23 Қараша, 2011

Ақ алтын – оңтүстікке бақ алтын

1842 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілік ертеден қолға алынып, соның ішінде мақта шаруашылығы өңір хал­қының бірден-бір күнкөріс көзі болып келеді. Осы саланың тәуелсіздік жылда­рындағы даму барысы, алдында тұр­ған маңызды мәселелері туралы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерт­­­теу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докто­ры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, ҚР аграрлық ғылым саласы бойынша А.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты Ибадулла ҮМБЕТАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Қазақ елі өз тәуелсіздігінің жи­ырма жылдығына мақта өндіру-өңдеу сала­сында толайым табыспен келуінің бас­ты сыры неде? – Мұның басты себебі, осы тәуелсіз мемлекетті орнатып қалыптастыруда орасан зор еңбек сіңіріп, осы жылдардың өн бойында халықпен бірге келе жатқан Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау қысылтаяң шақтың өзінде жаңа дәуірдің шындығына, адамдардың мүддесіне нақ­ты сәйкес келетін мақсаттар мен міндеттерді, стратегиялық саясатты дұрыс белгілеп, жүрер жолды көрсетіп бере алған­дығына байланысты болды деп есептеймін. Соның ішінде ең алдымен Елбасы­ның еліміздің өркендеу мүмкіндігін жеке адамдардың мүддесімен ұштастыра біл­гендігінің әсері зор болғандығы анық. Ал енді бұл саланың жаңа тарихына аздап ой жүгіртетін болсақ, Кеңес одағы­ның солақай саясатының кесірінен ауыл ша­руашылығында жүргізілген реформа­ның алғашқы кезеңінде-ақ мақта өндірісі тұ­йыққа тірелген еді. Өйткені, 1990 жыл­ға дейін мақта дақылы басым болды. Мәскеу жергілікті мақта өндірушілердің жағ­дайымен санаспай, келешекке мән бермей, тек жылдан-жылға көп мақта өндіруді талап еткен болатын. Бірақ бұл саясат хал­қымыздың әлеуметтік жағ­дайы­­на, өнім­­­­ділікке, топырақ құнарлылы­ғына, ауыл­шаруашылық өнімінің сапасы­на кері әсер етіп, мақта аурулары мен зиян­кес­терінің көбейуіне және өзге де карантиндік арам­шөптердің тарауына әкеліп соқты. Оның үстіне, елімізде мақта саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жоқтың қасы болатын, өзіміздің отандық сорттар да жоқ еді. Мақтаның тұқымдық шитті сорттары мен технологияларын көршіміз Өзбекстан арқылы алып жүрдік. Шамасы, осы жағ­дайға байланысты болар, сол уақытта кейбір «көріпкелдеріміз» Қазақ­стан­ның мақта шаруашылығы келешекте Өзбекстанның мақта шаруашылығына әбден тәуелді бо­луы мүмкін деген сөздерді жиі айтатын. Ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелерді терең түсінетін Елбасы, міне, осы тұста, анығырақ айтқанда, 2005 жы­лы қаңтар айында Астанада өткен агро­өнер­кәсіп кешені қызметкерлерінің рес­публи­калық кеңесінде ауылшаруашылық өнім­дерін өндіруде және өңдеуде, соның ішінде, оңтүстіктегі мақта шаруашылы­ғы­ның жоғары әлеуетін ашуда кластерлік жүйені белсенді пайдалану қажеттігін, осы арқы­лы тоқыма өнеркәсібін дамы­туға болаты­нын баса көрсетті. Жаңа тәсіл мен инно­вациялық-индустриялық технология негізінде бәсекеге төтеп беретін өнім шыға­руға, ауыл шаруашылығы ғы­лы­­мын, оның ішінде қолданбалы аграр­лық зерттеулерді дамытуға назар аударды. Бір қуаныштысы, Елбасы мақта сала­сын дамытуда алға қойған межелерді өзі тікелей бақылауға алды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан облысында еркін экономика­лық аймақ құрылып, Қазақстанның мақ­та-то­қыма кластерінің алғашқы қазығы қағы­лып, жаңа жобаның жұлдызы жанды. Енді осы істің жемісін көріп отырмыз, өйткені қазірдің өзінде 2010 жылы өндіріл­ген мақта талшығының 32,5 мың тоннасын өз елімізде өңдеп, жақсы нәти­жеге қол жеткіздік. Елімізде «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ, «South Textilene kz» ЖШС, «Oxy Textile» ЖШС, «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС сияқ­­­ты әрқайсысы жылына 7-8 мың тонна мақта талшығынан жіп иіретін, мата тоқи­тын, жаңа үлгідегі бәсек­еге қабілетті тауар өндіретін фабрикалар іске қосылды. Соны­мен қатар, енді екі-үш жылдың ішінде «Ютекс-KZ» АҚ, «СП «TurKaz Textile» ЖШС, «Чалык» холдингі секілді іргелі құ­рылым­дардың әрқайсы­сын­да жылына 15-23 мың тонна мақта талшығын терең өң­деуден өткі­зетін жаңа фабрикалар пайдалануға берілмек. Сол кезде қазіргіге қосымша 54,5 мың тонна талшық өңделіп, барлығы 87 мың тоннадан астам дайын тауар алынатын болады. Сөйтіп, 1 миллиард доллар қосым­ша қар­жы алынып, еліміздің игілігіне бұйырмақ. – Осы ретте мақта өндіру саласына мемлекет қандай қолдау шараларын көрсетуде деген сұрақ еріксіз бас кө­теретіндей. – Мемлекет тарапынан мақта саласын дамытуға жақсы қолдау көрсетіліп отыр деп жасқанбай айта аламын. Мәселен, Халықаралық мақта консультативтік ко­­ми­­тетінің мәліметі бойынша, дүние жү­зіндегі 68-ден астам мақта шикізатын өн­діруші мемлекеттердің арасынан тек 9 мемлекет қана өзінің мақта өндіруші ди­қан, фермерлеріне қолдау көрсетеді екен. Солардың бел ортасында Қазақстан бар. Егер атап айтатын болсақ, 2010 жылы Қытай, Түркия, АҚШ, Австралия, Үндіс­тан, Мексика, Қазақстан, Бразилия, Болгария мемлекеттері мақта өндірісін дамыту жөнінде өздеріндегі тауар өндірушілерге жақсы қолдау көрсетті. Ол қолдау шара­лары әр түрлі деңгейдегі әр түрлі әдістер арқылы жүргізілді. Соның ішінде біздің еліміз бойынша мақта саласындағы мемлекеттік қолдау өсімдік қорғау ісін ұйымдас­тыру, тұқым шаруашылықтарын қолдау, тыңайт­қыштардың бағасын төмендету, су шаруа­шылығын қолдау, жанар-жағармай­ды субсидиялау, мақта шикізатын сатып алу, мақта шикізатын және мақта тал­шы­ғын арнайы сараптамадан өткізу секілді түрлі шаралар арқылы жүргізіліп келеді. Мақта өндіруді қолдауға 2005 жылы жоға­рыда көрсетілген бағыттарға мемлекеттен 3 млрд. 243 млн. теңге бөлінген болса, 2010 жылы 5 млрд. 403 млн. теңге бөлін­ді, яғни 2005 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемі 66 пайызға артты. Мақта саласында 2005 жылы әр гектарға орта есеппен 20,4 мың теңге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, 2010 жылы бұл көрсет­кіш 49,0 мың теңгеге жетті. Ал 2010 жылдан бастап су-қор үнемдеу, суармалы жерлерді суландыру бағытына әр гектарға қосымша 6300 теңге бөлінді. Бұл мақта өндіруші диқандар үшін жақсы көмек болғандығы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне Көксарай су реттегішінің салынуының да маңызы зор болды. Бұл су қоймасының Сырдария өзені өңірінің эколо­гиялық-шаруашылық ахуалын жақ­сар­­тып, жаз мезгілінде мақта өндірумен айналы­сатын аудандарда су жетіспеушілік қаупінің алдын алғаны, көктем-жаз мезгілінде су ағу және сақтау режімдерін тұрақтандыруға мүмкіндік бергені белгілі. Елімізде мақта саласының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мақсатында соңғы 7-8 жылда Мақтаарал ауданында Дүние­жүзілік қайта құру және даму банкінен 912 млн. теңге несие бөлініп, 10 мың гектар суар­малы жер қайта өңделді. Одан кейін Азия даму банкінен 6 млрд. теңге бөлінді. Сөйтіп, барлығы 39,3 мың гектар егістік жерге 166 тік дренажды ұңғымалар салу, ішкі кол­лекторларды жөндеу, жолдарды, көпірлерді, электр қуатын тарату желілерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ауданда кезектегі 82 мың гектар суармалы егістік жерге 2011 жылдан бастап мелио­рациялық жұмыстар қайта жүргізілетін болды. Мақта өндіруші диқан­дардың жеке меншік өңдеу кәсіпорын­дарына тәуелді болмауы үшін 60 мың тонна мақта шикі­затын өңдейтін жаңа технологиямен жұмыс істейтін мемлекеттік зауыт құрылды. Соны­мен қоса, еліміздегі мақта егісін бәсекеге қабілетті отандық жаңа мақта сорттарының тұқымдық шитімен қамтамасыз ететін жаңа технологиямен жұмыс атқаратын қуатты­лығы жы­лына 5 мың тонна жоғары сапалы, бағасы төмен тұқым дайындайтын зауыт салынып іске қосылды. Міне, осындай игі істер бүгінде мақташы қауымның көңілінен шығып, оң нәтиежесін беруде. – Мақта шаруашылығы саласын­дағы ғылыми жұмыстар қалай дамып келеді. Олардың өндіріске пайдасы бар ма? – Мақта саласындағы ғылыми-зерттеу­лерді дамыту отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, жалпы мақта өндірудің тиімділігін арттыру мақса­тында бұрынғы Мақтаарал ауылшаруа­шы­лық тәжірибе стансасының базасында 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қазақ мақта шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институты құрылды. Үкі­мет­­­тің мақта саласын дамыту мақсатында, ғылым­ға деген оң көзқарасының арқасында инс­титуттың бас ғимараты күрделі жөн­деуден өтті, жаңа ауылшаруашылық техни­калары және күрделі зертханалық қондыр­ғылар алынды. Қазіргі таңда институтта 4 ғылыми бөлім, ғылым­ның ең соңғы жетістіктерімен жабдықталған 4 зертхана, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен әкелінген 50-ден астам мақта сорттары егілетін экспери­менталдық алқабы, түснұсқалық, элиталық, тұқымдық шит дайындайтын цех жұмыс істейді. 2005 жылы тәжірибе стан­сасында небәрі 4 ғылыми қызметкер болса, қазіргі кезде 20-ға тарта ғылыми қызметкер жұмыс істейді, оның 3-уі ғылым докторы, 5-уі ғылым кандидаты. 2000 жылға дейін Қазақстанда отандық аудандастырылған мақта сорттары болма­ған. Барлық мақта егістігі жерлеріне Өз­бекс­танда шығарылған мақта сорттары егіліп келген. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекцио­нер­лерінің қажырлы еңбегінің арқасында қысқа уақыт ішінде өзіміздің жергілікті топырақ-климат жағ­дайымызға бейімделген, сортаңдану мен ылғал жетіспеушілікке шыдамды, мол өнім­ді, сапасы жағынан шетелдік орта талшық­ты мақта сорттарынан еш қалыспайтын, керісінше, кейбір көр­сеткіштері жағынан жоғары тұратын бәсе­кеге қабілетті 10 жаңа мақта сорты шыға­рылып, олардың бесеуі (ПА-3031, ПА-3044, М-4005, М-4077 және М-4011) аудандас­тырылды. Тоғыз сортқа автор­лық куәлік берілсе, мақтаның ПА-3031, ПА-3044, М-4005 сорттарының селек­циялық жаңашылдығы мен жетістігіне Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құ­қығы комитетінен иннова­циялық патент тапсырылды. Қазіргі таңда аудандас­тырыл­ған 5 отандық мақта сорт­тары 110 мың гектар жерге егілуде. Бұл еліміздегі жалпы мақта егістігінің 80 пайы­зынан астамын құрайды. – Елімізде өсіріліп жатқан мақта өнімінің сапасы туралы не айтасыз? – Сапа мәселесіне келетін болсақ, біздің мақтаның отандық сорттары орта талшық­­ты­­лардың ішінде жоғары көрсет­кіш­терге жетіп, талшықтың орташа шы­ғымы – 38,7-39,3%, үзілу ұзындығы – 26,1 км., беріктігі – 4,9 гк., микронейрі – 4,5, талшықтың ұзын­дығы – 34,1 мм. құрады, бұл көрсет­кіштер көршілес өзбекстандық сорттармен салыс­тырғанда әлдеқайда жоғары. Мемлекет басшысының осы салада ұстан­­ған көреген саясатының арқасында бүгінде қазақ мақтасы бірте-бірте ел брендіне айналып отыр. Осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қалыптасып, жолға қойылуы жаңа инновациялық бәсекеге қабілетті сорттар мен жоғары сапалы тұқым шығаруға оңды ықпал етуде. Сонымен қатар, бұл өнімді өндіруге және өңдеуге қажетті жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізілуде. – Осы нәтижелерімізді бекіте түсе­тіндей халықаралық деңгейде қандай жетістіктерге жеттік деп айта аламыз? – Халықаралық мақта консультативтік комитетінің мәлімдемесі бойынша, мақ­таның өнімділігі жөнінен дүниежүзілік рейтингте Қазақстан 1998-1999 жылдары мақта өндіретін 68 мемлекеттің арасында 24-25 орында болса, соңғы 3-4 жылда 15-17 орынға жоғарылады. Оның үстіне, жуықта Германияның Бремен қаласындағы мақта талшығын те­рең зерттеу орталығының мамандары әлем­дегі мақта өндіретін сол 68 мем­лекеттің арасы­нан 30 мемлекетті таңдап алып, олардың арасында неғұрлым бәсе­кеге қабілетті сапалы мақта өндіретіндерін айқындаған бо­латын. Осы зерт­теуге отан­дық «Мақта­арал» мақта сорттары да ілікті. Зерттеу қорытындысында Қазақстан Республикасы жоғары сапалы орта талшықты мақта өндіретін 10 мемлекеттің қатарына енді. Бұл біздің халықаралық мақта бәсекесі сала­сындағы үлкен жеңісіміз. Қыркүйек айының бірінші аптасында Халықаралық мақта консультативтік коми­те­тінің Аргентинаның Буэнос-Айрес қала­сын­да өткен пленарлық отырысына рес­публи­камыздың атынан қатысып, баяндама жасадым. Бұл комитеттегілер еліміздегі осы саланың даму барысын жақсы біледі және бақылап та отыр. Комитеттің атқа­рушы ди­ректоры Терри Таунсенд жиналыс жүріп жатқан кезде біздің Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығы, Елба­сымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі туралы екі минөттей әсерлі әңгіме айт­қанда төбем көкке жеткендей болды. Отырыс барысында еліміздің мақта-тоқы­ма кластерін ұйым­дастыру арқылы мақтаны терең өңдеп дайын бұйым жасап сататын мемлекеттер қатарына енгендігі атап көрсетілді. Бүкіл әлем бойынша 23 мемлекеттің ғана мақтаны терең өндеп, дайын бұйым шығаратынын ескерсек, бұл да үлкен табыс дер едім. Алайда, бұл айтылғандардың өзі де біздің жетістігіміздің шегі емес. Егер елі­міздің мақта өндірушілері Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары дайындаған мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа отандық сорттарын, жаңа­дан жасалған технологияларды, ұсыныс­тарды өндіріске оңтайлы ендіріп, Үкімет көрсетіп отырған көмекті дер кезінде тиімді пайдалана алса, гектар өнімділігін 35-40 центнерге жеткізуге толық мүмкіндік бар. Сонда Қазақстан мақтасы дүниежүзілік рейтингте 5-7 орындарға көтеріле алар еді. – Осы ретте сіз басқарып отырған институт ұжымы көптеген істермен шұ­ғыл­данып жат­қа­нын білеміз. Со­­лардың бір­­қата­рына то­қтала кетсеңіз. – Институт селекционерлері элиталық тұқымдық шаруашылықтар үшін жыл сайын 30 тонна элиталық, 12 тонна түпнұсқалық тұқымдық шит дайындайды. Өз кезегінде «Кетебай», «Нысан», «Тұ­ран», «Қараша», «Нұралыжол» сияқты тұ­қым шаруашылық­тары тұқымдық шитті көбейтіп, мақта шикізатын өндіруші фермерлерге береді. 2007 жылы «Мақта саласын дамыту тура­лы» заңды әзірлеуге институт ғалым­дары белсене қатысқан еді. Соның нәти­жесінде қабылданған заңда шитті мақта өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіп­ор­ын­дар арасындағы қатынастар, есеп айы­рысуда жаңа жүйені енгізу, шитті мақ­таны сатып алуда және мақта талшығын сатуда оның сапасын қадағалайтын мақта инс­пекциясын құру, мақта өңдейтін кәсіп­орындарды лицензиялау жүйесі және т.б. көптеген оң өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар мақта өндірушілерге мемлекет тарапынан берілетін субсидия­ның жаңа жүйесін ен­гізуде және ша­­­­руа қожа­лық­та­рын жоғары репродукциялы тұ­қым­дық шитпен қамтамасыз етуде, эли­талық тұқым шаруа қожалықтарын құруда жаңа жүйеге бірқатар ұсыныстар енгізілді. Бұл ұсыныс­тардың барлығы дерлік қабылда­нып, қабыл­данған заңнамаларға ендірілді. Егемендік жылдарында институттың се­лекциялық бағытындағы қызметі ғана емес, сонымен қатар, қоза баптау техноло­гия­сын­дағы және жалпы ғылыми бағыт­тағы жұ­мыстары қарқынды дамыды. Атап айт­қан­­да, отандық мақта сорттарын бап­тау­дың екі қарқынды технологиясы және ауыспалы егістің жаңа тиімді қысқа танап­ты 2 кестесі әзірленді, элиталық-тұқымдық шаруашы­лық­тарға арналған тұқымдарды жаңарту бесжылдық кестесі және келешекте мақта сорттарын алдын ала көбейту үш жыл­дық кестесі, мақтаны терең өңдеу саласы бо­йынша 8 стандарты және мақта­ның шикі­затын, мақта талшығына өңдеу техноло­гиялық регламенттері әзірленді. Мақтаны жаңбырлатып суару, арықшалар­мен суару және топырақтың тұздану мен жер асты суының тереңдігіне байланысты күзгі-қыс­қы суару тәртібі жасалды және агроэко­жүйенің фитосанитарлық жағ­дайын есепке ала отырып, топырақты қалпына келтіру негізінде қоза баптаудың су үнемдеу техно­логиясы әзірленді. Институт ғалымдары әзірлеген мақта қозасын баптаудың қар­қынды технологиясы 27 мың га мақталық егіс көлеміне енгізілді. «Қол­дану күші ұзартылған минералды тыңайт­қыштар алу тәсілі» бойынша өнер табысқа иннова­ция­лық патент алынды. Сонымен қатар, институт ғалымдары кон­курстық гранттық бағдарлама бойынша Бүкіл­әлемдік банк пен Қазақстан Үкіметінің қолдауы негізінде қаржыландырылған «Қа­зақ­станның оңтүстік жағдайында мақта қо­засының отандық «Мақтаарал» мақта сорт­тарын баптаудың су үнемдеу технологиясын жетілдіру» бағытында ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргідей ағын су тапшылығы жағдайында, бұл техно­логияның қолданылып жүрген технологиялардан артық­шылығы – мақтаның өсіп-өну кезеңінде 30 пайыздан артық ағын су үнемдеуінде. Соңғы жылдары институт ғалымдары өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақ­­са­тында тек мақтаның селекциясы ғана емес, сонымен қатар, бақша дақылдары мен көп жылдық өсімдіктердің селекциясымен де айналысуда. Өйткені, бұл дақылдардың өнім­деріне деген сұраныс жыл сайын артуда. Осы жағдайды ескере отырып, институт ғалымдары аталмыш дақылдың жоғары сапа­лы тұқымына деген сұранысты қа­нағат­тандыру мақсатында, сондай-ақ облы­сымыз­дың агроқұрылымдарын жоңыш­қа­ның эли­та­­лық тұқымымен қамтамасыз ету мақ­сатында көп жылдық бұршақ тұқымдас дақылдардың қатарына кіретін жоңыш­қаның жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті жаңа «Көксарай» сортын шығарды. Ұсы­нып отыр­ған жоңышқаның «Көксарай» сорты біздің суармалы жағдайда 5-6 орым береді және орташа тұзданған то­пырақта, жер асты суы 1,8-2,5 м. болған жағ­дайда, әр гектарға шаққанда 250-270 ц. өнім­ділік көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасында Кеден одағының құрылуына байланысты бақша дақылдарына деген сұраныс күрт артты. Бақша дақылдарын Мақтаарал ауданының диқандары алыс және жақын шетелдерге көптеп шығарып сатуда. Ауданның суар­малы егіс жағдайы бәсекеге қабілетті бақша өнімдерін өндіру үшін ең қолайлы аймақ болып саналады. Сондықтан да инс­титут ұжымы суармалы егіс жағдайын­дағы бақша дақылдарының тұқымшы­лы­ғын да жолға қоюды нақты мақсат етіп жұмыс жүргізуде. Нәтиже баршылық. Суар­малы егіс жағ­дайына бейімделген, қарбыздың «Дос­тық-10» және қауынның «Қарақай» сорт­тары шығарылды. Бұл сорттардың өнім­ділігі жоғары. Мысалы, суармалы егіс жағдайында қауынның өнім­ділігі гек­тарына – 300-350 центнер, ал қар­быздың өнімділігі – 450-500 центнер. Пісіп-жетілу мерзімі қысқа, орташа 85-90 күн. Қа­уын­ның қант­тылығы 13,0-16,0 %, қарбыздың қантты­лығы 7,0-9,0 %-ды құрайды. Тасы­малдауға төзімді. 4-5 мың шақырым қашықтыққа өнім сапасын жоғалтпастан тасымалданады. Соңғы бес жылдың өзінде институт ғалымдарының 275 ғылыми мақалалары және 30-дан астам ұсыныстары, моно­графиялары мен ғылыми еңбектері жарық көрді, сонымен қатар институт қабырға­сында 60-қа тарта республикалық конференциялар мен облыстық және аумақтық көлемдегі семинарлар мен дөңгелек үстел­дер ұйымдастырылды. Институт ғалымдарының біліктілігін жоғарылату, мақта саласы бойынша ха­лық­аралық конференцияларға қатысу мақса­тында Қытай, Пәкстан, Үндістан, АҚШ, Бразилия, Өзбекстан, Түркия, Малайзия, Африка (Буркина-Фасо), Германия, Франция, Польша, Ресей, Оңтүстік Африка Рес­публикасы мемлекеттерінде болып, тәжі­рибе алмасып қайтты. Соны­мен қатар, инс­титут ғалымдары мақта саласы бойынша Халықаралық консультативтік комитетпен (МККХ) ты­ғыз жұ­мыс жасауда. Осының арқасында әлемдік рыноктағы мақта тал­шығының нақты бағасы есептеліп шы­ғарылып, шаруа­лардың назарына күнде­лікті ұсынылып отырылады. – Мақта өндірісіне қатысты әлі то­лық шешілмеген қандай проблемалар бар? – Көкейкесті мәселелердің бірі – ол мақта өсіріп-өндірушілердің білім дең­гейін көтеру. Өйткені, білімсіз атқарыл­ған жұ­мыс, соның ішінде, жаңа сорттар мен ин­новациялық технологияларды енгізу ісі тиісті тиімділігін бере алмайды. Тапшы болып отырған судың өзін тиімді пайдалана алмаймыз. Егер фактіге назар аударсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында ауылша­руа­­шылық өнімдерін өндіретін салаларда 71 мыңнан астам шаруа қо­жалықтары болса, оның 41 мыңы мақта өндірісімен ай­налысады екен. Маман­дары­мыздың зерт­теуі­не қарағанда, бар­лық мақта өндіруші шаруашылық бас­шыларының 13 пайызы­ның ғана тиісті мамандығы бойынша жо­ғары білімі бар. Ал 17 пайызы ауыл шаруа­шылығына қатысы жоқ жоғары білімді, қалған 70 пайызы тек орта білімді мамандар. Демек, шаруа қожалықтары жетек­шілерінің көпшілігі қазіргі заман талабына сай ауылшаруашылық дақылда­рын өсі­рудің тиімді технологияларын білмейді және түсінбейді. – Сонда бұл проблеманы шешу жол­дары жоқ па? – Әрине бар. Біз оны өз тарапымыз­дан қарастырып, әрекет етіп те жатыр­мыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі, “Қаз­АгроИнновация” АҚ, Оңтүстік Қа­зақ­стан об­лы­сы әкімдігінің қолдауымен 2010 жылы қарашаның 5-ші жұлдызында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының базасында «Мақ­та­арал» білім тарату орталығы ашылды. Орталықта қазір­дің өзінде бекітілген жоспар бойынша 7 ғылыми-практикалық оқу-семинарлар өткізіліп 143 шаруа-диқан дәріс алды. Орталықтардың білім беру жос­пар­лары мен бағдарламалары өндіруші­лер­дің мүд­делеріне қарай бағдарланған. Консультанттар, жаттықтырушылар және лек­торлар ретінде Қазақ мақта шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты ға­лым­дары мен басқа да жоғары оқу орын­дарының ғалымдары қатыс­тыры­луда. Бұл іс-шарадан бөлек институт ғалымдары облыстағы мақта және басқа да ауылша­руашылық дақылдарын егумен айна­лы­сатын аудандардағы қысқы агро-оқу мен семинарларға белсендi түрде қатысып оты­рады. Мақта саласындағы соңғы тех­ноло­гиялық жетістіктермен таныстырылады. Мақта шаруашылығы саласындағы тағы бір үлкен проблема осы өнімді өн­дірумен шұғылданатын шаруашылық­тар­дың шектен тыс ұсақталып кеткендігі болып отыр. Мәселен, біздің өңірдегі әрбір шаруа қожа­лығының мақталық жері орта есеппен 4,3-4,5 гектардан ғана айналады. Мұндай жағ­дайда жаңа технология, жаңа сорт, басқа да инновациялық жаңалық­тарды ендіру өте қиынға соғады. Демек, алдағы уақытта олардың басын біріктіріп, ұжымдаса әрекет етуінің жолын табуымыз қажет. Сонымен, ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығында еліміздің оңтүстігіндегі қыруар халықтың тіршілігінің негізгі көзі болып отырған, сондықтан ақ алтын аталып кеткен шитті мақта өндірісі енді шикізаттық шылаудан шығып, бірте-бірте өнер­кә­сіп­тік, индустриялық-инновациялық даму бағы­ты­на қарай түсіп келеді. Әрі мақта сапа­сының да артып келе жатқандығы анық. Жекешелендіру барысында өз тіршілігін ретке келтіріп, бүгінгі таңда жақсы жетістіктерге жетіп жүрген мақта өндіруші шаруашылықтар облыста жеткілікті. Енді сол фермерлердің жұмыстары­ның тиімділігін арттырып, оның экспорт­тық әлеуетін көтеру қажет. Бұл пробле­маларды шешіп, ауыл экономикасының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін озық техноло­гияларды өндіріске енгізу, ауылшаруа­шылық өнімдерін терең өң­дейтін кәсіп­орын­дарды іске қосу, жеке шаруаларды мемлекеттік қолдауды жал­ғас­тыру және майда шаруашылықтарды ірілендіру жұ­мыстарын қадағалап жүргізу қажет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.