19 Қараша, 2011

Сәулесі мәңгі сөнбес жұлдыз

712 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүкіл өлеңімен, өмірімен халқына жан сала қыз­мет етіп, Алаш еркіндігі мен тәуелсіздігін талмай жырлап өткен Мағжанның ақындық әлемі мен қалам­герлік қуат-қарымы жайлы  айтылған ұлағат­ты сөз­дер көп. Мұхтар Әуезов: «Бүгінгі күннің бар жазу­шысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі», десе, Сәбит Мұқанов: «Абай – ақылдылардың ақыны, Мағжан – ақындардың ақыны», деген салмақты ой түйді. «Қазақтың асыл перзенті, алты алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұма­баев­тың поэзия әлеміндегі сәулесі – мәңгі сөнбес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!» деп жазды Елбасы Н. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында. Иә,  қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтеріп, сұлу да сырлы жыр­лары­мен  ұлтымыздың ұлы ақынына айналған поэзия пай­ғамбарын  қалай ұлықтасақ та жарасады.  Қы­зыл­жар өңірінде әр жыл сайын «Мағжан оқу­лары» және бес жылда бір рет еске алу мерейтой шара­лары үлкен дайындықпен өткізіліп жүр. Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдас­тырылған мәдени шаралардың бір парасы М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақ­ты насихаттауға арналды. Ал жуырда «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты І респуб­ликалық фестиваль аясын­да өт­кен іс-шара­лар таным­дылы­ғы­мен, мазмұнды­лы­ғымен есте қал­ды. С.Мұқанов атындағы ғы­лыми-көпшілік кітапханада ақын­ның «Адассам, елім­мен бірге адастым...» атты қазақ және орыс тілдеріндегі өлең­дер жина­ғының тұсаукесері болды. Оны шыға­ру­ға тікелей атсалысқан халық­ара­лық сый­лық­тардың лауреаты, бел­гілі жазу­шы-драматург Роллан Сейсенбаев өз сөзінде  Мағ­жанның түркі жұртының ұлы ша­йыры ретінде әлдеқашан мойын­далғанын айта келіп, ендігі міндет – әлемге таныту, ол үшін бөлек туынды жасау керек деді. Абай хакімнің 150 жыл­ды­ғы қарсаңында орыс және ағыл­шын тілдеріндегі құн­ды шығар­маны жарыққа шығару іс-тәжі­рибесімен бөлісті. Ақын, облыс­тың құрметті азаматы Кә­кім­бек Салы­қов болса ой мен сөз жары­сында оқшау, озық тұрған жыр жампозының Отанды, елді, жерді сүюдегі  ерекше қасиеттерін атап берді. «Мағжан дегенде менің көзіме Гималайдың ең биік шыңы Эверест елестейді. Аңыз бейне ғажайып құбылыс сол «әлемнің шатырынан» «мен жастарға сенемін» деп тұрғандай ой тастайды» деген сөзін Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлей­менов іліп әкетіп, мағжантануға байланысты мәсе­ле­лерді орта­ға салды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері Мүтәллап Қанғожин  Мағ­жан­ның өлеңдерінен «Сарыарқаны сағындым» жи­нағы құ­растырылғанын, енді арнайы энциклопедия шығару мезгілі жеткенін атап көрсетті. Мағжан шығармашылығына арналған «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты» І республикалық өнер фестивалі басталмас бұрын арнайы келген мәртебелі қонақтар мен зиялы қауым өкілдері ақынның туған жері – Сарытомарға ат басын тіреді. Мешітке аялдап, тұлғаның ата-бабасына құран ба­ғыш­тады. Мектеп алдындағы ескерткішке гүл шоқ­тарын қойды. Мұражайды аралап, құнды жәдігер­лер­мен танысты. Мәдениет үйінде жергілікті көр­кем­өнерпаздардың концертін тамашалады.  Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында шы­мылдығын ашқан «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» өнер фестивалі ақынның шығармашылық мұралары арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәдени-эстетикалық және рухани ұс­танымын шың­дау мақсатын діттеді. Сол себепті болар, Мәдениет министрлігі мен облыстық әкімдіктің  фестиваль­дың шарттары мен үміткерлерге қойылатын талап­тарға үлкен мән бергені байқалды. Фестивальға қатысуға 70-ке тарта үміткер тілек білдірсе, солардан 15-і ақтық сынға жолдама алды. Заманымыздың заңғар жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев төрелік еткен қазылар алқасы мүшәйраға қатысу­шы­лардың, мәнерлеп оқушылардың, әншілердің кәсіби шеберлігіне, орындаушылық мәдениетіне алдымен көңіл бөліп, барынша әділ болуға тырысты. Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімі Серік Біләлов сөз сөйлеп: «Хас таланттарды, ел ардақ­тыларын қадірлей білу – ежелгі салтымыз. Тәуелсіздік – ата-бабамыз армандаған халқымыздың сан ғасырлық жеңісі. Бұл – Алаш арыстары аңсаған ұлы күн. Бүгінгі ән мен өнер жарысы  Мағжан рухы алдындағы зор құрметтің белгісі», деген игі тілектерін жеткізді.  Мағжан шығармашылығын жүйелі насихаттап келе жатқан  жергілікті ақын М.Қанғо­жин­ге «темір тұл­пар» тарту етті. Қазақстанның Еңбек Ері Ә.Кекілбаев осыдан  20 жылдай бұрын – ақынның бір ғасырлық тойы кезінде Қызылжарға жолы түскенін, содан бергі уақытта мағжантану саласында  сүйсінерлік істер атқарылғанын айта келіп, өз ойын әдебиет тәңірісін құрметтейтініміз – барша қазақтың ұлттық санасы үшін үлкен сынақ деген сөздермен түйіндеді. Ақтық додаға жиналған үміткерлер үш аталым бойынша бақ сынасты. Қазылар алқасы ақылдаса келіп, Мағжанға арналған жазба ақын­дар мүшәй­ра­сының  бірінші жүл­­де­сіне  «Асыққан адам» поэ­ма­сын алып келген алматы­лық Жәркен Бөдешевті ла­йық­ты деп тапты. «Сөн­бес шырақ» өлеңі­нің авторы ақтөбелік Гүлжайнар Қалдина – екінші, аста­на­лық Бауыр­жан Қара­қыз («Ақын рухымен тілдесу») үшінші орынды жеңіп алды. Мағжан жырларын мәнерлеп оқу аталымында  Астанадан келген Гау­һар Жүсіпованың мерейі үстем бол­ды. Екінші, үшінші орындарды қы­зыл­жарлық Сымбат Бөкен мен пав­лодарлық Даниял Әсенов бөлісті.  Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер аталымы бойынша белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаевтың  «Сары­арқа – сайран жерім-ай!» әні жоғары бағаланды. Оны белгілі әнші Қар­лы­ғаш Аббасова тамылжыта орындап беріп, жиналғандардың құлақ құры­шын қандырды. Одан кейінгі орын­дар­ға  астаналық Дулат Әбілдинов, ақмолалық Құрмет Сақай ілікті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. САРЫАРҚА – САЙРАН ЖЕРІМ-АЙ Музыкасы Жоламан ТҰРСЫНБАЕВТІКІ. Өлеңі Мағжан ЖҰМАБАЕВТІКІ. Мұнарланып алыстан шалқыған көл, Күннің нұры бетінде балқыған көл. Ақ күмістей жарысып ақ көбігің, Мөлдіріңе мап-майда қалқыған көл. Қайырмасы: Сауықшыл есіл елім-ай, Сарыарқа сайран жерім-ай, Күмістей таза суың бал, Айдын шалқар көлім-ай. Әуез қосып сан құстар шулаған көл, Балықтарың шуақта тулаған көл. Сары қымыз сапырып ертеңді-кеш, Кеңес құрып басыңда дулаған ел. Қайырмасы: Ата қоныс айдын көл-құт болған көл, Сұрағанға сусын боп от болған көл. Ынтымағың, бірлігің түгел шақта, Сенің басың бейнебір сүт болған көл. Қайырмасы: Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.