Театр • 06 Ақпан, 2018

«Астана Опера» театрында Сербия композиторларының әуендері шырқалады

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера»симфониялық оркестрі мен Сербияның танымал пианисі Майя Райкович «Балқан түбегінен Ұлы Далағадейін» концертін ұсынады.

«Астана Опера» театрында Сербия композиторларының әуендері шырқалады

Қазақстандық және серб композиторларының әуендері 15 ақпан күні театрдың Үлкен залында шырқалады.

Көрермен назарына Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» симфониялық сюитасы ұсынылады. Т. Қажығалиевтың музыкалық мұрасы ұлттық өнердің бетке ұстары әрі тыңдаушылардың шынайы қызығушылығын тудырары хақ. Т. Қажығалиевтың шығармаларын отандық және шетелдік жетекші ұжымдар әлемнің ең үздік сахналарында орындап келеді.

«Астана Опера» музыканттарымен бірлесе Майя Райкович Белградта қазақстандық композиторлар – А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Сағатовтың туындыларын үлкен жетістікпен орындады. Енді, міне, Қазақстандағы өзінің алғашқы өнер көрсетуінде, пианист елордалық көрерменге серб музыкасын ұсынбақ. Осы кеште Вера Миланковичтың оркестрмен фортепианоға арналған №2 концерті шырқалады. Көлемді әрі әсерге толы туынды 1995 жылы, бұрынғы Югославиядағы азаматтық соғыстың соңында жазылған еді. Концерт әділетсіздікте өмір сүретін, дегенмен мөлдір махаббатпен қорғалған серб әртісінің ішкі жан-дүниесін бейнелейді. Композитор өз шығармасын керемет пианист, бірегей мінезді қайратты тұлға әрі өз ісіне берілген ұстаз –  Майя Райковичке арнаған.

«Вера Миланковичтың музыкасы – жаңа сарынның джаз элементтерімен және серб ұлттық әуендерімен тоғысуы. Фортепианоға арналған концерттің үшінші бөлігі мен үшін ерекше қызығушылық тудырды, онда халық музыкасымен қатар Л.Бернстайнның әйгілі «Вестсайд оқиғасынан» үзінділер келтірілген. Бұл концерт пианист үшін де, оркестр үшін де өте күрделі, сондықтан шығарма тыңдаушыларды шаттыққа бөлеп, ерекше күш-қуат береді деп үміттенемін», – деді Майя Райкович. Концерттің басталуы сағат 19.00-де.