Сөренің жиегін жағалай орналастырылған фотоларды сүзіп келе жатып, мына бір суретке көзіміз түсті. Тал-терекпен көмкерілген жадағай алаңқай, жыпырлаған адам, қазылған жерошақ, асылған қазан, теңнен ағытылған бумалар...
Музей экспозициясымен таныстырушыдан көрмедегі фото жайлы сұраған едік, ол: «Бұл фото 1962 жылы Бақтыдан өтіп, Қазақстан жеріне табан тіреген қазақтардың шекара маңындағы тірлігі» дегені. «Бұдан басқа суреттер бар ма?». Тағы бірнеше фотоны көрсетті.
Музей меңгерушісі зейнеткерлікке шыққан байырғы чекист екен. Фотоның тарихи маңызына байланысты үздігіп тұрған маған бір қарады да, «көңілің қалап тұрса алып кет, бірақ жоғалтпа, көшіріп ал да тұпнұсқасын әкеліп бер!» деді. Ләпбай. Тағы тыныш тұрмай «бұл фотоны кім түсірген?» деп сұрақты қойып үлгердік. Сөйтсек, бұл суретті Талдықорған облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған орыс азаматы түсіріпті. Ол кісі дүниеден өткен. Баласы қазір осы салада қызмет істейді. Әкесінен қалған мұраны музейге өткізген сол жігіт екен. Сөйтіп бұл сурет біздің қолға осылай тиген-тін.
Енді суреттегі көрініске қайта оралайық. 60-жылдары Қытай елінде «Мәдени төңкеріс» атты науқан жүріп, оның соңы халықтық толқуға әкелді. Оқиға барысын шебер пайдаланған Кеңес Одағы 1962 жылы сәуір айының 15-30 аралығында 15 күн бойы шығыс шекараны бірнеше жерден ашып тастады. Осы аралықта Бақты маңынан 150 мың адам, Жаркент және Күзуін заставасы маңынан 30-40 мың адам, ресми құжат бойынша 200 мың қазақ ашық шекарадан өтіп, Қазақстанға оралды.
Мына фотодағы көрініс – Бақты шекарасына тиіп тұрған Ақшоқының етегі екен. Бір деммен шекара асып келген халық ішкі қоныстандыру мәселесі шешілгенге дейін Ақшоқы-Бақтының маңында осылай аял жасаған.
Дәл осы тарихи оқиғаның топ ортасында болған, әрі көштің бұйдасын ұстаған азамат, үлкен жазушы Қабдеш Жұмаділов естелігінде: «Көш Жаманты заставасына жеткенде күн арқан бойы көтерілді. Келсек: шекараның екі жағы бірдей иін тірескен халық. Ала бағандарды қосқан сымды бір шақырымдай жерге дейін жиып тастапты. Салт аттылар мен өгіз, түйелі көштер кез келген жерден өтіп жатыр. Тек арба өтетін өткел біреу ғана, сол маңда кезек күткен қарбаластық байқалады. ...Біреулер алдыңғы көштерін әкеліп тастап, артта қалған жүктеріне кетіп жатыр. Бақты тауының желкесіндегі сай-сала, сонау Ақшоқы бөктеріне дейін лықылдап толып кетіпті. Қолында барлар үйлерін тігіп алған. Бұлардан басқа арбаның көлеңкесінде, ашық аспан астында жүктерін үйіп қойып жатқан халықта қисап жоқ», дейді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»