19 Қараша, 2011

Түркітілдестер термин түгендеуде

410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тек тамыры бір, діні ортақ, сөз­дерінде көп алшақтық жоқ  түркі елдері кеңес дәуірі құрдымға кеткеннен кейін барын жарқыратып, жоғын түгендеумен келеді. Соның бір дәлелі, елордада екі күн бойы «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты то­ғызыншы ха­лық­аралық ғылы­ми-прак­тикалық кон­ференция дер едік. Бұрын мұндай алқалы жи­ындар Әзербайжан, Түркі­мен­стан, Қыр­ғыз­­станда жалғасын тапқан болатын. Конференцияны Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев ашып, бүгінде жер бетінде 200 мил­лион­ға жуық түркілер өмір сүреді десек, олардың барлығын біріктіріп тұрған ең басты рәміз – ол қа­сиетті тіліміз. Алайда, небір аума­лы-төкпелі кезеңдер бары­сын­да біздің бір-бірімізге жақын­дасуы­мызға, тілімізді мейлінше байы­тып түрлендіруге мүмкіндік көп бола қойған жоқ. Міне, бүгінде сол олқылықтың орнын толтырып, түркі әлемінің тіл мұрасын зерттейтін кезең де келіп жетті, деп халықаралық конфе­рен­цияның ал­ға қойған мақсат-міндетіне тоқ­тал­ды. Бұдан кейін Түркия Рес­публикасының Ақпа­рат­тық технология жұмыс тобы­ның төрағасы Незих Күлейін сөз алып, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы кезінде терминдерді бір ізге түсіру қажеттігін атап өтті. Сол секілді Түркияның Ақпараттық технология басқару кеңесінің мүшесі Корай Өзер өз мемлекетіндегі ақпа­раттық ұйым­ның жұмысы туралы ой қозғап, кірме сөздер негізінде қалыптас­қан терминдерді алға тартып, қазір 40 жұмыс тобы ба­рын, оның жетеуі мақсатты істермен айна­лы­сатынын, интернетте 12 мың сөздік қоры жинақтал­ғанын, 33 университетте жас мамандар әзір­ленетінін, әдебиеттегі мәтіндерді қалыптастыру мақса­тында шы­ғар­ма жарысы ұйым­дас­тырылып, ол кітап болып шыға­тынын тілге тиек етті. Мәдениет министрлігі Тіл ко­ми­тетінің төрағасы Шерубай Құр­манбайұлы туыстас елдер ара­сындағы ынтымақтастықты терең­дету, түркітілдес халықтар­дың ғы­лым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин жасау үде­рісін дұрыс жолға қою және сала­лық, әсіресе ақпараттық ғы­лым бойынша ортақ терминдер қорын қалыптастыру мәселелерін жан-жақ­ты қозғап, өткен ғасыр­дың ба­сында Алаш арыстары да термин жасау мәселесін қозғаға­нына нақ­ты дәлел-дәйектер келтірді. Тәуел­сіздік алғаннан кейінгі жерде бұ­рын жабулы тақырып болған түркітілдес елдердің тер­миноло­гиясына арналған мәжіліс­тер өте бастағанын, ғалымдар көптілді терминологиялық салыс­тыр­малы сөздерін жасауға келіскенін, бірақ бұл істің әлі толық орындала қоймағанын атап өтті. Бізде КСРО құрамына кірген түркі халықтары­ның тілдерінде терминдерді тіл­аралық біріздендіру түр­кі­тіл­дестердің өз арасында емес, олар­дың әрқайсысының орыс тілімен арасында болды. Дәлірек айт­қанда, тіларалық біріздендіру түр­кі тілде­рінің орыс тілімен ортақ терминдерін барынша ұлғайту мақсатын көздей отырып, орыс тілі тарапы­нан түркі тілдеріне қа­тысты бір­жақты жүргізілді. Орыс – қазақ, орыс – өзбек, орыс – әзер­байжан, орыс – қырғыз, орыс – түркімен, орыс – татар тілдері арасында терминалмасу жүргізі­ліп, екіншілері негізінен термин қабылдаушы тілдер болып келді. Кеңес одағы тұ­сында орыс тілінен түркі тілдеріне алмасқан терминдер жүздеп, мың­дап саналса, түркі тілінен орыс тіліне енген терминдер мүлдем мар­дымсыз, бірлі-жарым еді. Ал орыс тіліндегі терминдердің басым көп­шілігі өткен ғасырлардың сөзал­масулары бола­тын. Ендігі жерде біз түркі тілдерінің өз ішіндегі сөз­алмасу, терминалмасу мәселесін жолға қоюымыз керек, деді. Қырғызстаннан, Әзербай­жан­нан, Өзбекстаннан келген Р.Момбеков, А.Фатуллаев, Ш.Муталовтар пленарлық мәжілісте сөз алып, түркі жұрты арасында ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы ту­ралы айтты. Астанадағы Түркі академиясының президенті Ш.Иб­раев түркі халықтарының фоль­клорлық терминдері туралы өз байламын баяндады. Конференцияның екінші күні түркі тілдеріндегі ақпараттық технология, терминологиясына қа­тыс­ты мәселелер сөз болды.  Сес­сиялық мәжілісте түркі тілдеріндегі лингвистикалық терминдер, сөздіктер қорын жасау, тағы да басқалар жұрт талқысына ұсы­ныл­ды. Осы халықаралық конфе­ренцияға қатысқан ғалымдардың баяндамалары алдағы уақытта топ­тастырылып, кітап болып шығатынын айта кетсек дейміз. Сүлеймен МӘМЕТ.