еді. Оны қытай тілінің мәсе­лелері көбірек қызық­тыр­ды. Бірақ мені шектемеді. Со­нысы дұрыс бол­ды. Шә­кірт­терім де тақырыпты өзде­рі таң­дайды, мен тек оларды жігерлендіремін. Қанат­тандырамын. Өзде­рі­­нің ықы­ласы болуы керек. Талапты студенттер бар. Мен оқыған тілдерге қызыға қоймауы мүмкін, бірақ басқа тілдерді қалайтындары бар­шы­лық. Мен орыс тілінен баста­дым ғой. Ал қазір олар бірден өзіне ұнаған тілден бастайды. Ме­нің тағы бір шә­кіртім қазақшаны өте жақсы біледі. Қазақ­стандағы исламның да­муын зерттеп жүр. Тіл оның зерттеуіне керек. Алды­мен өз бетінше үйренді. Кейін мен оқытатын курсқа жа­зыл­ды. Біз әр аптада үш сағаттан дайындалдық. – Индиана университетінде «Бо­лашақ» стипендиясымен оқып жат­­қан қазақ жастары көп пе? – Ой, тұтас бір ауыл! Елу бес адам. – Солармен қазақша сөйлесіп, тіліңізді ауық-ауық жетілдіріп тұра­­тын шығарсыз? – Олардың ішінде қазақ тілін білетіндері де баршылық. Бірақ көбіне бір-бірімен орысша сөйлеседі. – Қазақ тілінің түп тамыры бо­лып есептелетін көне түркі жаз­ба­ларын оқуға талап қылған жоқсыз ба? – Жоқ, соған онша қызықпаппын. – Жазбалар демекші, енді бір сұрақ. Интернеттегі комментарийлерде жұрт аузына не келсе, соны жазады. Оны кейде операторлар алып тастап үлгере алмайды. Осы­ған қалай қа­рай­сыз? Сайт иелеріне телефон ша­лып, «алып тас­таң­дар­шы» деп жалы­нып жатқан жұрт. Бұл не? Интер­неттің бізде енді ғана қолданылып жатқанына байла­ныс­­ты ма? Әлде... – Барлық жерде де сол ғой. Мәселе қандай сайт екендігіне бай­ланысты. Кейбір сайттар мұны өздері реттеп отырады. Өзіндік  ережелері бар. Ал кейбір сайт не болса да жібере береді. Социолингвистика туралы сайттан осы мәселеге байланысты бір материал көрдім. Бұған қалай көзқарас таныту керектігі туралы айтылады. Бұл – өте күрделі мәселе. Өмір ғой... Әңгімелескен Бауыржан ОМАРҰЛЫ.