Жиын барысында Дархан Қыдырəлі «Егемен Қазақстан» қолға алған қоғамдық мән-маңызы бар жобалар туралы айтты.
Мəселен, былтыр басылым "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Халықаралық экспедиция ұйымдастырған. Сонымен қатар "Егемен Қазақстан кітапханасы" сериясымен кітаптар жарық көрген. Газет көптеген қайырымдылық шаралар мен инвестициялық форумдарға ақпараттық демеуші болған. Биыл да басылым бірқатар жобаларды қолға алмақ. Соның ішінде наурыздан бастап газеттің атауын латын әліпбиімен жаңа дизайнда шығару жоспарланыпты.
"Наурыз айынан бастап күнделікті 16 бет көлеміне көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жаңа қосымшалармен аптасына бір рет 24 бет шығару жоспарлануда. Сондай-ақ биыл біз үшін «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына дайындық жылы болады. Қазақ баспасөзінің тарихында мемлекеттік саясатты халыққа жеткізе отырып, ел үшін өзекті проблемаларды, қоғамдық мән-маңызы бар мәселелерді ұдайы назарында ұстап, 100 жылдық белесіне шығып отырған елдегі бірден бір ресми газет – «Егемен Қазақстан». Сондықтан да «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтуге әбден лайық деп есептейміз", деді Дархан Қыдырəлі. Сонымен қатар оның айтуынша биыл «Егемен Қазақстан» академиясы» атты кең ауқымды жоба жүзеге асырыла бастайды.
"Біз шетелдегі (Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстан) қазақ журналистеріне арнайы семинар курсын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек жергілікті журналистерді ағылшын тілінде ақпарат тарату бойынша тағлымдамадан өткізуді, журналистика факультеттері студенттерінің кәсіби шыңдалуына мүмкіндік жасауды қолға алмақпыз. Өңірлік және салалық баспасөз құралдарына ақпараттық-әдістемелік және консультативтік-тренингтік қолдау көрсету сынды бағыттарда жұмыс істеу де жоспарымызда бар", деді Дархан Қыдырəлі.
Конференцияда белгілі болғандай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Егемен Қазақстан» газетінің 1919 жылдан бергі барлық нөмірлерін сканерлеп, электронды форматқа көшіру жұмыстарын аяқталуға жақын екен. Сол сияқты 1919-2019 жылдар аралығында газетте жарық көрген таңдаулы мақалалардың 10 томдық жинағын әзірлеу ісі жалғастырылуда.
"Егемен Қазақстан" акционерлік қоғамының ішкі құжат айналымын автоматтандырып, өндірістік-шығармашылық үдерісін электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек сайтымыздың сапасын арттыру жұмыстары жалғаса беретін болады. Осы мақсатта үш тілде мультимедиалық (видео репортаждар, видео сұқбаттар әзірлеу) контентті орналастыру жоспарлануда. Қазақ тілді аудиторияның елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікірін білу әрі оқырмандармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында республикалық масштабта кәсіби әлеуметтанушыларды тарта отырып, телефон, интервью және интернет құралдары көмегімен кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу де қолға алынатын болады", дей келе Дархан Қыдырəлі əлемдік, халықаралық деңгейдегі ірі ақпарат құралдарымен әріптестік байланыс орнату мақсатындағы келіссөздер жалғаса беретінін айтты.
"Біз 2017 жылы Жапонияның, Қытайдың, АҚШ пен Еуропаның, Иранның, Түркияның және Араб Әмірліктерінің белді басылымдарында болып, олардың тәжірибелерімен таныстық. Өзара ақпарат алмасу, тәжірибе жетілдіру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқыладық (Асахи Шимбун, ИРНА, Нью-Йорк таймс, Миллиет және т.б). Осы келіссөздер сәтімен аяқталса, авторлық құқық алу арқылы аталған шетел басылымдарының маңызды сараптамалық материалдарын «Егемен» оқырмандары да оқитын күн таяу деп ойлаймыз" деді Басқарма төрағасы.
Сөз соңында Дархан Қыдырəлі қазақ баспасөзінің бір ғасырлық тарихы бар қара шаңырағына, отандық журналистиканың ұстаханасына айналған, сарғайған беттерінде Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған бас басылым бүгінгі күнге осындай табыстармен және жарқын жобаларымен келіп отырғанын айтты. "Егемендіктің елең-алаңында елдігіміздің еңсесін тіктеуге атсалысып, елмен бірге жаңарып, елмен бірге өркендеп келе жатқан «Егемен Қазақстан» алдағы уақытта да елге қызмет ете беретін болады", деді Дархан Қыдырəлі.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан".