23 Қараша, 2011

Бағдар – ортақ мүдде жолындағы түсіністік

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы «Рамада Плаза Астана» қонақ үйінде Каспий жағалауы елдері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 30-шы отырысы басталды. Отырысты Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашып, қысқаша сөз сөйледі. Каспий теңізінің мәртебесін ретке келтіру және халықаралық саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың құқықтық режімін құру Қазақстан үшін маңыз­ды стратегиялық мәселе болған және болашақта да бола береді. Себебі, ол саяси тұрақтылықты, Каспий аймағының дамуын, Кас­пий­дің қайталанбас географиялық қал­пы мен орнын пайдалануды, таби­ғи байлығын сақтап, молайтуды қамтамасыз ету үшін де айрықша қажет, деді Ержан Хозеұлы өзінің сөзінде. Еліміз Сыртқы істер ми­нис­трі Каспийдің сан қыры бар кешенді мәселе екендігін, сондықтан, ол аумақтық, яғни Каспий жаға­лауына жататын елдердің эконо­ми­ка саласына қатысты өзара ынты­мақтастық мәселелерінің болашақ­тағы мүмкіндіктеріне де қатысты болатындығын назарға салды. Біз ұлттық мүддемізді қорғай­тын тиімді тетіктерді іске қосуды мақсат тұтып келеміз. Ал ортақ мақсатымыз – таңдалып алынған стратегиялардың сәйкес келуі мен тиімділігінің қамтамасыз етілуі. Қазақстан өзі тарапынан аталған өңірдің экономикалық өркендеуі мен қауіпсіздігінің сақталуына және өңір интеграциясының алға жылжуына мүдделі тараптардың қай-қайсымен болсын ынты­мақ­та­су­ға әзір. Тек бірлескен күш-жігер ғана Каспий жағалауы елдері рес­урстарының әлемдік экономикаға интеграциялануына, ал бірлесіп әзірлеген инфрақұрылымдық жобалар Каспий жағалауы елдерінің дамуына сеп болады деп ой­лай­мын, деді Е. Қазыханов. Қазақстан сыртқы саясат ве­домствосының басшысы сондай-ақ Бакуде өткен 3-ші Каспий сам­ми­ті­нің қорытындысы Каспий жаға­лауы елдері арасында қайшы­лық­тардың жоқ екендігіне, ал бұл Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі конвенцияға уақыт кешіктірмей қол қойыла­ты­нының дәлелі екендігіне тоқталды. Отырыс кезінде бұдан бұрынғы өткен 29 басқосу Арнайы жұмыс тобының келіссөз тетіктерінің дұ­рыс іске қосылғандығын айғақ­тай­тыны, мұны жоғары деңгейдегі бес­жақты тарап ынтымақтасты­ғы­ның негізінде қол жеткізілген мемлекет басшыларының келісімінен көруге болатыны да айтылды. Бұдан кейінгі кезекте Қазақстан Сыртқы істер министрінің орын­басары Қайрат Сарыбайдың төр­аға­лығымен өткен отырыс бары­сын­да Каспий жағалауы елдерінің өкілдері сөз алып, мәселе төңіре­гіндегі ойларын ортаға салды. Әзербайжан Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Халаф Халафов Каспий мәселесіне қатысты жобалардың жүзеге асқанына біраз уақыт өткенін, бұл уақыт ара­лы­ғында көптеген істің басы қайы­рылғанын тілге тиек етті. Бүгінде Каспий жағалауы елдерінің бар­лығы Каспийдің құқықтық мәр­те­бесі жөніндегі конвенция жоба­сы­ның соңғы кезеңдерін қорытын­дылауға мүдделілік танытып отыр. Болашақта бұл жұмыстар ілгері жылжып, келіссөздер одан әрі жал­ғаса береді деген сенімдеміз, деген Х.Халафов әріптестеріне алға қой­ған мақсат-міндеттерін орындау жолында сәттілік тіледі. Иран Ислам Республикасының Каспий теңізі мәселелері бойынша арнайы өкілі Мохаммад Мехди Ахундзаде отырысты жоғары дең­гейде ұйымдастырғаны үшін қазақ­стандық тарапқа алғысын білдіріп, мұндай қадамдар Каспийге қатыс­ты түйіндердің тарқатылуына ық­пал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ол Каспий жағалауындағы барлық елдердің мүдде-құқығы теңдей бол­ғанымен, кейбір кездері мәсе­ле­лердің консенсус негізінде шешімін таппай жататындығын да алға тартты. 30-шы отырыс барысында түйін­ді мәселелердің тез арада шешімі табылуын жеделдетеміз деген сеніміміз бар. Себебі, Каспийге қатысты біржақты шешімдердің қа­былдануы елдердің ынтымақ­тас­т­ығына өз салқынын тигізуі мүмкін, деді М.Ахундзаде. Ал Ресей Федерациясы Прези­дентінің ТМД елдерімен мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі ар­найы өкілі, СІМ-нің ерекше тап­сыр­малар жөніндегі елшісі Александр Головин Каспий теңізінің құ­қықтық мәртебесі туралы кон­вен­ция­ның маңыздылығына тоқталып, Ресей Федерациясының өзекті мә­се­лелерді оңтайландыруға арнал­ған арнайы жобалары жайымен бөлісті. Бүгінгі жиын аясында біз Каспийдің мәселесіне қатысты 4-ші саммиттің өту мерзімін жеделдетуге бар күш-жігерімізді са­ламыз, деді А.Головин. Түркіменстан Президенті жа­нындағы Каспий теңізі мәселелері жөніндегі мемлекеттік кәсіп­орын­ның төрағасы Мурад Атаджанов Кас­пийге қатысты күрделі мәсе­лелер әңгіме өзегіне айналған күн­нен бері Түркіменстанның теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау жолында өз ұстанымы бар екендігін, ал Құқықтық мәртебені айқын­дау жөніндегі конвенцияның әзір­ленуі елдердің өзара ынтымақ­тас­ты­ғын нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті. Бүгінде Түркіменстан Каспий­дің биоресурсының сақталуы мен көбеюіне айрықша назар аударып отыр. Бұл орайдағы іс-шаралар жо­ғары халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ол тиісінше жан-жақты сараптамалық зерттеу жұмыстарын талап етеді, деді Түркіменстаннан келген өкіл. Бұл күнгі жиын аясында тараптар Каспийдің құқықтық мәрте­бе­сінің айқындалуы жолындағы қа­дамдар мүдделі елдерді толғанды­ра­тын үдерістердің жеделдетілуіне оң ықпал етеді деген ой-пайым­дарымен бөлісті. Әрине, Каспий жағалауы елде­рі­нің алдында үлкен міндеттер тұр­ғаны аян. Солардың ең маңыз­ды­лары – теңіз акваториясының де­лимитациялануы және бекіре тұ­қымдас балықтардың өнеркәсіптік тұрғыда аулануына тосқауыл қою. Соңғы ондаған жылдар ішінде ешқандай бақылаусыз ауланудың әсерінен бекіре тұқымдас балық­тар­дың шексіз азайғаны ешкімге құпия емес. Екі күнге созылатын отырыс шеңберінде тараптар, міне, осы мәселелерді де талқы тара­зысына салмақ. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.