Міне, осы тұрғыдан алғанда атам қазақтың «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген өсиеті бүгінгі қайнаған өмір шындығына дөп келетін секілді. Қазір қарап отырсаңыз, әлемде жеке-дара отырған ел жоқ. Өзінің саяси ұстанымы бойынша тіпті ондай ел бар және бола береді деп айтқан жағдайдың өзінде ол бәрібір айналасындағы экономикалық жағдайға тәуелді. Демек, қалай алып қарағанда да, сыртқы әлеммен ымыраға келмей тұра алмайды. Тіпті алысқа бармай-ақ, Түрікменбашының тұсында даралық кейіп танытқан Түрікменстанның экономика саласындағы қазіргі бағыт-бағдарының өзі көп жағдайдан хабар беретіндей.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа бірікпей тұрып, біздің елімізде Орталық Азия елдерінің одағын құру идеясы болды. Шын мәніне келгенде мұндай одақ құру – өңірдің кез келген еліне пайдасын тигізетіндей жарқын идеялардың бірі еді. Бір-бірімен көрші отырған, тарихы тамырлас, тілдік кедергілері аз, мәдениеті ұқсас, діні де, ділі де бір елдер бірінде жоқты екіншісінен тауып, бірін- бірі толықтырамыз деп жатса, бұдан артық не керек?!
Кейінірек күн тәртібінде Қазақстанның Ресей, Беларусьпен бірігіп, Еуразиялық экономикалық одақты құруы мәселесі шыққан соң Орталық Азия өңірінде бірыңғай экономикалық одақ құру идеясы уақытша болса да, көмескі тартқандай кейіпке енді.
Дегенмен, соңғы уақыттағы жағдайлар Орталық Азия одағын құру идеясын қолдаушылар үмітін қайта оятқандай болып отыр. Мәселен, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен 2017 жылғы маусым айының басында Астанада өткен Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың Орталық Азияда жаңа аймақтық бірлестікті құру мәселесін қайта көтергенін «ҚазАқпарат» тілшісі хабарлаған болатын. «Мен ол идеяны әркім әрқалай қабылдайтынын білемін. Дегенмен, ерте ме, кеш пе, біз Орталық Азия аймағында жаңа бірлестікті құру мәселесіне ораламыз. Бұған дейін бұл жерде Орталық Азия одағын құру бастамалары болған. Оның жайын бәріміз жақсы білеміз. Азық-түлік, су-энергетикалық және көлік-коммуникациялық бағытта үш консорциум да қарастырылды. Соның аясында бірігу мәселесі де талқыланды. Тіпті Орталық Азия банкін де құрып үлгердік. Алайда аталған жобалардың бірде-бірі іске аспай қалды. Сондықтан алдағы уақытта бұған дейінгі бастамаларды жаңа тұрғыдан қарастырып, қолға алуға болады деп ойлаймын», деген еді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, Орталық Азия аймағында нақты бір бірлестік құрылса, ол соның аясында ғана шектеліп қалмауы қажет. Еуразиялық экономикалық одақ бағытында өзара интеграцияны, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша, тіпті Үндістан мен Пәкістан сияқты мемлекеттермен арадағы байланыстарды нығайтқан кезде де бұл мәселенің маңызы барынша ашыла түспек.
Әрине жоғарыда айтылғандай, қазіргі күні бұл идеяны қолдаушылар да, қолдамаушылар да бар. Мәселен, белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали қазіргі күні Орталық Азия елдері жағдайының әркелкі екендігін, демек бұл одаққа біріккен жағдайда Қазақстанға экономикалық тұрғыдан көп күш жұмсауға тура келетіндігін, сондықтан көрші елдермен бұрынғысынша екіжақты әріптестік аясында қарым-қатынас жасай берудің тиімді болатындығын айтып, өзінің бұл идеяны жақтамайтындығын жеткізген еді.
Ал саяси ғылымдар докторы, профессор Сейілбек Мұсатаев болса, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа бірігіп қойғандығын алға тартып, алдымен осы одақтағы жағдайымызды жөндеп алғандығымыз дұрыс болады деген пікір білдірді.
Әрине пікірлердің бұлайша әр тарапқа қарай тартуының себебі де жоқ емес секілді. Ең бастысы, біз одақты құратын дер шақты өткізіп алғандаймыз. Мәселен Қазақстан қазір ЕАЭО-ның белді мүшесі болып табылады. Бұл одақта өзіндік салмақты орны да бар. Жас құрылым болса да, ЕАЭО біршама табысты жұмыс істеуде. Оны құру кезінде қабылдаған келісімшарттар бойынша, Қазақстан енді басқа бір бірлестіктермен экономикалық қарым-қатынасқа түскен кезде осы одақтың аясында жасалған келісімдерден туындайтын міндеттемелерді сақтауға тиіс. Бұл жағдай біздің басқа бір одаққа біріккен кезімізде қимыл-әрекетіміздің экономикалық тұрғыдан шектеулі болатындығын көрсетеді.
Екіншіден, «төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» дегендей, Орталық Азияның бес елі белгілі бір мақсаттар тұрғысынан бірігуге дәл қазірдің өзінде әзір ме деген сұрақ алдымыздан тағы да көлденеңдейді. Мәселен, Түрікменстанның бейтараптық саясаты әлі де өз бабында тұрғаны анық. Тәжікстан болса, салынып жатқан Рогун ГЭС-інен пайда алу мақсатында Ауғанстан мен Пәкістан жағына қарай алаңдаулы.
Дегенмен жарқын идеяның оңайлықпен сөнбейтіндігі анық. Қайта ол адамдар жүрегінен орын алған сайын бұрынғыдан да лаулай береді. Идеялардың құдіреттілігі сонда, ол миллиондардың жүрегін жаулайды да, кездескен кедергілер мен бөгеттерді бұзып өтетіндей қуат алады. Біздің ойымызша, қарапайым қазақ, қарапайым өзбек, қарапайым қырғыз бен түрікмен түбі бір түркі жұртының қатарында болғандықтан тарихтың талмау сәттерінде жұтылып кетпес үшін әрдайым өзара бірігуді қалайды. Олар бөлінуден, бір-бірінен оқшауланудан есесі кететіндіктерін қазір анық сезіне бастады. Аралас-құраластықтың мәнін ұғып үлгерді.
Соңғы экономикалық көрсеткіштер де көрші елдердің бір-біріне жақындасуының пайдасы мол екендігін көрсетіп берді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 30 пайыздан астамға ұлғайды. Керемет көрсеткіш емес пе?! Бұл – көрші отырған бауырлас елдер ынтымақтастығының қандай нәтиже бере алатындығының жақсы бір дәлелі.
Бәлкім енді біздің Орталық Азия елдері болып кең ауқымдағы бір экономикалық одаққа бірігуіміз бұрынғыға қарағанда, қиындау соғатын шығар. Бірақ қалай алып қарағанда да қандай деңгейде, қандай бағытта, қандай салада болмасын әйтеуір бірігудің алтын күрек желінің лебін сезінгендейміз. Халықтардың қолдауымен туындайтын мұндай үдерісті көп кешіктірмес үшін оны өзара көпжақты қарым-қатынасымыздағы толғақты проблемаға айналып отырған су-энергетикалық, көліктік-дәліздік секілді маңызды мәселелерден бастап кетсе жөн болар еді.
Халықтардың аражігі ажырамас үшін орталықазиялық бірлестікті әзірге мәдени-гуманитарлық деңгейде ұйымдастырса, бұған ешкім бөгет жасамасы анық. Осы саланың өзінде бір бірімізден алатынымыз да, бір бірімізге беретініміз де өте көп. Түбі бір туысқан елдердің бойындағы озық қасиеттер мен құндылықтар ортақ мәдениет қалыптастыруға мол әсерін тигізетіндігі анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»