Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Шолпан ауылының тұрғындары: «Бізге дербес комиссия керек»

879 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үржар ауданының Шолпан ауылында 6 айдан бері жұртты әбігерге салған сары аурудың беті қайтқанымен, елді мекен тұрғындарының көңілін күпті еткен жайттар аз болмай тұр. 

Шолпан ауылының тұрғындары: «Бізге дербес комиссия керек»

Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов пен қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов Шолпанға арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жиын соңында аудандық аурухананың бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлиннің қызметінен босатылғанын айтқан-ды. Алайда бас дәрігердің жұмыстан кетуімен бар мәселе шешілмеген секілді. Бұған жуықта Шолпанға әдейілеп барып, ауыл жұртшылығымен жүздескенімізде көзіміз жете түскендей болды.

Құжаттардағы қайшылықтар

Бір емес, екі бірдей комиссия жұмыс істеген ауылда қазір жағдай тұрақталған шығар, елдің ашуы басылып, сабасына түскен болар деп топшылағанбыз. Ауыл әкімдігі мен дәрігерлік амбулатория қатар орын тепкен екі қабатты ғимараттың алдында қос қария бума-бума қағазбен қарсы алғанда жағдайдың біз ойлағандай емес екендігін байқадық. «Ешкімді соттатайық, жұмыстан шығарайық деген ойымыз жоқ. Біздің ашуымызға тиіп отырғаны – барды бар, жоқты жоқ деп неге айтпайды? Шын деректерді неге бұрмалайды? Қараймыз, тексереміз дейді. Шынтуайтында нәтиже болмай тұр», деп әңгімесін бастаған Шолпан ауылының 76 жастағы тұрғыны Амантай Өтеулина бізге төрт құжатты көрсетті. Біріншісі – ауылдық амбулаторияның аға дәрігері Айдана Ташаеваның қолы қойылған вирусты А гепатитімен ауырды делінген 46 адамның тізімі, екіншісі – аудандық емхананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде вирусты А гепатитімен стационарда ем қабылдап шыққан 12 баланың тізімі, үшіншісі – аудандық емхананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ДЖВП, яғни өт жолдары ауруымен ауырған 14 баланың тізімі, төртіншісі – вирусты А гепатитімен үйде ем алған балалар тізімі (соңғы үш құжатқа да А.Ташаеваның қолы қойылып, мөрі басылған). «Соңғы үш құжат қолдан жасалған. Сары аурумен ауырғандарды өт жолдарымен ауырды деп қасақана өзгерткен. Оның ішінде желтоқсан айында қайтыс болған Зарина да жүр. Неге тек 31 бала ғана сары аурумен ауырды деп отыр? Дәрігерлердің мектеп оқушыларына берген медициналық анықтамасында 44 оқушы А вирусты гепатитімен ауырды деп жазылған. Алайда 46 адамның тізімінде дәрігерлер оқушылардың сабақта болған күндерін «сабақта болмады, емханада болды» деп әдейі ұзартып, күндер қосқан. Шындығында, балалар дәрігерлер құжатында жазыл­ған­дай стационарда 10 күн емес, 5-ақ күн емделді де сабаққа барды. Бұ­дан кейін ауырмағанда, бір-бірі­не жұқтырмағанда қайтсін? Әуел­де­гі тізімде 46 бала сары аурумен ауыр­ғаны жазылды ғой. Оған жаз­ғы каникулда осында болып, Аягөз­ге кеткен 10 баланы қосыңыз. Олар­дың тіркеуі Аягөзде. Және тағы 7 бала тізімге қосылмаған», дейді зейнеткер. 

Мектепке арнайы барып, дәрі­гер­лердің оқушыларға берген меди­ци­налық анықтамаларын көрдік. Ауыл­дық амбулатория, Үржар аудан­дық емханасы және Аягөз аудан­дық орталық ауруханасы (бір оқушы Мұрат Әуез, 2017 жылы 9-28 желтоқсан аралығында емделген) 44 оқушыға анықтама беріпті. Сол 44-тің 43-іне А вирусты гепатиті диаг­нозы, оның ішінде 15-іне А ви­русты гепатиті қалғанына вирус­ты А гепатитінің сарғаюсыз жеңіл түрі деген диагноз қойылыпты. 44 баланың біріне бауыр эхинококы деген диагноз қойылған екен. Бір байқағанымыз, мектеп оқушыларына берілген анықтамадағы 42 оқушының есімін әуелде сары аурумен ауырды делінген 46 адамның тізімінен көруге болады. Алайда дәрігерлер анықтама берген тағы бір (қойылған диагнозы – А вирус­ты гепатит сарғаюсыз жеңіл түрі) оқушының есімін тізімдегі 46 адамның ішінен кездестірмедік. Шол­пан ауылдық амбулаториясының аға дәрігері А.Ташаева Үржар аудандық ауру­ха­насының жұқпалы аурулар бөлім­шесінде ДЖВП ауруымен 14 оқушы ем алды деп көрсеткені белгілі. 

Осы 14-тің 11-інің аты-жөні де мектептегі анықтамада жазулы тұр. Мек­тептегі сары аурумен ауырған оқу­­шыларға берілген 43 медициналық анық­таманың 24-інің уақытының сәйкес кел­мейтінін аңғардық. Мәселен, Аяжан Көбегенованың сабақта болмаған уақыты 46 адамның тізімінде 02.10-12.10.2017 деп көрсетілсе, мектептегі анық­тамада 02.10-09.10.2017 деп жа­зыл­ған. Рахымғали Ернардың ем алған уа­қыты да (46 адамның тізімінде 12.10-16.10.2017, мектеп анықтамасында 12.10-22.10.2017 деп жазылған) осындай. Яғни күн­дер­дің қосылғанын байқайсыз. Мектеп ди­рек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Тұрарбаева емхана­дан шыққан балалардың барлығы анық­тама әкелгенін, тек кейіннен сары аурудан емделген екі баланың ғана анықтамасы жоқ екендігін айтты. «Айсұлу Болатова үйінде емделіп жатыр, 3-сы­нып­та оқитын Тоқтарова емделіп шық­ты. Екеуі де анықтама әкелген жоқ. Өмірсерікова мен Сәрсенованың ди­аг­ноздарын білмейміз, олар да анық­та­маларын әлі әкелген жоқ», дейді ол. 

Бәріне бас дәрігер ғана кінәлі ме?

Шолпанның тағы бір тұрғыны, зейнеткер Дәрия Ахмадиева республика мен облыстан келген комиссиялардың, денсаулық сақтау басқармасының тек аудандық аурухананың бас дә­рі­­герін кінәлі деп тапқандарына рен­­жулі. «Баланың өліміне, басқа да ол­қы­лықтарға бас дәрігерді кінәлап, жұ­мыстан шығарып жіберді. Бұған бас дәрігер ғана емес, ауыл дәрігерлері де кінәлі. Бала бір ай бойы көз алдында ауырып жатқанда неге ауданға жібермеді?

«Мына бала ауырып тұр, мен жаспын, тәжірибем жетіспейді, білмеймін, тексеріп беріңіздерші» деп ауданға апарса, бас дәрігер «алып кет» деп кеудесінен итермес еді ғой. Бас дәрігерге дейін педиатр, инфекционист, жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары бар. Олардың бәрі сүттен ақ, судан таза болады екен де, ұйымдастыру жұмыстарына жауапты бас дәрігер ғана кінәлі болып шығады екен. Сонда қалғандары қайда қараған? Біздің шындықты айтқаны үшін бас дәрігерді жұмыстан босатты. Осы әділдік пе? Бес ай болды, тексерістен тексеріс. Әбден шаршадық. Біздің тілегіміз – ешкімге бағынбайтын дербес комиссия құрылса дейміз. Іске нүкте қоятын кез жетті», дейді ашуға булыққан зейнеткер. 

Былтыр желтоқсан айында қай­тыс болған қыздың анасы Индира Жәні­бекованың үйіне де арнайы бас сұқ­тық. Ол кісі бір ғана өтініш айтты.

Шолпандағы амбулаторияның аға дәрігері Айдана Ташаеваның ісін қараймыз деді. Оны баяғыда қарау ке­рек еді. Қызыма алғашқы меди­ци­на­лық көмекті көрсеткен сол дәрігер ғой. Бала ауырып жатқан кезде өзі Тас­кескенде жүрді. Сағат 11 жарымда келді. Телефонмен нұсқау берді. Үр­жардың инфекционист дәрігері «Мен Заринаның ауырғанын білген де жоқпын, менен оған не беру керек екенін сұраған жоқ», дейді. Яғ­ни ауылдағы дәрігер өзінің білгенін істеген. Қандай система қойғанын бір Құдай біледі. Менің тілегім, ауылдағы ам­булатория дәрігерлерінен бастап, ау­дандық аурухана дәрігерлерінің бар­лы­ғы тексерілсін», дейді айдың-күн­нің аманында қаршадай қызынан айы­рыл­ған ана. 

Шолпан ауылы тұрғындарының тағы бір тілегі – елді мекеннен 20 шақырым жер­дегі Таскескендегі аурухананың бұ­рын­ғы мәртебесін қайтару. Ауылдан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Үржарға барғаннан гөрі Таскескеннің ти­ім­ділігін, ондағы дәрігерлер де бұ­рын­нан келе жатқан білікті әрі тә­жі­ри­белі мамандар екендігін айтады тұр­ғын­дар. 

Ал ауыл дәрігерлері не дейді? Елді мекеннің 1300-ден астам тұрғынына қызмет көрсететін амбулатория екі қа­батты ғимараттың екінші қабатында орын тепкен екен. Нақтырақ айтсақ, бұл ғимараттың алды – әкімдік, арты – ем­хана. Бүгінде мұнда 8 адам еңбек ете­ді. Дәрігерлік амбулаторияның мед­бикесі Нәзгүл Әреновадан мән-жайды сұрағанымызда «Қалай бол­ға­нын өзіміз де ұқпай қалдық» деп кү­міл­жіңкіреп барып, қайтыс болған қыз­ды аудандағы инфекционист дәрігер әуе­л­де қарағанымен, сырқаты асқынған кез­де қарай алмағанын айтып қалды. Осын­дағы жоғары санатты мейірбике Сәуле Хасенова да «Енді мен не деп айтамын?! Қаралды ғой. Күнде қаралды. Болды енді, мен не деп айтамын?» деп әуелде кібіртіктей сөйлеп, дүниеден өткен қыздың әжесі немересінің түні­мен ауырып шыққанын ертеңінде ғана айтқанын жеткізді. «Біздің телефон нөміріміз бар.

Бірден түнде звондап айту керек еді. Ертеңінде аяқ астынан ауырып қалды деді. Бала емханаға өз аяғымен келді. Инфекционист дәрігер баланың анализдеріне қарап, телефон арқылы дәрі-дәрмек тағайындап, үйде емделсін деді. Біздің дәрігер инфекционистпен сөйлесіп отырды», дейді ол. Өзгертілген құжаттар туралы сұрап едік, екі медбике де жақ ашпады. 

Ауыл тұрғындары наразылығын біл­­діріп отырған Шолпан ауылдық ам­бу­­латориясының аға дәрігері Айдана Ташаевамен сөйлесе алмадық. Әріп­тес­­тері қалаға кетті деді. Олардың сөз­де­рі­нен аға дәрігерге жас маман деп жа­на­­­шыр­лықпен қарайтындықтарын да аң­ғар­ғандай болдық. «Университетті бі­тір­геннен кейін бірден әкелді де отыр­ғы­за салды. Ол кісіге де оңай емес. Қа­сын­да үйретіп отырған қосымша дәрі­гер жоқ. Ауданға қоңырау шалып сұрап отырады үнемі», дейді Н.Әренова.

Шолпан тұрғындарын сарсаңға салған сары ауру Үржармен көршілес Аягөз ауданында да тіркелгені белгілі. Мамандардың айтуынша, Аягөзге сары ауру жазғы каникулда Шолпанда демалысын өткізген оқу­шылар арқылы келген. Дегенмен де аудандағы жағ­дай тұрақты деуге бо­лады. Аягөз аудандық қоғамдық ден­сау­лық сақтау бас­қармасының басшысы Дәулет Жұмақанов ауданда 2017 жы­лы 16 бала, биыл екі бала А вирусты гепа­ти­тімен тіркелгенін, қазір екеуі де ем­деліп шыққанын жеткізді. Қаладағы Ке­шірім Бозтаев атындағы мектептің ди­рек­торы Қайрат Ғазизұлы ауру толық жазылғанша оқушыларға Шолпан ауылына баруға тыйым салынғанын, білім ошағында қауіпсіздік шаралары кү­шейтілгенін, қазір жағдай қалыпты еке­ндігін айтты.

Түйін

Жақында өткен Үкіметтің ке­ңей­­тілген отырысында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Шығыс Қазақ­стан­да­ғы меди­ци­­налық меке­ме­лерді ком­пью­те­р­лен­ді­рудің кенжелеп отырғанын ес­кертіп, об­лыс әкіміне мәселені назарға алуды тапсырған-ды. Үржардың Шол­пан ауылындағы жағдайдың, оның ішін­де ауырған оқушылардың ам­бу­­ла­тор­лық карталарындағы диаг­ноз­дардың өз­гер­ті­луі, медициналық анық­тама мен басқа да құжаттардағы сәй­кессіздіктердің орын алуына да бел­гілі бір деңгейде жоғарыда атал­­ған жергілікті жерлердегі ком­пью­те­р­лендірудің кешеуілдеуі әсер ет­ке­­нін ешкім жоққа шығара қоймас. Айт­пақшы, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы М.Шоранов осы жолы Шолпанға бар­ғанында мә­селенің ушығуына дә­рі­герлердің сал­ғы­рт­тығымен қатар, ме­ди­циналық ме­ке­мелердің әлі күнге дейін цифрландырыл­май келуі де се­б­епші болғанын атап өтіп, жылдың со­ңы­на дейін облыстың елді мекендері 3 200 компьютермен жабдықталатынын жет­кізді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы, 
Шолпан ауылы