Жаңа ұрпақты қалыптастыруға бағытталған «Рухани жаңғыру» идеясы, «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиялық бағдарламалары Біріккен Ұлттар ұйымының 2030 жылға дейін тұрақты дамуының 17 мақсатымен толықтай сәйкес келеді. 17 мақсат (169 міндет) бір-бірімен байланысты, соның бірі – сапалы білім беру. Өйткені сапалы білім – ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының кепілі.
Халықаралық кітапханалар қауымдастықтары мен мекемелерінің федерациясы (ИФЛА) қоғамда жаңа технологиялар арқылы ақпарат пен білімге қол жеткізудің артуы халықтың тұрақты дамуына және тұрмысын жақсартуына тікелей әсер етеді дейді. Яғни қазіргі ақпарат ғасырында кітапхана саласы адам мен ақпараттың, ақпарат пен технологияның арасындағы дәнекер рөлін атқарады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы да айтамын: Кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өрісін кеңейтеді», деп кітап оқудың маңыздылығына мән берген болатын.
Қазақстандағы – 131, оның ішінде 10 ұлттық жоғары оқу орнының алдыңғы санатынан саналатын Қазақ ұлттық өнер университеті 2017 жылғы рейтинг бойынша өнер оқу ордалары арасында үздік болып танылды. Бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінің басты міндеті – кең-байтақ еліміздің руханиятына жоғары кәсіби деңгейде қызмет ете алатын бәсекеге қабілетті кадрлар тәрбиелеу, елорданың музыкалық инфрақұрылымын қалыптастыру, Қазақстанның рухани өмірінің серпінді дамуына мүмкіндіктер ашу. Университет ректоры, профессор, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның сөзімен айтқанда, «...мақсатымыз – музыкалық сауаттылығы мол, сезім талғамы жоғары, музыкалық жанрларды талдай алатын жас буынның қатарын көбейту, мәдениетті қазақ жастарының ортасын қалыптастыру».
Жоғары оқу орнында кәсіби мамандарды дайындау бірыңғай үздіксіз, әрі кешенді білім беру жүйесіне біріктірілген, атап айтсақ: мектеп-колледж-бакалавриат-магистратура-
докторантура. Университеттің құрылымына тоқталсақ, «Музыка», «Театр, кино және ТД», «Көркем өнер», «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеттерінде өнерге қатысты мамандықтар бойынша 18 кафедрада өз саласының майталмандары жастарға тәлім беріп, шеберлігін шыңдайды. Сонымен қатар, ҚазҰӨУ жанынан құрылған Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты өз кезегінде білім мен ғылымды байланыстыра отырып, білім сапасын арттыруға ықпал етеді, қазақ халқының дәстүрлі өнерін жан-жақты зерделеумен, насихаттаумен айналысады.
Ғалымдар мен ұстаздар ғылыми еңбектері мен зерттеулерін, оқуға қажетті басқа да кітаптарын университет кітапханасына сыйға тартады. Мысалы, 2016-2017 оқу жылында 368 оқу, оқу-әдістемелік құралдары, мамандықтар бойынша бағдарламалар әзірленіп, басылып шықты. Оқытушылардан 2016 жылы – 251, биыл 358 кітап қабылданды.
Университет кітапханасы жыл сайын оқу процесіне көмек көрсете отырып, кітапты насихаттау бағытында тақырыптық көрмелер ұйымдастырып, оқырмандарын мыңдаған баспа өнімдерімен таныстырады, тақырыптық ұсыныстық көрсеткіштер әзірлеп отырады. Атап айтар болсақ, былтыр 58 тақырыптық және арнайы кітап көрмесі өткізіліп, оған 17200 оқырман қатысса, биыл 70-ке тарта кітап көрмесін 28 100 адам тамашалады.
Жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында факультет кафедра күндері өткізіледі. Биыл 22-27 ақпанда өткізілген факультет күндерінде оқу бағдарламасына көмек көрсету үшін 1500-ден аса кітапхана қорындағы құжаттар, жаңа түскен басылымдар студенттер мен оқытушыларға таныстырылды және «Болашаққа жол тартқан Қазақстан», «Болашақтың қуаты – Future Energy – Энергия будущего», «Театр әлемі және Маман Байсеркенов», «Театр саңлағы – Хадиша Бөкеева», «Қылқалам шеберлері» кітап көрмелері және шеберлік-сабақтары өткізілді.
...Әрбір жаңа ұрпақ өзінің өмір жолында өзіне дейінгілердің еңбегінің нәтижесін көріп өседі. Бүгінде мұнда жекелеген өнер қайраткерлерінің мектебі қалыптасты, мәдени-ғылыми дәстүрлер дамыды. Осы мұраны сақтау, келесі ұрпаққа жеткізу Ақпараттық-кітапхана қызметінің міндеті болып табылады. Соған орай «Қазақстан. Өнер.Тұлға» сериясы бойынша ұлттық элита өкілдерінің өмірі мен қызметіне арналған жоба әзірлене бас-
тады. Бұл ұрпаққа өнер саласындағы тұлғалардың жетістіктері мен олардың өнегелі жолын, өнердің дамуына қосқан үлесін дәріптейді.
Кезінде саңлақ сыншы, марқұм Әшірбек Сығай бастамашы болған «Ес-Аймақ» мәдени-танымдық бірлестігімен бірлесе отырып ақын-жазушылармен, шығармашыл тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру, авторлар шығармашылығына қатысты құжаттық кітап көрмелерін әзірлеу дәстүрге айналған. Мысалы, мұндай тұлғалардан жазушы Әкім Тарази, режиссер Сламбек Тәуекел, ғалым Тұрсын Жұртбай, қайраткер қаламгер Сұлтан Оразалин, композитор Кеңес Дүйсекеев, жыршы Алмас Алматов, сахна саңлақтары Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Ақыш Омар және т.б. айрықша атап өтер едік.
Тағы бір айта кететін жайт, кітапхана «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жыл сайын түрлі іс-шара өткізеді, биыл «Жыл кітабы – 2017» таңдауы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларына арналды.
«Мен – қазақ, қазақпын
деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?» – деп жырлаған Сұлтанмахмұт идеялары біз үшін өте-мөте құнды һәм қымбат. Сұлтанмахмұттың ақындық кредосы, азаматтық байламы қазіргі қазақ жастары үшін білімнің идеалы болып саналады.
Барлық ұлы адамдар Абай, Шоқан, Шиллер, Гете, Толстой... кітапты көп оқығанын естен шығармағанымыз абзал. Бұл ретте жыл сайын көркем әдебиетті ең көп оқыған чемпиондар да анықталып отырады. Оқытушылар арасындағы ең үздік оқырмандар Ұстаздар күні үздік студент-оқырмандар факультет күндері аясында марапатталады. Ал студенттердің кітап оқуға сүйіспеншілігін ояту мақсатында өткізілген «Мен және кітап» фотобәйгесі жастардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, шығармашылық ізденісін дамытуға жол ашқан жоба болды. Фотобәйгеде жүлде алған үздік фотосуреттер кітап туралы ұлы адамдардың асыл ойларымен толықтырылып, безендірілді.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын 2016 жылы иеленген Саджана Мырзалиева, Манарбек Қыдырбай, Әсел Кемелбаева, Рахат-би Абдысағин, Азат Мәлік кітапхананың тұрақты оқырмандары десек, жақында Рахат-би өзінің музыкалық шығармаларын Мәскеудегі «Музыка» баспасынан шығарып, кітапханаға тарту етті. Қытайда өткен «I am singer» халықаралық ән додасының жеңімпазы болған Димаш Құдайберген кітапханада қытайлық достарымен өзі жақсы көретін залдарды аралап, өзі туралы арнайы жасалған көрмелерді тамашалады. Бұл да университет кітапханасы тарихының жарқын беттерінің бірі.
Ғаламшардың ғаламат желісі интернетке ену бүгінде студенттердің өміріндегі негізгі құралға айналды. Университетте кітаптың электронды нұсқасын пайдаланушылар үшін «Профессор-оқытушылар еңбектерінің Виртуалды кітапханасы» бар. Кітапхана сайты жұмыс істейді. Осылайша тұтынушылардың барлығымен байланыс орнатып, оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру үшін қызмет ету үстіндеміз.
Бұдан басқа, КАБИС жүйесі арқылы 100 000-нан аса медиафайлдарға – музыкалық шығармалар, фильм-
дер, электрондық оқулықтарға қол- жетімді, бұл база күн сайын толықтырылып отырады.
Адамзатты рухани құлдыраудан құтқарудың жалғыз жолы – оқу десек, университеттің Ақпараттық-кітапхана қызметі «Казконтент» АҚ «Әдебиет порталымен» бірлесіп, жоғары оқу орнының студенттері мен арнайы орта оқу орындарының оқушылары арасында Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына орай «20 жылдыққа – 20+2 кітап» жобасы аясында «Оқы. Шабыттан. Жаса» атты республикалық Байқауын жариялады. Мұнда «20 жылдыққа – 20+2 кітап» жобасы аясында көрсетілген кітаптар оқылып, ұнаған шығарма желісінде киносценарий, драмалық шығарма, поэзия, қысқаша мазмұн, эссе, музыкалық шығарма немесе сурет, мүсін, қысқа метражды кино (ролик, трейлер), фото, жарнама түрінде шығармашылық материалдарын дайындап, өздерінің кітапқа көзқарасын білдіреді. Жоба оқуға қызығушылықты арттыру және қолдау, қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, кітапты талғап оқу, оны түйсіну, алған әсерді жеткізе білу, оқырманды таңдаулы туындылармен таныстыру, жастардың шығармашылығына қозғау салу мақсатында ұйымдастырылған инновациялық бастау болып табылады.
Ғазиза ИСАХАН,
Қазақ ұлттық өнер университеті
Ақпараттық-кітапхана қызметінің басшысы