Әсіресе, «Үш тілде білім беру» бағдарламасын орындауда қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және мәдени жаңартулар мектептік пән ретінде ағылшын тілінің пайдалану өрісін біршама кеңейтуде.
Ағылшын тілін тереңдетіп, жан-жақты оқытуды уақыт қажет етіп отыр. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі ағылшын тілін жетік меңгеруді, білім беру жүйесінің барлық буындарына білім беру ісін жаңа сатыға көтеруді талап етеді. Сондықтан жаңа кезеңдегі озық педагогикалық тәжірибелерді заман талабына сай қолдану ерекше маңызға ие.
Осы мақсатта орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде былтыр қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында өңірдегі ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Аталмыш курстың басты бағыты – ағылшын тілі мен пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік біліктілікті жоғарылату. Бұл іс коммуникативтік әдістемеге сүйеніп, Content and Language Integrated Learning (CLIL) контенттік оқытудың халықаралық тәжірибесіне сай жүргізілді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында ұйымдастырылған курсқа аудан, қала мектептерінен мұғалімдер қатысты.
Курстың негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен және критерийлі бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің, сондай-ақ өзге құндылықтар мен кәсіби біліктілікке ие жоғары білікті педагогикалық кадрлардың педагогикалық шеберлігін жетілдіру.
Курс тыңдаушылары жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жаңа ақпараттар алып, оқытудың тиімді тәсілдерін, белсенді оқу стратегияларын, оқу үдерісіне критерийлі бағалау жүйесін енгізу мәселелері, әртүрлі құралдарды қолданудың тиімділігін арттыру, жалпы білім беру деңгейінде ағылшын тілі бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту, білімді таратушыдан және олардың игерілуін бақылаушыдан әлеуметтік медиатор, оқу фасилитаторы, рефлексивті практик – зерттеуші рөліне дейінгі ұғымдардың терең мәнін ұғынып, білімдерін толықтырды. Сондай-ақ түрлі психологиялық-педагогикалық тренингтер, ағылшын тілі сабағында төрт дағдыға негізделген оқыту мен оқудағы заманауи стратегиялар негізінде топтық, жұптық және өзіндік жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, курс тыңдаушыларының кәсіби құзыреттілігі мен шығармашылық шеберлігін арттыруға негізделген педагогикалық тренингтер өзара тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік туғызды. Бұл дәрістер біздің педагогикалық білімімізді тереңдете түсті. Оқыту «Педагогикалық шеберлік орталығы» жекеменшік мекемесінің Білім және ғылым министрлігімен келісілген оқу кестесі бойынша жүзеге асырылды. Курсты облыстың таңдаулы мұғалімдерінен іріктелген тренерлер жүргізді.
Ағылшын тілін меңгеру – уақыт талабы. Елбасы өз сөзінде «Ағылшын тілі – ХХІ ғасырдың тілі. Бұл тіл қазақты дүниеге танытатын, әлемдік деңгейге шығаратын тіл, еліміз бүкіл әлемге үш тілді еркін пайдаланатын, жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс» деген болатын. Демек, тіл кез келген танымдық іс-әрекеттердің құралы, ойлаудың формасы, тілдік дамудың негізі болып саналады. Мәселен, мен өзімді тіл маманы ретінде үштұғырлы тіл саясатын берік ұстанған, оқушыға сапалы білім,саналы тәрбие беруді міндетім деп білемін.
«Мұғалім – өз білімін үздіксіз жетілдіріп, іздену үстінде болғанда ғана мұғалім, ал ізденуді тоқтатқан күні оның мұғалімдігі тоқтайды», деп Ушинский айтқандай, білім алу мен білімді болу қоғам дамуына ықпалы зор факторлар. Нағыз педагог өмір бойы оқиды, үйренеді. Әлемдегі жаһандық өзгерістерге бірінші болып ілесетін, жаңашылдықтың жаршысы – педагог.
Еліміздің педагог кадрларға жаңа форматты білім беруде енгізілген төрт айлық курсты мектеп қабырғасындағы мұғалімдерден бастағаны, яғни білім саласындағы ең кіші сатысы, төменнен жоғарыға дейін оқытуды қамтамасыз еткен ұнады. Осы курс аясында оқыған кембридждік оқыту тәсілдерінің теориялық негізін елімізге енгізу үлкен жетістік. Қазіргі жаһандық заманауи дамуда еліміздегі тұралап қалған білім беру саласының, әлемдік білім беру стандарттарымен таныса отырып, оның тиімді тұстарын жүйелеп, елімізде пайдаланып, іске асыру жолында көп жұмыс атқарылуда. Бұл өзгерістер тек педагогтар үшін емес, сонымен қатар мектептердегі жаңа пәндердің пайда болуына, оқыту әдістемелерінің де өзгеруіне мүмкіндік тудыратыны сөзсіз.
Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады», деген болатын. Міне, біз де осы курс барысында заман талабына сай ағылшын тілі пәнін оқыту бойынша шәкірттерімізді шабыттандыратын әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамыз. Аталған курс ұстаздарға жаңа леп, тың идеяларды ұсынып, ағылшын тілін меңгерудің тиімді жолдарын айқындап берді.
Осы курстың жүйелі түрде ұйымдастырылуына қызмет еткен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қаласындағы филиалының директоры Қатира Боранбаеваның және еліміздегі үштілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға үлестерін қосып жатқан Professional Development Centre компаниясының, сондай-ақ «Caspian Traininig Group» ЖШС-нің еңбегі ерен.
Раушан ҚОНАРБАЕВА,
М.Әуезов атындағы №20 жалпы орта білім беру
мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Маңғыстау облысы