Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Инновациялық технологиялар игілікке жарауы тиіс

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұдан былай арнайы экономикалық аймақтардағы инновациялық технологиялар паркі Инвестициялар және даму министрлігі қарамағынан шығарылып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ауысады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында айтылды. 

Инновациялық технологиялар игілікке жарауы тиіс

Аталған брифингте Инвес­тициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев  Мемлекет басшысы Жолдауының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» атты бірінші бағыты аясында қазақстандық кәсіпорындардың жаңа технологиялық ахуалы туралы айтып берді. 

Т.Тоқтабаевтың мәлімдеуінше, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың басты үйлестіруші органы болғандықтан инновациялық технологиялар парктерін осы министрліктің қарамағына беру туралы шешім қабылданған. Себебі инновациялық технологиялар паркі аясында жүзеге асырылатын жобалардың 80 пайызы экономиканы цифрландырумен және цифрлы экспортпен тікелей байланысты.

Бұл ЭКСПО-2017 базасында АТ-стартаптардың халықаралық технопаркін тиімді қалыптастыруға әрі сол парктерде ақпарат және коммуникациялар саласын дамыту үшін атқарылған жұмыстар мен технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Алматыда орналасқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы эконо­ми­калық аймағының қызметін ұйым­дас­тыруды түбегейлі қайта қарауды тапсырған болатын. Осыған байланысты ендігі жерде инно­вациялық кəсіпорындарға арналған жеңілдетілген режімде жұмыс іс­тейтін аталған арнайы экономикалық аймақ Үкімет шешімімен тікелей Алматы қаласының әкімдігіне беріледі. Ол жоғары технологиялық өндіріс бағыттарының санын кеңейтумен айналысады.

Т.Тоқтабаев сондай-ақ министр­лік қарамағынан әкімдікке өткізу кезінде қызметкерлер жұмыстан қыс­қартылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі таңда АЭА-ның екінші кезеңі дамып жатыр және оның одан әрі кеңеюі қызметкерлер санының артуына жол ашады. «Жалпы, бұл «ақылды» технология­лар Алматы қаласының дамуына оң әсер етеді»,  деді вице-министр.

 Мәліметке сүйенсек, 2015-2017 жылдары жер қойнауын пайдаланушылардан «Алатау» ИТП» АЭА-ға тартылған қаражат 3,5 млрд теңгеден асқан. Яғни, онда барлығы 35 компания болған.  2,6 млрд тең­геге 64 жоба қаржыландырылған. Соның ішінде 2015 жылы 21,4 млн теңгеге 5 жоба, 2016 жылы  856 млн теңгеге 27 жоба, 2017 жылы  шамамен 1,7 млрд теңгеден астам сомаға 32 жоба қолға алынған.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»