19 Қараша, 2011

Білім мен бизнес байланысы

354 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше «Ramada Plaza» қонақ үйінде «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты үшінші халықаралық форумға салалық министрліктерден, бизнес-қауымдастықтар мен ұлттық компаниялардан, халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысып, кадрлар даярлауда білім беру мен бизнес ынтымақтастығының басымдықтары, «Кәсіпқор» холдингі» АҚ-та бизнес пен мемлекеттің корпоративтік жауапкершілік үрдістеріне негізделген оқу орындарын басқарудың жаңа моделі туралы өз ойларын ортаға салды. Жиынды сөз сөйлеп ашқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма­ғұ­лов форумға қатысушыларға Үкімет басшысы  Кәрім Мәсімовтің жолдаған құт­тықтау хатын оқыған соң, «Техни­ка­лық және кәсіптік білім беруді дамы­ту­дың негізгі үрдісі мен міндеттері: қазақ­стандық үлгі» атты тақырыпта баяндама жасады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­саңында еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесінің алға тартылуы бекер емес. КСРО ыдырағаннан кейін жер-жердегі кәсіптік-техникалық білім ошақтары жа­ғалай жабылғаны есімізде. Министрдің айтуынша, 2000 жылдың басында 1991 жылмен салыстырғанда, білім алушы­лар­дың контингенті екі есеге дейін азайған. Осы аралықта техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың арнайы мемлекеттік бағдарламасы іске асырыл­са, бүгінде сол кезеңмен салыстырғанда оқу орындарының саны 25 пайызға, білім алушылар 30 пайызға артып отыр. Олардың жағдайының жақсаруына, әсі­ре­се, серіктестіктердің қосып отырған үлесі зор. Мысалы, «Қазақмыс» компа­ния­сының көмегімен Астанада, «Теңіз­шевройл» ЖШС қолдауымен Атырау облысындағы Құлсары қаласында заманауи талапқа сай кәсіптік лицейлер салынған. ТМД елдері арасында елімізде бірінші болып бұрынғы бастауыш және орта кәсіптік білім беру базасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі құрылды. Мұндай қадам білікті­лік­тің бірнеше деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Мұнан былайғы уа­қыт­та түлектерге білім беру ісі жұмыс бе­рушілердің қатысуымен жүзеге асы­ры­латын болады. 2007 жылға дейін Білім және ғылым министрлігі, ірі компаниялар мен жергілікті атқарушы органдар арасында бірде-бір келісім жасалмаса, бүгінгі таңда осындай 33 келісімнің іске асырылуы бұл бағытта қыруар жұмыстардың атқарылғанын аңғартады. Олардың ішінен «ҚазМұнайГаз», «Қа­зақ­мыс», «Қазақстан темір жолы», «Қа­зақ­телеком», «Қазинжиниринг», «Қазақ­ал­тын», «Азия Авто», «Қазэнерджи» АҚ сияқты басқа да  ірі серіктестіктер ерекше аталды. Жергілікті жерлерде оқу орын­дары жұмыс берушілермен 17,5 мыңнан астам келісімге қол қойса, тек осы жылдың өзінде кәсіпорындармен 150 мыңнан астам жұмыс орны өндіріс­тік тәжірибелерден өту үшін бөлінген. Білім басшысының келтірген мәліметі бой­ынша, оқу орындарының материал­дық-техникалық базасын нығайтуға 200 миллион теңге көлемінде көмек көрсеті­ліп, 4 мың адам кәсіпорындардың қара­жа­ты есебінен оқытылуда, 3 мыңнан аса білім алушыға шәкіртақы беріледі. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйе­сі­не әлемдік тәжірибені енгізуден түсетін табыс та көл-көсір болмақ. Бұл ретте Норвегия, Ұлыбритания, Корея, Германия үлгілері алға тартылды. Олармен бүгінде тығыз қарым-қатынас орнатылу­да. Қазақстанның техникалық және кә­сіптік білім беру жүйесі 29 елмен қатар Еуропаның Турин процесіне қатысуы жаңа дәуірге лайық бетбұрыстың нақты көрінісі болып табылады. Экономика мен білім жүйесі қашанда бір-бірімен тығыз байланыста дамитыны назардан тыс қалмады. Жылдан-жылға тауарлар мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптар күшейіп, технологиялар күр­де­лене  түсуде. Мұндай өзгерістер еңбек ресурстарының жоғары құзыреттілігі мен мобилдігін талап етеді. Бизнестің бұл саланы дамытуға әлі де болса қаржыны жеткілікті бөле түсуіне күш салуы керектігін айтты. Жоғары білікті маман даярлап шығару үшін қаржы көзі жеткіліксіз. Елімізде бір маманды даярлауға 1340 АҚШ доллары жұмсалса, Америкада осындай көрсеткіш – 10,5 мыңға, экономикалық ынтымақтастық және да­мыту ұйымы елдерінде 7,5 мыңға жуық долларды құрайтыны мәлім болды. Нақ­ты цифрлармен сөйлетсек, бізде тех­никалық және кәсіптік білімді қыз­мет­керлер – 33, АҚШ-та – 47, ал эконо­ми­калық ынтымақтастық және дамыту ұйымы елдерінде 44 пайызды құрайтын көрінеді. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бұл саланы түбегейлі жаңғырту қарастырылып, оған 2015 жылға дейін 90 миллиардтан астам теңге бөлінуі көп жайтты аңғартса керек. «Жұмыспен қамту – 2020» бағ­дар­ламасы бойынша кәсіби білім алып жатқан адамның саны 60 мыңнан асады. Мұның өзі жер-жердегі жұмыссыздық түйткілдерін шешуге оң ықпалын тигізуде. Ендігі кезекте, деді министр – заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және техникалық-кәсіптік білім беруді жаңғыртуға Дүниежүзілік банк қарызы­ның есебінен құны 33 млн. доллар бо­латын жоба іске қосылуда. Экономи­каны білікті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі салааралық жоспар және тех­никалық-кәсіптік білім жүйесін дамыту жоспары бекітілгені алға тартылды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылып, Шығыс Қазақ­стан облысында осындай орталық ашыл­ған. Министр қол жеткен жетістіктерді барынша молайту мақсатында форумға қатысушыларды әріптестіктің бұрын еш жерде қайталанбаған қазақстандық үлгі­сін бірлесіп жасауға шақырды. Кадр­ларға болжамды сұранысты анықтап отыруды нақты мемлекеттік органдарға жүктеу керектігін айтты. Адами ресурс­тардың дамуына жауап беретін менед­жерлердің кәсіби бірлестігі сияқты директорлар клубын құруды ұсынды. Еңбек ресурстарын кадрлық жаңғыр­ту мәселелері, индустрияландыру жо­баларын кадрлық қамтамасыз ету, тау-кен металлургиялық саласын кадрлық қамтамасыз етудегі бизнестің рөлі, биз­нестің кадрлар даярлауға қатысуы, тағы да басқа бірталай өзекті тақырыптар ортаға салына келгенде, кәсіптік-техни­калық білім беру жүйесіне деген бір кездергі ескі көзқарастың бүгінде мүлде басқаша ой түйгізетінін бағамдадық. Қа­зір қазақ баласы үшін бұл сала нан тауып жейтін нағыз кәсіптің көзіне ай­налып келеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.