2017 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Түркия тарапынан бөлінген қаражатпен «Отырардағы Сопы Данышпан төбесі» атты ғылыми-зерттеу жобасы бойынша тамыз айында мұнда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Сопы Данышпан кім? Ол тарихи деректердегі Отырарға жіберілген Қожа Ахмет Ясауидің алдыңғы қатарлы шәкірті Суфи Мұхаммед Данишменд Зарнуқи болуы мүмкін. Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» атты шежіресінде: «...Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмад Йасауиның хизматларында 40 йыл хилуат қылды. Анда кедін шайх Ахмад Йасауи Суфи Мухаммад Данышмандга ижазат берді: «Барғыл Отырарда суфра туткил», – деп айтады. Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 йыл суфра тутди», – делінген.
Сопы Данышпан Қожа Ахмет Ясауидің айтқандарын жинақтап қағазға түсіріп, «Көңілдің айнасы» (Мират-ул қулуб) атты рисала қалдырды. Осы еңбектің бір нұсқасы Швецияның Упсала қаласындағы университет кітапханасының ескі жазбалар қорында сақтаулы тұрғанын ғалым Досай Кенжетай жазады.
Университеттің Археология ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері бір ай көлемінде төбешіктің солтүстік-батыс бөлігін қазып, аталған бөліктен шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда тіршілік болғанын анықтады. 1,7 метр тереңдіктен ошақтарға, от жаққан бірнеше орындарға тап болды. Қазба барысында табылған керамика әртүрлі үлгіде. Сырлы және сырсыз ыдыс аяқпен қатар су құбыр бөліктері, күйдірген кірпіштер, мыс теңгелер (олардың ішінде қытайлық ортасы ойық тиын) кезікті.
Бәрінен бұрын үш заттың байырғы орнында табылуы қызық болды. Екі үлкен, биіктігі 80 см асатын, бүйірлерінің диаметрі 60 см құмыралар бір-біріне жақын жатыр. Олар ауыздары бір бағытта шығысқа қаратылып құлап жатқан күйде табылды. Осы алып құмыралар ортасында қоладан құйылған, тот басып көк түске айналған шырағдан орналасқан. Шырағдан да тік тұрмай батысқа қарай құлаған қалпында жатты. Шырағданның жануардың тұяғы іспетті жасалған аяқтары бар төменгі тұғыры және діңгегі – ортаңғы бөлігі бір-бірімен ажырамай жатыр екен. Ал шырағданның үстіңгі бөлігі – шырақ қоятыны үлкен құмыраның ішінен шықты. Ісмер ұстаның қолынан шыққан шырағдан мен үлкен құмыралардың ХІІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басы аралығына жататынын анықтадық. Мұндай қола шырағдандар бай адамдардың мүлкі болған. Қола ол кезде қазына іспетті болып келген. Тиындар қола мен мыстан жасалған. Осындай қола шырағдандарды теңгеханаға апарған жағдайда ол кездің өлшемімен жүздеген ақша жасап беретін болған.
Аталған бұйымдардың орналасуына қарап біз байырғы заманда, яғни ХІІІ ғасырдың басында табылған заттың үшеуі де тегіс жерде тік тұрған деп санаймыз. Бір кездері жерасты дүмпулері салдарынан үлкен құмыралар және жарты метрдей биіктігі бар шырағдан бір-біріне қарсы құлаған деп топшылауға негіз бар. Құлап бара жатып шырағданның үстіңгі бөлігі құмыра ауызы арқылы оның ішіне еніп кеткен деп жорамалдап отырмыз.
Қоладан құйылған осындай шырағданның күні бүгінге дейін Отырарда және Қазақстан аумағында бүтіндей, барлық элементтерімен тұтас табылмағанын ескерсек, бұл керемет олжа. Үлкен құмыраның бірінде түрлі сызбалар да байқалады. Бұл құмыралар киелі жерге жасалған сыйлықтар болуы да мүмкін. Өкінішке қарай, қазба барысында Сопы Данышпан төбешігіндегі қазбаларымызды таяудағы каналдан асып екі мәрте су басуы зерттеуімізді ойдағыдай жүргізуге кері әсерін тигізді. Аз ғана уақытта жүргізілген зерттеуіміздің барысында өте қызықты археологиялық дүниелер берген Сопы Данышпан төбешігінің қазылмаған бөлігінде қандай құнды жәдігерлер жатыр екен десеңізші?
Мұхтар ҚОЖА,
Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері